Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Театр менің бірінші үйім

Роза ӘШІРБЕКОВА,

 Қазақстанның Халық әртісі

Табан аудармай осы театрда қызмет етіп келесіз. Осы өнер ордасының негізін қалаған А. Қалтаев, А. Кенжеков, С. Саттарова, М. Құланбаев, А. Құланбаев, Б. Құланбаева, М. Бақтыгереев, Ч. Зұлқашев, Ә. Өмірзақова, К. Өмірзақов, Қ. Жәкібаев, Ж. Бектасов сынды аға буын актерлердің көзін көрдіңіз. Замандастарыңызды, тең тұстастарыңызды ойлағанда ойыңызға бірден оралар қай кезең?

  • Бұл театрға 1960 жылы келдім. Әзірбайжан Мәмбетов пен Нұрмахан Жантурин. М. Әуезов атындағы драма театрдың жанынан құрылған «Театр студиясын» бітірдім. Ұстаздарым – Әзірбайжан Мәмбетов пен Нұрмахан Жантурин, Хадиша Бөкеева. Иса Байзақовтың қызы, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Мәкен Байзақова хореографиядан сабақ берді. Осы кісілердің дәрісін тыңдап, тәлімін алдым.

%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%b0-%d0%b0%d1%80%d0%ba%d0%b0%d0%b4%d0%b8%d0%bd%d0%b0Алтынбек Кенжеков, Чапай Зұлқашев, Сейітхан Есенқұлов, Нұрғанат Жақыпбаев, Досқан Жолжақсынов барлығымыз сахнада өте тату болдық.  Бірімізді біріміз қатты сыйлайтынбыз. Біздің алдымыздағы Байділда Қалтаев, Сәлима Саттарова, Әмина Өмірзақова, Қасым Жәкібаев сынды майталман шеберлермен партнер болу мені көп жетістікке жеткізді. Ол кісілердің әр ісінен үлгі алдық, көргенімізді көңілге тоқыдық, естігенімізді құлағымызға сіңірідік. Олар өмірлік тәжірбиесі мол, кәсіби жандар еді. Қазір осы театрдың үлкен мен болып қалдым. Маған тәлім берген, тілекші болған үлкен кісілердің барлығы кетіп қалды, оларды қатты сағынамын. Ол кісілер мені бір қызындай, бірі сіңлісіндей, бірі қарындасындай құрметтеп аялады, еркелетті. Сол аялы алақан мені Әзірбайжан Мәмбетов қанша шақырса да М. Әуезов театрына жібермеді. Мен оған өкінбеймін. Тіпті осы театрда қалғаныма қуанамын. Бірде бір спектакльде эпизодтық рөл өйнаған жоқпын, ұдайы басты рөлді алдым. Қазір эпизодтық рөлдерді ойнап жүрмін. Оны да қуана-қуана ойнаймын.

Шешеңіз бен бауырларыңыз Сізді мұғалім болады деп күткен екен. Актерлікке бет бұруға қандай күш әсер етті?

