Қазақ елі тарихында тұңғыш рет өтіп отырған ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанның әлем алдындағы айшықты беделі болып саналады. Төрткүл дүниені тамсантқан бұл көрме сауда-саттық және экономикалық байланыс қана емес, бүкіл әлемдік руханияттың салтанат құратын сәті екені тағы аян.
Әсіресе, оның аясында өтіп жатқан әдеби, мәдени шаралардың ішінде біз үшін театр ұжымдары қойылымдарының орны бөлек. Мәселен, соңғы бір-екі ай бедерінде еліміздің театр өмірінде қаншама айтулы оқиғалар болды. Халықаралық мәртебесі бар екі бірдей фестиваль – «Сахнадан сәлем!» мен А.Әшімовтің 80 жылдығына арналып, тұңғыш рет өткізілген Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі осы айтып отырған ойымыздың жарқын дәлелі іспетті. Қазақ елінің төбелі төріне алыс-жақын шетелдерден небір майталман сарапшылар мен сахна саңлақтарын оздырып, Қазақстан дамыған мәдениеті мен өнері арқылы да еңсесі тіктеліп, ендігі көлбеген еңселі ел екенін танытуда. Еліміздегі ең үлкен өнер ошақтарының бірі саналатын Қазақ мемлекеттік академиялық Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мен Астана күні құрметіне елордада өнер көрсетті. «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде Байғали Есенәлиевтің «Базарың тарқамасын» музыкалық драмасымен басталған өнер сапары «Астана Балет» театрында тартымды репертуармен жалғасын тапты.
Соның бірі, «Қара шекпен» әфсанасы Түркия мемлекетінің Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты халықаралық және республикалық театрлар фестиваліне қатысқан, театр репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдардың бірі болып саналады. Әфсананың авторы – Г.Хугаев. Қ.Төлеуішов аудармасымен сахналанған туындының режиссері – Асхат Маемиров. «Жер бетін мекендейтін он сегіз мың ғаламның ішіндегі ең құдіреттісі де, ең ақылдысы да, ең әдемісі де – Адам…» – деп үн қатады Тұзар (ит), әфсананың басты кейіпкері. Ал біз дәл осындай «дәрежеге» расымен, лайықпыз ба?! Автор жер бетіндегі бүкіл адамзат баласының қайғы-қасіретінің басты себебін іздеп, көпшілікке астарлы ой тастайды.
«Қара шекпен» спектаклі – адамдар арасында жоғалып бара жатқан адалдық пен шынайылықты, адамгершілік пен достық қарым-қатынас қасиеттерін қадірлеуге үндейтін құнды дүние.
Мүсіреповтіктердің Астана күні мерекесіне тартулары ішінде У.Шекспирдің «Бір сен үшін тудым…» трагедиясы ерекше орын алады. Абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы аудармасымен режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаған туынды махаббат майданын жырлайды.
Мәңгі махаббат бар жерде, мәңгі машақат бар. Әулет пен әулет, топ пен топ, тобыр мен тобырдың кесірінен қаншама қан төгілді, қаншама махаббат иесі құрбан болды. Ықылым заманнан келе жатқан адамзаттық ахуал осы.
Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы» да – солардың кебі… Шекспирдің 400 жылдығына арналған бұл қойылымның басты ерекшелігі және төл өнерге етене жақындығы – Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерімен көркемделуі. Қазақтың ұлттық махаббат дастандарының сарынына жақындатып, «Дудар-ай» әні лейтмотиві болған «Ромео мен Джульетта» трагедиясы «Бір сен үшін тудым…» деген атпен көрерменге жол тартқан екен. Қойылым рухани құндылықтарға көзқарас пен түсінік көмескі тарта бастаған әсіресе қазіргі заман үшін өте-мөте маңызды болып қала бермек. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»