Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Серік Асылбекұлы. Желтоқсан түні

ЖЕЛТОҚСАН ТҮНІ

екі бөлімді драма

Қатысушылар:
Баймырза – пәтер иесі, жасы 65-терде
Талшын – оның жұбайы, 60-жаста
Қайсар – демонстрацияға қатысушы, 21-жаста
Ақмарал – демонстрацияға қатысушы, 24-жаста
Мария Петровна – Баймырзаның көршісі, 45-50 шамасында
Тимур Қалдыбаевич – беймезгіл қонақ, 45-тер шамасында

Бірінші бөлім

Алматы. 1986 жыл. 18-желтоқсан. Қысқы кеш. Ел орынға отырған мезгіл. Бір бөлмелі қалалық жайлы пәтер. Үстіне пижама киген Баймырза залдағы диванның үстінде электр шамның жарығымен кітап оқып отыр.
Кенет пәтердің сыртқы есігі елеусіздеу ашылады да, үйге ентіге басып, Қайсар мен Ақмарал алқын-жұлқын кіріп келеді. Олар есіктің ішкі кілтін жайымен сырт еткізіп жабады да, алакөлеңке коридордың бұрышына тығылып тұра қалады. Екеуінде де өң мен түс жоқ.
Б а й м ы р з а. (сол қолындағы кітапқа үңілген қалпы). Ке-ем-рі –ір!.. А, кемпешка!.. (Ешкім үн қатпайды).
Тағы да үнсіздік.Баймырза кітабы мен көзіндегі көзәйнегін бұрыштағы жатаған үстелдің үстіне қойып, орнынан тұрды да, тәпішкесін тырп-тырп басып, коридорға шығады.
Қ а й с а р. (қысыла сыбырлап, ентігін әлі баса алмаған күйі) Сәлеметсіз бе,аға!…
А қ м а р а л. Амансыз ба…

Пәтер иесі алғашында беймезгіл, шақырылмаған қонақтарға аңтарылып, таңданған кейіппен сілейіп тұрып қалады.

Б а й м ы р з а. Саламатсыздар … Иә, бұл қай баласыңдар? Шынымды айтсам, жүздеріңді шырамыта алмай тұрмын.
Қ а й с а р. Аға, сіз бізді танымайсыз. Біз…
А қ м а р а л. Біз демонстрациядан қашып шықтық. Ағай кешеден бері Брежнев алаңында қазақ жастарының Орталық комитет пленумының шешімдеріне қарсы болып, наразылық білдіріп жатқанын естіген шығарсыздар…
Б а й м ы р з а. Иә-иә, естігем. Құлағы керең, немесе мылқау біреу болмаса, оны естімеген жұрт жоқ болар бүгінде.
А қ м а р а л. Ендеше, біз сол демонстанттардың біріміз. Жаңа солдаттар бәрімізді өрт сөндіргіш машиналардан су шашып, қару қолданып, алаңнан қуып шықты. Қолдарына түскендерін тұтқындап, түрмеге жауып жатыр…
Қ а й с а р. Бізді де бес-алты жазалаушы осы араға дейін қуып келді. Әзер қашып құтылдық. Әйтеуір сіздің пәтердің есігі ашық тұр екен…
Б а й м ы р з а (әлі де аң-таң қалған кейіптен арыла алмаған күйі). Иә,ашық болса, ашық тұрған шығар. Әлгінде осы үйдің кемпірі далаға мусор төгуге шыққан.
А қ м а р а л. (көздері боталап, жылап қоя береді) Ағай, бізді қуып шыға көрмеңізші! Жаңағы солдаттар ұстап алса, бізді құртады!..
Б а й м ы р з а. Ау, сендердің не жазықтарың бар соншалықты? Әлде…
А қ м а р а л (ентігін баса алмаған қалпы). Жазығымыз – демонстрацияға қатысқанымыз. Құдай біледі, қиянатымыз жоқ. Ағатай, бізді қуып шыға көрмеңізші…
Б а й м ы р з а. Қой, жылама , қалқам. Қыстың көзі қырауда жетім торғайдай пана іздеп келген екенсіңдер, олай болса, мен сендерді қуып шыға алмаспын. Тәуекел…
А қ м а р а л. Алла разы болсын, аға!..
Қ а й с а р. Рахмет…
Б а й м ы р з а. Ал, шешініп, былай шығыңдар. Жаурап та қалған шығарсыңдар.

Ақмарал мен Қайсар шешіне бастайды. Осы кезде біреу сырттан есіктің тұтқасын бұрайды да, оның жабық тұрғанын көргеннен кейін, шар еткізіп қоңырауды басады. Екі жас қонақ шошып кетіп, үрписе қалады. Ақмарал жаутаңдап, үй иесіне қарайды.

Б а й м ы р з а. Қорықпаңдар. Қане, былайырақ тұрыңдар, есікті ашайын, бұл дәу де болса, осы үйдің кемпірі шығар.

Сыртқы есік ашылады. Есіктің көзінен үстіне шалының тонын желбегей жамылған талшын көрінеді. Қолында – қоқыс салуға арналған пластмасса шелек.

Т а л ш ы н. Ойбай-ай, масқара!.. Көше толы – солдат, мілитса. Алаңға жиылған жастарды қуып жатқанға ұқсайды. Әлгі көктігілгір мусор салатын контейнерді домуправ төменгі көшенің қиылысына апарып тастапты, ауланың сәнін бұзады деп. Әзер жеттім. Біреу-міреу қағып кете ме деп, зәрем ұшты –ай тіпті.
Б а й м ы р з а (сыртқы есікті кілттеп жатып). Ә, қартайсаң да жан тәтті, ә, кемпешка?!
Т а л ш ы н (тонын шешіп жатып). Е, тәтті болмай! Қартайған адамға жан керек емес пе екен?..

Кенет Талшынның көзі бір шетте не істерін білмей тұрған екі жасқа түсе кетеді.

Т а л ш ы н (шошып кетіп). Ойбай, көтек!… Мына балалары кім тағы?..
Б а й м ы р з а (әзілдеп). Бұл сенің нағашыларыңның балдары. Жұрағаттарың.
Т а л ш ы н. Қайдағы нағашы?.. Менде нағашы бар ма еді?
Б а й м ы р з а. Ілгеріде Қытайға ауып кеткен нағашыларымыз бар деп жүретін едің ғой. Солардың үрім-бұтақтары болар.
Т а л ш ы н. Қойшы әрі, кісінің жынын келтірмей. Ата сақалың аузыңа түссе де, әзілің қалмайды-ау. Одан да жөніңді айтпаймысың.
Қ а й с а р. Апай, біз…
Б а й м ы р з а. Бұ балдар әлгі өзің көрген жан алғыш солдаттардан қашып жүрген көрінеді. Демонстранттар. Алаңнан қашып шығыпты.
Т а л ш ы н. Ойбай-ау, алаңнан қашып шықса, бізде несі бар, үйлерне бармай ма?!
Б а й м ы р з а. Әй, кемпір, сен де қызықсың-ау, сол үйлеріне жете алмаған соң осында келіп отырған жоқ па? Бізге тамақ асырау үшін келіп отыр деп пе едің?..
Т а л ш ы н. Кім саған тамақ асырау үшін келді деп отырған. Қой, мен ештеңені білмеймін. Бір рет халық жауының семьясы болғаным жетер осы өміріме, енді тағы қартайған шағымда түрме жағалап жүрер жайым жоқ.
Б а й м ы р з а. Ойпырмай, енді қоя тұршы, қара аспанды қапылдыра бермей. Әуелі істің мәніне түсініп алсаңшы, жазған-ау!..

Талшын қолындағы пластмасса шелекті алып, ас үйге өтеді де, краннан су ағыып, қолын шая бастайды.

Т а л ш ы н. Әй, шал, мен ойнап тұрғам жоқ сендермен. Ана балалар үйіне қайтсын. Айттым ғой саған – екінші рет халық жауы болар жайым жоқ деп. Қазір ана жан алғыштар үй-үйді аралап, тінтуден тайынбайды. Сонда не бетімді айтпақпын?.. Жоқ, айналайын, мәмілеңді айтпа маған!..
Б а й м ы р з а. Кемпір, сен енді айтқан тілді ал. Бұ балдар мен тұрғанда ешқайда кетпейді. Тәуекел.
Т а л ш ы н. Тәуекелің әлі таусылмаған екен-ау, а. Құдайыңды ұмыта бастаған екенсің, байғұсым. Баяғы 59-жылы Сібірде он жыл отырып келіп, бізбен табысқандағы берген антыңды ұмытқан екенсің…
Қ а й с а р. Қой, аға, біз кетейік. Кешіріңіздер…
Б а й м ы р з а. Жоқ, кетпейсіңдер. Ана жазалаушылар сендерді қазір құр жібермейді.
Қ а й с а р. Мейлі, аға, бір ыңғайы болар…
Б а й м ы р з а. Балам, сен өйтіп енді менімен қасарыспа. Шешеңнің қазір ашуы сабасына түседі. Не болса да, күте тұрыңдар.
А қ м а р а л. Қайсар, сен енді қойшы. Ағам айтып тұр ғой…
Т а л ш ы н (ас үй жақтан). Шырағым, ол ағаң айта береді. Не болса да ана баланың айтып тұрғаны дұрыс. Үйлеріңе жетіп алыңдар.
Б а й м ы р з а. Әй, сен қоясың ба, жоқ па?! Біле білсең, бүгін маған бақ пен бақыт қонған күн!.. Кенесары бабамның аруағын тірілтем деп, сонау Сібірде отырған он жылда «Апыр-ай, бұ қазақтың аяққа тапталған ар мен намысын жақтайтын ерлер қашан туады, не қылған сорлы елміз, ез елміз…» деп, көкірегім шерге толатын еді. Кешеден бері сол сорлы елдің намысын қорғауға бел буған мына балалардай мыңдаған ұл-қызды көріп, төбем көкке екі елі жетпей тұр. «Бар екен ғой, иә, Жасаған!..» деп, ішімнен мың тәуба айттым жаратқанға түнімен. Сен оны қайдан түсінейін деп едің…
Т а л ш ы н. Иә, біз нені түсінейік. Бізге ондай түсінік қайда?..
Б а й м ы р з а. Кемпір, сен мені өйтіп шымшыма. Қазақтың ар-ожданын аяққа таптатпаймын деп, жас жүректері лүпілдеп соққан екі ер келіп отыр отыңның басына. Біле білсең, бұлар бізге келген – құт.
Т а л ш ы н. Құт па, жұт па – оны бір Жаратушының өзі ғана біледі. Сен менің өйтіп тілімді қышытпа, білдің бе!.. Қазақ-қазақ дегенде көкірегің қарс айырылады. Сол қазақтың намысын жыртып, он жыл түрмеде, айдауда жүргенде солардың біреуі артында қалған жесірін мына мені мен ана қызыл иек, аш құрсақ шиеттей үш бала-шағаңа қол ұшын беріп пе еді? Соларды енді екі көзінен қанды жас ағызып, иттей тістелеп жүріп, кәмелетке жеткізген сол сенің айта беретін қазағың ба еді, әлде мына мен бе едім? Елуінші жылдың аяғында түрмеден арып-ашып келгеніңде саған қызмет тауып бермек түгіл, кеңсенің есігінен сығалатпай қойған төрелер де сол сенің айта беретін қазақтарың емес пе еді? Енді бүгін келіп… О, несі, жүдә, көсемси қалғаны.
Б а й м ы р з а. Олар қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен атқамінерлер ғой. Сен қарапайым халық пен билік үшін ар-иманын сатып жіберетін белсенділерді шатастырып тұрсың.

