Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Театр және кино актері, режиссер Мұрат Ахманов: «Орал театрының біз үшін орны бөлек»

Мұрат Ноянбайұлы Ахманов – театр және кино актері, режиссер, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, халық әртісі Асқар Тоқпанов, аңыз адам Асанәлі Әшімов, қазақ өнерінің майталмандары  Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Бәйтен Омаровтан дәріс алып, ұлы тұлғалар Әзірбайжан Мәмбетов, Нұрмұқан Жантөрин, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Кәукен Кенжетаевтың көзін көрген талант иесі.

Шыны керек, театр өнерінің майталманы сахна шебері ұстазым Мұрат аға туралы жазуды көптен ойлап жүргенмін. Өйткені ол сонау 1993-97 жылдары Дәулеткерей атындағы Мәдениет және өнер институтындағы режиссерлық бөлімнің алғашқы студенттерін өнер жолына қанаттандырып, еңбекке араластырған ұлағатты ұстазымыз.

Ол кісінің еңбекқорлығы, өнердегі ізденісі ерекше. Режиссерлық қиялы жүйрік, әзіл-қалжыңға өте мықты, астарлап сөйлейтін, мінезге бай, кез келген адамның тілін таба білетін, адамгершілік қадір-қасиеті мол адам. 2018 жылы  ұстазымыз Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнар Жақыпова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Хазима Нұғыманова үшеуі Оралға келіп, ең алғашқы «Театр. Тарих. Тағылым» кітабымның тұсауын кескені баршаға аян. Жақында ұстазымызбен дидарласудың тағы да сәті түсті.

– Мұрат аға, біздің көкейімізде жүрген сұрақ, туған жеріңіз, өскен ортаңыз, балалық шағыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз…

– Мен  Алматы облысы, Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылында 1959 жылы 24 сәуірде (құжат бойынша 1 маусым) дүниеге келдім. Ұзынбұлақ – өзінің аты айтып тұрғандай, таудан төмен аққан таза бұлақ, Шарын шатқалының үсті, Қулық тауының етегіне орналасқан табиғаты әсем жер. Балалық шағымнан сыр шертер болсам, біздің халқымыз көнеден бері табиғат аясында аңшылық кәсібімен айналысқан. Сол сияқты атам Сәдуақас негізі мұғалім, өмір бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаз, бірақ бос уақытында әкесі Ахманнан қалған кәсібімен қақпан құрып, аңшылықпен айналысады екен. Атам Сәдуақас пен ардақты әжем Мүштәри төрт ұл, төрт қыз сұйген ұстаздар әулеті. Ең үлкен ұлы Ноянбайдан жеті ұл, екі қыз тарадық. Әңгіме болсын айта отырайын, атам немерелері дүниеге келіп жатқан кезде бірінші немересі Қанат одан кейін мен, ұрпағым көбейіп жатыр көз тимесін деп келген қонақтарға Қанатты жасырып мені көрсетеді екен. Біз Қанат ағам екеуміз ата-әже қолында өстік. Мен дүниеге келгеннен кейін анам айтуы бойынша 1 мамырда перзентханадан шығар кезде, атам Сәдуақас қазақтың салты бойынша ырымдап: «бұл немеремнің ырысы қалай болар екен?» деп кешқұрым атын ерттеп, тазысын ертіп, мылтығын асынған күйі аңға шығып кетеді. Ұзақ айналғасын үйдегілер уайымдап түнімен ұйықтамай тысқа шықса, таң бозарып атып қалған екен. Бір қараса аттың арқасына бір бұғыны артып алған, атты жетелеген күйі атам келе жатыр дейді. Содан бәрі қуанып, ел-жұртты жинап, шілдехана өткізген қызықты сәттер есімде қалыпты деп анам айтатын. Әкем Ноянбай Ұзынбұлақ ауылының бас зоотехнигі болды, анам Шаруан почта қызметкері, кезегі келгенде телеграфта байланыс түні бойы жұмыс жасайтын. Мені қасына ертіп алатын. Сол кезде  газет-журналдарды ақтарып отырып, балалық қызығушылықпен қабырғаға түсіретін диафильмді тапсырыспен алдырдым. Диафильм келгенімен, пленка жоқ. Сол себепті ауылдық мәдениет үйі жанындағы кинолентаның қиындыларын жинап әкелетінмін. Одан аудан орталығына барып, екі ертегі алып келіп аға-інілерім, қарындастарым бәріміз таласа, көршілердің балаларын шақырып келіп, бәріміз бірге мәз болып қарайтынбыз. Орысша ертегіні сол мезетінде қазақ тіліне аударып, көрермендерге жеткізетінмін. Кейін киноактер болатынымды қайдан білейін…

