Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Әсет Иманғалиға қару кезенген кім?

Актер Әсет Иманғалиға Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызметтес болған Жұлдызбек Жұманбай не себепті қару кезенді? Бұл жайында «Жас қазақ» газетіне студент шағы мен театрдағы қызықты оқиғасымен бөліскен актердің өзі әңгімелеп берді.

                                                Жұлдызбек маған қару кезенді

Бір курста оқыған төрт дос Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген соң, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа қабылдандық. Сол төрттіктің бірі — Жұлдызбек Жұманбай. Өзі қалжыңға тым жақын. Кейде сахнада қойылым қойып жатсақ та, әзілдейтіні бар. Бір күні «Ғажайып қобдиша» деген ертегіні ойнап жаттық. Өзім бақандай бір аралдың қожайынымын. Ал Жұлдызбек болса, алтынымды ұрлауға келетін қарақшының рөлінде. Залда ине шаншыр орын жоқ. Қойылымды бастап кеттік. Қарақшыны алтынымды жымқырып бара жатқан жерінен ұстап аламын. Қолымда үлкен ағаштан жасалған қаруым бар. Сценарий бойынша «Әкел алтынымды. Неге ұрлайсың?» дегенімде қорқып, қазынамды қайтарып беруі тиіс. Күнде осылай. Бірақ сол күнгі қойылымда басқаша болды. Айтар сөзімді айтып, алтынымды қайтар десем бермей қасарысып тұрып алды. «Бермесең, атамын» десем, «ата бер» дейді. Қолымдағы ағаш қару қайдан атылсын? Сонымен не керек, қарсыласып біраз тұрдық. Бір кезде ол етігінің қонышынан шынымен атылатын театрдың тапаншасын алып шықты да, көк түтінді бұрқыратып жіберді. Мен тұрмақ көрермендер де шошып кетті. Білдей аралдың қожайыны болсам да, басым салбырап мүсәпір кейіпте қалып қойдым. Бір кезде барып, «жарайды» деген ишара білдіріп алтынды маған лақтырып, кетіп қалды. Осылайша қарумен қорқытып аламын деп, өзімнің қалай қорыққанымды білмей қалдым.

 

                                                Алдаймыз деп алдандық

Бір күні Орал қаласында қойылым сахналадық. Нұрлан Әлімжанов та қатарымызда бар. Мысықтың рөлін сомдауымыз керек. Шатырда өскен, иесіз, жабайы мысықпыз. Қыздар болса, үйдегі ақ мысық. Ал Нұрлан үйде өскен тарғыл мысық. Бір кезде тарғыл мысық мияулап ғашығына келеді. Біз төртеуміз ақылдасып, оны алдайық дедік. Ол өлең оқып, Ромео мысық болып шықты. Алдынан атып шығып, қоршауға алдық. Қорқыту үшін «Қолға түстің бе» деп мысқылдай қарадық. Сонда ол байсалды кейіппен «Мен сендерден қорықпаймын. Өйткені достарым көп» деп жауап берді. Біз таңырқай «Қане достарың?» деп жан-жаққа қарадық. Себебі бізден басқа мысық жоқ. «Міне, достарым» деп ол залдағы балаларды көрсетті. Сосын балаларға қарап «Сендер маған доссыңдар ма? Маған көмектесесіңдер ме?» деп еді, сахнаға елуі атып шықты.Ақырында балаларды орындарына әзер отырғыздық.

        Сөзімді ұмытып, жер сипаладым 

Театрда бір актер болмай қалған жағдайда, оның орнын алмастыру керек. Себебі қойылымды тоқтатуға қақымыз жоқ. Мен де сондай жағдайға тап болдым. Алайда бір күн қалғанда ұзақ өлеңді жаттауым керек. Ұмытып қалсам, басқа актер іліп алып кете алмайды. Мен 2-3 сағат ішінде апыл-ғұпыл дайындалып жатырмын. Сахнада үш бидің бірін сомдауым керек. Бәрін жаттап алу мүмкін емес болғасын, айла қарастырдым. Алақанды жайып сөйлейтін жері бар. Алақаныма сыйғанынша өлең жолдарын жазып алдым. Қалғанын алдыма төселген матаға түсірдім. Сахнаға шығатын сәт те келді. Орныма отыра қалып тоқтамастан алақаныма жазылған сөздерді сартылдатып оқып жатырмын. Бір кезде ол бітіп, едендегі сөзді іздей бастадым. Бірақ таба алмадым. Бетіне құм сеуіп тастапты. Арасынан әріптер ғана көрінеді. Тоқтап қалуға болмайды. Бойымды үрей билеп, терлеп кеттім. «Еліміз, жеріміз бар» деп жер сипалайтын тұсы бар. Сол есіме түсіп, қолымның жеңімен құмды сыпырып жатырмын. Есіл-дертімнің барлығы матаның бетін құмнан тазалау. Сөйтсем, әлгі Жұлдызбек сырттай бақылап тұрыпты. «Не істер екен» деп ақырын ғана құм сеуіп кеткен сол екен. Міне, осылайша тығырықтан шыққаным әлі есімде.

Сабақтан көп кешіктім

                   Студент шағым. Ұстазым Құдайберген Сұлтанбаев өмірінде балаға ұрысқан емес. Тек емеурінмен жеткізетін. Бір күні ұйықтап, сабаққа кешігіп қалдым. Келіп алып, кіре алмай тұрмын. Есіктен сығалап қарасам, Жұлдызбек деген досыммен сахнада жұмыс жүргізіп жатыр. Алыстан мені байқап қойып, Жұлдызбекке қарап «Жақсы ойнап жатсың, адам қысылып тұрғанда қандай жағдайда болады? Соны маған көрсетіп берші» деді. Ол болса, барынша тырысып бағуда. Сөйтсем ағайымыз «Әлі де жетіспей тұр. Анау есіктен сығалаған Әсеттің тұрғанын салып бер. Кешігіп келіп, маған сөйлеуге қысылып тұр. Міне, соның жағдайын көрсет» деді. Ұстазым жағдайымды өзгеше жеткізе біліп, қисыннан қиыстырып кетті. Ұялғанымнан ішке қалай кіргеніміді байқамай қалдым.

Жазып алған Салтанат Шырынхан

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құрметті əріптестер! Мерейтойларыңыз құтты болсын!!!

admin

Атырауда қойылған «Алтын адам»

admin

АЗАМАТ САТЫБАЛДЫ Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНА ДИРЕКТОРЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

admin