Кенет терезенің алдынан овчаркаларын арпылдатып, бес-алты солдат жүгіріп өтеді. Сырттан: Ддержите! Не упускайте! Бей!.. Пни! Не жалейте!!..» деген үн естіледі. «Апа!.. Апажан!…» деп, құлындағы даусы шырқырап шыңғырған қыз баланың дауысы түн тыныштығын тіліп өтеді. «Ах, ты дикарь, тебе надо было пасти овец, а не демонстрировать тут свою грамотность!..» деген қырылдай шыққан, тістенген, ызалы үн де естіліп жатады.
Пәтер ішіндегілер тілін тістеп алғандай, бір сәтке үнсіз қалады. Бір-екі минуттай бөлме ішін үрейлі тыныштық жайлайды.

Т а л ш ы н. Ойбай, айттым ғой, әне. Шамды өшір…
Б а й м ы р з а. Керегі жоқ. Қап, мыналар жас балаларды қыра ма, қайтеді-әй?!
Т а л ш ы н. Өшір деймін…
Б а й м ы р з а. Қойсаңшы енді. Шамды өшірем деп, қайта сезік тудырып аласың.
Т а л ш ы н. Енді қайттік?!
А қ м а р а л. Ағамдікі дұрыс. Осылай түк болмағандай отыра берейік.
Т а л ш ы н. Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазір кіріп келіп, тінту жүргізсе қайтеміз?..
Б а й м ы р з а. Өйте қоймас, қаланың қай пәтерін тінтіп тауысады.
Т а л ш ы н. Сенің-ақ осы жайбарақаттығың қалмайды-ау. Басқаны басқа дейік, осылардың жайын біз екеуміз біліп болдық емес пе?!
Б а й м ы р з а. Кемпір, маған бір ақыл келіп отыр. Былай болсын: сен шайыңды қайнат, мына балалардың да қарны ашқан шығар. Ал егер сен айтқандай, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей болып, әлгі жаналғыштар келіп, тінту жасап жатса, бұл балдар менің Қызылордадан келіп жатқан немере туыстарым. Племянниктер. Бітті, сөз осы – бұлардың жаңа кешкі пойыздан түскен беттері. Айтпақшы, қарақтарым, сендердің ныспыларың кім? Мен өзімнің племянниктерімнің аты-жөнін білуім керек шығар.
Қ а й с а р. Аға, менің атым – Қайсар.
А қ м а р а л. Менің есімім – Ақмарал.
Б а й м ы р з а. Ал, кәне, онда былай шығыңдар…

Бәрі ас үйге өтіп, үстелге жағалай отырады. Талшын шай жабдықтарын әзірлеуге кіріседі.

Б а й м ы р з а. Қысылмаңдар. Қазір бірер кесе үнді шайын ішкеннен кейін, шешелеріңнің ашуы басылады.
Т а л ш ы н. Иә, әйтеуір, мені алдарқата берсейші сол. Осы үйдегі жаман аттың бәрін маған жапсыра бер.
Б а й м ы р з а. Қой, сен жаман болғанда, мен қайда барып адам болам. Сенен жақсыны мен бұ дүниеде әзірше кездестіре алмадым.
Т а л ш ы н. Әзірше дейді тағы. Әлі де дәмесі бар-ау деймін өзінің.
Б а й м ы р з а. Құдай сақтасын.

Кенет телефон қоңырауы безілдеп қоя береді. Баймырза орнынан тұруға ниеттенеді. Талшын демдеп жатқан пәрнегін қоя салып, телефон аппараты тұрған коридорға қарай жүгіреді.

Т а л ш ы н (Баймырзаға). Ойбай, телефонды өзім алайын, сен тағы бірдеңені бүлдіріп жүрерсің. Әле-әле!.. Мәкентаймысың?! Амансыңдар ма? Балалар қайда? Үйде деймісің. Дұрыс-дұрыс. Ешқайда бармасын. Мектебі құрысын. Бір-екі күнге ештеңелері кетпес. Болатжан қайда? Дежурствода? Бастықтары дежурствоға қоятын содан басқа адам таппай қалған екен, ә! Мейлі-мейлі енді… Ана балаңа айт, алаңға барамыз деп, сорымызды қайнатып жүрмесін. Шетінен қамап, түрмеге тығып жатыр қазақтың өрімдей ұл-қыздарын. Мен де барам дейді?! Аяғына кісен салсаң да, үйден шығарма. Атасының он жыл Сібірде сарғайғаны да жетеді… Қазақтың намысы?!.. Намысы әдіре қалсын!.. Қазақтың намысын жоқтаған адам біздің үйдегідей-ақ шығар!.. Содан шыққан ұшпағымыз қайсы де оған!.. Айт, әжең қайта-қайта қақсап жатыр деп. Радио деймісің?.. Жарайт, оныңды да тыңдармыз, как раз шай ішейік деп жатырмыз. Ал жақсы, ана үлкеніңді тырп еткізбе Соған әлің келетін шығар енді. Жарайт-жарайт, ал, жақсы…

Талшын телефонның трубкасын орнына қойып, ас үйдегі үстелге келеді. Орындығына отырып, жағалай тізілген кеселерге шай құя бастайды.

Б а й м ы р з а. Мәйкен бе?
Т а л ш ы н. Иә, әлгі Болатты мекемесін күзетуге кезекшілікке жіберіпті. Түн ішінде жау алады дей ме екен сол көктігілгірді.
Б а й м ы р з а. Жалғыз өзін бе?
Т а л ш ы н. Жоқ, қасында адамдар бар көрінеді.
Б а й м ы р з а. Жарайт, онда бір сыласы болар.
Т а л ш ы н. Ана радиоңды қосшы. Жаңа Мәкентай хабар береді, тыңдаңдар деп жатыр еді.

Баймырза қабырғада тұрған радиоқабылдағыштың түймесін басып қалады. Радиодан диктор үні естіледі. «Бүгін 1986 жылдың 18-желтоқсаны. Алматы уақыты бойынша кешкі сағат 22.00. Соңғы хабарларды тыңдаңыздар. Үстіміздегі жылдың 17 және 18 желтоқсан күндері астанамыздағы Л.И.Брежнев алаңына бір топ наркомандар мен олардың ықпалына ерген оқушы жастар ереуілге шықты. Олар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің соңғы пленумының шешімдеріне наразылық білдіріп, ұлтшылдық, экстремистік, сепаратистік ұрандар көтеруде, сөйтіп, сүйікті партиямыздың айбынды авангардының салиқалы, парасатты шешімдеріне шәк келтіруде. Қазір алаңға шыққандардың арасында наркомандармен бірге маскүнемдердің де, түрмеден қашқандардың да үлкен тобы бары анықталып отыр. Республика еңбекшілері бұзақыларға қарсы өздерінің әділетті ашу-ызаларын білдіріп, олардың іс-әрекетін қатаң айыптауда. Осы кезге дейін редакциямызға сондай әділетті ашу-ызаға толы хаттар легі толассыз келіп түсіп жатыр. Енді сіздерді солардың бірнешеуімен таныстыра кетейік. Хат авторларының арасында қарапайым еңбекшіден бастап үлкен қоғам қайраткерлері, әйгілі халық әртістері, жазушылар, ғалымдар, интеллигенция өкілдері бар…»

Баймырза ызалана мырс етіп, радиоқабылдағышты өшіріп тастайды.
Б а й м ы р з а. Бізді құртып келе жатқан осындай жандайшаптар ғой. Интеллигенция өкілдері дейді тағы ұялмай. Интеллигенциядан садаға кеткірлер.
Т а л ш ы н. Неменеге өшіріп тастай қойдың, тыңдайық та шамалы.
Б а й м ы р з а. Тыңдарсың. Құлағыңыздың құрышын қандырар әлі талай әлгі интеллигенттерің бұлбұлша сайрап. Апырай, қасиетті қара жер ана да шыдамды екен осындайларды көтеріп жүрген.
Т а л ш ы н. Әне, енді өзінікін дұрыстап шыға келеді. Сені бір Құдайдың өзі болмаса, ешкім түзете алмас.
Б а й м ы р з а. Мені түзетудің қажеті жоқ.
Т а л ш ы н. Ойбай, қойдық-қойдық… (дастарқан үстінде манадан бері үнсіз отырған Қайсар мен Ақмаралға кезек бұрылып). Ал, шырақтарым-ай, шай алдырыңдар. Мені іштей кінәлап отырған шығарсыңдар. Мына бір кемпір де бәле екен шапылдап деп. Уһ!..
А қ м а р а л. Апа , шынымды айтсам,мен сізді әбден түсініп отырмын. Шамасы, ағай бір кезде халық жауы ретінде ұсталып кеткен-ау деймін…
Т а л ш ы н. Қарағым-ау, бақандай он жыл отырып келді ғой бұл ағаң. 49-да кеткен, содан 59-да оралды ғой арып-ашып. Кенесары Қасымов деген ханды естулерің бар шығар, бұл ағаң со кісіні ұлт-азаттық көтерілісінің батыры деп еңбек жазған. О бастағы мамандығы тарихшы еді ғой. Ал басқа дөкей тарихшылар содан бұ байғұсты шибөрідей жабылып таласын кеп, «ұлтшылсың, байшылсың» деді, әйтеуір ағаш атқа теріс мінгізіп, соттатып тынды ғой. Жылап-еңіреп, шиеттей үш баламен мен қалдым. Әйтеуір көз жасымызды Құдай көріп, аман-есен оралды он жылдан соң. Әйтпесе талай арыстардың мәйіті қалды ғой Сібірдің құрт-құмырсқасына жем болып.
А қ м а р а л. Түһ, ағам, шынында да, герой екен ғой!..
Т а л ш ы н. Ойбай, қарағым, өйдеме – біреу-міреу есітіп қалып, тағы бәлесіне қалып жүрерміз. Герой болмай-ақ, өсітіп қалқиып жүргеніне шүкір дейміз біз. Қазақ атаң: « Екі елі ауызға – төрт елі қақпақ» деген. Менің мына өмірден ұққаным, басқа асып-тасқан жұрттар не десе , о десін, ал біздің қазақтың екі елі аузына төрт елі қақпақ жарасқан, айналайын. Сендер жассыңдар, еріндеріңнен әлі уыз дәмі кепкен жоқ, ойбой, айналайындар-ай…
Қ а й с а р. Шеше, сонда немене, қазақтың өмірбақи осылай мүсәпір болып өтуі керек пе?.. Біздің , жастардың, енді құл болғымыз келмейді, мен манағы ағайдың айтқанына қосыламын, ар-намысымызды қашанғы кім-көрінгеннің табанына таптата береміз?!
Т а л ш ы н. Қарағым, өзіңнің шешең бар ма елі?…
Қ а й с а р. Бар. Ауылда. Тура жасы да сіз шамалас. Манадан бері таң қалып отырмын – тіпті сіздің кейбір дауыс ырғағыңызға дейін біздің апамдікіне ұқсас екен.
Т а л ш ы н. Әне, шырағым, ендеше сол. Анаға ананың даусы да, тілегі де ұқсас. Біз ең алдымен сендердің амандықтарыңды тілейміз. Ойбай-ау, үкіметтің мұздай қаруланған әскеріне құр қолмен қандай қайран қылмақсыңдар? Құдай да күштіні жақтайды ма деймін кейде, босқа қырыласыңдар ғой, шырақтарым-ау.

Сыртқы есіктің қоңырауы шылдырайды. Дастарқан басындағылар үрпиісе қалады. Бір сәттік үнсіздік.

Т а л ш ы н (сыбырлай сөйлеп). Е, Алла, жар бола гөр!… Бұ қайсысы тағы түн ішінде? Мен барып «глазоктен» сығалайын. Сендер дымдарыңды шығармаңдар…
Т а л ш ы н (аяғын ақырын басып, коридордың бойымен сыртқы есікке қарай беттейді. Сәлден соң қайтып оралады. Баймырзаға сыбырлап). Мәрия сылқым келіп тұрған. Маңдайын орамалмен таңып алыпты.
Б а й м ы р з а. Орамалы несі?
Т а л ш ы н (жақтырмай). Е, мен қайдан білейін…
Б а й м ы р з а. Қой, аш не де болса. Өзінің шаруасымен жүрген шығар жай.

