Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жаңа маусымды жас көрермендеріне арналған «Алтын мүйізді киік» ертегісімен ашпақ. Балалар үшін театр тәрбиелік сипаттан көркемдікке ойысқан кезде ғана үлкен өнер есебінде қабылданады. Ертегі идеясының іске асуына басшылық қолдау білдірді. Бүгінгі көрермен талапшыл, талғампаз. «Алтын мүйізді киік» – сол талапшыл жастың көңіліндегіні табу мақсатынан туған тынымсыз ізденістің жемісі. Бұл ертегі «бұрынғы ертегілерден өзгерек». Мұнда ертегінің өзі – кейіпкер. Мұнда сіз күткен ертегіші ақсақалды қария да, ақ жаулықты әже де жоқ. Жеті-сегіз жасар бала – ертегі. Шығарманың дүниеге келуі де ерекше. Автордың түсіне енген персонаждар бүгін сахна төрінде салтанат құрады. Жас достарымен бірге қиял-ғажайыптар еліне сапар шегеді. Ертегі авторы, әрі режиссері Еркін Әбдірешов сайт оқырмандарына жаңа қойылым жайлы былай дейді:
«Басқа халықтың ертегілерінде біздегідей Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт секілді айрықша кейіпкерлер жоқ. Осы үшеуі туралы жаңа бір шығарма жазсам деп көптен бері толғанып жүр едім. Содан бір күні түс көрдім. Түсімде осы сахнада менің кейіпкерлерім ойнап жүр екен. Толық бастан-аяқ көрмесемде негізгі сюжеттерімді осы өз түсімнен алдым. Қалыптасқан қағидамен «Ертегімнің басында бір шал болады. Сол сахнаға шығып балаларға ертегі айтады» деп ойланып жүргенмін. Бірақ түсімде шал емес, бір кішкентай бала «мен ертегімін» деп атып шықты. Барлық идеям осыдан басталды. Кішкене бес баланың ертегінің кейіпкерлерін ойнау барысы жайлы пьеса жазылды. Жоғарыда айтқан Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттан өзге Бесқарын деген кейіпкер пайда болды. Ол да түсімде пайда болған кейіпкер. Ертегінің бір бөлігі халық ертегісі «Күн астындағы Күнекей қыздан» алынды. Алтын мүйізді киік қосылды. Негізі кез келген шығарманың тәрбиелік мәні болуы керек. Қазір бүкіл ғаламшардағы тепе-теңдік бұзылды. Тамақты, өзге де өндірісті көбейту мақсатында түрлі қоспалар алынды. Мұның бәрі жаратылыстың қалыбын өзгертті. Бұл – адамзат үшін үлкен апатқа әкелетін қауіп. Осы қауіп күн сайын ұлғая түсуде. Мұндай апаттың алдын алатын – адам. Киік – қазақ үшін қасиетті хайуан, Алла Тағаланың ерекше бір жаратқан киелі жануары. Осы киіктің аузымен адамзатқа үндеу жолданады. Қойылым соңында балаларға қызық болсын деген мақсатпен алтын мүйізді киікті космосқа ұшырып жібереміз. Әр кейіпкердің мінезі арқылы балалар өзіне ой қорытады. «Жер-Ананы аялайық» деген аманат-үндеуімен киік космосқа ұшып кетеді. Осыдан кейін қалған балалар көрермендермен қосылып, дөңгелек жершарын келтіріп, тіршілік иелерін Жер-Ананы аялауға шақырады. Бұл идеяның қаншалықты іске асатынын әлі де пысықтаймыз.
Дереккөзі: Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі: http://zanmedia.kz/news/алтын-мүйізді-киік-жер-ананы-адамза