Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Талантты актер – театр шырағы

Театрды сүйетін қауымға Бейбіт пен Сәнияның есімі етене таныс.

Өнер айдынында қатар жүзген қос таланттың талай кейіпкері  көрерменнің көңіліне кілт, жүрегіне жол тапты. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артистері Бейбіт  Қамаранов пен Сәния Ерзат   театр сыншысы Әшірбек Сығай ағамыздың: «Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, қашан сахнаға шығарғанша актер «ата-ананың» рөлінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды» дейтін кезеңдерінің бәрін басынан өткерген артистер.

Студент кезінен өзінің ерекше қабі­летімен, айрықша талантымен топ жарған Сәния Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясын бітіре сала театр басшылығының ша­қыруымен осы театр табалдырығын аттайды.  Роза Әшірбекова, Күлаш Қажығалиева, Лидия Каденова сияқты көптеген талантты артистердің ортасына түскен жас актриса алдыңғы буын аға-апаларынан үйрене жүріп, солардың тәлімін алып  өзін шыңдады. Оның театр сахнасындағы әрбір рөлі терең ізденіс пен  үлкен еңбектің нәтижесінен туған.
Бейбіт – өзінің өжет, тік мінезді қалпымен қазақтың талай ержүрек батырларын, мінезді кейіпкерлерін  ойнап, көрерменін тәнті еткен актер. Еңбек жолын Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ музыкалық драма театрында актерліктен бастаған ол              Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына 2008 жылы келді. Көрерменіне қазір Ақан, Қодар, Ілияс, Мұқағали бейнелерімен танымал.
Өнер сахнасындағы ерлі-зайыпты, жас артистердің ойлары сергек, талабы зор.
«Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкiрегінде болсын көз» дейді дана Абай. Білмекке, көрмекке ұмтылған жас өнер иелерінің  жалындаған жігеріне, кәсібіне деген риясыз махаббаттарына  сүйсіндік. Кинодағы рөлдері жайлы, жалпы артист өнері жөніндегі сұхбат  алдағы күндердің еншісінде. Ал қойылым алдындағы  бүгінгі аз-кем әңгімеміз мәртебелі театр төңірегінде өрбіді.

IMG-20151022-WA0010Бейбіт ҚАМАРАНОВ, театр артисі: Біздің мектеп – алдыңғы толқын ағалар
Ойнаған рөлдері:
Қызылорда театрында:
У.Шекспир «Макбет» – Макдуф, «Жолайрық» – Жалаңтөс батыр, «Қош бол, ардағым!» – Құдайменде, т.б.
Ғ.Мүсірепов театрында:
В.Ежов «Бұлбұлдар түні» – капитан Тимофеев, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері -Ақтоқты» – Ақан, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Қодар, Е.Аманшаев «Балкон» – жігіт, Ш.Айтматов «Қызыл орамалды шынарым» – Ілияс,  С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» – Мекемтас, Т.Теменов «Карменсита» – Эскамильо, М.Хасенов «Жұбайлар-ай, жұбайлар!» – Есет,                  М.Мақатаев «Мен, ұмытылмаймын…» – Мұқағали, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» – Қабанбай, Г.Хугаев «Қара шекпен» – Шопан, Т.Ахтанов «АНТ» – Барақ сұлтан, Д.Исабеков «Құстар фестивалі» – Жапалақ, т.б.
Балаларға арналған спектакльдерде:
А.Толстой «Буратино» – Базилио,              Ө.Боранбаев «Ер көжек» – әтеш, Иран-Ғайып «Аждаһаның әлегі» – түйе, т.б.