Талшын есікті ашуға кетеді. Ішке маңдайын ақ орамалмен таңып алған мария Петровна енеді найқалып.

М а р и я П е т р о в н а (Талшынға). Кеш жарық, қымбатты көршім. Сіздер, немене, жатып қалғаннан саумысыздар?
Т а л ш ы н (сәл-пәл абдырап). Жоғ-ә!.. Жатуға әлі ерте емес пе?
М а р и я П е т р о в н а (әзілдеп). Кім білет, Бәкең де, сіз де әлі тұғырдан түсіп тұрған жоқсыздар дегенім ғой.
Т а л ш ы н. Қойшы, Мария, сен де қайдағыны айтады екенсің. Жүр, шай ішіп жатырмыз…

Екеуі ас үйге енеді.

М а р и я П е т р о в н а (Баймырзаға). Саламатсыз ба, Бәке. О-о, утром – чай, вечером – чай!.. Қайран, қазақтарым-ай!…
Б а й м ы р з а. Төрлетіңіз, Мария Петровна. Былай қарай.
М а р и я П е т р о в н а (Орындыққа отырып жатып). Бәкең айтпақшы, қазақтың үйінен әрқашан да қонаққа бір орын табылады. Осы бір жерге жайғасайын. Жалпы, сіздер қонақжай халықсыздар ғой.
Т а л ш ы н. Рас, айтасың, Қавзақ ең дәмдісін де өзі ішіп-жемей, қонағына ұсынады. (үстел үстіндегі тағамдарды Мария Петровнаның алдына қарай ысырады). Ал, кәне, Мария.
М а р и я П е т р о в н а. Рахмет. Осы бір қонақжай қасиеттеріңді өз басы қатты ұнатам. Одақтың он бес республикасын түгел аралап шықтым десем де болады – бір-екі шетелде де болдым – ал енді бар ғой дәл қазақтай қонақжай халықты көрмедім. (Сүт қатқан үндішайын бір ұрттап қойып) Тек осы күнгі жастарыңыз бұзылып барады ма дейім… Айтпақшы, мына жас қонақтардың көңіліне келіп қалып жүрмесін. (Қайсар мен Ақмаралға сынай бір көз салып қояды).
Б а й м ы р з а (күліп). Неге олай дедіңіз, Мария Перовна?
М а р и я П е т р о в н а. Бәке, өзіңіз-ақ айтыңызшы енді. Бүгін орталық алаңнан өтіп бара жатып, өз көзіме өзім сенбедім. Кілең бір екіленген қазақ жастары. Бізге түсініксіз бір тілде бұзық ұрандар салып жатыр. Не жетпейді соларға – түсінсем бұйырмасын. Кешке қарай дүкенге кірдім – бәрі толып тұр: сары май дейсіз бе, ет, жұмыртқа дейсіз бе, колбасамен сервелаттың түр-түрі… Енді оларға не керек – түсінсем бұйырмасын.
Б а й м ы р з а. Мария Перовна,дүниеде жұмыртқа мен колбасадан да басқа қажетті дүниелер бар ғой.
Т а л ш ы н (Баймырзаны ала көзімен атып). Әй, шырағым, отыршы сен осы жайыңа. Бірдеңені бүлдірмей тұрғанда.
М а р и я П е т р о в н а (ерлі-зайыптылардың қысқа диалогына түсініңкіремей қалып). Кешіріңіздер, әлде мен жөнсіз бірдеңе айттым ба?
Т а л ш ы н (абдыраңқырап). О не дегенің, Мария. Сенікінің бәрі дұрыс. Сен бәрін жөн айтып отырсың.
Б а й м ы р з а. Мария, сіз бүгін ғажап әдеміленіп кетіпсіз.
М а р и я П е т р о в н а (қылымсып). Қойыңызшы, Бәке, бізге қайдағы әдемілік… Оның үстіне бүгін басым ауырып, әбден әлек болдым.
Б а й м ы р з а. Ендеше сізге бас ауырған жарасады екен. Шын айтам.
М а р и я П е т р о в н а (бұртия еркелеп). Сонда бұл іздің маған үнемі басыңыз ауырып жүрсе дегеніңіз бе?
Т а л ш ы н. Құдай сақтасын, оның әшейін әзілдеген түрі ғой.
М а р и я П е т р о в н а. Иә, менің көршім әзілдей біледі. Дегенмен, Бәке, сіз менің көңілімді көтеріп тастадыңыз.
Б а й м ы р з а. Мінеки, нағыз әйел Мария Петровна, біздің Талшын өзі әдемі болмаған соң ондай комплименттерді түсіне бермейді.
Т а л ш ы н. Сендер әдемі болсаңдар болды да. Бір үйгн бір-бір әдемі жетеді ғой. (Марияға бұрылып) Сұраймын деймін де ұмыта берем, Сергей Николаевич қайда осы? Көптен көрінбейді ғой.
М а р и я П е т р о в н а (қолын сілтеп). Әй, қойшы соны!… Қайдан көрінсін. Күнде – ішіс. Жатыр тағы үш бөлмелі үйді басына көтере қорылдап. Менің басым сынып барады ауырғаннан, ал оған бәрі бір – екі жүз грамм болса, дүниесі түгел. (Ақмарал мен Қайсарға көз жүгіртіп) Айтпақшы, мен жаңылмасам, мына жас қонақтарды осы үйден бірінші рет көріп отырмын-ау деймін?
Т а л ш ы н. А, мына балдарды айтамысың? Бұлар Бәкеңнің немере туыстары. Қызылордадан… Бүгін кешкілік түсті пойыздан. Жаңа сен келердің алдында ғана.
М а р и я П е т р о в н а. Бәсе-бәсе. Қызылордадан деңіз. Қызылорданың қауыны мен балығы жақсы ғой, шіркін!…
Қ а й с а р (сәл кекесінмен жымиып). Адамдары да жаман емес.
М а р и я П е т р о в н а (Қайсарға бұрылып). Иишь, какой!… Оказывается он патриот. Это, конечно, похвально с одной стороны…
Қ а й с а р. Рахмет.
М а р и я П е т р о в н а. Талшын,айтпақшы, сенде цитромон жоқ па? Мен манадан бері мылжыңдп отыра беріппін ғой, келген шаруамды айтпай.
Т а л ш ы н (орнынан тұрып жатып). Қазір қарап көрейін, Бәкеңнің тартпасында бар секілді еді.

Мария Петровна да Талшынның соңынан ереді.

Т а л ш ы н (залдан). Таптым.
М а р и я П е т р о в н а (коридордан). Өй, жақсы болды ғой.

Талшын дәріні әкеп көршісіне ұсынады.

Т а л ш ы н. Өткенде ғана алғанбыз аптектен, жаңа.
М а р и я П е т р о в н а. Рахмет, қымбатты менің көршілерім! Сіздерден бәрі табылатынын білем ғой. Ал енді осыны ішіп алып, ұйықтайын, әлгі маскүнем күйеусымақ қорылдап маза бермей жүрмесе. (Ас үйдің есігінен сығалап) Бәке, қымбаттым, ал жақсы, мен кеттім…
Б а й м ы р з а. Сау бол, Мария Петровна.
М а р и я П е т р о в н а (сыртқы есікке жете бере артынан еріп келе жатқан Талшынға қайта бұрылып). Айтпақшы, әлгі алаңдағы шу шығарып жатқан жастарды айтам-ау, сонда Қазақстанға бірінші басшы болып Колбин – орыс келді деп наразылық көрсетіп жатыр ма?
Т а л ш ы н. Қайдам, өзіме кім келсе , ол келсін. Заман тыныш болса – болды әйтеуір.
М а р и я П е т р о в н а. Міне-міне жөн сөз. Ең алдымен тоқшылық болсын. Правда, Кунаев тоже был неплохим малым. Ну и что же – каждому свое время. Ал енді бүгін гастрономға кіріп едім – толып тұр-ау, толып тұр. Імм! (Көзін жұмып, басын шайқайды). Құстың сүтінен басқаның бәрі бар: жұмыртқа дейсің бе, етің бе, сүтің бе, колбаса, сервелаттың түр-түрі… Ал, жақсы мен кеттім. Есіктеріңді мықтап жауып алыңдар, әлгі қашқан-пысқан демонстранттардың бірі байқаусызда кіріп кетіп жүрер.

Кетеді. Талшын есікті жауып, ас үйге қайтып оралады.

Т а л ш ы н. Апыр-ау,мынау не деп кетті? Бірдеңенің иісін сезіп келген жоқ па өзі?
Б а й м ы р з а. Қой, өйтіп не көрініпті. Бізден не жаманшылық көрді сүйтетіндей.
Т а л ш ы н. Қайдан білейін. Шошып қалған жүрек үрке бере ме әлде?..

Тағы да телефон қоңырауы сыңғырлайды. Талшын апыл-ғұпыл орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүгіреді.

Т а л ш ы н. Әле-әле!… Аманшылық па әйтеуір? Қашан шығып кетіп жүр?! Жіберме дегені қайда мана? Кісендеп қойсаң да жіберме деп сонша қақсадым ғой. Қой енді… Мен қазір барам. Ал, міне, шықтым… (Асүйге қайтып оралады). Жаңағы Марат көшеге шығып кетіпті. Бірдеңеге ұрынып, сорлатпаса қайтсін. Қой, мен ертелі күнді кеш қылмай соларға барайын Болатжан да жоқ. Сен үйде бол, өзім телефонмен бір хабарын берермін… Уһ!

Талшын сыртқы киімдерін киініп, есікке беттейді.

Б а й м ы р з а. Әй, көшеде байқа. Жер тайғақ, бір жеріңді майып қылып алып жүрме.
Т а л ш ы н. Мені жау алар деймісің. Жаңағы баланы айтсаңшы. Ал, жақсы… Есікті кілттеп алыңдар.

Кетеді. Баймырза сыртқы есікті бекітіп, асүйдегі жас қонақтардың жанына келіп отырады.

