Жылда өтетін дәстүрлі Қазақстан драма театрларының биылғы XXV республикалық фестивалі көрнекті театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналды. Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының құрамында Ресейдің «Театральная жизнь» журналының бас редакторы, театр сыншысы Олег Пивоваров, әдебиет және театр сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс болды. Шараны ұйымдастырушы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан театрлар ассоциациясы фестивальға сегіз театрды іріктеп алыпты.
20.09.2017 222 Facebook Twitter Google+ Pinterest Vkontakte Telegram Көзі тірісінде «қазақ өнерінің тура биі», «қазақ театрының адвокаты» атанған Әшірбек Сығайға бір емес, бірнеше фестивальді арнасақ та артық болмас. Саналы ғұмырын қазақ өнеріне бағыштаған, өткен ғасырдың сонау 1967-1968 жылдарынан бастап, соңғы демі таусылғанша театр өнерін насихаттаудан жалықпаған, қазақ өнері мен мәдениетінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаудан шаршамаған Әшірбек Төребайұлының кенеттен бақиға аттанғаны – әр қазақтың қабырғасын қайыстырып кеткен қаза болды. Театр деп тынымсыз соққан жүрек тоқтады…
Алайда сол сәтте-ақ Әшірбек Сығайдың екінші өмірі – сіз бен біздің жүрегіміздегі мәңгілік өмірі басталды. Тіршілігінде адал еңбек етіп, өнегелі өмір сүрген адамның бақилық болғаннан кейін айшықты дидары онан сайын жарқырай түсетіні анық. «Орнында бар оңалар» демекші, артында іздеушісі, жоқтаушысы бірлі-жарым емес, қалың көпшілік, бүкіл өнер жұртшылығы, бұқара халық болса, ондай адамның мәңгі жасайтыны күмәнсіз. Бір аптаға созылған «Сығай фестивалінде» осы ақиқатқа тағы бір көз жеткіздік.
Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі осындай «жылы нотада» басталып, Астана Жастар театрының «Сұлу мен суретші» спектаклі фестиваль шымылдығын ашты. Режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойған Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» ноктюрн-драмасында сахна мен зал арасында орнаған нәзік те таза энергетика арқылы драматург-режиссер-актер-көрермен деген «категориялар» бір-бірімен астасып, тұтасып, бірігіп кеткендей болды. Нұрқанат Жақыпбайдың жаңашылдығы, эстетикалық биік талғамы, пластикалық шешімдерге көбірек жүгінетін өзіндік қолтаңбасы әр қойылымында көрінеді. «Сұлу мен суретші» де сезімтал режиссердің лирикалық-романтикалық иірімдерге негізделген әсем туындысы. Сезімдер шарпысы Сұлу – Назгүл Қарабалина мен Суретші – Әділ Ахметовтің жан дүниесінде бірте-бірте орын алады да, шарықтау шегіне жетеді. Актриса Назгүл Қарабалина өз Сұлуының жан күйзелісін, ұлы сезім алдындағы шарасыз халін нанымды бейнелейді. Оның дауыс тембрі ерекше, қимыл-қозғалысынан әркез шынайылық, сабырлылық, салмақтылық, парасаттылық, ақсүйектік болмыс есіп тұрады, сахнада әдемі қозғалады, сыртқы әрекеті мен ішкі пластикасы үйлесімді. Әділ Ахметовтің Суретшісі – өзгелерге ұқсамайтын, әлемі бөлектеу суретшілердің жиынтық образы.Қойылым Махаббатқа сенбейтіндерді – сендіреді, ал шынайы сезімге сенетіндердің нағыз бақытты жандар екеніне көз жеткізеді.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ұсынған Талғат Теменовтің «Аққудың көз жасы» спектаклі Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесі мен «Боранды бекет» романындағы «Раймалы» аңызы бойынша сахналанған. Инсценировка авторы Талғат Теменов прозаның классикалық үлгісінен шиыршық атқан қайшылықтарға толы драма тудырған. Оқиғаларды автор атынан байланыстыру тәсілі қойылымға сәтті енгізілген. Теменов – әр туындысында, мейлі ол көркем фильм болсын, мейлі ол сахналық қойылым болсын – Ұлы махаббатты жырлайтын, әркез шынайы сезімге акцент жасайтын режиссер. Даниярдың Жәмиләға деген өз сезімін Раймалы мен Бегімай туралы аңыз арқылы жеткізуі – шынайы махаббаттың надандық пен зұлымдықты жеңетін ұлы күш екенін астарлағаны еді. Режиссер Данияр мен Жәмилә желісіне Раймалы мен Бегімайдың оқиғасын параллель қояды.