– Театр – актер үшін  таусылмайтын мектеп. Оқыған сайын қызығып, ішкі әлеміне бойлай  бересің. Мен облыстық театрда қызмет еттім. Көп нәрсе үйрендім. Өзімді қалып­тастыр­дым.  Одан кейін  2008 жылы осы театрға келдім. Содан бері  осы театрда жұмыс істеймін. Біздің ізденісіміз, біздің бой түзеп,  тәлімін тың­дап, ақыл кеңесін алатын ортамыз  – осы ал­ды­мыздағы аға буын, өзіміздің аға-апала­рымыз.  Актер өзін дамытуға, тәжірибесін шың­­­дауға ұмтылады. «Сахнадан адамды емес, актерді көрсең, жалығасың» деген ака­де­мик   Василий  Ключевский.  Актер сахнада өзі­нің актер екендігін ұмытатындай қылып ой­нау – кез келген білімді, талантты актердің мақсаты.
Бірақ кейіпкерді ойдағыдай шығару  жалғыз актерға ғана байланысты емес.   Оған драматургтен бастап, режиссер, мында жүрген көптеген адам еңбек етеді. Сондықтан  шығармашылық адамының қай-қайсысына болса да талап ауыр.  Ізденісің болмаса құр айқаймен  дұрыс өнер шығара алмайсың. Мен өзім театр актерымын.Театрды қатты жақсы көремін. Киноға көп бармаймын.
Алдағы уақытта қазақ театрларының деңгейі әлемдік театрлармен қатарлас болса деп армандаймын. Қазір қазақ театрларында құлдырау бар екені жасырын емес. Ізденіс аз. Жұтынып тұрған өнер жоқ. Оған көрерменді кінәлаудың ешқандай реті жоқ. Оған біз бәріміз кінәліміз. Актер қабілетсіз болса, режиссер тар шеңберде, драматург білімсіз болса көрерменің олардан сырт айналатыны заңдылық. Ендеше, осыған жібермеу театрды өміршең, заманауи, да­мыған театр дәрежесіне көтеру – ортақ міндет.
Біздің театрда жастар үлкендерді тың­дайтын, олармен ақылдасып, кеңесіп отыратын жақсы бір үрдіс бар. Біздің мектеп – алдыңғы толқын ағалар.  Солардың пікірі біздің талпынысымызға себепкер. Бірақ кейде сол алдыңғы буынмен әңгімелесе қалсаңыз, «жастар жалқау, жастарда ізденіс жоқ. Біздің кезімізде былай еді, солай еді» деп жатады. Мен олардың бұл пікірлерімен келіспеймін. Өйткені қазіргі жастар із­денімпаз. Тынбай еңбек етеді,  көп оқиды, өзін дамыту үстінде жүреді. Білімді жастарды театр өнерінде дұрыс пайдалану керек. Сонда ғана ол киелі өнерге барын береді.


Сәния ЕРЗАТ, актриса:  
Өнер мен өмірді шатастырмау керек

Театрда ойнаған рөлдері:
Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Дүрия, «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақтоқты, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Баян, Н.Ораз «Адасқан жұлдыз» – келіншек, С.Асылбекұлы «Желтоқсан желі» – Ақмарал, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» – Нигора, У.Сароян «Жұмақтағы жасын» – стриптизерша, В.Ежов «Бұлбұлдар түні» – Нина, Ә.Тарази «Жақсы кісі» – Ұлжан, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» – Алма, Г.Хугаев «Қара шекпен» – Қосүрей, Д.Исабеков «Құстар фестивалі» – Бұлбұл, т.б.
Балаларған арналған спектакльдерде:
«Ғажайып қобдиша» – тышқан, «Чип­поллино және оның достары» -Шиетай, «Ер көжек» түлкі, т/б.

Кинодағы рөлдері:
Күләш фильмінде – Шара Жиенқұлова­ның рөлі, Алдар көседе – Алдардың анасы, Қара шаңырақ телехикаясында – Нұргүл, Мағжан Жұмабаев деректі фильмінде – Мағжанның жары рөлінде.

– Актер сахнаға бір рөлді алып шығу үшін оған барын салады. Бұрын қойылымдар екі-үш ай дайындалатын. Үлкен қойылымдар одан да ұзаққа кететін. Қазір заман талабына байланысты спектакльдер қысқа мерзімде қойылып жүр. Сондықтан актерға үлкен қор керек. Азғантай уақыттың ішінде үлкен дүние шығару оңай емес.  Біз алдымен өзімізге тапсырылған кейіпкерді жан-жақты зерттейміз. Ол қалай сөйлейді, қалай жүріп-тұрады, байдың қызы ма, кедейдің қызы ма? Әскери адам ба, қайыршы ма? Бізге бір жерде ерке, назды байдың қызын ойнауға тура келетін болса, енді бір жерде қайыршының немесе мінезі қиқар қыздың рөлін ойнауға тура келеді. Мұның бәрі актердің ашылуына септесетін мектеп.
Кейбір кейіпкерлерімнің мінезін кейде өз бойымнан көріп жатамын. Мәселен, «Жел­тоқсан желіндегі» – Ақмарал, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Баян. Егер режиссер актерден кейіпкерінің бір ұқсастықтарын көрмесе  үлкен рөлді ол артиске сеніп тап­сырмайды. Кей­де өзіңді сол кейіпкердей сезініп кететін кездер болады. Бірақ өнер мен өмірді шатас­тыруға болмайды. Өйткені өмір өз ағысымен кете береді. Өнер – адамның уақытын ұрлайтын кәсіп. Жастықпен бұл білінбейді, бір уақыт өте келе сол кезеңдердің қадірін  түсінесің. Сон­дықтан әр нәрсеге болса да сергек қарау керек.

 

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/15364-talantty_akter_teatr_shyra_y

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Luxury red car details view, elegant and beautiful

admin

Театрымыздың актрисасы Динара Шымырбаева “Жаңа күн” бағдарламасында. #Жаңакүн

admin

Car Tire Pressure Check in the Auto Garage

admin