  • Мектептің соңғы класын жездем – Қабылан Қаптағаев пен әпкем Мағрипа Құрманғожинаның қолында тұрып оқыдым. Мағрипа – әкем Әшірбектің туған қарындасы. Қалибек, Ризабек, Қайырбек есімді үш ағам болды. Әкем 1941 жылы соғысқа кеткен екен. Үш жасқа толар толмас шағымда қалған соң, әкемді білмей өстім. Ол Мәскеу түбіндегі Иванова деген қаланың түбінде 30 қаңтар күні ерлікпен қаза тапты. Әшірбектен мен жалғызбын, фамилиямды әкемнің атына жаздырғанмын. Үш ағам Әшірбектің үлкен ағасы – Жансұлтанның ұлдары. Ол кісіні Халық жауы деп ұстап, содан хабарсыз кеткен. Шешем – Күлпан Жансұлтанның келіншегі болған, ол хабарсаз кеткен соң шешемді әмеңгерлік жолымен Әшірбекке қосқан.  Анам Күлпан Ахметқалиқызы – Біржан Салдың қарындасы. Мен Біржан Салға өте жақын жиенмін. Нағашы атам Мақаш, ауыл оны – Ақан деп айтып кеткен, шын аты Ахметқали. Ақметқали – Біржан Салдың  төрт атасының бірі. Көкшетаудың бұрынғы Еңбекшілдер ауданы (қазір Біржан Сал) Үлгі ауылында өстім. Ол аудан кезінде үлкен аудан еді. Қарағай мен қайыңның ортасында тұрдық, ең нашар тұрған отбасының өзі бір бие байлайтын, қымыз ішіп, атқа шауып үйренгенмін, қуыршақ ойнағанның орнына ұлдармен асық ойнап жүретінмін. Рақия әжемнің бауырында өстім. Әжемнің Жансұлтаннан кейінгі Әшірбек, Әнуарбек атты екі ұлы да майданда шейіт болды. Ұлдарынан қалған балаларға, келінге әжем бас көз болды. Соғыс уақыты, шешем екеуі колхоздың жұмысын істейді. Сол қиын кезеңде де әжем мен шешем ораза ұстайтын. Ал Көкшетаудың күні кеш батады. Қазір ойлап отырсам, таңғаламын. Колхоздың жұмысы ауыр, күндіз жұмыс істеп кешке балаға қарайды. Сөйте тұра қалай ораза ұстаған десеңізші… Оразаның қасиеті қуат берген болар… Әжем мен шешем мені қатты еркелетті. Мағрипа әпкем мектепте математикадан сабақ берді, ағаларым да бұл ғылымға бейім еді. Ағаларым маған «Біз оқи алмадық, сенің оқуың керек» деп Алматыға жіберді. Алматыдағы Қазақ Педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет) физика-математика факультетіне түстім. Ол кезде Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин ректор. Сондай сыпайы, сымбатты. Оқу корпусын ғана емес, жатақхананың барлығын аралап жағдайымызды сұрайтын. Бірінші курсты бітіріп, жазғы демалысқа ауылға кеттік. Ол кездегі ауыл берекелі еді. Екі жерде Алтыбақан тігілетін, аналаның барлығы көк майса, жайқалып тұр. Екі клуб болды, бірі жазғы, екіншісі қысқы. Екі кітапхана бар. Қазір оның барлығы құрыған, ойласам жаныма батады. Жазғы демалыста жүрген студенттер күндіз кітапханаға жиналамыз, кешке би алаңына барамыз. Кітапханада отырғанда бір журналдың мұқабасынан театр студиясы ашылады, оқушылар қабылдайды деген хабарландыруды оқыдым. Бір қызығы оған дейін әртіс боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. «Құрыш қалай шынықты» деген фильмді көріп, іштей ұшқыш болуды армандайтынмын. Әлгі хабарландыруды оқығанда жүрегім алып-ұшып мүлде басқа сезімге бөлендім. Алматыдаы жүрген бір жыл ішінде театрдан қалмайтынбыз. Бір қойылымды бір емес бірнеше қайтара көретінбіз. Кітапханадан қалай шығып үйге келгенімді білмеймін, әжеме бірінші рет «Бізді қалаға шақырып жатыр, картоп жинауға барамыз», – деп өтірік айттым. Олар маған сеніп, шақырса қалма деп шығарып салды. Алматыға келе сала М. Әуезов театрына бардым.    Бір кабинеттің есігін қағып кіріп ем, түрі таныс актерлер отыр. Кейін білдім біреуі Хадиша Бөкеева, екіншісі Қалибек Қуанышбаев, үшіншісі Әзірбайжан Мәмбетов.
  • Директорға келдіңіз бе?
  • Жоқ, студияға тапсыруға келдім.
  • Ооо! Студияға қабылдау баяғыда бітті.