Б а й м ы р з а. Әлгі мамасының айтқанына көнбей, көшеге шығып кетіп жүрген жаман неме – үлкен немереміз. Оныншы класта оқиды. Үйлері – осы арадан екі аялдамадай жер. Жас неме, бірдеңеге ұрынып қалып жүрмесе жарады әйтеуір.
А қ м а р а л. Мана алаңға қаладағы қазақ мектептерінің жоғары класс оқушылары да шыққан. Неше түрлі ұрандар жазылған плакаттар, транспоранттар көтеріп алыпты олар да.
Б а й м ы р з а. Айтпақшы, көп адам жиналды ма өзі?
Қ а й с а р. Отыз-қырық мыңдай болар. Брежнев алаңы лық толып тұрды. Кілең жастар негізінен.
Б а й м ы р з а. Алда, айналайындар-ай!.. Иә, негізгі көтерген ұрандарың қандай сонда?
А қ м а р а л: «Әр ұлт өзін-өзі билесін!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Басты талабымыз – азаттық, теңдік, демократия!» деген секілді ұрандар көбінесе.
Б а й м ы р з а (күйіп кетіп). Ой, әлгі біздің советтік радио мен телевизорлардың таңертеңнен кешке дейін жағы сембей, қазақ жастары мен экстремистері ұлтшылдық ұрандар көтеріп, сепаратистік қимылдар танытуда деп сайрап жатқандары қайда? Азаттық, теңдік, демократия дегендердің де ұлтшылдық пен экстремистікке жататыны болғаны ма сона?
Қ а й с а р (ызалы үнмен). Ой, ағай! Біз түк түсінбейді екенбіз ғой. Біздің өкіметіміз нағыз екі жүзді өкімет екен ғой!.. (Қызбаланып, орнынан тұрып кетеді). Бұл өкіметтің айтатыны басқа да, ал істейтіні мүлде басқа екен. Тура дүмше, арамза молдалар тәрізді. Әйтпесе өздері «демократия, теңдік, бостандық, қайта құру» деп алып, жастарға мұздай қаруланған жазалаушы әскер мен танкілерді, арнайы үйретілген овчаркаларды айдап салуын не деп түсінеміз?!..
А қ м а р а л. Қазақтың бейшара халық екенін осы жолы анық түсіндік, аға!.. Жеке республикамыз, үкіметіміз, туымыз, гимніміз, гербіміз бар деп далақтап жүре беріппіз. Соның бәрі қуыршақ үкімет пен қуыршақ символдар екен ғой!.. Совет әскері мен совет милициясын мадақтаудан, соны киіндіріп, тамақтандыпудан қазақтан асқан халық болған жоқ шығар. Сонау Отан соғысы жылдары қазақ байғұс өзі аштан бұралып жүріп, қапшығының түбіндегі соңғы уыс бидайына дейін сол совет әскерінің аузына тоспап па еді?!.. Сөйткен халықтың осы заманғы ұрпақтары біздерге сол әскердің бүгінгі көрсеткен қорлығын көрсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрар еді. Бар болғаны біз мәдениетті құлдар екенбіз!.. (Жылап жібереді) Аға-ау… біздің әлгі қазақтан шыққан «данагөй» идеологтарымыздың миымызға әбден шегелеп, сіңіріп тастаған қасиетті интернационализмі, халықтар достығы дегендер қайда? Қазақ «ұлтшылсың» деп айыптайды деп қорықсын, ал орыстар, немістер, ұйғырлар, тағы басқа ұлттар неге араша түспейді осы жерде ең болмаса. Олар бейшара қазаққа осындай басына іс түскенде қол ұшын бермегенде, қашан береді?… Әшейінде «біз – халық қыметшісіміз» деп, «халқымыз үшін жанымыз пида» деп сайрайтын басшыларымыз қайда?.. Осының бәрі өтірік, бәрі жалған екен, аға!.. Бәрі өтірік, бәрі жалған. Бәрі тек қызыл сөз, сөз, сөз!.. Егер осындай митинг, демонстрация Москвада, Псковта, Киевте болды бар ғой – мен бәс тігуге бармын – дәл осындай басыну, дәл осындай айуандықпен жазалау болмас еді!.. (Күрсініп) Ал Алматыда империялық күштерге ойына не келсе, соны істеуіне болады, өйткені біз олар үшін сол баяғы бұратаналармыз, әлі сол баяғы жабайы азияттармыз! Менің бүгінгі анық түсінгенім – осы, осы, ағажан!..
Қ а й с а р. Бірақ енді біздің – жастардың – құл болғымыз келмейді. Егер сол үшін де қазақтың құлқын мен мансап үшін мәдениетті құл болуға арланбайтын интеллигенциясы мен басшылары бізді ұлтшыл экстремист, сепаратист десе – дей берсін. Мейлі онда салиқалы, сарабдал интернационалистер, халықтар достығының нағыз жанашырлары солар-ақ болсын!..
Б а й м ы р з а. (жылап тұрған Ақмаралды бір қолымен құшақтап) Е, айалайындар-ай!.. Шыбын жандарыңды шүберекке түйіп шыққан екенсіңдер, қайтейін. Мен де сендердей жас болғам, менде де сендердегідей асқақтаған асау, шыншыл жүрек бар еді бір кезде. Бәрін таптады ғой. Ар да, иман да тапталды. Ана тіліміз бен қасиетті дініміз аяқтың астында жаншылып жатты. Басшыларымыз бен белсенділеріміз «осыларыңыз дұрыс, осылай істесеңдер, нағыз интернационалист боласыңдар» деді. Не көрмеген халықпыз – көндік. Сәл бірдеңе дейін десек, жоғарыдағылар «Бұларың – бассыздық, бұларың – ұлттар арасына жік салу, бұларың – ұлтшылдық» деп, прокуроры мен милициясын, заң орындарын сайлап шыға келеді. Сонан соң, қайтесің, әбден зәрезап болып қалған момын қазақ – көнесің. Дегенмен, бүгінгі істеп отырғандары сұмдық екен…
А қ м а р а л. Ағатай, жаңағы қайсардың айтып отырғаны – бер жағы ғана. Бірін-бірі жақтап тұр деп ойлап қалмаңыз. Нансаңыз, осыдан екі-үш сағат бұрын біз бір-бірімізді мүлде танымайтынбыз.
Б а й м ы р з а (сәл-пәл таңданып). Солай ма?..
А қ м а р а л. Иә, аға. Мен алаңға осындағы политехникалық институтта оқитын інімді іздеп келгенмін. Жұбайым сапарда болатын. Інімді таба алмадым. Бірақ алаңға барғаныма өкінгенім жоқ. Сенесің бе, аға, менің көзім бір-ақ күнде ашылды, нансаңыз, бұрын соқыр екенмін. Сонымен ымырт түсіп, қараңғылық қоюлана бере жазалаушы отрядтар мен милиция бәрімізді алаңнан қуды.
Құр қол не істейміз, жаппай дүркіреп қаша жөнелдік. Коммунистік проспектісінің бойымен мен де жүгіріп келе жатқам – алдымнан бойшаң екі солдат шыға келді. Дереу тура менде әкелерінің ақысы кеткендей жолымды кес-кестей берді. Біреуіе айналып өте бергенімше болған жоқ, екіншісі тура шашымнан уыстап ұстап алып, жерге алып ұрды, – мен шыңғырып барып, жолдың жиегіндегі тастың үстіне ұшып түстім. Бір сәтке есімнен танып қалыппын. Жаңағы солдат бір қарасам, осы Қайсармен алысып жатыр екен. Қысқасы, Қайсар ер екен, ананы да , екі жағындағыны да екі жаққа жалпасынан түсіріп, мені сүйрелей қашты. Екеуміз сөйтіп қашып жүріп, сіздің үйден бір-ақ шықтық. Әйтпесе, бұрын бір-бірімізді мүлде танымаймыз.
Б а й м ы р з а. Е-е, шынында да, Қайсаржан нағыз ер екен ғой! (Күлімсіреп). Бәсе, ана тұнжыраған қабағы біраз нәрсені айтып тұрғандай еді – тура жас көкжалдың қабағы емес пе, Маралжан, ә?
А қ м а р а л. Аға, тура дәл таптыңыз!.. Қалай дәл таптыңыз, аға, айтыңызшы!..
Қ а й с а р (ыңғайсызданып). Ақмарал, сен қойшы енді әсірелей бермей.
А қ м а р а л. Аға, мен ешқандай әсірелеп тұрғаным жоқ. Құдай бар ғой, енді…
Б а й м ы р з а. Е-е, Маралжан. «Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» депті ғой ілгерідегі аталарың, сол айтқандай, мен қалай танымаймын, мына жаман ағаң да талай зобалаңды бастан өткерген емес пе.
А қ м а р а л. Аға. Шындығын айтсам, Сіз де нағыз ерсіз, батырсыз. Қазақтың сіздердей азаматтарына кездестіргені үшін де бүгінгі кешке мың рахмет. Әйтпесе қай қазақтың ғалымы Кенесары бабамыздың аруағы үшін басын бәйгеге тігіпті.
Б а й м ы р з а (ыңғайсызданып). Е, қарағым-ай, ол бір өткен нәрсе ғой. Мен ешқашан батыр болғаным жоқ, бар болғаны шындыққа, ғылымға адал болуға тырысып көрдім, бірақ одан ештеңе шықпады ғой. Сонан соң бәрін де – ғылымды да, шындықты да – жиып қойдық. Бұл күндері мына жаман ағаларың – от басының тыныштығын күзеткен бір жар басындағы жапалақ.
А қ м а р а л. Аға, әншейін скромничать етіп отырсыз ғой. Жарайт, мен тым шешенсіп кеттім-ау деймін осы. Кешіріңіз.

Ақмаралдың сөзін телефон қоңырауы бөліп жіберді. Трубканы Баймырза алады.

Б а й м ы р з а. Әле!… Иә, жайшылық па? Үйге әкелсеңдер енді бірдеңе қылып, алдап-сулап көндірмейсіңдер ме? Суыр? Қайдағы суыр?! Тағы да шығам дейді? Әй, о немең әлгі жынды суды ұрттап алғаннан аман ба өзі? Е, жарайт, ендеше. Мен қазір жетем…

Баймырза трубканы орнына қойып, сыртқы киімдерін киіне бастайды.

Б а й м ы р з а (коридордан, киініп жатып). Е-е, айналайындар, сендерді шамалы уақытқа үйге жалғыз қалдырып кетуге тура келіп тұр. Әлгі жаманды әжесі мен шешесі бірдеңе қылып үйге ертіп әкелген екен, енді сол тағы: «демонстрацияға барып көмектесем, туыстарымыз қанға боялып жатқанда, сендер суыр тышқандарша індеріңнің түбіне тығыласыңдар» деп, қиғылықты салып жатыр дейді. (мырс-мырс күледі) Жаман, суырда қайдан біледі-ай ол неме?… Ал, әзірше… Мен де көп кешіге қоймаспын.
Кетеді.

Шымылдық.

Екінші бөлім

Баймырзаның пәтері. Қонақ бөлме, Ақмарал диванның үстінде шоқиып, бүрісіп отыр. Кірер ауыздағы жұмсақ креслоға жантайған Қайсар көзін жұмып, ойланып кеткен.

А қ м а р а л. Қайсар, шыныңды айтшы, қазір не туралы ойланып отырсың.
Қ а й с а р (көңілсіз). Жәй, әншейін…
А қ м а р а л. Кешір. Мен негізі кейде қайдағыны айтып, мылжыңдай берем. Шынында, осындай күні ұйқы келуші ме еді?.. Қайсар, сенің жасың нешеде?
Қ а й с а р. Жиырма бірге шықтық қой…
А қ м а р а л. Ал мен жиырма төрттемін. Сенен бақандай үш жас үлкенмін, так что әпкең екенмін ғой. Айтпақшы, келіншегің бар ма?
Қ а й с а р. Әскерден келгеніме бір жарым ғана жыл. Бар болғаны екінші курстамын – қайдағы келіншек.
А қ м а р а л. Онда жүретін қызың бар шығар…
Қ а й с а р. Ол да жоқ. Қызға қарауға уақыт болмай жатыр.
А қ м а р а л (күрсініп). Иә, қыз қайда қашар дейсің. Әуелі дұрыстап мамандық алып алу керек. Біз оқып жүріп үйленгенбіз – көрмеген бейнетіміз жоқ. Үйленгендерді жатақханадан шығарып жіберетінін білесің ғой. Содан бері, міне, төрт жыл – жүрміз көрінгеннің босағасында телміріп.
Қ а й с а р (сәл-пәл жымиып). Онда неменесіне асықтыңыздар?..
А қ м а р а л. Соны өзім де түсінбеймін. Күйеуім теміржолда машинист, былайша жуас жігіт… Бірақ күнде кешкілік – біз тұратын жатақхананың алдында бір жуан емен ағашы бар – соның қасында қылқияды да тұрады. Жазың ба, қақаған қасың ба – оған бәрібір. Бір рет сәндігі қысып, жалаңбас келген екен – құлағының ұшын үсітіп алыпты. Бейшараны біртүрлі аяп кетім…
Қ а й с а р (күліп). А-а, тұрмысқы шығуыңа үсіген құлақ себеп болған екен ғой.
А қ м а р а л. Жоқ енді, былай… Құлақтан басқа да себептер болды ғой.
Қ а й с а р. Түсінікті-түсінікті…
А қ м а р а л. Айттым ғой мен, жалпы, мылжыңдаумын деп. Сен мені кешір… Қарап отырғанша, ағайлар келем дегенше әңгімелесе тұрайық дегенім ғой. Айтпақшы, менің СХИ-да екінші курста оқитын туған сіңілім бар, сен соны алар ма едің? Шын айтам, маған сен секілді батыл, ер жігіттер ұнайды. Бағана сен болмасаң мен сөзсіз құритын едім. Білесің бе, мен екіқабатпын ғой. Жә, басқасын қойшы, шын айтам, егер алатын болсаң, мен ол қызды көндірер едім. Туған сіңілім ғой…
Қ а й с а р. Сіңіліңіз әдемі ме?
А қ м а р а л. Әне, сендер жігіттер, сондайсыңдар – қит етсе, әдеміні іздейсіңдер.
Қ а й с а р. Жалғыз біз емес, қыздар да сондай ғой.
А қ м а р а л. Оның рас. Дегенмен… Ал, кәне, тек Құдай үшін шыныңды айтшы, мен қандаймын: әдемімін бе, әлде былай…
Қ а й с а р (күліп). Бұл сауалды жұбайыңызға қойып көрдіңіз бе?
А қ м а р а л. Қоймағанда. Талай сұралған нәрсе ғой.
Қ а й с а р. Ол кісі не дейді?
А қ м а р а л. Оның сөзіне мен онша сене бермеймін. Жаңа айттым ғой, ол тым жуас, кісінің ыңғайна жығыла салады.
Қ а й с а р. Сонда да…
А қ м а р а л (күмілжіңкіреп). Оның айтуы бойынша, мен аққұба, талдырмаш, ботакөз, нағыз хас сұлудың өзімін.
Қ а й с а р. Меніңше ол шындықтан тым алыс кетпепті. Жалпы, о жігіттің сіз қанша жамандағанмен, вкусы жаман болмау керек. Емен ағашты бекер күзетпепті.
А қ м а р а л (қуанып кетіп). Ендеше сіңілім менің аузымнан түсіп қалғандай! Тура мені көр де – оны көр!..
Қ а й с а р. Онда бітті. Мен келістім. Енді сенің сол сіңіліңді көндіруің ғана қалды.
А қ м а р а л (орнынан атып тұрып, Қайсардың жанына жетіп келіп). Әкел онда-бесті!.. Сен тек мені ойнап тұр екен деп қалма – мен шынымды айтып тұрмын!..
Қ а й с а р (Ақмаралдың қолын алып жатып). Мен де.

