Жомарт Зейнәбіл, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жомарт Зейнәбілдің Қызылордаға гастрольдік сапары аясында жастармен жүздесуін сәтті пайдаланып, редакцияға сұхбаттасуға шақырдық.
– Сіз үшін актер деген кім?
– Актер – қиындыққа мойымайтын, қорықпайтын адам. Актер – талант иесі.
– Сіз актер болмағанда кім болар едіңіз?
– Актер болмағанымда филолог немесе журналист болар едім. Мектепте қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерін жақсы оқыдым. Көп адамның сөйлеген сөзінен қателік тауып отыратын әдетім бар. Біреудің жазуында жұрнақ, жалғау дұрыс қойылмаса, оны да ескеремін. Қате түзеп, бастауыш пен баяндауыштың дұрыс қолдануын қадағалау үшін филолог болар едім.
– Сіз біздің жерлесіміз екенін мақтанышпен айтамыз. Сіз бізбен мақтанасыз ба?
– Мен – қызылордалықпын, осында туып-өстім. Маған бұл өңір өте ыстық. Топырағына аунап өскен елді қалайша сағынбаймын, қалайша мақтамаймын?! Мен барша қызылордалықпен мақтанамын. “Жерлесім” деп алып-ұшып тұрамын. Қызылорданың өзіне тартатын бір ерекшелігі бар.
– Қазір кім бар қара шаңырақта?
– Өзімнен кейін Бағдат деген інім бар. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған да сол. Келіншегі Айгүл екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Қара шаңырақты Бағдатқа табыстадық.
– Ауылға қаншалықты жиі келесіз?
– Жылына бір рет бала-шағаммен қыдырып келемін. Оның үстіне келіншегім қызылордалық болғандықтан “ауылға барамыз” деген сөз жеңілдеу тиеді. Бала-шағам да Шиеліні, Байгеқұмдағы көлді аңсап тұрады. Балаларым суға түскенді, жүзгенді ұнатады.
– Балаларыңыз өзін алматылықпын дей ме, әлде қызылордалықпын дей ме?
– Алматыда тұрғандықтан алматылықпыз дейді. Дегенмен үлкен қызым Шиеліде туған ғой, Алматыда тұрсақ та, Шиеліні аңсап тұрады. Балаларым түбі қызылордалық екенін біледі.
– Сізді танымал еткен мамандығыңызға келсек, алғаш қандай рөлді ойнадыңыз?
– Мектептеоқып жүргендеШоқан Уәлиханов жайлы пьесадан үзінді қойып, орыс патшасы Александр екіншінің рөлін ойнадым. 7 сыныптан бастап мектептің аяз атасы да, жүргізушісі де болдым. Шиелі аудандық мәдениет бөлімінде қызметте жүргендегі рөлдерім өз алдына бір төбе. Шиелі аудандық мәдениет бөліміне халық театры атағын алып бердік. Үлкен театр сахнасында алғаш ойнаған рөлім – жерлесіміз Тынымбай Нұрмағанбетовтың “Біз түріктерміз” деген пьесасындағы жас түрік жігіттің рөлі. Аты – Аллы.
– Театрға қалай келдіңіз?
– Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында оқып жүргенде ықпалды адамдардың көзіне түскен болуым керек. Бас режиссер Райымбек Сейітметов пен ұстазым Нұрқанат Жақыпбай батасын беріп, жолымды ашты. 1994 жылы оқу бітірместен жұмысқа қабылдандым.
– Сіз ойнаған рөл өте көп. Соның ішінде Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрінде» – Қорқыт, Оралхан Бөкейдің «Атау кересінде» – Таған бейнелері. Образды ашу қиын емес пе?
– Қиын болған бір ғана қойылым бар.Ол – бақсының рөлі. Қорқыттың бақсы болатын тұсында қатты қиналдым. Өйткені автор Иран-Ғайып: “Бұл “Қорқыттың бақсылық образы бөлек болу керек. Бұрынғы Алдар көседегі Елубай Өмірзақовтың “Сары шал, кәрі шал” дейтін бақсылығы емес» деді. Шынымды айтсам, осы рөлді алып шығатыныма сенбедім. Көп іздендім, Алматыны аралап, сұрастырып жүріп, зікір салу қалай болатынын көзбен көрдім. Сол образға кіруге тырыстым. Менің дайындығым да көп болған жоқ еді, бірақ сыншылар жақсы деп бағалады.