2336e256fc1c75dd49cdfb61a8549b89Балалар әлдеқашан тапсырып, отыз шақты бала колхозға жұмысқа кетіпті. Мұны естігенде абдырап қалдым, не істерімді білмей, аяғымды біреу еденге байлап қойғандай тұрып қалдым. Ал әлгі кісілер өзара күбірлесіп алған соң  Әзірбайжан Мәмбетов:

  • Өзің оқимысың?, деп сұрады.
  • ҚазПИ де, физматта оқимын.
  • Ну иди учись, хорошый факультет

Мен әлі кете алмай тұрмын. Менің театрға деген ықыласымды байқаған болуы керек, институтты тастама, тек актерлік шеберлік сабағына келіп тұр деді. Мен актерлік курстың барлық сабағына қатыстым. Әлгі 30 шақты бала іріктеліп-іріктеліп 18 бала қалды, мені қабылдады, сөйтіп студияны екі жыл оқыдым. Әнуар Молдабеков, Жақып Омаров, Есболған Жайсаңбаев, Баян Имашева, Салиха Қожақова сынды актерлермен қатар білім алдық.

ae30052076268df2c02a883c7a9f8b5aТуыстарыңыз физика-математика факультетін тастағаныңызға ренжіген жоқ па?

 –   Мен математиканы тастап өнерге кеткенімді әбден оқуды бітірген соң бірақ айттым. Алғаш естігенде шешем мен ағаларымның қабақтары шытылып, өңдері бұзылып кетті. Олар мені мұғалім болады деп ойлап жүрді ғой. Сонда әжем: «Көтеріңдер бастарыңды. Радиодан даусы саңқылдаған әртісті, пьесаны, әнді үздігіп тыңдайсыңдар?.. Менің қызым әртіс болса немене?.. Болсын!» деп шорт кесті.

–  Алғашқы рөліңізден-ақ көрерменге жақсы танылдыңыз. Алғашқы рөліңізді сағынасыз ба?

– Біздің театрда Мәрияш Жақсымбетова, Күләй Хамзина есімді мықты актрисалар болды. Екеуі де жас баламен демалысқа кеткенде маған екеуінің рөлдері берілді. Шахмет Құсайыновтың «Рабиға» пьесасындағы Рабиға менің сахнадағы алғашқы рөлім. Ол кезде авторлар пьесаны өте ұзақ жазады. 10 күннің ішінде 40 беттік шығарманы жаттап алдым. Атагелді Смайловпен партнер болып шықтым. Ол кісі 40 жаста мен 20 ға жаңа толғанмын. Тәжірбиелі адамға ілесіп, ұзақ мәтінді жаттап рөлімді сомдап шықтым.

Ал басты рөлім – Бәкір Тәжібаев пен Жекен Жұмақановтың пьесасы бойынша қойылған «Қарагөз – қарындасымдағы» Қарагөз. Қарагөз өз заманындағы мазмұны терең қойылым болды. Жетім қыз – Қарагөз тағдырдың таңдауымен Латвияда латыш отбасында өскен. Спектаклде Қарагөз «Жезкиік» күйін орындайды. Бұл қойылымнан соң баспасөз бетіне   көлемді мақала жарияланды. Сонда автор

«Роза десе Роза,

Қатарынан жүр оза.

Өзі де бір жезкиік,

Кете алмайсың көз қиып», – деп жазған еді. Осы рөлден соң мен ұдай басты рөлдерді ойнадым.

Қазіргі жастарға таңғалам – бірден көзге түспейді.

Чеховтың «Шағаласы» сахналанғанда Бағыбек Құндақбаев маған «Қазақстандағы ең алғашқы Аркадина Сенсің деп баға берді. Ш. Айманов қойған «Жас Абайда» – Тоғжанды ойнадым. Орыс классикасы, шетел классикасы, заманауи пьесаларда да ойнадым.