Сахнада кейіпкерлер, массовка шамадан тыс көп бола тұра, әрқайсысының өз орны бар. Жекелеген характерлер өте жақсы ашылған. Әсіресе, Данияр образындағы жас актер Жанат Оспанов, Жәмилә бейнесіндегі Ақмарал Танабаева, Садықты кескіндеген Әбілмансұр Серіков, Оспан рөліндегі Асылбек Қапаев өз кейіпкерлерін көркем образ деңгейіне көтерген.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горькийдің «Шыңырау» драмасын көрсетті. Қойылым режиссері Данияр Базарқұлов «адам деген кім (әлде не?)» деген сауалға жауап іздейді. Расында, адам деген кім?..
Кезінде бірі – барон, екіншісі – ұры, үшіншісі – адал махаббатты көксеген ару, төртіншісі – ұста, т.б. әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің ендігі жерде бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Бәрі де шіріген қоқысқа толы, көктің иісі алқымынан алатын қаракөлеңке жертөлені паналаған қаңғыбастар. Қоғамның қалдықтары. Бірінен бірінің артықшылығы жоқ. Жо-жоқ, қателесеміз. Ондай адамдардың арасында да өзін өзгелерден артық санайтын пенделер баршылық екен: бірі – қара күшімен артық, енді бірі – аярлығымен, қулық-сұмдығымен артық… үшіншісі – әлсіз, төртіншісі – ажалын күткен науқас… Мүңкіген жертөледе ашқұрсақ жатып, араққа тиын табады. Әлдісі әлсізді қорлайды. Арандай ашылған нәпсі тоятын басудан басқа мақсат жоқ. Ал енді «адам деген кім?» деген сауалға қайтадан жауап іздеп көріңіз. Иә, адам деген – сен, мен, аналар, мыналар… Алайда Адам деген ұлы ұғымға лайықтымыз ба?.. Қойылымнан осындай ойды оқыдық. Спектакль сценографиясындағы ілулі тұрған көп қолдар – өмір бойы бір жақсылықтан үміттеніп, өмір бойы жарық сәулеге қол созған адамдардың қолдары еді. Спектакльде актерлік ансамбль тұтастығымен де, жеке-дара да айшықты өнер көрсетті. Режиссер Данияр Базарқұлов әрбір актерді жеке жарқыратып көрсетуді мақсат еткен және сол мақсатының үдесінен шыққан. Барон – Ерлан Кәрібаев, Василиса Карповна – Гүлбаһрам Байбосынова, Анна – Динара Нұрболат, сол сияқты, қойылымда өнер көрсеткен артистердің бәрі дерлік бір-біріне ұқсамайтын характерлерді шынайы әрі жоғары деңгейде сомдады.
Фестивальға У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясымен қатысқан Шығыс Қазақстан облысының «Дариға-ай» жастар театры нағыз көркем өнер туындысын көрсетті. Жас режиссер Дина Құнанбайдың әр спектаклін көрген сайын оның ізденгіштігіне, тынымсыз еңбекқорлығына тәнті болатынымыз жасырын емес. «Ричард ІІІ» спектаклін жап-жас театрдың сахнасында жап-жас қыздың жоғары деңгейде сахналауы – соңғы жылдардағы қазақ театр өнеріндегі соны құбылыс десек, артық айтқандық емес. Сахнаның үш жағын айнала жайғасқан көрерменді ортадағы өнер көрсететін актерлерден бір қарыс ағаш жиектеме ғана бөліп тұр. Жиектеменің ішіне жұқалап құм төселген. Сахна төрінде – қисық-қыңыр ағаштардан қалай болса солай жасай салған өте биік тақ. Жоғарыда қақ ортада – аспалы шам. Бар декорация осы. Өзі бүкір, ұсқынсыз, жаны да, тәні де мүгедек адамның таққа барар жолында допша домалаған адамдардың бастары қаншалықты құнсыз болса, қанға боялған патша сарайы да, тақ та соншалықты құнсыз деген ойды айту үшін осыдан артық не керек?.. Режиссер «астыңдағы тағың қанша биік болса да, өзің қораш болсаң, тақ та сені биіктете алмайды», «билікке жету жолындағы қанқұйлы іс-әрекеттің салдары да – қантөгіске әкеледі», «мемлекет басқару ісінде парасат пен ізгілік тізгінін тең ұстамасаң, өз басың допша домалайды» деген идеяны меңзейді. Ричард образында Еркебұлан Нұғманов, Анна рөлін ойнаған Сымбат Ахметова, Эдуард бейнесіндегі Ғалым Тасболатов, Маргарита рөліндегі Қарлыға Сыбанова, Королева Елизавета – Айнұр Жадранова, Герцогиня Йорская – Мейрамгүл Алепарова, т.б. актерлер режиссер жүктеген талаптың үдесінен шығып, өз кейіпкерлерінің ішкі сезім арпалыстары мен сыртқы қимыл-қозғалыстарын қатар үйлестіре білді.
