Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Құстар тіліндегі сыр

Жуырда мен театр әлеміне саяхатымды жалғастыра отырып, белгілі жазушы, драмматург Д. Исабековтің «Құстар фестивалі» пьесасын тамашалап қайтқан болатынмын. Премьера қатты ұнады. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен де, ойымды қағаз бетіне түсіріп сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Сонымен…

Адам тағдырымен ұштасқан

«Құстар фестивалі» дегенге, туынды құстар жайында деп ойлап қалған боларсыз?  Жо-жоқ, мүлде олай емес! Драмматург мен режиссердің шеберлігі сонда, пьесада құстардың түрлі әрекеттері арқылы адамзат бейнесін аллегориялық жолмен аша түскен.

Оқиға желісі бойынша, құстар арасында ұйымдастырылған ән байқауына әтеш, қарға, көкқұтан т.б. қатысып, жүлдеге таласады.  Әлбетте, барлығы да оза шауып, мәреге жеткісі келеді. Бірақ, жарыстың аты жарыс. Тек біреуінің бағы жанатыны анық. Қызықтың көкесі осы жерден басталады…

«Құстар» арасындағы тартыс

Спектаклде мәдениет пен өнер саласында ғана емес, қазіргі қоғамдағы болып жатқан жең ұшынан жалғасу, коорупция, әділетсіздік,  күштінің әлсізге күш көрсетуі, түрлі бәйгеде  шын жүйріктер емес, «крышасы» мықты жабылардың озып кететіні сияқты келеңсіз жайлар баяндалады. Шыны керек, бүгінде кейбір байқауларда дауысы жоқ болса да талантты «бұлбұлдардың» емес «қарқылдаған қарғалардың» бас жүлдені алатыны таңсық жағдай емес.

Қойылым өмірдегі, қоғамдағы түрлі қайшылықтарға, әлеуметтік, психологиялық тартыстарға толы. Адамгершілік, біреуге қол ұшын беру, талантты қолдау, өнерді түсіну сияқты құндылықтарды тәрк етіп, дүние – жалғанның жетегінде кету, соңында осы ойсыздықтың жазасын тарту – қай қоғамда да кездесіп жататын құбылыс. Ал, оны жеріне жеткізе жазу бар да, өмірдің боямасыз осы көрінісін қаз – қалпында көрермендер назарына сахна тілінде сөйлете білу үлкен өнер. Бұл тұрғыда  режиссердің  (С. Рысбайұлы) адамның жан дүниесі мен тағдырын терең зерттеп, соны ізденістеге баруы, актер мен көрермен арасындағы шынайы байланыс орнатуға талпынуы, сахнадағы жүріп жатқан қойылымның барынша сенімді шығуына күш салғаны аңғарылады. Пьесада  жекелеген адамдардың өмірі арқылы қоғамдағы күрделі, түйіні тарқатылуы қиын актуалды мәселелер тақырып арқауына айналған.

Сахнадағы саңлақтар

Режиссер құстардың фестивалі арқылы дәл қазіргі кездегі өнер әлемінің қыр-сырына үңіле отырып, қоғам шындығын дөп баса білген. Драмматург мен режисердің идеясын сахнадағы актерлер әдемі жеткізе білді. Бір жарым сағаттың аясында  бар өнерін салған шынайы талант илерінің еңбегін айтпай кетпесе болмас.  Мұндағы  актерлік құрам  қойылымның мазмұны мен жалпы сипатын ашуға келгенде аянбағандары байқалып тұрды. Бір-біріне ұқсамайтын кесек-кесек образдар. Әр кейіпкер өзіне тән характерді дөп басып таба алған. Олардың  әрқайсысының характер табуға келгенде ерекше ізденістері байқалды.

Талантқа тағзым

Қашан да сахнада жай ойнап қана қоймай, өмір сүре білетін Мерей Әджібековке бұл жолы сауысқанның рөлі бұйырыпты. Тума талан. Дарын. Шынайылық. Мұның бәрі бір өзінен бойынан табылатын Мерейдің қай образы болмасын қалың жұртшылықтың жүрегіне жол табатыны сөзсіз.

Көпшілікке түрлі фильмдермен қатар және театр арқылы таныс Гүлбахрам Байбосынова бұл жолы тоты бейнесін сомдапты. Актрисаның актерлік шеберлігі мен сұлулығы ұштасып, қалың көрерменді өнеріне сүйсінтті.

Қойылымнан соң  Лиза Серікова, Данияр Базарқұлов сияқты майталман әртістермен шынайы өмірде танысып, сұхбаттасудың сәті түсті. Сүйікті актрисаммен дидарласып, суретке түсу бақытына ие болғаныма қатты қуандым.

Режиссер мырзаның көкек образын қалың көрерменге түсініктірек болуы үшін қазіргі эстрада әншісі МС Сайлаубек сияқты әншімен байланыстыруы үлкен тапқырлық болды деп ойлаймын. Бұл өнер өнеріндегі «рэп» сияқты жеңіл-желпі құбылыстың белең алып бара жатқанын көрсете отырып, терең ойға жетеледі.

Бір арнаға тоғысқан төрттаған

Бізде көбінесе қандай да бір қойылымға баға бергенде театрдың тұтқасын ұстап тұрған үш мықты: драматург, режиссер, актерлер туралы айтылады да, сол әдемі дүниенің бізге жетуі үшін күш салатын суретшінің де еңбегі бар екені назардан тыс қалып жатады. Негізінде, осы төртеуінің таным таразысы теңесіп,  күші мен ісі бір арнаға тоғысса ғана оның тегеурініне бөгет атаулы шыдас бере алмайды. Сәтті құрылған төрттаған ғана көрерменін жылдар бойы жалықтырмайтын тұғырлы туындылар тудыра алатынын анық.

Спектакльдің сценографиясы көрерменін бейне бір ертегі әлеміне енгендей әсерде қалдырды. Қоюшы-суретші Қуат Түстікбаев қызылды-жасылды  костюмдері баршаның назарын аударғаны даусыз. тұр. Суретшінің қолынан шыққан Бүркіттің (актер Бейбіт Қамаранов), Қарғаның (Ұлан Болатбек, Нұргүл Мыңғатова, Жанар Мақашева), Ата қаздың (Жомарт Зейнебіл), тауыс (Лиза Серікова), әтеш (Ерлан Кәрібаев), балапан (Ербол  Идрисов)  сахналық костюмдері кейіпкерлердің образдарымен керемет үйлесім тапқан. Нағыз әнші құс бұлбұлдың (Ақбота Қаймақбаева) талантсыздардан көрген теперіші  көрермендерді бейжай қалдырмады. Сөз соңында айтарым, баланың қабылдауына ауырлау бұл шығарма ересектер үшін тамаша тарту болмақ.

P.S. Театр –  әрбір адамға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайтын мәдениет үйі. Театр ол рухани  азықтың алтын ордасы. Сондықтан, театр көрерменін, көрермен театрын  жоғалтып алмаса екен деген тілегім бар. Театрға жиі барып тұруға тырысайықшы, ағайын!

Назира БУРХАНОВА

Ақпарат көзі: https://yvision.kz/post/757577

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«ТЕАТР – МЕНІҢ ӨМІРІМ…»

admin

Ұстаздық еткен жалықпас…

admin

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ГРАН-ПРИ ЖҮЛДЕСІНЕ ЛАЙЫҚ ДЕП ТАНЫЛДЫҚ

admin