  • Райымбек Сейтіметовтің бірқатар пьесаларында ойнадыңыз. Ол кісінің режиссер ретіндегі ерекшелігі қандай еді?
  • Менің басыма аз уақыттың ішінде көп қиындық туды. Жолдасым 50 жасында аяқ астынан жүрегі сыр беріп қайтыс болды. Содан соң арада біраз жыл өткенде 37 жастағы ұлымды өлтіріп кетті, қызым болса 32 жасында қызым жүректен қайтыс болды. Баян есімді бір немерем ғана қалды. Ол қазір маған шөбере сүйгізіп отыр. Баян әкеден 10 жасында қалды. Осынша ауыртпалықты қайыспай көтеруге себеп болған ең алдымен осы – Театр. Бұл театр әлі күнге дейін менің қуанышым мен қайғымды бөлісіп келеді. Жұрт көбіне жұмысын екінші үйге теңеп жатады. Ал мен үшін театр – бірінші үйім. Менің басыма осындай қиындық түскен жылдары Райымбек Сейтіметов біздің театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры болды. Екеуміз бір жылдың төліміз, мені құрдасым деп қатты сыйлайтын. «Роза, сен үйде отырма!» деп «Шағаланы» алды. «Шағалада» көп уақыт ойнай алмай жүрдім. Қиналдым. Чеховтың пьесасында ойнау оңай емес, режиссері В. Мажурин. Жұмыс жүріп жатыр, менің ойым әрі-сәрі, байыз тауып, рөлге ене алмаймын. Сондай күндердің бірінде Райымбек шақырып алып «Не істеп жүрсің? Мен саған арнап мықты режиссер шақырдым. Қолыңнан келетініне сеніп, мықты пьесаны алдым. Аркадина – Сенсің! Өзге театрларда мұндай Аркадина жоқ. Сен не бітіріп жүрсің? Намыс бар ма, өзіңде?..», – дегенде барып өз-өзіме келдім. Ол дайындық барысында менің жинақтала алмай, өзіме-өзім келе алмай жүргенімді көрген болуы керек. Бұл ескертуден кейін рөлге бар пейіліммен кірістім. Ол кезде Чеховтың пьесасында ойнау көп актердің арманы болғанмен, әркімге бұйыра бермейтін бақ. Райымбектің адамгершілігі мені 40 күн үйде отырғызған соң, рөлден рөлді беріп дамыл таптырмады. Қайғының қайраңына түсіп кетпесін дегені ғой… Ұлым қайтқанда Төлен Әбдіковтің «Біз үшеу едік» пьесасын алды. Ол өте ғажап спектакль еді… Көп жыл аншлаг болды. Райымбектің бір ерекшелігі – актерге рөлді тура тауып беретін. Кейбір режиссерлерде ондай таным аз. Ол кезде Байділда Қалтаев, Сәлима Саттарова, Әмина Өмірзақова сынды өнер адамдарына арнайы спектакльдер дайындайтын.

Қызым қайтқанда Нұрғанат Жақыпбаев «Атау керені» алды. Осыдан кейін театр менің бірінші үйім болмағанда қайтеді?.. Бұл – менің бірінші үйім. Бұл – киелі сахна. Театрға кіргенде, сахнаға шыққанда «Бисмиллә» деп кіру керек. Қай театрда болса да сахнада көптеген ғажап бейнелер жасалады, сол адамдардың рухы сахнада жүргендей болады.

1958-60 жылдары М. Әуезов театрында Әзірбайжан Мәмбетов дүрілдеп тұрса, біздің театрда Мен Дон Ук есімді мықты режиссер жұмыс істеді. Қандай режиссер еді!.. Ол заманда жақсы қойылымдар бүткіл 16 республиканы аралап шығатын. Мәскеуден сыншылар келіп қойылымдарды арнайы көреді. Сол тұста Мен Дон Уктың Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша қойылған «Арманым Әселім» спектаклі арнай жүлде алып Кремль сахнасына шықтық. Мәрияш – Әселімді, мен – Хадишаны, Чапай Зұлқашев – Ільясты ойнаймыз. Біздің ойынымызды көрген осы театрдың негізін қалаушы, біздің әжеміз Наталья Сац антракті уақытында сахнаның артына келіп, қасыма отырып, қолымды алып  «Так держать! Спектакль біткенде бірақ келуім керек еді, бірақ шыдамадым. Сен үлкен актриса боласың!», – деді. Дәл сол кезде қолымды алған алақанының табы әлі сезіледі.

  • Қай роліңізді сіңіру қиын болды немесе бойыңызға құйыла қалған роліңіз қайсы?
  •  «Шағаладағы» – Аркадина. Әр рөлдің өзінің ерекшелігі, характері бар. Рөлдің жан дүниесін түсініп, характерін зерттесең көп қиналмайсың. Көп оқу керек, көп іздену керек. Біз екі жыл студияда оқығанда күндіз оқып кешке театрдың массовкасына шығатынбыз. Актерлік – біліммен қатар тәжірибемен келетін өнер. Өзім Катаринаның рөлін ойнауды қатты армандадым. Хадиша Бөкееваның ойынына қазығатынмын. Егер мен сол театрда қалсам Катаринаны сұрап алсам да ойнайтын едім.