– Жалпы өнерге қалай келдіңіз, актер болуды бала күніңізден армандап пе едіңіз?

– Адам өмірі қызық қой, 1970 жылы туған ауылымда «Атаманның ақыры» фильмі түсіріліп жатқан кез. Көше бойымен үш ер адам келе жатыр екен. Атам ауладан шығып айналаға қарап көз жүгіртіп тұрған, бір мезетте маған: «Жүгіріп бар да ана көшеде келе жатқан үш адамды үйге шақырып кел, қымыз ішсін» деді. Мен айтқан бойда барып шақырып келдім. Сөйтсем, «Атаманның ақыры» фильмінің режиссері Шәкен Айманов,  Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев ағаларымыз екен. Содан Шәкен ағалар шаңырағымыздың төрінде болып ризашылығын білдіріп:

– Мынау әртістердің қамшысы ырым болсын деген ниетпен сіздің шаңыраққа қалдырамыз, – деп ақ батасын беріп кетті. Ол кезде өнер адамы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Жылдар өте Талдықорған театрында В. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Петручионы ойнаған кезімде қоюшы режиссер Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз киімді Алматыдан, М. Әуезов академиялық драма театрынан алдыртты. Кезінде кейіпкер Петручионың кеудешесін Шәкен Айманов, Әнуар Молдабеков ағаларымыз киген екен. Ал аяғыма КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаев ағамыздың саптама етігін кидім. Бәлкім, ол кісілердің өнер жолдары жұғысты болған шығар. Одан бертін келе бір күні ауылда кешкісін «Амангелді» фильмі көрсетілді, барып қарасақ, Шара апай Балым рөлін сомдады. Кино біткен соң, Амангелдінің жары Балым рөлінде ойнаған биші, ұстаз, Қазақстанның халық әртисі Шара Баймолдақызы Жиенқұлова апамыз сахна төріне көтеріліп, «қазақ биін дамытамын деп ауыл-ауылды аралап, қазақ балаларын жинап жүрмін, ертең осы ауылдың мәдениет үйінде биге икемі келетін өнерлі, талантты балаларды конкурс бойынша оқуға қабылдаймын» деді. Айтқандай, атам ертесіне інім Бейбіт пен қарындасым Ботагөзді алып барды. Атам елде өте құрметті, сыйлы адам еді. Мен де қалмай еріп барып, иін тірескен жыпырлаған халықтың ортасында  тұрғанмын. Бір адам: «Балам, атаң шақырып жатыр» деп мені алға қарай өткізіп жіберді. Атам қасына келуім сол еді, «сен бағыңды байқап көрші» деп боларда-болмай мені кірігізіп жіберді. Тіпті ойымда ештеңе жоқ. Мен негізі «биші емес, инженер боламын» деп атама қарсыласқаныма қарамастан, бір сәтте тағдырым өзгеріп кетті. Содан Шара апай бар қабілетімді байқады да оқуға қабылдады. Оны естіген атам мені үйге жүгіртті. «Тез барып үйдегілерге айт! Қой сойып, қуырдақ қуырып, ет ассын! Мен қонақтар ертіп барамын!» деді. Атамның қуанышы қойнына сыймай, елден сүйінші сұрап шаңыраққа Шара апамызды шақырып қонақ жасады. Немересінің болашағын ойлаған баталы атамның сол бір даналығы әлі күнге көз алдымда. Сөйтіп, Шара апамыз да  біздің шаңырағымыздан дәм татып, ақ батасын берген болатын. Өнер жолым осылай басталды да кетті. Содан 1971-1976 жылдары Алматы хореографиялық училищесін үздік бітіріп, 1976 жылдың тамыз айынан Қазақ ССР-нің мемлекетттік ән-би ансамблінде балет артисі болып алғаш қызметке тұрдым. Ансамбльмен бірге, Қазақстан облыс орталықтарын түгел, сонымен қатар, Алтай өлкесін, Владивосток, Омск, Томск, Чита, т.б. біраз елдерді аралап, өнер көрсеттік. Екі жылдан соң 1977-79 жылдары Алматыда Қазақ-Қырғыз ССР-нің ішкі әскерлерінің ән-би ансамблінде Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. Әскерден соң,  1980 жылы Алматы театр-көркемсурет институтына (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) актерлік бөлімге оқуға түстім. Оқуға қабылдаған, қанат бітіруші ұстаздарым Асқар Тоқпанов, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова апамыз. Көзбен көріп, құлағыммен естігендерімді ойыма түйіп отырамын. Әңгіме болсын бір қызық жәйт, институтта студенттік әзіл-қалжың кештері өтетін. Сол кезде кішкентай көрініс жасап, мен КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтың кейпін салдым. Қойылым біткен соң, бәрі құттықтап: «Ағадан аумай қалдың, бірақ осыны қаһарлы актер Ыдырыс аға естісе, сені аямайды» деді. Ертеңіне ештеңе болмағандай сабаққа келдім. Кездесіп, амандасып болған соң, Ыдырыс аға маған қарап: «Әй, кеше капустник жасапсыңдар ғой?!» деді сауалды жүзбен. «Ия, аға!» деп қипақтадым. «Маған пародия жасапсың ғой?!» деді тағы даусын көтеріп. «Ия, аға, бұл шағын көрініс қалжың ғой» деп мәз болып тұрғам, «-А-а-А» деді де, арқамнан алақанымен сарт етіп салып қалды. Сұсты кейіппен: «Мендей бол!» – деді. «Мендей бол!» дегені бата екен. Батасы қабыл болды. Сол сәт кейін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Елбасы жолы» киноэпопеясына түсіп, президенттің рөлін сомдаған кезімде есіме сап ете түсті. Ол уақытта Ыдырыс Ноғайбаев ағамыз тың игеру тақырыбы туралы фильмде Қонаев рөлін сомдаған еді. Қарап отырсам, тарихтың әр кезеңіндегі тағылымы мол мемлекеттік қайраткерлерді актер ретінде сомдап шығу екеумізге де бұйырған екен. Сол ағалардың жолы бізге жұғысты болып, өсуімізге көп септігін тигізген шығар.

