Қазақ театр өнерінің, қазақ театр режиссурасының тағы бір бәйтерегі құлады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Жанат Хаджиев 68 жасында өмірден өтті.
Ол С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрын көтерген тұлғалы режиссер еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап сол театрда бас режиссер болып еңбек етті. 1999 жылы өзі туып-өскен Жетісуға оралды. Содан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер болып еңбек етті және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етіп, шәкірт дайындау ісіне атсалысты.
Қазақ театр сахнасында 100-ден астам спектакль қойған режиссер ең алғаш 1985 жылы Тбилиси қаласында өткен Жастар театрларының Халықаралық фестиваліне «Қыз махаббаты» (авт. Ә.Тарази) спектаклімен қатысып жүлделі орынға ие болыпты. Одан кейінгі жетістіктерін көктей шолып шықсақ, 1989 жылы Бішкекте өткен Орта Азия мен Қазақстанның «Наурыз» атты театр фестивалінде «Қыз Жібек» (авт. Ғ.Мүсірепов) спектаклімен қатысып лауреат атанған. 1992 жылы Ғ.Мүсіреповтің 90 жылдығына орай республикалық театр фестивалінде Ж.Хаджиев қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен Бас жүлдені жеңіп алған. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде ол қойған «Ерте ояндым…» (М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша) спектаклі Гран-при иеленді. 1997 жылы
М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне «Қарагөз» спектаклімен қатысты. 1999 жылы Ш.Айтматовтың 70 жылдығына арналған Халықаралық театр фестивалінде Ж.Хаджиев қойған «Арманым – Әселім» (авт.
Ш.Айтматов) қойылымы лауреат атанса, 2002 жылы Махамбеттің 200 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде І.Жансүгіровтің Ж.Хаджиев қойған «Исатай мен Махамбет» тарихи драмасы Гран-при жеңіп алған. 2004 жылы С.Жүнісовтың 70 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінде «Тұрымтайдай ұл еді…» (жас Абылай) спектаклі Гран-при иеленді.
Өзі ауырып жатса да, өмірінің соңында жаңа спектакль қоймақ болып, сахнаны іздепті шын саңлақ…
Алдың пейіш, артың кеніш болсын, қазақ театр өнерінің мәуелі бәйтерегі!
«Айқындықтар»
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/04/11/9747.html