Біз көзін көрген үлкен кісілердің шеберлігі бізге өте үлкен сабақ болды. Олар жүз жылда бір туатын актерлер еді. Күләш Байсейітова Қыз Жібекті сомдағанда оның сахна сыртындағы күлкісінің өзі өзгелерден ерекше шығады. Көрермен оны бірден байқайды. Біз сол актрисаларды көріп, олардың ойынын ішімізге тоқып өстік. Дұрыс қорытып, тура қабылдадық.

– Сізді өзге актрисалардан ерекшелейтін дүние режиссерге өз ойыңыз бүкпесіз айту. Бұл мінезіңізден таяқ жеген кезіңіз болған жоқ па?

  • Арманым Әселімде рөлім шықпай жүрді. Хадиша өзінің махаббаты үшін күреседі. Ал Әсел мен Ілиястың махаббаты керемет. Сол тұстағы Хадишаның мінезіне дөп түсе алмай қиналдым. Сол кезде бағанағы Мен Дон Ук «Болды, ертең мен Әмина Өмірзақованы шақырамын» деп шорт кесті. Мұны естіген мен үйге барған соң ас үйден шықпай дайындалдым, қайта-қайта сөзін жаттаймын. Рөл ұнайды, бірақ шығара алмаймын. Ертесі ақырын қарасам репитициядан Әмина апай көрінбейді. Мұхтар Бақтыгереев – Ілиасты алған. Үшеуміз де өз рөлімізді шығара алмай жүрміз. Сол уақытта Мен Дон Ук өзінің ассисенті болып жүрген Чапай Зұлқашевқа Ілиясты ойнайсың, Розамен бірге дайындал деді. Чапайға рөл берілмесе де сөздерін жаттап жүрген екен, бірден жап-жақсы ойнап кеттік. Қызық. Кейде партнеріңе де көп дүние байланысты. Мен Дон Уктың «Әмина Өмірзақованы шақырамын» деген сөзі қамшы болған да шығар.
  • Сіз есігін ашқан Балалар мен жасөспірімдер театры мен бүгінгі театрда қандай ұқсастық, қандай айырмашылық байқайсыз?
  • Театр дамып жатыр. Заман басқа, уақыт бөлек. Қазіргі әртістер сахнада ән де айта біледі, би де билейді. Бірақ бірден көзге түспейді, соған таңғалам. Бұрынғы әртістер бірден көзге түсетін. М. Әуезов театрында Ф. Шәріпова, А. Әшімов, С. Оразбаев, біздің театрда Н. Жақыпбаев, Д. Жолжақсынов, Л. Кәденова, М. Жақсымбетова, К. Хамзина есімді актерлер бірден көзге түсті. Екі театр жорға секілді бір-бірімен жарысатын.
  • Қазір осындай жарыстың белгісі бар ма?
  • Жоқ. Мен Сіздерге шынымды айтайын, М. Әуезов театрындағы әртістерден біздің әртістердің кейбірі әлдеқайда мықты. Көзге түспегенмен қабілетті актерлер бар. Жастардан Жұлдызбек Жұманбай сынды жақсы режиссер өсіп келеді. «Жусан иісі» деген спектакльді қойды. Онда менің кішкентай ғана рөлім бар. Одан басқа уақытта сахнаның артында қарап тұрамын. Қойылым соғыс жылдарындағы уақиғаларды көз алдыңызға айнытпай әкеледі. Бізде Жанат Хаджиев секілді жақсы режиссер болды, Талғат Теменов те осы сахнада бірталай жақсы спектакль қойды.
  • Бүгінгі көрерменнің театрға деген ықыласы қандай?
  • Біздің заманның көрермені тіпті басқаша. Ол кезде Ғабит Мүсіреповтен бастап Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Сәбит Мұқанов сынды интеллегенция өкілдері келетін. Әйгілі композитор Ш. Қалдаяқов пен М. Мақатаев бірге жүретін. Перденің ар жағынан «Бүгін мына кісі келіпті», деп қарап жүретінбіз. Қазір жазушыларды шақырсаң да келмейді, сыншылар кейде келеді, кейде келмейді, өздерің де келмейсіңдер. Бұл дұрыс емес.

