Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ДИНАРА АБДУЛЛИНА: «МЕН ӨЗІМДІ ӘРТІСПІН ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙМІН»

Арманның алдамайтынына, үміттің өлтірмейтініне сендіремін деп Атыраудың өмірін Алматыға жалғаған Динара Абуллина  іс сапармен туған жеріне оралды. Біз де осы мүмкіндікті пайдаланып, жерлесімізбен біраз шер тарқасып қайтқан едік. Ендеше, Динара Абдуллинамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Динара, әуелі біздің оқырмандарымызға өскен ортаңыз туралы айтсаңыз…

– Өзге адамдарды білмеймін, бірақ, мен өзімді ең керемет мекенде дүниеге келдім деп есептеймін. Қаламыздан сәл аса бергенде шағын Тұщықұдық селосы бар. Осы ауылдағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепті 7 сыныпқа дейін білім алдым. Әрі қарай оқуымды өңіріміздегі өнер мен білімді қатар алып жүретін Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясына актер шеберлігі мамандығы бойынша жалғастырдым. Бұл мектепті аяқтаған әрбір түлек өнердің қайнаған ордасы Алматыға баруды армандайтыны рас. Мен де сол арманның жетегімен әртіс боламын деп шешім қабылдап, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына қабылдандым. Қазір Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 6 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келемін.

– Ал өнер адамы болу бала күнгі арманыңыз ба?

– Мені өнер жолын таңдасын деп, ешкім тәрбиелеген жоқ. Керісінше, үлкен өнерге қадам басуыма отбасым қарсы болды. Иә, өнер – ауыр жол. Бұл жолда келе жатып, сенің жолда тұрып қалуыңа болмайды. Алға қарай қадам басуың үшін көп еңбектенуің қажет. Бала күнімде өзге балалардай мен де әнші болуды армандадым. Теледидардан біреу ән салса, мен де соған ере қосылатын едім. Ауылда ата-әжелерге өзімше концерт қоятынмын. Бала күнгі арманым мені осындай үлкен өнер жолына алып келген шығар. Өзімнің өнерде босқа жүрмегенімді ата-анама дәледеп көрсеткім келді. Қазір мақсатыма жетіп, менің әрбір жетістігіме жақындарым тілектес білдіріп отырады.

– Театрға қалай қабылдандыңыз? Неліктен Ғ.Мүсірепов театры?

– Студент кезімде бұл театр маған қатты ыстық болатын. Спектальдерін де үзбей тамашалайтынмын. Театрда жастардың көп екенін, олардың ауызбіршіліктерінің бар екенін байқап, осы театрда қызмет етсем деген арманым болды. Біздің университеттің шарты бойынша, әр түлек өзінің өңіріндегі театрда қызмет етеуі керек екен. Мені Атырауға жібермекші болды. Алайда, мен ол кезде әлі жаспын. Білім алғаныммен, толықтай ештеңені үйрене қоймадым. Мүмкін, болашақта Атыраудың театрын жолым түсер деп, Алматыда қалдым. Бір күні осы Ғ.Мүсірепов театрына қабылдану үшін кастинг жариялап жатырғанын естідім. 40 шақты адамның ішіне мені де тізімге қосты. Кастинг өтетін жерге кіріп барғанымда белгілі өнер майталмандарының қазылық етіп отырғанын байқадым. Маған Лидия Каденова апайым «Биле» деді. Мен «музыка жоқ па?» деп қалғанымда, «өзің музыка бол, сен әртіс емессің бе?» деді. Содан өнерімді салып, ән айтып, биледім. Бойымдағы қандай да бір қасиетімді байқаған болар мені осы театрға қабылдады. Көпшілік жұрт: «маған ақша беріп түстің бе?» дейді. Мен өзге адамдар секілді ақша беретін жан емеспін. Өнер бұл ақшадан тұрмайды. Ол еңбекпен келетін дүние. Оның айналасына ақшаны жолатпауы қажет.

– Алғаш қандай рөлді сомдадыңыз?

– Режиссер Талғат Теменовтің «Теңіз жағалай жүгірген талғыр төбет» деген Ш.Айтматовтың туындысында кішкентай қыздың рөлін ойнадым. Әлі күнге дейін маған ыстық естен кетпес рөл болды. Жалпы, театрдағы спектакль әр кезеңнен өтіп, халыққа 100 пайыз дайын күйінде шығады. Бірінші кезеңде тексті ұстап отырып дайындалса, одан кейін сахнадағы қозғалысын қадағалайды. Ал үшіншісінде толық дайындық жасайды. Мен осы үшінші кезеңге тап болдым. Режиссер қолыма тексті ұстатып, маған: «ертеңге дейін жаттап кел» деді. Осы сөзді естігеннен кейін түнімен кірпік ілмей, жаттай бастадым. Сахнаға шығып, рөлімді сәтті ойнап шықтым. Ол кездегі менің көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Әлі күнге дейін Мерей деген әріптесім «алғашқы рөліңде сенің қолың мен аяғың емес, бетің дірілдеп тұрды» деп екі бетін көрсетіп, қалжыңдайды.