IMG_4619

– Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Дипломдық жұмыста Ыдырыс Ноғайбаев ағамыздың режиссерлығымен сахналанған М. Әуезовтың «Қобыланды батыр» спектаклінде қайсар рухты Қобылданды батырдың бейнесін сомдадым. Бұл жұмысты Талдықорғаннан  Бәйтен Омаров ағамыз өзі келіп көріп куә болды. Ол кезде Хазима апаң екеуміз шаңырақ көтеріп, екі балалы болған кезіміз. Бәйтен аға М. Әуезов атындағы театр студиясын бітірген жұбайым Хазима екеумізді жұмысқа шақырды. Қолымызға диплом тиісімен 1984 жылы екі кішкентайларымыз Асқар мен Гүлімді алып, тамыз айында Талдықорғанға барып, режиссер, киноактер, Қазақстанның халық артісі Бәйтен Уәлиханұлы Омаров ағамыз қарсы алды. Асқар мен Гүліммен қатар, өзің білесің Сәкен деген ұлым бар. Бәйтен Уәлиханұлы – менің өмірлік ұстазым. Ол кісінің қарамағында жүріп, Талдықорған (қазіргі Бикен Римова) драма театрында Бауыржан Момышұлы, Иосиф Сталин, Шоқан Уәлиханов, Петручио, Ақжігіт, Кебек және тағы басқа да көптеген басты рөлдерді сомдадым. Театрда Алтын Ружева, Оразғали Әбділманов, Алмахан Кенжебекова, Тілек Әбжәлиев, Сағынбек Рақышев, Мұса Әджібеков, Сағат Жылгелдиев, Асан Исаев, Талғат Теменов, Болат Ұзақов, Әлімбек Оразбеков, Оразалы Сәрсенбеков, т.б. әріптестермен бірге тоғыз жыл еңбек еттік. 1993 жылы Орал қаласында қазақ театры ашылуына байланысты ҚР Мәдениет министрі шақыртуымен жұбайым Хазима екеуміз келіп, әріптестеріміз Т. Имашев, А. Сұлтанғалиев, Г. Жақыпова, С. Сембаев, Қ. Есенқұлов, Ш. Есенқұлова, Т. Есенғалиев, Қ. Иманов, Г. Әбішева, С. Әуелбаевтар, З. Ситдиков, Б. Молдабаев, А. Тілебалдиева, Ж. Тілекқабылов, М. Бектенов, М. Жылыбаев, Б. Жақыпова, Б. Исалиева, А. Нұғыманов,  Қ. Ишанбергенов, О. Дәулетқалиев және менің шәкірттерім Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институты режиссерлық бөлімінің студенттері бәріміз бірге аштық. Қашанда Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының біз үшін орны бөлек. Өйткені жанұяма, шығармашылық өсуіме, шәкірт тәрбиелеуіме, қазіргі биіктерге көтерілуіме Орал театрының ықпалы өте зор болды. Театрдың салтанатты шымылдығы 1993 жылы 16 желтоқсанда М. Әуезовтың «Қарагөз» (реж. Ж. Есенбеков) трагедиясымен ашылған сәтте  мен Тойсарыны ойнадым. Премьера екі күн болды. Ал Хазима апаң екінші күні 17 желтоқсанда Қаракөзді ойнады. 18 желтоқсан күні Ш. Башбеков «Шойын қатын» (реж. Е. Жылқышинов) комедиясында басты рөл Қошқарды ойнадым. Одан кейін М. Әуезов  «Абай» (реж. Қ. Рахметов) – Керім,  М. Әуезов «Еңлiк – Кебек» (реж. Ч. Зұлқашев) – Кебек, Б. Жакиев «Әке тағдыры» (реж. Қ. Есебеков) – Шаршеке, Қ. Мырзалиев «Қасқыр қақпан» – Шығайбай, С. Балғабаев «Ең әдемі келіншек» – Алтай, міне осындай т.б. көптеген образдарды сомдадым. Әрі қарай режиссерлық бағытқа батыл қадам жасау үшін Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер ака­демиясында режиссерлық білім алдым. Дипломдық жұмысымды (Жетекшім ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылхан) С. Асылбекұлының «Бір түнгі оқиға» қойылымымен қорғадым. Сол қойылыммен 1998 жылы Тараз қаласында өткен Республиканың театрлар фестиваліне қатысып, Бас жүлдені иелендік. Одан бөлек образдарды сомдап, еңбегім бағаланып, 1998 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді.