– Егер мына рөлді қайта ойнатса, мына тұсына өзгеріс енгізер едім деген сәт болды ма?
– Әрине ондай рөлдер болады. Тек біраз уақыт өткеннен кейін сол рөлді берсе, мүмкін басқаша ойнар ма едім деген ойлар болады. Негізі режиссердің талабы бойынша образды алып шығамыз.
– Бір рөлге қанша уақыт дайындаласыз?
– Көп уақыт дайындаламыз. Ізденуге, зерттеуге уақыт беріледі. Егер зерттемей ойнаймын деген ой болса, онда образ ашылмауы мүмкін. Актерге қойылатын басты талап – образды алып шығу. Кей қойылымдарға тоғыз ай дайындалған кездер болды.
– Бала тәрбиесіне көңіл бөлесіз бе?
– Қыз бала анасына қарап өседі. Анасы – оқытушы, психология ғылымдарының кандидаты, доцент. Қыздар педагогикалық университетінде сабақ береді. Мен көп нәрсеге араласа қоймаймын, дегенмен кей нәрселерді назардан тыс қалдырмаймын. Қыздарым да ақылды, бір айтқан сөзді ұғады.
– Қазіргі қазақ киносына көңіліңіз тола ма?
– Қазақ киносы кезінде шарықтау биігінде болды. Мықты режиссерлар бар кезде әрине. Тәрбиелік мәні де керемет еді. Егер теледидардан бұрынғы киноларды көрсетіп жатса, онда міндетті түрде тамашалаймын, шынымды айтсам, қайталап көруден жалыққан емеспін. Қазіргі киноларды онша көре алмаймын. Әсіресе КВН-нен шыққан продюсерлердің киносын қабылдай алмаймын.
– Актердің образдан шыға алмайтын сәттері бола ма?
– Шынымды айтсам, мұндай сәт өзімде болмайды. Актер әртүрлі характерге көше алатын адам болу керек. Әрине образға кіру бар, оны сезіну бар. Психологиялық түрде дайындалып келу бар, оның барлығы сахна жабылып, артистер бірін-бірі құттықтап, көрермен берген бір шоқ гүлін алып, грим бөлмесіне кіргенге дейін. Одан соң адам өзінің қалыпты болмысына түседі. Кейде бала-шағам сезіп отырады. Дауысым өктем шығып қалса керек. Келіншегім “әкелерің бүгін Махамбетті ойнап келіпті ғой, Махамбеттің образынан шықпай отыр екен, жай сөйлеңдер” деп әзілдеп жатады. Дәл сол кезде образдан шыға алмай қалдым демеймін.
– Қойылым барысынан есте қаларлықтай бір оқиға айтып беріңізші…
– Әр спектакль кезінде әртүрлі оқиғалар болады.Жаңа бір сөзімде “Қорқыттың көрі” қойылымына дайындық аз болғанын айттым ғой. Қадірбек Демесінов деген ақсақал екеуміз ойнадық. Қызыл қанат Әзірейіл Қорқыттың жанын алуға келеді. Сахнада тастар үйіліп тұрады. Тастың үстіне мен қобызымды қойып кетемін. Ол кісі жанымды алуға келгенде сұраймын: “Қызыл қанат Әзірейіл, өлер алдында рұқсат ет. Қобызымды жылауық, әлдилейін бір ауық. Беремісің рұқсат? Қоштасайын қобызыммен, әлдилейін бір ауық, беремісің рұқсат?». Ол кісі “Рұқсат, рұқсат, абызым, міне, қобызың” деп әкеліп беру керек. Сол кезде дайындықтың аздығы әсер етті ме, әлде тасты өзгертіп қойды ма, әйтеуір қойған қобыз көзіне көрінбей қалады. Екі қобыз болады, біреуі ортасынан сынған. Сынған қобызбен мені ұру керек, ұрған кезде бөліну керек. Шыр-көбелек іздеп таппай қойды. Мен күтіп әлі отырмын. “Рұқсат, рұқсат, абызым” дейді де таппайды. Бір уақытта келіп, өлеңмен жазылған шығарманы бұзбай сұрайды: “Уа, абызым, қайда шырғай қобызың” дейді. Сол сәтте басымды бұрып көрсеттім, сосын барып әкелді. “Абызым, міне, шырғай қобызың” деп әкеліп береді. Спектакль біткен соң әріптестер құттықтап, жарайсың, бәрекелді, тамаша болды деп жатыр, Театр сыншысы Әшірбек Сығай кітабына да жазды осыны. Сондай сәттер болып тұрады. «Махамбетті» ойнап жатқан кезіміз. Образға кіріп, шықпай қалды дегеннен шығады-ау, образға кіріп шықпай қалды ма, әлде кіре алмай қалды ма, бірінші акт біткеннен кейін бір актер гримін сүртіп, кетіп қалыпты. Екінші актіде ол шығу керек. Актер ойнап жатыр, жаңағы жігіт шығар кезде “Жүсіп, әй, Жүсіп” деп іздейді. Ол шықпайды. Жан-жағына қарайды. Жұлдызбек деген актерді көреді. Ол да сол киімде тұр екен. Бұл бір сәйкестік шығар. Сосын “Әй, жұлдызды Жүсіп, бері кел” деп шақырып алады. Басқа актерге айтатын сөзін соған айта береді. Бұл да жауап береді. Бір уақытта мен бардым. Маған айтатын сөзі бар: “Мен кетемін” дейді “Неге кетесің?” деген кезде: “Ел басына күн туғанда өз бала-шағамды ойлау керек” деген сөздер бар. Оларды айта алмайды, тек “кетем, кетем” дей береді. Амал жоқ өзім құрастырып, “кете-бер, кете бер” деп итеріп шығарған сәттер болды.
