Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтарыЖаңалықтар

Тарлан актерге тақта орнатылды 

Жарты ғасырға таяу шығар­машылық өмірін (1948-1984 жж) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына арнап, қазақ театр өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан дара талант иесі Қасым Жәкібаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі тұрған үйіне мемориалдық тақ­та орнатылды.

Сайын көшесі мен Райымбек батыр көшесінің қиылысында орналасқан актер тұрған үйге Астана және Алматы қала­ларының зиялы қауым өкіл­дері, әріптестері мен туған-туыс­тары жиналды. Театр өнерінің майталманы сахнада жүріп 300-ден аса рөлді сомдаған. Алғаш атақты Наталья Сац қолынан жетектеп театрға әкелгенде, бар болғаны 19 жастағы жігіт «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио мысықтың рөлімен-ақ болашағының зор екенін байқатып үлгереді. Осы уақыт аралығында сахна өнері үшін туған сайыпқыран балаларға арналған қойылымнан бастап ересек көрерменге арналған салмақты спектакльдерге дейін­гі әр түрлі  образды өзіне ғана тән шеберлігімен ширатты. Қ.Жә­кібаев кино саласына да елеулі үлес қосқан таны­мал актер. «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәне­кер», «Отырар», «Махаббат бекеті», «То­ғысқан тағдырлар» филь­міндегі рөлдері кино өнері тари­хында қалды. Алматы қаласы әкімі қабыл­даған қаулыға сәйкес, Ғ.Мүсі­­ре­пов атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театры­ның ұйымдас­тыруымен, Қазақ­стан­ның халық әртісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Тәуелсіз «Платиналы Тар­лан» сыйлығының иегері Қа­сым Әбекұлы Жәкібаевтың құрметіне орнатылған тақтаның ақ шы­мылдығы түрілген соң салтанатты рәсімде сөз алған Саты­балды Нарымбетов, Нұр­жұман Ықтымбаев, Роза Әшір­бекова сынды өнердегі әріптес­тері та­ланттың сан қилы тағдыры туралы жан тебірентетін есте­лік­терімен бөлісті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/159266-tarlan-akterge-taqta-ornatyldy

Сәйкес жаңалықтар

9 желтоқсанда өткен желтоқсаншылармен кездесу күні есте қаларлықтай дүниелермен толықты. Бәріміз ерекше көңіл-күйді жыр ете айта шығатын, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында “Желтоқсан-86” тәуелсіз күрескерлермен кездесу өтті. Қиын-қыстау заманның кейіпкерлері 1986 жыл 16 желтоқсанды терең күрсініспен еске алды және әрбір оқушының сауалына жауап қатып, пікірін тыңдап ой қорыта білді. Аталмыш шарадағы батыр апа-ағаларымыздың ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет араласқан қаралы да қасіретті күні тыңдап отырған бізді де бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ, ерліктің ащы тұстары айтыла түсіп, жыл сайын күрескерлер ақталып, осы бір қазақтың қабырғасын қайыстырып, жүрегін сыздатқан “Желтоқсан оқиғасы” бүгінде қолға алынып, өзіндік мәртебеге ие болғандығы көңіл қуантатынын жасырмаймыз. Сан ғасыр арман еткен Тәуелсіздіктің туы қаһармандардың арқасында келіп жетіп, желбірей түсуде. Өкінішті сәттердің, соның ішінде, сан мыңдаған батырларымыздан қол үзіп қалғанымызбен, олардың қазақ деп ұрандатқан ащы айқайы әрдайым санамызда, жадымызда мәңгілік жаңғырып тұр. Кездесу, Тәуелсіздік үшін жанын пида еткен аға-әпкелеріміздің әңгімелерімен қыза түсті. Өзіндік ойымен қарсы алдымызда, Республикалық “Желтоқсан-86” Тәуелсіздік қырандары Халық қаһармандары қозғалысы төрайымы – Жүніс Гүлбаһрам Есмұратқызы, Тәуелсіздік күрескері – Сейтімбет Үсіпхан Әбдікерімұлы және Гүлнәр Сейтімбеттей аға-апаларымыз бөлісті! Сөз соңында, тәуелсіздік жолында қаза тапқан батыр қызымыз Ләззат Асанованың анасы да көзіне жас ала отырып, әңгімесін, тілек, алғысын жеткізе білді. Жас балғындарымызда есті әңгімеге елітіп, тіпті өлең шумақтарын жарыса оқып, патриот ұрпақтың өсіп келе жатқандығын дәлелдей түсті. Сонымен қатар, тәуелсіз күрескерлерге баршамыз өре түргеліп, Желтоқсанның жаңғырығына, ызғарлы желіне төтеп бергендігіне жарыса алғысымызды жаудырдық. Кеш соңы театр ұйымдастырған “Желтоқсан желі” атты қойылыммен жалғасын тапты.#Тәуелсіздіккүрескерлері #желтоқсанжелі#алғысымызшексіз

admin

Театр директоры С.Әбдіқалықов “Жаңа күн” бағдарламасында

admin

“Жарқын бейне” бағдарламасы. Актер, Қазақстанның Халық әртісі Қасым Жәкібаевты еске алу

admin