Үнемі ізденіс үстінде жүремін. ҚР Мәдениет министрінің басшысы Есмұқан Обаевтың ұсынысымен 1999-2001 жылдары Жезқазған музыкалық драма театрының бас режиссері және көркемдік жетекшісі болып жұмыс атқардым. Ол жерде де біраз қойылым сахналап, 2000 жылы Павлодар қаласында өткен И. Байзақовтың 100 жылдығына арналған VІІІ республикалық театрлар фестивалінде Ә. Тәжібаевтың «Көтерілген күмбез» қойылымымен бас жүлдеге ие болдық. Көп үзбей, 2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Қ.Е. Көшербаев «Өзің ашқан театрды тағы бір биікке асқақтатшы» деген шақыртуымен келіп, бас режиссер ретінде Т. Ахтановтың «Ант» қойылымын қойдым. 2002 жылы, өзің білесің, театрымыз жаңа ғимаратқа көшіп, бәріміз қуанған сәтімізді. Сол кезде ашылу салтанаты құрметіне, «өнер шаңырағының шымылдығы Х. Ерғалиевтің өнерде өнегелі ізі қалған, қазақ күй өнерінің кемеңгері болып табылатын тұлғаның тағдырын сипаттайтын «Құрманғазы» қойылымымен ашылу керек деген» ой көкірегімде сайрап тұрды. Сол ойды мен Оралдағы облыстық ұлт аспаптар оркестрі, Н. Островский атындағы орыс драма театры өнер ұжымдарының басын біріктіріп, сахналадым. Қатарынан тоғыз күн премьера болды. Театрдың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі қатысты. 2003 жылы Орал қаласында өткен ХІ республикалық театрлар фестивалінде Иран Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен қатысып, менің режиссерлығыммен сахналанған спектакль бірінші жүлдені жеңіп алды. 2005 жылы Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмақанов «Туған елге тағзым ету – парызың, туған жерге қызмет ету – қарызың» демекші, «елге кел» деп шақырды. Содан сөзін жерге тастамай, Б. Римова атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі болып, отбасыммен бірге көшіп келдім. 2006 жылы Қызылорда қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде менің режиссерлығыммен сахналанған И. Ғайыптың «Ана аманаты» қойылымымен бас жүлдені жеңіп алдық. Аллаға шүкір деймін, қай театрға барсақ та елдің ықыласына бөленіп, ақ батасын алдық. Оның бәрі тынбай еңбек етудің арқасы деп білемін. Бірнеше жылғы арманым ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» дастанын сахналау еді. Соны қойып, 2009 жылы Қарағандыда өткен Республикалық театр фестивалінде бірінші жүлдені жеңіп алдық.

Театр – ұжымдық өнер болған соң оның қызығы мен шыжығы көп. Кез келген еңбектің уақытында бағаланғаны дұрыс. Оған да тәуба деймін, 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталдым. Бұл марапат әрі қарай тынбай еңбек етуіме үлкен серпіліс берді. 2013 жылы Ақтөбе облыстық драма театрының шақыруымен Т. Ахтановтың «Ант» қойылымын сахналаған болатынмын, аталмыш спектакль ХХI Республикалық театр фестивалiнде бас жүлдеге ие болды. Жалпы Хазима апаң екеуміз жанұямызбен ғұмырымызды қазақ театр өнеріне арнап келеміз. Театр ұлтымызды тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзетiн асыл қазынамыз. Қазір заман жақсы, дегенмен адамдардың көбі әлеуметтік желіге тәуелді. Ата-бабаларымыздың ерлігін, әдет-ғұрпымызды дәріптейтін, қазақтың ұлттық мәдениетінің қайнар көзінен көрермен арылмаса екен деймін. Қазір, міне, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өз ұстаздарым секілді шәкірттер тәрбиелеп, қазақ театр өнерінің дамуына, болашағының жарқын болуына барымызша үлестерімізді қосудамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ия, Мұрат аға жоғарыдадағы аталғандардан бөлек Орал театрында сүбелі туындылар Қ. Мырзалиев «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан», С. Балғабаев «Ең әдемі келіншек», Ө. Боранбаев «Сотанайдың соңғы үйленуі», Б. Мұқайдың «Тойы көп үй», Б. Ұзақовтың «Мезгілсіз келген махаббат», Р. Отарбаевтың «Сырым батыр», Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің Алтын адамы», т.б. сияқты көптеген қойылымдарды сахналап, Хазима апамыз екеуі бірнеше рөлдерді сомдаған тұлғалар. Өнермен қатар отбасындағы бірлік, бала тәрбиесіндегі рөлі, өнер жолындағы дара жолдары көпке үлгі.

Самал Әбуов,

 Х. Бөкеева атындағы

БҚО қазақ драма театрының

 режиссері әрі актері

Ақпарат көзі: http://zhas-zhanary.kz/?p=3951&fbclid=IwAR0bXMEGHg_w45fKx48u1QKIFrDnfqcZnV6MOotirkoC1KlFCgj8faWpHBA

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНЫҢ КЕЗЕКТІ БЕЛЕСІ!

admin

КЛАССИКТІҢ ХАТТАРЫ ҚАЙДА ЕКЕН?

admin

1 Қыркүйек- “Білім күні” құтты болсын!

admin