– Көбіне қандай рөлді сомдайсыз?

– Рөл жағымды және жағымсыз кейіпкер болып бөлінеді. Бір қуанатарлығы, мен көбіне жағымсыз рөлдерді сомдаймын. Неге? Өйткені, әртіс жағымсыз кейіпкерді сомдау арқылы көптеген тәжірибе жинай алады. Сен үнемі жақсы адамның рөлін сомдап жүре берсең, өзіңді басқа қырынан таныта алмайсың. Біздің театрда 70-ке жуық әртіс бар. Режиссерлар бізді осыған дейінгі қойылымдарымыз бен әртістің талпынысына қарай кез-келген рөлді бекітеді. Рөл қатып қалған нәрсе емес. Мысалы, басты кейіпкерді алу үшін өзіңді көрсетуің керексің. Құр жүре берген адам биікке көтерілмейді. Ал, театр өнері көп еңбекті қажет етеді.

Режиссерлар – спектальдің бейнесін жасайды. Оны әрі қарай әрлеу әртістің міндеті. Киім киген кезде оның тігіншілер әшекеймен түрлендіреді. Сол секілді режиссер әртіспен ақылдаса отырып, керемет туынды дүниеге әкеледі.

– Жақсы әртіс болудың сыры қандай?

– Оның сыры – еңбекте. Себебі, адам бойында 99 пайыз еңбек пен 1 пайыз талант болса жеткілікті дейді. Шынымен де, сенің қаншалықты білімді екеніңді көрермен көзіңнен-ақ көріп тұрады. Біздер қандай рөлді сомдасақ, сол шығарманы оқимыз. Мәселен, «Ромео мен Джульетта» қойылымында У.Шекспирдің кітабын оқып шықтым. Автор бұл жерде не айтқысы келді, оның мақсаты қандай деген сауалдың жауабын іздеп, әр сөзіңді ойланып айтасың. Халыққа әсерлі жету үшін еңбек пен ізденіс керек.

– Көпшілік халық сізді «Сырғалым» телесериалынан біледі. Ал бұл сериалға қалай шақырту алдыңыз?

– Кезекті демалысым жақындар мезгілде осы сериалға кастинг жариялап жатырғанын естідім. Кастингте Ақнұр деген кейіпкер қыз келмейтін болып, орнына адам іздеді. Осы телесериалдың режиссеры Рашид Сүлейменов маған «Сізді Ақнұрдың рөлінде көргіміз келеді. Ойнай аласыз ба?» деді. Мен: «4 жыл білім алдым. Оның үстіне 3 жыл театрда қызмет еттім. Әртіс емеспін бе? Неге ойнай алмаймын?» деп жауап берген сөзіме қарап, мені киноға Ақнұрдың рөліне бекітті. Халық жақсы бағасын бергендіктен, екінші бөлімінде  түсірдік. Менің кішкентай сіңілім: «біздің апатай жақсы ғой, ол неге жаман адам болады?» дейтін. Бір жағынан, жағымсыз кейіпкерде де халықтың есінде ұзақ қалатын секілді(күліп).

Бұл сериалды «Көркем фильм» киностудиясы 4 ай түсірді. Сериал барысында өз басымнан ешқандай қиындықтар өтпеді. Тек мәтінді жаттау қиынға түсті. Сағат таңғы 6-дан бастап кешкі 7-ге дейін түсірілім алаңдарында жүрдік. Біз күнде 40 бет мәтінді жаттап келуіміз қажет. Айтатын сөзіңді ұмытып қалсаң, ұрыс еститінін анық. Бұл филімді Дмитрий Коробкин түсіргендіктен, оның бір қабағынан-ақ, мәтінді жаттау керек екенін түсінесің. Ал Ақнұр өзімнің табиғатыма жақын кейіпкер болғандықтан, жақсы ойнап шықтым деп ойлаймын.

– Театр әртісі мен кино әлемінің қайсысы жаныңызға жақын?

– Театр мен кино әртісінің айырмашылығы жер мен көктей. Себебі, театрда көрерменмен тікелей байланыста боласың. Сондықтан, қателессең, оны түзей алмайсың. Ал кинода көп дубль жасалынады. Ең жақсы деген кадрды ғана таңдап алады. Екеуіне таңдау түссе, әрине мен театрды таңдар едім. Әрбір әртіс ең бірінші жұмысын театрдан бастайды. Киноға түсіп, жай ғана жұлдыз болған адамды әртіс деп айтуға болмайды. Жақында теледидардан бір бағдарламада (атын білмейді екенмін) актерлік білім алмаған жанды «актер» деп атады. Оны көріп, менің жаным қатты ауырды. Біз 4 жыл білім алып, театрда қызмет етеміз. Әртіс деген үлкен дәреже. Ондай дәрежені оқымаған адамға қалай беретінін түсінбеймін. Біздер көп шығармаларды оқимыз. Спектальде дәрігер болып ойнасақ, оның шприцті неге басқаша ұстайтынын зерттейміз. Кішкене ғана рөлді ойнаған жанды актриса деуі ұят. Мен өзім театр мен кинода бірнеше рөлді сомдамасам да, әртіспін деп айтуға ұяламын. Маған әлі де көп ізденіс пен еңбек керек.