Дәл осы мезетте сыртқы есік елеусіздеу ашылады да, ішке үстінде – қыстық пальто, басында – құндыз малақай, ақ түбіттен тоқылған ұзын сәнді шарфты жер сыпырып, омырауы алқам-салқам ашылған, «нағыз бабына келген» Тимур Қалдыбаевич тәлтіректей басып, кіріп келеді. Ақмарал беймезгіл, бейтаныс қонаққа аңтарыла қалған күйі қалшияды да қалады. Мән-жайды білмекке алакөлеңке коридорға шыққан Қайсарды беймезгіл «көңілді» қонақ бас салып, құшақтай алады.

Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Али-и-к-к!.. Бауырым!… ты слушай, мен енді болмағанда адасып кете жаздаппын ғой-әй!… Ей, Богу… Әзер таптым. Тым сілтеңкіреп жіберіппіз, ә?… Ничего… мен шын жүректен қуаныштымын!… Кәне, тағы да құттықтап қояйын кандидаттығыңмен!… Поз-др-р-ав-ляюю!… Енді көп ұзамай доктор бол!… Ана бәлемдердің онан сайын іші күйсін… ха-ха-ха!… Кәне, сол үшін тағы бір алып жібереміз бе?… Ты, слушай, сен не ғып үндемей қалдың, а?
Қ а й с а р (мойнынан тас қып құшақтап алған бейтаныс қонақтың құшағынан әзер босанып). Кешіріңіз, міз мені біреумен шатастырып тұрған болуыңыз керек. Мен Алик емеспін.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Қайсардың уәжіне мүлде мән бермеген күйі аяғын тәлтіректей басып, құндыз малақайын, пальтосын шеше бастайды). Ха-ха-ха! Ық-ық-ық-қ! Ой, ішегім-ай!.. Алик, Алик!.. Алик дейім, баяғы Қапшағайдағы история есіңде ме?! Сол жолы да сендер мені алдай алмағансыңдар!.. Алик, бау-у- ыр-рым-м… сен немене, соныңытып қалғансың ба?! Ей богу, мен сені дәл осындай ұмытшақ деп ойламаппын. (Қолын ызылана сермеп). Әй, бәрін қойшы солардың!… Шетінен – қырт!… Біле білсең, бүткіл кафедрада сенің кандидат болғаныңа шын жүректен қуанған мына мен ғана!.. Мен!.. Мен!.. Ал қалғандарының сенің сыртыңнан не айтатынын білсең ғой?! Эх, Алик- Ал-и-к-к!.. Сен баяғыда осындай наивный едің – әлі сол… Ей Богу… Саған қашан ақыл кіреді – түсінбейім, түсінбейім-м… Ну ладно… Но ты помоги мне раздеться, пожалуйста, Или ты не рад моему возвращению?
Қ а й с а р. Апырау, мен Сізге түсінікті-ақ қылып айтып тұрмын ғой – ешқандай да Алик емеспін мен!… Сенсеңіз, осындай есімді біреудің бұ дүниеде бар екенін өмірімде тұңғыш рет естіп тұрмын.
Т и м у р Қ а л а д ы б а е в и ч (теңселіп, бір қолымен қабырғаның жарын тіреп, бір қолымен пальтосын кіре берістегі киім ілгішке іліп жатып, Қайсардың сөзіне бұрынғыша мүлде мән бермеген күйі). Эх, Алик!… Алик!… Един-н-ственный друг-г моо-о-о-й! Сендер мені ешқашан да алдай алмайсыңдар!… Понятно тебе!… Ты сегодня выглядишь каким-то старомодным!… Правда, сенің о бастағы әкең азан шақырып қойған атың да сондай старомодный бір пәле еді. Қалай еді өзі?… (Әлденені есіне түсіре алмағандай сәл ойланып тұрып қалады. Пауза) А-а-а!… (Ақыры есіне түсіріп) Ха-ха-ха! Ық-ық-қ-ық!… Әлібай, ӘлібайІ… Ну и имя!… Әкең марқұм сені бай болсын деп армандаған болса керек. Бірақ сен, өзің айтпақшы, өмір бойы жарымай келесің. Ничего-ничего!… Енді байисың – айлығыңа қосымша кандидаттығың үшін төленетін жүз сом қалтамда дей бер енді. Соны жуу үшін сен бүгін бәрімізді үйіңе шақырдың. Біз келдік. Правда, қалғандары сенің тапқан-таянғаныңды ішіп-жеп, тайып тұрды. Как будто сол үшін келгендей. Ал мен сенің ең жақын досың емеспін бе, өйтуге арым жібермеді. Ей Богу… Міне, сондықтан да қайтып келіп тұрмын. Или ты действительно не рад моему возвращению, тогда скажи прямо! В лоб!… Эх ты!… Еще друг называется…
Қ а й с а р (даусына аздап ызалы діріл араласып). Сіз шынымды айтсам, менің жыныма тие бастадыңыз.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (кенет, аналай жерде состиып тұрған Ақмаралға көзі түсіп кетіп). О, Маржанка!… О, алтыным менің! (Тәлтіректеп, қонақ бөлмеге қарай жылжиды). Сен мына байыңа… то есть, жұбайыңа айтсаңшы былай… түсіндіріп… Немене өзі мас болып қалған ба? Бұндай жоқ секілді еді. Эх, Маржанка, бұл өмірде менің жанымды түсінетін бір-ақ адам бар; ол сенсің ғой, жаным!… (Ақмаралдың иығынан құшақтайды). Тек сен… сен ғанасың…
А қ м а р а л (Тимур Қалдыбаевичтің қолын иығынан сыпайлап ысырып жатып). Ағай…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Өй, аға деген даусыңнан айналдым әшейін!… Айттым ғой – бұл өмірде менің жанымды түсінетін адам жалғыз сен ғана деп. Мұрныңнан сенің… Ің-ң-ің!…
А қ м а р а л. Ағай, сіз мені дұрыстап тыңдап алыңыз: бұл – Аликтің үйі емес, мен Маржан емеспін. Бұл үйде ешқандай кандидаттық диссертацияның құрметіне қонақ шақырылған жоқ. Сіз адасып жүрсіз. Түсінесіз бе?!
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (көздері жыпылықтап, біресе Қайсарға, біресе Ақмаралға қарап). Ал сен-д-ер… Сіздер кімсіздер с-сон-да?…
А қ м а р а л. Менің есімім –Ақмарал, ал ана жігіт – Қайсар…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (тілі күрметіліп). а- г-где-е Алик-к?… Г-г-де-е Маржанка?…
А қ м а р а л. Оларды біз мүлде танымаймыз. Айтып тұрмын ғой,- Сіз адасып жүрсіз.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (бірдеңені есіне түсіргісі келгендей көзін жұмып, басын шайқап-шайқап жіберіп). Адасып?!… Такого не может быть!… Я вам твердо заявляю – осы уақытқа дейін Тимур Қалдыбаевич ешқашан адасып көрген жоқ. Еш-қ-қ-аш- шан-н-н! Біз буквально… осыдан он бес – жиырма минут бұрын осында қонақта болғанбыз. Анау үстелде отырып, бә-ә-рі-міз-з ішті-ік-к, ән салдық… Білесіңдер ме, Маржанка шіркін әнді керемет салады… Кер-ре-мет-т… айтпақшы, жолдастар!… Арақ қайда, шарап қайда?… Я не вижу и шампанского!… Туһ, неменеге селтиіп тұрсыңдар?!… Менің жан жолдасым Али-к-к, Але-ш-а-а… Кандидаттық диссертациясын қорғап жатқанда… Бүгін –той! Бүгін – мейрам!… Маэстро, музыка қайда, музыкаІ… Әй, осы қазақтар-ай – қашан жетер екенсіңдер мәдениетке?… Кән-е-е, кән-е-е…
А қ м а р а л. Сіз не айтып кеттіңіз өзі? Қайдағы той?! Қайдағы мейрам?!.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Ақмарал мен Қайсарға әбден шарасызданған қалыппен алма кезек қарап). Туһ, мыналарың өзі шіп-шикі ғой! Неше рет қайталау керек, а, неше рет?! Сендер кісіні жынды қыларсыңдар мына түрлеріңмен. Айтып тұрған жоқпын ба – менің жан досым бүгін кандидаттық диссертациясын қорғады деп… Понтмаете, мой единственный друг и соратник… Эх, шіркін, Маржанканың дауысы-ай!… Керемет салады ғой әнді, керемет… Между прочим, менің де даусым ешкімдікінен сорлы емес. Бір кездері институттың сводный хорына қатысқам… Сводный хор – это не шутка!… Ал. Кәне… (Екі жеңін түрініп, дирижерлік ете бастайды). Рад,два,три… Поехали!… (Әндете жөнеледі).
«Широка страна моя родная
Много в ней лесов, полей и рек,
Я такой другой страны не знаю,
Где так вольно дышит чел-ов-е-ек…»
Қ а й с а р (Тимур Қалдыбаевичтің жанына жетіп барып, оны ызалана жұлқып-жұлқып жіберіп). Тоқтатыңыз бассыздықты!… Көршілер милиция шақырып жүрсіндемесеңіз!… Сағаттың қанша болғанын білесіз бе өзіңіз?!…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (қолын ербеңдетіп). Әй, жібер!… Жібе-е-ер-р деймін!… Вишь, нашелся, мне новоявленный геройІ… Қорқытатын кісіні тапқан екенсің!.. Милиция дейді ғой маған – а может быть я сам в союзном КГБ работаю. Сен білесің бе өзің, менің кім екенімді?! Я доцент Алматинского зооветеринарного института, кандидат наук! (Сұқ саусағын безеп). Кандидат наук!…
А қ м а р а л (Қайсардың жанына жетіп барып, жалма-жан оның құлағына сыбырлап). Ойбай, қой, милиция шақырамыз деп, өз басымызға өзіміз бәле тілеп алармыз! Мас адам ғой, бірдеңе қылып алдап-сулап шығарып салайық та. Қойшы енді… Өтінем, ашуыңды басшы…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (тілі күрметіліп). Маржанка!.. То есть, қарындас.. Су бар ма, су… Ән салам деп, тамағым құрғап қалыпты. Маған мұз-з-да-ай су… Басқа ештеңенің керегі жоқ.

