Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Судағы із» сериалдарды жаңа деңгейге көтереді

Қазір не көп, сериал көп. Бірақ «сериал» деген сөздің жанында көбіне-көп «халтура» деген анықтама еріп жүрсе, маңдайында сапасыздықтың мөрі тұрады. Өзін сыйлайтын актерлердің де, режиссерлердің де сериалға жоламауға тырысатыны содан.

Жоқ демейміз, Ақан Сатаев түсірген «Ағайындылар», Аманжол Айтуаров түсірген «Елім-ай», Рашид Сүлейменов түсірген «Сырғалым», ресейліктер түсірген «Базарбаевтар» сияқты әр жанрда көрерменнің көзайымына айналған дүниелер бар. Бірақ олар аз, сирек. Сондықтан да «Талғат Теменов сериал түсіріп жатыр» деген хабарды естігенде қуандық. Өйткені «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті», т.б. көпшілік сүйіп көретін фильмдердің режиссері сериалға «станок машинасындай қарамайтыны» анық еді.

Біріншіден, ол – ескі мектептің өкілі. Кейінгілер сияқты екі күнде жиырма серияны топырлатып түсі­ріп, қиқалап монтаж жасап, қисын­сыз жапсырып ұсына салмас еді. Екіншіден, қалай десең де бұл ре­жис­сер де мәскеулік білім, үлкен кинодағы тәжірибесі, қалыптасқан қолтаңбасы бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, Теменов түсірген сериалдың тауар емес, өнім емес, туынды болып шығуы ықти­мал­дығы басым.
Айтқандай-ақ сериалдың таныс­тырылымы кезінде көңіліміз толды. Қазір Американың, Британияның сериалдары қандай деңгейде түсірі­ліп жүргені ешкімге құпия емес қой. Сол идеал деңгейінде болмаса да (оған миллиондаған бюджет қайда), кәдімгі толықметражды, кеңтыныс­ты киноға ұқсайтын дүние көрдік. Ол көркемдік критерийлер бойынша Қазақстандағы сериал атаулыны жаңа деңгейге көтерді десек те асы­лық айтпаспыз. Камераның қозға­луы да, жарықтың қойылуы да, қайта-қайта ауысатын локация, оны түсіретін крандар мен рельстер, қыс­қасы, таспалық киноның сапасы менмұндалап тұр. Ең бастысы, түсі­ріп жатқан дүниеге деген сүйіспен­шілік бар.
Сериалдың ең үлкен жетістігі – өмір шындығын экранға көшіруінде. Кейіпкерлердің әрқайсысы көз алдыңызда есейеді. Олармен бірге мемлекетте аяғына тұрады, өз жо­лын тауып жатады.
Алғашқы серия егде тартқан Мұқанның бүгінгі Алматыда көлік­пен кетіп бара жатуымен басталады. Терезеден қарап отырып, өмірін еске алады. Олар үш жігіт, үш дос еді. Математик Мұқан кластағы ең әдемі қыз әрі бұлардың досы Нәркеске сөз айта алмайтын. Спортшы Қа­сым­жан сол қызды қорғаймын деп түрмеге түскен еді бір кезде. Сылқым Роллан Мұқанның қарындасын жүкті қылып, баладан бас тартты. Кішкентай ғана ауылда елдің сөзінен қорқып, қызын қалаға тасимыз деп жүріп, мұның ата-анасы жол апаты­нан қайтыс болды. Қарындас босан­ды. Босанып жатып өзі де үзіліп кетті. Мұқан қорғансыз, дәрменсіз кішкентай жиені үшін болашағынан бас тартып, жетімді жеткізу үшін ауыл­да қалды… Жылдар өткенде от­басылы Мұқанға «Мен жалғыз жігіт­ті сүйдім» дейді Нәркес. Сонда Мұ­қан сұрайды: «Қасымжанды ма?». «Ақымақ» дейді қыз, «Біздің Алға­бастың Эйнштейні». Былай қарасаң жаңалық ашып тұрған ештеңесі жоқ. Бірақ кіршіксіз сезімдер шынайы­лығымен баурайды.
Кейінгі бір сериалдардағыдай жасанды ситуациялар, жаттанды диалогтар, картон декорациялар жоқ. Бәрі шынайы. Төрт мезгіл: қыс та, жаз да, күз де, көктем де бар. Су ішіндегі төбелес, алаудың жанында сезім білдіру, қарда домалап шекісу, желдің үп еткені, кептер қанатының сыбдыры, күннің қызарып батқаны мен таңның ағарып атқаны… Бәрін сезіп отырасыз. Режиссердің үнем­де­мегені, үнемдеуге тырыспағаны көрініп тұр. Әйтпесе, қазір эстетика кімді толғандырып жатыр?!
Ал мағыналық, оқиғалық жағы­нан алсаңыз, қайнап жатқан өмір.  Тәуелсіздік жылдарының ше­жіресі. Мұнда Кеңестер Одағын ыды­ратқан ГКЧП-дан бастап тоқ­саныншы жылдары еліміз бастан, өт­керген бүкіл күйлер бар. Қиын­шылық та, дағдарыс та, сана мен тұрмыстағы сілкініс те. Үш достың, олардың отбасыларындағы драма елдегі өзгерістер фонында өтеді.Әр серияда сол дәуірдің ең маңызды оқиғаларынан ақпар, жаңалық сюжеттерінің кадрлары қамтылған: толқулар, әлеуметтік дүмпулер, өші­рет, дефицит… Сіз Алғабас ауылы­ның тұрғындарымен бірге Қазақ­стан­ның қалай алға басқанын көресіз.
Тағы бір ерекшелігі, кейіп­кер­лерінің бәрі «тірі». Бәрі қателеседі, кейде асығыс шешім қабылдайды, өкінеді, опық жейді, тәубасына келеді. Түрлі мінездер, түрлі тағдырлар… бәрі де бар. Қандай жағдай болса да, үшеудің достығына сызат түспеген. Барлық қателіктерді жігіттік сабыр мен парасат жеңген.
Сондай-ақ Төлеубек Аралбаев, Гүлжамал Қазақбаева, Айгүл Иман­баева, Жомарт Зейнәбіл, Ақылбек Мақашев, Таңсұлу Мұзафар, Дәстен Шәкіров, Әсел Сәдуақасова сияқты актерлердің шынайы ойындарына куә болдық. «Сұлу қыз, көркем жігіт, бәрі сонда, дариға сол ортадан неге кеттім?» дегізгендей.
Қорыта келгенде, «Судағы із» – қа­зіргі көп сериалдан сойы бөлек дү­ние. Бізге ең алдымен сериалға деген көзқарасымызды, қатынасы­мызды өзгерту керек. Көрерменді сый­лап үйрену керек. Сол үдеден шығар-ау деп өзіміз қызыға күтіп жүрген «Судағы ізді» «КТК» арнасы­нан көрсетеді деген хабар тарады. Енді тиісінше жарнамалап, көпшілік үшін көруге ыңғайлы уақытқа қойса екен деген тілек бар.
А.ДОСПАМБЕТ

12717533_1678920902386110_468403542730697321_n 12728912_1669533123305853_2666328527029708804_n

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/20921-_suda_y_z_serialdardy_zha_a_de_geige_k_tered_

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ақтоты Райымқұлова ҚР Парламенті Сенатының пленарлы отырысында баяндама жасады

admin

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СТИПЕНДИЯСЫ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ!

admin

“Хит тв” телеарнасы, “Хэдлайнер” бағдарламасы, Тынышкүл Сұлтанбердиева бенефис кеші.

admin