– Осы уақытқа дейін бірнеше кейіпкерді сомдадыңыз. Соның ішіндегі жаныңызға жақын рөл қайсы?

– «Ромео мен Джульетта» қойылымы шықпастан бұрын «Жақсы кісі» спектакліндегі Қатира рөлін жақсы көретінмін. Жақында театрымыздың жас режиссеры, қазақ өнеріне жаңа толқын әкелген Жұлдызбек Жұмабай «Ромео мен Джульеттаны» қойған соң, маған Джульетта рөлі қатты ұнады. Бұл рөл кішкентай қыздың үлкен бойжеткенге айналуына дейінгі процесті көрсетеді. Қыз балаға бұл рөлді ойнау бақыт. Әсіресе, бұл спектальді өзімнің туған жерімде ойнағаныма бақыттымын.

– Динара, сіз сахнадағы мінезіңіз ашық, жайдары. Ал өмірде қандай жансыз?

– Театрда мінезім ашық болғанымен, өзімнің ортамда болмаса, өзге адамдармен тез тіл табысып кете алмаймын. Бұл біздің батыстың қалыптасып қалған мінезі деп қабылдаймын. Олар кез келген жанды ұната бермейді және құпиясын ешкіммен бөліспейді ғой. Менде де сондай мінез бар. Өзім бірбеткей жанмын, ұнамайтын нәрсені тура бетке айтып тастаймын. Әрине, оның кесірі де тиіп кететін кездер де болады.

Мен қазақтың қызы болғаныма, оның ішінде батыстан екенімді мақтан тұтамын. Өзіміздің ортамда үнемі Атырауымды мақтап жүремін. Себебі, бұл біздің ата-бабаларымыз дүниеге келген қасиетті мекен. Басқа адамдар секілді мен де Атырауымды масасымен қоса жақсы көремін. Қазақстанның барлық жері жақсы болғанымен, Атырауға ештеңе тең келмейді.

– Сізді қазір не толғандырады?

– Шыны керек, өмір туралы айта берсең көп. Ал театрға келсек, оның өмірі қатты толғандырады. Біздің алдымызда белгілі өнер майталмандары салған сара жолдың ізін жалғастыру ең басты мақсатымыз. Олар алып берген дәрежені төмен түсірмей, биікке көтеруіміз қажет. Бұл да тағы еңбекке әкеліп тіреледі. Қазір ең басты арманым – ана болу. Өнер саған дәл ана бақытын сезіндірмейді. Осыдан 6 жыл бұрын әкем дүниеден өткенде бар ауыртпалықтың жүгі маған артылған еді. Ата-әжемнің қолында еркеліп өскен мен бір күннің ішінде есейіп шыға келдім. Өзіме жүктелген  міндеттерді түсіне бастадым.

– Біз білмейтін басқа да өнеріңіз бар ма?

– Біздің жерлесіміз елімізге белгілі композитор Болат Қолқаманов ағамыз мені мектепте оқып жүргенде бойымдағы композиторлық өнерімді байқаған. Өзімше ән шығарып, кішігірім композитор болып жүрдім. Қазір бұл өлеңдерім қызық болып көрінгенімен, мен үшін бір керемет дүние болды. Бір кездері Ринат Зайытов ағамыз екеуіміздің «Өзіңмен» атты ән орындаған едік. Арасында әнге сөз жазатын да өнерім бар. Театр мен киноның арасында жүргендіктен, бұл өнерім ақсаңдап тұр.

– Сізге жігіттер жиі ғашық болады ма?

– Әкемнен тым ерте айрылғандықтан, менің қазіргі мақсатым –анам мен бауырларыма қамқор болу. Болашақ жарым менің отбасымды асырауын емес, мені қиын сәтте қолдап, маған бауырындай қарағанын қаламаймын. Сезімін білдіріп, ұсыныс айтатын жігіттер көп. Бірақ, әлі көптен ішінен жарымды әлі кездестірмедім. Ал оның иманды, салмақты болғанына басты назар аударамын.

– Болашақтағы жоспарыңыз қандай?

– Атыраудағы сапарымыз аяқталғаннан кейін Алматыда мені біраз жұмыстар күтіп тұр. Көп метражды екі телехикаяға түсуді жоспарлап отырмын. Қазір театрмен шектеліп қалмай, киноға да көңіл бөліп, уақыт тауып жүрмін. Негізі мен көбінесе көптеген сериалдардан бас тартамын. Өйткені, менің мақсатым – киноға түсіп, танымал болу емес, театр әртісі ретінде қалыптасу.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Қара шекпен» қандай ой салды?

admin

Бүгіннен – болашаққа

admin

«Дарын» сыйлығымен марапатталған дарындылар

admin