Мереке кезінде театрдың алдына халық көп жиналатын. Біз коммунизмді көріп қалдық, үкімет өзі асырайтын. Қазір адамдар ертеңінің не болатынын білмейді.

  • Үкімет асырағаны дұрыс па, әлде адамдар өздерін өздері асырағаны жөн бе екен?
  • Білмеймін енді… Ол кезде біз жұмыс істедік. Еңбегіміздің өтеуі болатынына нық сенетінбіз, тапқан ақшамыз өзімізге жетті. Еңбек дамалысына шыққандағы қаржымыз курортқа баруға жететін. Қазір алатын ақшамызбен курортқа бара алмайсың…
  • Сізді сериал мен кинодан сирек көреміз…
  • Мен өзі кинода жолы болмаған адаммын. (Күлді) Бірақ әлі де үмітім бар. Шәкен Айманов түсірген «Алдар Көсе» фильміндегі Қарашаштың рөліне алынғам. Үш күннен кейін режиссердің ассисенті басқа бір қызды ұсынып сол таңдалыпты. Содан арада бірталай жыл өтті. Шәкен Айманов театрда «Жас Абайды» қойған уақытта «Мен Розаның алдында қарыздармын. Енді 10 сериалы фильм түсіремін сол кезде Розаны, А. Кенжековті, Б. Құланбаева, Абылғазинді сол фильмге аламын» деген еді. Бұйырмады. «Атаманның ақырын» тапсыруға барып Мәскеуде қайтыс болды. Қазір кино көп, енді-енді қарқынды дамып келеді ғой. «Қарттар үйі» деген алты сериалы фильмнің төрт сериясына түстім.
  • Өзіңізден кейінгі актерлерден кімдерді бағалайсыз?
  • Лидия Кәденова, Гүлжамал Қазақбаева олардың өзі де төрт-бес жылда жетпіске келеді. Райхан Халиолдина, Шолпан Сіргебаева сынды жақсы актрисалар бар, жастар да өсіп келеді. Қазіргі көркемдік жетекшіміз Еркін Жуасбек таеатртанушы ғой, бұрынғы көркемдік жетекшіміз Гүлжаһан Әбуқызы да театртанушы еді. Біз спектакльді Мәдениет министрлігіне тапсырғанға дейін әкемізді танытатын. Қазір Еркін де барлығымызға жеке-жеке ойын айтып, арасында сыни пікірін де жасырмай білдіреді. Ол өте дұрыс. Сәбит Әбдіқалықов та жастарды көтеріп, олардың еңбегін бағалап, мемлекет тарапынан түрлі марапат алуына себеп болып жүр. Өзіне артылған жауапкершілікті барынша адал атқаруға күш жұмсап жүр.
  • Алда мерейлі 80 жастық мерейтойыңызды атап өтпекшісіз. Басты рөлде ойнауға дайындығыңыз жақсы ма?
  • 80 жылдыққа арнап Сұлтанәлі Балғабаевқа пьеса жаз деп театрымыздың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек айтты. Сәбит те қарсы болған жоқ. Театрдағы балалардың барлығы да осы театрдағы үлкен апамыз деп мені алақандарына салып құрметтейді. Бұл адамгершіліктің ең жоғарғы сатысы. Сұлтанәлі Балғабаев «Енелер мен келіндер» деген пьеса жазып шықты. Қазір оған дайындалып жатырмыз. Құдай бұйырса спектакль сахнаға шыққан кезде мерейтойды ресми түрде атаймыз деген жоспар бар.
  • Әңгімеңізге рақмет! Мерейлі жасыңыз мерекелі болсын!

      

Әңгімелескен Назым ДҮТБАЕВА

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өмірдің өзінен алынған қойылым

admin

ҮЗДІК ҚОЙЫЛЫМ – “ОЛ”

admin

Алматыда «Қазақ елі» анимациялық фильмі мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілді

admin