Ол тәлтіректей басып, асүйдегі үстел басындағы орындықтардың біріне отыра кетеді. Үстел үстінде әлі жиылып үлгермеген кешкі шайдың жабдықтары: көкөнім салаты, жеиіс тоспалары салынған шыны ыдыстар, нан себеті, туралған колбаса, кесе-шәйнек, тағы басқалар. Ақмарал дереу бір кесеге мұздай су құйып, беймезгіл қонаққа ұсынады.

А қ м а р а л. Мінекейіңіз…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (кесе толы суды өндіршегі бүлкілдей бір-ақ сіміріп). Уһ!.. Жаным жаңа жай тапты, ғой! Рахмет, қарындас-с… Өзің бір тәуір бала екенсің. Ал ана жігіт… (Сұқ саусағымен Қайсарды нұсқап, басын шайқайды.) Что-то он мне не нравится. Милиция шақыртам дейді-әй!.. Ал шақырт!.. Байқа, бала, Тимур Қалдыбаевич сен ойлағандай анау-аынау шәләй-бәләй емес. Понимаешь, до-о-о-цент-т!.. Кандидат биологических наук!.. (Ақмаралға бұрылып). Қарындас, білесің бе сен, Алик менің жан досым ғой».. Иә, рас, оның шын аты – Әлібай. Ха-ха-ах… Әлі-і-ба-ай!.. Бұ қазақтар әлдеріне қарамай шеттерінен бай болғысы кетет еще. Әлібай-Әлібай! Какая дикость!.. Эх, Алик-Алик, где ты пропадаешь?.. Ничего не понимаю, ей Богу…

Есіктің қоңырауы дың ете түседі де, ізінше ішке Мария Петровна кіреді. Сол бұрынғысынша маңдайын ақ орамалмен таңып тастаған.

М а р и я П е т р о в н а. Ал осыдан кейін қазақтарды қонақжай емес деп көр – сағат болса, түнгі он бір жарым, ал бұлар әлі есіктерін де кілттемепті.
А қ м а р а л. Ұмытып кетіппіз. (Қайсарға бұрылып). Баған мен сен кілттеген екен десем…
М а р и я П е т р о в н а. Әне, бұлар өсітіп бір-біріне сеніп жүре береді осылай. Қаңғырған біреулер кіріп кетсе қайтесіңдер? Жарайт. Ал қожайындар қайда кеткен?
А қ м а р а л. Ол кісілер мана баласының… Болаттың үйіне кіріп шыққалы кеткен. Қазір келеді.
М а р и я П е т р о в н а. Жайшылық па әйтеуір?!
А қ м а р а л (абдыраңқырап). Жай… Өздерінің бір шаруаларымен…
Асүйден теңселе басып, Тимур Қалдыбаевич шығады.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаға). О-о, Маржанка-а!..
М а р и я П е т р о в н а (иығын қиқаң еткізіп). Қайдағы Маржанка!..
А қ м а р а л. Бұ кісі әйелдердің бәрін Маржан деп ойлайтын болу керек. Өзінің әдеті.
М а р и я П е т р о в н а (күліп). Иә, еркектердің кейде бізді өсітіп бір-бірімізбен шытыстырып алатын кездері болады.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Маржан-ка-а!.. Сен манадан бері қайда кеттің-әй?.. (Мария Птеровнаның топ-толық білегінен ұстап, асүйге қарай икемдейді). Пардон мадам! Прошу!..
М а р и я П е т р о в н а (Ақмаралға күлімсірей бұрылып). Байқаймын, жаңа қонақ көңілсіз адаи емес сияқты. Әрине, енді швқырған соң, бару керек.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаның топ-толық білегінен ұстаған күйі орындыққа отырып жатып). Маржанка, Маржанка дейім. Сен манадан бері…
М а р и я П е т р о в н а. Қайдағы Маржан?! Мен сізді қалжыңдап тұрған шығар десем, мен Мария Петровнамын!..
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (көзін бақшитып, Мария Петровнаға мұқият зер салып). Әй, шыныда, Маржан емес-әй… Кешіріңіз, қалай-қалай…
М а р и я П е т р о в н а. Ма-а-ри-ия Пе-етров-на!..
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Мария Петровна… Мария… Кешіріңіз, шыныда да, бүгін біраз… былай…
М а р и я П е т р о в н а. Оқасы жоқ. Кімнің басында болмайтын жай. Кейде қыдыру да, көңілдену де керек.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (риза болғаннан орнынан атып тұрып). О-о-о!.. Міне, түсінетін кісі!.. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, сондықтан да оны кейін өкінбестей етіп өткізу керек». Маржанка… То есть, кешіріңіз-з, Мария Петровна, осылай деп кім айтқан, а, айтыңызшы?!
М а р и я П е т р о в н а. Меніңше, Николай Островский болу керек.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. О-о-о! Айтып отырмын ғой – түсінетін кісі деп. Менің манадан бері іздеп жүргенім осындай кісілер ғой. Да, ну, к черту этого Алика!.. Кешіріңіз, Мария, бұл сізге емес… Айтпақшы, басыңызды не ғып таңып алғансыз, жараланып қалғансыз ба?..
М а р и я П е т р о в н а. Жо-жрқ. Түстен кейіннен бері, басым солқылдап сынып барады. Осы үйден енді жатқан-тұрған анальгин табылмас па екен деп, сұрай келіп едім. (Ақмаралға мойнын созып). Қызым, тілеуіңді берсін, анальгин бар ма екен жатқан-тұрған, қарай қойшы, а… Табылса, кетейін. Мен сол үшін ғана келгем.
А қ м а р а л. Қазір-р…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаға). Түһ, Сіз де қызық екенсіз. При чем тут анальгин?! Бас аурудың бірден-бір дәрісі – мынау ғой!..

Ол костюмнің қойын қалтасынан аузы бұрандалы, төртбұрышты шетелдік ықшам шишаны суырып алады да, оның ішіндегі арақты лықылдатып алдында тұрған екі кесеге құяды.

Мінекейіңіз!.. Таңданбай-ақ қойыңыз. (Шишаны көрсетіп) Это мой – ДП. Дополнительный паек дегенім ғой. (Екі алақанын бір-біріне шабыттана ысқылап). Ал, қане!..
М а р и я П е т р о в н а (басын шайқап). Мені одан сайын ауырсын дегеніңіз бе…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Қымбаттым!.. Мария Петровна. Мен ғылым кандидатымын. Білмесем айтып нем бар, дүние жүзіндегі дәрінің атасы – осы! Нанбасаңыз, медиктерден сұрап көріңізші, не дер екен. Дәрі атаулының бәрі осыдан, спирттен жасалады.
М а р и я П е т р о в н а (манағыдай емес, босаңсып). Қойыңызшы…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (өзеуреп). Қоятын түгі жоқ. Кәне, таныстық үшін…

Арақ құйылған кесенің біреуін қағып салады.

М а р и я П е т р о в н а. Менің осыған онша зауқым соқпай тұрғаны. Жарайт, сіздің көңіліңіз үшін…

Мария Птеровна мұрнын тыржитыңқырап, екінші кесені төңкереді. Тимур Қалдыбаевич бәйек болып, оған салаттан шанышқымен бір түйреп, басытқы ұсынады.

У-х!.. (Шанышқыны алып жатып). Рахмет!..
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Ничего-ничего!.. Қазір бес минуттан кейін көзіңіз шырадай жанып шыға келмесе, маған келіңіз.
М а р и я П е т р о в н а. Айтпақшы, Сіз өзіңізді таныстырмадыңыз да ғой.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (маңаздана қалып). Тимур Қа-л-ды-баевич-ч… Доцент Алматинского зооветеринарного института!.. Так что, сіз мені көшедегі шәлей-бәлейлердің бірі екен деп қалмаңыз.
М а р и я П е т р о в н а. Қойыңызшы!.. Мен сіздің зиялы адам екеніңізді бір көргенде-ақ байқағам.

Тимур Қалдыбаевич орнынан теңселе түрегеледі де, бір қолымен Мария Петровнаның ту жауырынынан құшкқтап, оның бетінен жабыса екі-үш рет қайтара сүйеді.

Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Осындай адамдардан айналып кетпейсің бе, ішіндегіні айтқызбай ұғатын. (Алдындағы салатан шанышқымен көсіп-көсіп, бір-екі қарбыта асайды. Сонан- соң салат салынған тарелканы Мария Петровнаның алдына қарай ысырып, екі ұрты қомпаңдап) Ал… Алың-ы-ыз-з, қымбатты Мария… Ауыз тиіңізші енді тым болмаса… Жалпы, мен өзіңіз секілді блондинкаларды ұнатам. Мнің әйелім – полячка. Ол да блондинка. Айта кетуім керек, мен өзім… жалпы… жаратылысымнан интер-нац-иноалист-т жанмын. Жаратылысым сондай!.. Ұлтшылдар мен… әлгі кім еді… Иә-иә… империалистерді иттің етінен жек көрем-м!.Я коммуни-и-ст-т со стажем!.. Партияға жиырма бір жасымда өткем. (Сұқ сайсағын шошайтып) Жиырма бір-і-ір жаста!.. Так что, біздермен, коммунистермен ойнауға болмайды!.. Қажет болса. Біз әлгі жолымызға кесе-көлденең тұрып көрсін! Табамыз біз оларды құртым жіберудің айласын!.. (Костюмнің ішкі қалтасынан бір қызыл книжканы суырып алып) Нанбасаңыз, міне партбилет!.. Партбилетпен ойнап көрсін олар!.. Әлгі ұлтшылдар мен… кім еді… империалистерді, экстремистерді айтам. (Партбилетті қайтадан орнына салып жатып) Мен мұны жанымнан өлсем де тастамаймын. Түмінесіз бе, өлсем де… Бәрібір партбилет аман қалуы керек!.. Ал, кәне, Мария, алып жіберелік… Денсаулық үшін…
М а р и я П е т р о в н а. Жиілеп кеткен жоқ па…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Ничего-ничего!..
М а р и я П е т р о в н а (қылымсып). Жарайды, болмадыңыз ғой… Кесені босатады.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Міне-міне!.. Мен мұндайды түсінем. Мария Петровна, мен бүгін банкеттен шыққам. Менің досым Алик кандидаттық диссертация қорғады. Эх, Алик, Ал-и-и-к-к-к!..

Асүйдегі бұлардың жанына Ақмарал келеді.

А қ м а р а л (Мария Петровнаға). Таптым. Мінекейіңіз…
М а р и я П е т р о в н а. Анальгин бе? Түу, жақсы болды ғой. Рахмет.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаның дәріні алуына қарсылық білдіріп). Мария, керегі жоқ дейім… Айттым ғой, түкке қажеті жоқ деп (саусағымен шишаның ішін көрсетіп) Сіз маған сеніңізші: дәрінің атасы – мынау!.. Остальное все чепуха!.. Ей Богу, ничего не могу понять – при чем тут анальгин?! Ерунда какая-то…
М а р и я П е т р о в н а (дәріні халатының қалтасына салып жатып). Дегенмен бір керегі болар.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (жуасыған үнмен). Мейлі, өзіңіз біліңіз. Менікі жай. Өзіңіз…

Шишаны қолына алып, екі кесеге арақтан қайта құя бастайды.

Ал, кәне, Мария Петровна… Алып жіберейік.
М а р и я П е т р о в н а (иегімен қонақ бөлме жақты нұсқап). Айтпақшы, біз мына ортақ дәмге жастарды шақырмадық қой.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (қолын көңілсіздеу бір сілтеп). Әй, қойш-ш, соларды! Өздері шіп-шикі бірдеңелер… Эх, Мария Петровна, Мария!.. Алтын адамсың ғой сен, алтын-н… Ал, кәне, кеттік!..

