Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Театрдың 70-ші маусымы 7 жаңалыққа ұласады

Жетпісінші күз… Жетпіс жыл қатарынан көрерменінен қол үзбеген, осы кезеңнің барлық қиындығы мен қуанышы – замана сөзін сахнадан жырлаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мерейлі маусымына жетті.
Әрине, ерекше маусымға аталмыш театрдың ұжымы үлкен дайындықпен келгені сөзсіз. Бү­гін­гінің жастарының көңілінен шығатын соны жаңалықтарды енгізуге ұмтылыс бар. Оған қоса биыл алғаш рет Алматыдағы Жастар театры 70-маусымды екі бірдей спектакльдің премьерасымен ашты. Көрермендерді көптеп келтіруге бағытталған өзге де бас­­тамалар қай жағынан болса да өзін-өзі ақтап жатқанын көрдік. Ең бас­тысы көптің көңілінен шық­ты.
– Өткен маусымды Дулат Исабековтің драмасына қойылған режиссер Мұрат Ахмановтың «Құстар фестивалінің» премьерасымен аяқтаған болатынбыз. Жаңа маусымды екі бірдей жаңа спектакльмен аштық. Оның бірі балаларға арналған Ер­кін Әбдірашевтің «Алтын мүйізді киік» ертегісі болса, екін­шісі Мұқағали Мақатаевтың «Ра­йымбек! Райымбек!» поэти­калық тарихи дастаны. Бұл спек­такльді де режиссер Мұрат Ах­манов сахналады.
Талай ақын-жазушы­ла­ры­мыздың қаламына арқау болған даланың сұлу киігі мен қазақтың тарихын бөлек қарай алмаймыз. Осыны бүлдіршін көрермендер санасына ертегі желісімен жеткізіп, тартымды қойылым жасауға шы­ғармашылық күшімізді салып отырмыз. Және 13 жасында өз атын өзі ұрандап, елі үшін атқа қонған Райымбек батырды неге кейінгі жастарға үлгі етпеске?! Бұл тәуекеліміз де өзін-өзі ақтады. Театрды толтырған көрермендер спектакль біткеннен кейін де көпке дейін актерлерге қошемет көрсетуін – жақсы баға ретінде қабылдадық, – дейді театр директоры Сәбит Әбдіқалықов.
Осы арада айта кеткен жөн, театр жастарды қойылымдарға көптеп келтіру үшін біраз шараларды жүзеге асырған. Оның бірқатарын маусым бойында тарата хабарлап отыратын боламыз. Осы «Райымбек! Райымбек!» спектаклінің өзіне «Жаужүрек мың бала» фильмі бойынша та­нылған жас киноактерлер Асыл­хан Төлепов пен Аян Өтеп­берген аталмыш театрға тартылған.
Айтқандай, көрермендер тарапынан «Мүсірепов театры неге Мүсірепов шығармасымен ашылмады?» деген заңды сұрақ тууы да мүмкін. Бұл туралы теа­тр директоры: «Оны да естен шы­ғармадық. 70 жылдық мерейтойымызды келер жылы мамыр айында атап өтпекпіз. Мерейтой қарсаңында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін барлық сән-салтанатымен көрерменге жаңа қырынан ұсынатын боламыз» дейді.
Сол сияқты биыл Жастар теа­тры «АССИТЕЖ» дүние­жү­зілік ассоциациясының Қа­зақ­стандағы орталығы болып жарияланды. Әлемнің 83 мем­лекеті қатысатын бұл ұйымға Қазақстанның өнер ошақтары 84-ші болып қа­былданды.
АССИТЕЖ – дүниежүзіндегі балалар мен жасөспірімдер теа­трларына біріге жұмыс істеп, тә­жірибе алмасып, халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, гастрольдік сапарларға шығуға мүмкіндік береді.
Қысқасы, Ғ.Мүсірепов атын­­дағы Қазақ мемлекеттік ака­де­миялық балалар мен жас­өспірімдер театрының 70-ші маусымы 70 жылдыққа жалғасатынын жоғарыда атап өттік. Мерейлі мау­сымның мерекелік шаралары жыл бойы тойланатын болады. Театр көрермендер есінде қалатын 7 шара ұйымдастыруды қолға алып отыр. Театрдың өт­кенін түгендеп, болашағын бағдарлайтын шараларды театршыл қауым жыл бойы тамашалайтын болады.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/10/21/3271

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Күліп оян” таңғы-бағдарламасының студия қонағы – Бақыт Беделхан.

admin

Театрымыздың “Киім-кешек” бөлімі жайында “Қайырлы күн” бағдарламасынан көре аласыздар.

admin

Актер Талғат Келімбетов – «Шалқар» студиясында қонақта

admin