– Қай рөл өзіңізге жақын?
– “Атау кередегі” Тағаннан жан-дүниеме ұқсастық таптым.
– Кімді үлгі тұтасыз?
– Әкемді үлгі тұтамын. Отбасымда 8 бала болдық – төрт ұл, төрт қыз. Соның барлығын жетілдіремін, жеткіземін деп арпалысты. Қиындыққа мойымай, бізге сыр бермей өткен өмірі бәрімізге үлгі-өнеге болды. Одан кейін ұстаздарымды үлгі тұтамын. Нұрмахан Жантөринді жақсы көрдім. Әлгі күнге сол кісінің киносы көрсетіліп жатса, барлық жұмысымды тастап көремін. Асанәлі Әшімовты, Досхан Жолжақсыновты үлгі тұтамын.
– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
– Әбдіжәміл Нұрпейісовтың “Соңғы парызы”.
– Театр мен кино. Қайсысын таңдайсыз?
– Бір қойылымды шығару үшін 3-4 ай уақыт кетеді. “Сең” спектакліне 9 ай дайындалыппыз. Бір актер тура 9 ай қойдық деді. Қайдан білдің десек: «Осы пьесаны қоюға бұйрық шыққан күні үйге барып, жаңа спектакль қоямыз дегенім есімде. Сол күні келіншегім менде де жақсы қуаныш бар, аяғым ауыр деп сүйіншіледі. Міне, енді сол премьераға үш күн қалғанда босанды», – дейді. Қойылымға осындай ұзақ уақыт жұмсалады. Ал кинода екі камера қойылады. Бір қателессең, қайта түсіреді, екінші қателессең, екінші камера түсіреді. Үшінші, төртінші қателескенде де басқаша жасауға болады. Бірақ жарыққа шыққаннан кейін өзіңе қате болып көрінетін болса, оны қайта өзгерте алмайсың. Ол лентаға жазылып кетті. Ал театрда сахнаға қойылғаннан кейін сыншылар қателігін айтса, кейінгі қойылымда өзгертуге болады. Театрды жақсы көрем. “Кино әлеміне сүңгіп, судағы балық сияқты жүзіп кеттім” деп айта алмаймын.
– Сыр өңіріне гострольдік сапармен келдіңіз. Көрермендерге қандай қойылым ұсынылады?
– Бұл үлкен гостролдік сапар емес. Елдің жасы 50-ге толған мерейтойлық бенефис спектаклімді әкеліп жатқан жайым бар. Алматы қаласында мерейтойымды атап өттім. Осыдан екі жыл бұрын алған “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағым бар еді. Соны қосып бірге тойлайын” деп кідірткен едім. Нил Саймонның “Осенний покер” (Нечетная пара) деген пьесасын өзім қазақша аударып, “Еркекше” деген атпен қойдық. Нартай Бекежанов театрында 14 қарашада күні 16-00, 19-00-де болады. 15 қарашада Шиелі ауданында, 16 қарашада Тереңөзекте көрсетіледі. Алматыда көрсеткен кезде әкімшіліктен келген азаматтар елге де әкелсеңізші деген соң келдік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Мөлдір САБЫРЖАН