Екеуі тағы да алып жібереді.

Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Қолын Мария Петровнаның иығына салып, өзінің орындығын оған қарай жақындата түсіп). Мария, ән салып жіберейікші, а… Білесің бе, мен студент кезімде институттың сводный хорына қатысқам…
М а р и я П е т р о в н а. Онда тыңдап көрелік үніңізді.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Жоқ, сіздің де қосылуыңыз керек. Мен вокалист емеспін. Мен тек хормен ғана айтам.
М а р и я П е т р о в н а (күліп). Жарайт-жарайт, ондай болса…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Кәне, онда… Кеттік!..

Екеуі әндете жөнеледі.

«Широка страна моя родная,
Много в ней лесов, полей и рек.
Я другой такой страны не знаю
Где так вольно дышит человек…»
М а р и я П е т р о в н а. Шынында да даусыңыз ғажап. Сондай бір… Қалай айтсам екен… Иә-иә, сондай бір жанға жайлы, астарлы сырға толы дауыс…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Міне-міне!.. Осындай түсінігі мол адамдардан айналмайсың ба!..

Орнынан ұшып тұрып, тағыда Мария Петровнаға жабыса қалады. Бұл жолы оның тамағынан сүйеді.

М а р и я П е т р о в н а. Қойыңызшы, сіз тіпті тереңдетіп бара жатырсыз ғой.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (екі қолын көтеріп). Қойдым-қойдым!.. Я пас, дорогая.
М а р и я П е т р о в н а (алдындағы көкөніс салатына шынышқысын сала беріп). Айтпақшы, сіз кандидаттығыңызды қандай тақырыптан қорғап едіңіз. Егер құпия болмаса…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (қайтадан көңілденіп). Түк құпиясы жоқ. О-о, біле білсеңіз, бұл бір қызықты тақырып!.. Менің тақырыбым қазақтың ақ бас сиырларын костромалық әріптестеріммен будандастыру хақында болатын.
М а р и я П е т р о в н а. Аха-ха!.. Ха-ха!.. Қойыңызшы!.. Шыныңыз ба бұл?..
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Мария Петровна, сіз мені өйтіп ренжітпеңіз…
М а р и я П е т р о в н а. Кешіріңіз. Сізді ренжітіп маған не болыпты.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Онда – әңгіме басқа. Кезінде менің диссертациямды ғылыми совет единогласно қолдаған. Понимаете, единогласно!… Бұл ғылыми өмірде өте сирек кететін жағдай. Әрине, кертартпа ұлтшылдар да болмай қалған жоқ. «Бәрібір мұндай буданнан пайда болған мал Қазақстанның континенталды климаттық жағдайына үйренбейді, әр тұқымның өзінің табиғи бейімделген географиялық қонысы, ландшафы болады, бұл – жаратылыстың ғасырлар бойы қалыптасқан заңына жасалған қиянат» деп те соқты бір білгіштер. Бірақ ғылыми советтің мүшелері олардың ауыздарын аштырмай тастады. Мен единогласно қорғап шықтым.
М а р и я П е т р о в н а. Браво-браво!… Айтпақшы, ұлтшылдық демекші, бүткіл Алматы қазақ жастары Брежнев алаңына жиналып алып, ұлтшылдық, экстремистік ұрандар көтеріп, көтеріліс ашқалы жатыр деп шулап жүр ғой кешеден бері, одан не хабарыңыз бар?
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (өрекпіп). тамағы тойған соң құтырады өңшең сілімтіктер!… Совет үкіметінің, Компартияның арқасында осындай жетістіктерге жеткендерімен жұмыстары жоқ. Кеше кім еді олар, ал, бүгін кім – жан-жақтарына қараулары керек қой. Арттарында арандатушылары бар!… Мен білем!… Маған билік берсе, баяғы Сталиннің кезіндегідей шеттерінен түрмеде шірітер едім, шеттерінен!… Білсін үкімет пен партияның саясатына қарсы шығудың қандай болатынын!…
М а р и я П е т р о в н а. Қойыңызшы, бұныңыз тым қаталдық қой.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Қоятын ештеңесі жоқІ Қазақта «Айуанға намаз үйреткен – таяқ» деген мақал бар. Бұ секілді жабайыларды солайша тәрбиелемесең, басқасын түсінбейді. Так что…

Кенет терезенің алдынан тағы да біреулерді қуып келе жатқан жазалаушы отряд солдаттарының аяқ дүсірі естіледі. Көшеден: «Апа!… Апажан!… бауыларым-ау, құтқартсаңдаршы, мыналардан! Құртты ғой Бә-рі міз-з-ді!», деп құлындағы даусы шығып щырқыраған қыз баланың үні түн тыныштығын тіліп өтеді. Овчаркалардың абалап үргені, біреулердің жанталаса ысқырған ащы ысқырықтары, солдат етіктерінің дүсірі бірте-бірте ұзай береді.

Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Ә, бәлем, жандарың қысылды ма?!
М а р и я П е т р о в н а (оны онша қоштай қоймай). Қойыңызшы, сіз де… (Орнынан ауырлау тұрып, сыртқы есікке қарай беттейді). Жарайт, сау болыңыз. Мен кеттім.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаның ту сыртынан аңтарылып). Мария Птровна… Мария… Тым болмаса бірер минут аялдай тұрыңызшы. Мен әлі әңгімемді аяқтағам жоқ… Артында онан да гөрі қызықтары бар.
М а р и я П е т р о в н а (бұрылмастан). Кейінге де бірдеңелер қалсын да. Жақсы енді… Ендігіміз артықтау болар.
Кетеді.

Тимур Қалдыбаевич тәлтіректей басып, оның соңынан біраз ере түсіп, алакөлеңке коридордың қақ ортасына жете бере мәңгіріп тұрып қалады.

Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (әлсіздеу, жалыншты дауыспен). Мар-ри-ия-я Пет-ров-на-а!

Дәл осы кезде қонақ бөлмеден Қайсар шыға келіп, доценттің алқымынан ала кетеді. Оның түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен.

Қ а й с а р (Тимур Қалдыбаевичке тістеніп). Жауыз! Нағыз жау-у-ыз екен-сің-ң ғой!… Мен сені қазір өлтірем!… Сілімтік алаңға шыққан жастар емес, мына сенің өзің!… Өзі-ің-ң! Өзі-ің-ң!
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (шамасының келгенінше қарсыласып). Әй-й, жын-ды-мы-сың-ң?! Мен не қыл-дым-м.. сағ-а-ан-н?…
Қ а й с а р (одан сайын оны қылғындыра түсіп). Не қылғанды көрсетем қаз-з-ір-р!… Сатқын!… Бүткіл ғасырлар бойғы қазақ халқының аққан көз жасы сендей сатқындардың мойнында, білдің бе?! Бізді құртқан жоңғар да, қытай да, орыс та емес – мына сендерсіңдер!… Егер қазақ халқы шын мәнінде келер күнін ойлайтын болса, ең алдымен мына сендерден құтылулары керек. Сендер тұрғанда бізге келешек те, бақ та, бақыт та жоқ!… Сондықтан да мен сенің қазір қаныңды ішем-м!…

Қайсар Тимур Қалдыбаевичті қабырғаға сыға түседі.

Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (қырылдап). Жі-іб-бер-р!
А қ м а р а л (шыңғыра айқайлап, Қайсарға ұмтылады). Қа-ай-са-ар-р!… Тоқта-ат-т дей-ім-м!… Тоқташы!…
Қ а й с а р (ызаланып). Былай кет-т!
А қ м а р а л. Бұны өлтірсең екеуіміз де құримыз! Не-еғып-п түсінбейсің соны?!
Қ а й с а р. Мейлі!… Өзім өлтірем – өзім жауап берем! Сенің жұмысың болмасын!…
А қ м а р а л (еңіз-теңіз болып). Қайса-ар-р, жаным-м… өлтіре көрмеші!… Жалынам!… Тым болмаса мына менің ішімдегі жеті жарым айлық нәрестені куә қылмашы ондай сұмдыққа!… Қа-ай-сар-р!
Қ а й с а р. Әне!… Сендердің бәріңнің өсітіп сатқындарға жандарың ашып шыға келеді. Ал бұлар бізді ешқашан аяп көрген жоқ. Өйткені бұларда жүрек жоқ, тойымсыз өңеш пен қарын ғана бар!… Жаңа естіген жоқсың ба өз құлағыңмен Марияға не айтқанын!?… Бұлар бізді бүгін ғана сатумен шектелмейді, реті келсе, ертең де, арғы күні де, тіпті жүз жылдан кейін де сата береді. Бұлар тұрғанда, қарапайым халықтың басынан соры арылмағаны – арылмағаны!… Сендер осыны қашан түсінесіңдер!?
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (үні әзер шығып). Кеші-і-ірр!
А қ м а р а л. Құдай-ай, кешірім сұрап жатыр ғой сенен, жіберші енді…
Қ а й с а р (тістеніп). Осының айтқанына сеніп тұрсың ба?! Сен де бір-р… Бұларда ант деген болушы ма еді? Қазір есіктің алдына шығысымен бәрін ұмытады.
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч. Іні-ш-шек-к… ұмыт-па-йы-м… Өллә-біл-л лә.
Қ а й с а р. Жоқ, сен ұмытасың-ң! Қане, айт жаныңның барында, – осы кезге дейін қанша қазақты саттың?! Білем мен: сату мен сатылу – сендердің ата кәсіптерің!… Сендер секілділер сатпаған қазақтың қандай қасиеті қалды?!… Уақыт пен заманның атын жамылып, тілін де, дінін де, ар-ожданын да – бәріе де сатып бітуге таядыңдар!… Және қит етсе, біз қайтейік, ол кезде заман солай еді ғой, білмей қалыппыз деп мүләйімсисіңдер! Енді, міне, бүгін де сол баяғы тойымсыз өңештерің мен жанға жайлы жұмсақ креслоларың үшін ел намысын қорғап алаңға шыққан ұл-қыздарыңды да сатып жібермексіңдер!… Бұл өздеріңнің болашақтарыңды сату екенін түсінемісіңдер өздерің?!
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (өлімсіреп). Түс-с…
А қ м а р а л. Қайсар-р, өлтір-дің-ң! өллә-біллә деп антын берді ғой жаңа!

Қайсар міз бақпайды.

Егер сен осыны өлтірсең, ең алдымен біз қысылғанда қанатының астына алған Баймырза ағаны құртамыз!… (Ақмарал бар күшімен жан ұшырып Қайсарды жұлқылай бастайды) Естимі-сі-ің?! Түсінесің бе өзің, Бай-мыр-зза ағамды құтасың!…
Қ а й с а р (өзіне-өзі келгендей болып). Баймырза ағамды?!
А қ м а р а л (Аппақ тістерін Қайсардың доценттің алқымындағы қарулы қолына салып). Иә-иә-иә-ә! Қайсар доценттің алқымын босатып жібереді. Ол жерге жансыз кісіше сылқ етіп, сұлап түседі.
А қ м а р а л (еңіз-теңіз жылап қоя береді). Ақыры құр-т-тың-ң!.. Мынау уже-е… (Ықылық атып) Өліп қалды-ы…
Қ а й с а р (самарқау). Қорықпа. Мұндайлар ит жанды келеді. Қазір тірілет…
А қ м а р а л (қимылсыз жатқан доценттің бетіне үңіліп). Тіріл-лме-йт-т.
Қ а й с а р. Тірілет. Тірілет… Бетіне мұздай су бүрік…

Ақмарал жанұшырып асханаға жүгіріп барып, ол жақтан бір кесе мұздай су алып шығады да, жаутаңдап Қайсарға қарайды.

Қ а й с а р (кеседегі суды көрсетіп). Қорықпа , шашып жібер бетіне…

Ақмарал доценттің бетіне бір кесе мұздай суды ақтара салады. Бес-алты секундтай уақыт өткенде Тимур Қалдыбаевич әуелі көзін ашып, шамалы жатады да, сонан соң бір қолымен еденді таянып, орнынан сүйретіліп тұра бастайды.