Н.Садурдың «Панночка» драмасы – Ақмола облыстық орыс драма театрының соңғы маусымда қойған спектакльдерінің бірі. Режиссері – Қазақстан мәдениет саласының үздігі Ольга Луцива.
Ресей жазушы-драматургы Н.Садурдың «Панночка» мистикалық драмасы Н.Гогольдің «Вий» повесінің желісімен жазылған. Драма авторы кейбір кейіпкерлердің атын және оқиғаның орны мен даму барысын біршама өзгерткенімен, гогольдік сюжет желісі, шығарма мазмұны, автор ойы мен идеясы онша көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Фольклор мен мифология, шынайы өмір мен параллель әлем қатар суреттелген күрделі шығарманы сахналау барысында режиссер Ольга Луцива ерекше шешімдерге жүгінген. Егде жастағы козак – Явтух (Виктор Крылов), орта жастағы козак – Спирид (Андрей Красноштанов) және жас козак – Дороштың (Станислав Тавгень) шөмеле жанында шараптан ұрттап қойып, жайбарақат әңгімелесуі қалыпты тіршіліктен хабар береді. Алайда бұл деревняның тынышы кеткендігін олардың Хома Брутқа (Андрей Владимиров) жезтырнақ жайлы айтқан әңгімесінен байқайсыз. Оқиғаның дамуы барысында басты кейіпкер – дін мектебінің жас философы бір бейнеден екінші бейнеге шебер ауысады. Актер Андрей Владимировтің көңілді де әңгімешіл кейіпкері бір түннен кейін-ақ сөзге сараң, өз көлеңкесінен өзі қорқатын сақ адамның кейпіне енсе, екінші түні шашы түгел ағарып кеткен, қалш-қалш етіп қасиетті кітаптан қайта-қайта дұға қайталайтын ғаріптің бейнесіне енеді. Ал үшінші түні.
Жоғарыда аталған қойылымдардан басқа, фестивальде астаналық көрермендер М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры қойған Р.Отарбаевтың «Бас» драмасын (режиссері Жанат Телтаев), Республикалық академиялық неміс драма театры көрсеткен Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясын (режиссері Н.Дубс), «Жас сахна» театры ұсынған Т.Жүженоғлының «Көшкін» драмасын (режиссері Б.Абдразаков) тамашалады.
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік театртанушы» жүлдесі Меруерт Жақсылықоваға, «Тарихи өзекті тақырыпты игергені үшін» аталымы М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрына, «Орыс классикасын мәнерлеп оқу» номинациясы Республикалық академиялық неміс драма театрына, «Үздік дебют» жүлдесі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына, «Үздік ер адам бейнесі» аталымы Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Андрей Владимировке, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясы Астана Жастар театрының актрисасы Назгүл Қарабалинаға, «Үздік режиссура» жүлдесі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына және «Жас сахна» театрына, «Үздік спектакль» жүлдесі Шығыс Қазақстан облысы «Дариға-ай» жастар театрына берілді.
Сәуле ӘБЕДИНОВА,
театртанушы, өнертану магистрі
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/158559-syghay-festivali-tartqan-syy