А қ м а р а л (жыламсырап). Құдай-ай, тірілді-ау, әйтеуір-р…
Қ а й с а р (доцентке). Енді көзіңді жоғалт. (Сонан соң оған жақындай түсіп) Бірақ кетеріңнің алдында бір сауалға жауап бер, сілімтік кім – сен бе, әлде ана алаңға шққан жастар ма?…
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (ықылық атып). Ме-е-ен!…
А қ м а р а л (киімілгіштен Тимур Қалдыбаевичтің киімдерін алып беріп жатып, оған). Енді тездетіп жоғалыңыз. Мә, мыналарды қолтығыңызға қысып алыңыз, сыртқа шыққан соң-ақ киінерсіз…

Тимур Қалдыбаевич сыртқы киімдерін қолтығына қысқан күйі тәлтіректеп, сыртқы есікке қарай беттейді.

А қ м а р а л. Болыңыз, болыңыз енді…

Есіктің тұтқасына қолын соза бергенде, Қайсар оны есіктің көзінде соңғы рет тоқтатады.

Қ а й с а р (доцентпен бетпе-бет келіп). Сен ертең біреулерге бірдеңелерді көңірсітіп жүрме, білдің бе?! Ал көңірсітсең бар ғой, айтпады деме – ана қазақтың ақ бас сиырларын костромалықтармен будандастыратын лабораторияның ішіндегі колбалардың түбіне кіріп кетесің де, аяғыңнан сүйреп шығарып, өз қолыммен бауыздаймын!… Сен мұны жай қоқан-лоқы деп түсінбе!… Мен сенің тіліңмен айтқанда, «афганецпын», қазақша айтқанда, ауған соғысына қатысушымын. Ұқтың ба?!
Т и м у р Қ а л д ы б а е в и ч (басын изеп). Інішек, ұқтым-м…
А қ м а р а л (бір қолымен Қайсарды қапсыра құшақтап, екінші қолымен Тимур Қалдыбаевичке есік ашып жатып «ауғандық» жігітке). Ұқты-ұқты, қойшы енді. Айтып тұр ғой. (Сонан соң есіктен шығып бара жатқан доцентке) Қайсар шынын айтып тұр, ауған соғысына қатысқан… Бұның сондықтан қаны бұзық, байқаңыз…

Тимур Қалдыбаевич кетеді. Ол кетісімен Ақмарал қонақ бөлмеге жүгіріп кіреді де, есікті тарс жауып, бір қолымен ішін басып, диванның үстіне бүктетіліп құлай кетеді. Коридорда қалған Қайсарға оның ауырсына ыңыранған даусы жетеді.

А қ м а р а л (қонақ бөлмеден). Ой, Алла-ай!… Жаным-ай!…

Қайсар оның ауырсынған үніне сәл-пәл құлақ салып тұрады да, есікті ашып, бөлмеге кіреді. Сәл-пәл әлденеге таңырқаған пішінмен диванның үстінде сегіздік секілді бүктетіліп жатқан Ақмаралдың жанына келеді.

Қ а й с а р. Саған не болған?
А қ м а р а л (алқынып). Өй, жаным-ай-й! (Қайсарға қолымен ымдап, ішін көрсетіп) Іші-м…
Қ а й с а р (таңданып). Ішім?..
А қ м а р а л (ауысына ыңырсып). Иә-ә.
Қ а й с а р. Онда қазір дәрі іздейін…
А қ м а р а л (басын шайқап). Керегі жоқ…
Қ а й с а р. Неге?!
А қ м а р а л (зорлана жымиып). Қалай түсінбейсің?…Мана айтқан жоқ па едім – екіқабатпын деп…
Қ а й с а р. Оу, оған ерте емес пе? Жеті жарым ай болды дегенің қайда?
А қ м а р а л (ыңқылдап). Сірә, мана мені солдаттар ұрғанда бұл да шошыды-ау деймін. Бұ жолы айым – күнім жетпей, шала босанатын шығармын. Бұл – менің екіншім ғой. Үлкеніміз ауылда… Кемпір-шалдың қолында. Түу, Қайсар, жаңа кісіні жаман шошыттың ғой… Мен анау өліп қалған шығар деп, зәрем ұшты.
Қ а й с а р (кінәлі үнмен). Ақмарал, мен сенің екіқабат екеніңді ұмытып кетіппін, кешір…
А қ м а р а л (анаға тән мейірлі үнмен). Қайсар, бері келші… маған таман… Еңкей…

Қайсар Ақмаралға қарай еңкейеді. Ақмарал жігіттің бетінен бір сүйеді де, оған қарап зорлана жымияды.

Қайсар, сен нағыз ер жігітсің!… Шіркін менің күйеуім де сендей болса ғой. Ал енді сен… ана… асүй жаққа бар…
Қ а й с а р. Сен жалғыз өзің… Қиналасың ғой…
А қ м а р а л (ауырсына ыңқылдап). Бір жөні болар. Әйтеуір бірінші рет босануым емес қой.
Қ а й с а р (бөлмеден қипақтап шыға қоймай). Сонда да…
А қ м а р а л. Бар дедім ғой енді… Мен қазір… былай… аяқ астынан нетіп қалсам, қайтесің… Ұялмайсың ба?! Бар-р…
Қ а й с а р. Жарайт, ондай болса…

А қ м а р а л (Қайсардың жанына жетіп барып, жалма-жан оның құлағына сыбырлап).Ойбай, қой, милиция шақырамыз деп, өз басымызға өзіміз бәле тілеп алармыз! Мас адам ғой, бірдеңе қылып алдап-сулап шығарып салайық та. Қойшы енді… Өтінем, ашуыңды басшы…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (тілі күрметіліп). Маржанка!.. То есть, қарындас.. Су бар ма, су… Ән салам деп, тамағым құрғап қалыпты. Маған мұз-з-да-ай су… Басқа ештеңенің керегі жоқ.

Ол тәлтіректей басып, асүйдегі үстел басындағы орындықтардың біріне отыра кетеді. Үстел үстінде әлі жиылып үлгермеген кешкі шайдың жабдықтары: көкөнім салаты, жеиіс тоспалары салынған шыны ыдыстар, нан себеті, туралған колбаса, кесе-шәйнек, тағы басқалар. Ақмарал дереу бір кесеге мұздай су құйып, беймезгіл қонаққа ұсынады.

А қ м а р а л. Мінекейіңіз…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (кесе толы суды өндіршегі бүлкілдей бір-ақ сіміріп). Уһ!.. Жаным жаңа жай тапты, ғой! Рахмет, қарындас-с… Өзің бір тәуір бала екенсің. Ал ана жігіт… (Сұқ саусағымен Қайсарды нұсқап, басын шайқайды.) Что-то он мне не нравится. Милиция шақыртам дейді-әй!.. Ал шақырт!.. Байқа, бала, Тимур Қалдыбаевич сен ойлағандай анау-аынау шәләй-бәләй емес. Понимаешь, до-о-о-цент-т!.. Кандидат биологических наук!.. (Ақмаралға бұрылып). Қарындас, білесің бе сен, Алик менің жан досым ғой».. Иә, рас, оның шын аты – Әлібай. Ха-ха-ах… Әлі-і-ба-ай!.. Бұ қазақтар әлдеріне қарамай шеттерінен бай болғысы кетет еще. Әлібай-Әлібай! Какая дикость!.. Эх, Алик-Алик, где ты пропадаешь?.. Ничего не понимаю, ей Богу…

Есіктің қоңырауы дың ете түседі де, ізінше ішке Мария Петровна кіреді. Сол бұрынғысынша маңдайын ақ орамалмен таңып тастаған.

М а р и я  П е т р о в н а. Ал осыдан кейін қазақтарды қонақжай емес деп көр – сағат болса, түнгі он бір жарым, ал бұлар әлі есіктерін де кілттемепті.
А қ м а р а л. Ұмытып кетіппіз. (Қайсарға бұрылып). Баған мен сен кілттеген екен десем…
М а р и я  П е т р о в н а. Әне, бұлар өсітіп бір-біріне сеніп жүре береді осылай. Қаңғырған біреулер кіріп кетсе қайтесіңдер? Жарайт. Ал қожайындар қайда кеткен?
А қ м а р а л. Ол кісілер мана баласының… Болаттың үйіне кіріп шыққалы кеткен. Қазір келеді.
М а р и я  П е т р о в н а. Жайшылық па әйтеуір?!
А қ м а р а л (абдыраңқырап). Жай… Өздерінің бір шаруаларымен…
Асүйден теңселе басып, Тимур Қалдыбаевич шығады.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаға). О-о, Маржанка-а!..
М а р и я  П е т р о в н а (иығын қиқаң еткізіп). Қайдағы Маржанка!..
А қ м а р а л. Бұ кісі әйелдердің бәрін Маржан деп ойлайтын болу керек. Өзінің әдеті.
М а р и я  П е т р о в н а (күліп). Иә, еркектердің кейде бізді өсітіп бір-бірімізбен шытыстырып алатын кездері болады.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Маржан-ка-а!.. Сен манадан бері қайда кеттің-әй?.. (Мария Птеровнаның топ-толық білегінен ұстап, асүйге қарай икемдейді). Пардон мадам! Прошу!..
М а р и я  П е т р о в н а (Ақмаралға күлімсірей бұрылып). Байқаймын, жаңа қонақ көңілсіз адаи емес сияқты. Әрине, енді швқырған соң, бару керек.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаның топ-толық білегінен ұстаған күйі орындыққа отырып жатып). Маржанка, Маржанка дейім. Сен манадан бері…
М а р и я  П е т р о в н а. Қайдағы Маржан?! Мен сізді қалжыңдап тұрған шығар десем, мен Мария Петровнамын!..
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (көзін бақшитып, Мария Петровнаға мұқият зер салып).Әй, шыныда, Маржан емес-әй… Кешіріңіз, қалай-қалай…
М а р и я  П е т р о в н а. Ма-а-ри-ия Пе-етров-на!..
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Мария Петровна… Мария… Кешіріңіз, шыныда да, бүгін біраз… былай…
М а р и я  П е т р о в н а. Оқасы жоқ. Кімнің басында болмайтын жай. Кейде қыдыру да, көңілдену де керек.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (риза болғаннан орнынан атып тұрып). О-о-о!.. Міне, түсінетін кісі!.. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, сондықтан да оны кейін өкінбестей етіп өткізу керек». Маржанка… То есть, кешіріңіз-з, Мария Петровна, осылай деп кім айтқан, а, айтыңызшы?!
М а р и я  П е т р о в н а. Меніңше, Николай Островский болу керек.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. О-о-о! Айтып отырмын ғой – түсінетін кісі деп. Менің манадан бері іздеп жүргенім осындай кісілер ғой. Да, ну, к черту этого Алика!.. Кешіріңіз, Мария, бұл сізге емес…  Айтпақшы, басыңызды не ғып таңып алғансыз, жараланып қалғансыз ба?..
М а р и я  П е т р о в н а. Жо-жрқ. Түстен кейіннен бері, басым солқылдап сынып барады. Осы үйден енді жатқан-тұрған анальгин табылмас па екен деп, сұрай келіп едім. (Ақмаралға мойнын созып). Қызым, тілеуіңді берсін, анальгин бар ма екен жатқан-тұрған, қарай қойшы, а… Табылса, кетейін. Мен сол үшін ғана келгем.
А қ м а р а л. Қазір-р…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаға). Түһ, Сіз де қызық екенсіз. При чем тут анальгин?! Бас аурудың бірден-бір дәрісі – мынау ғой!..

Ол костюмнің қойын қалтасынан аузы бұрандалы, төртбұрышты шетелдік ықшам шишаны суырып алады да, оның ішіндегі арақты лықылдатып алдында тұрған екі кесеге құяды.

Мінекейіңіз!.. Таңданбай-ақ қойыңыз. (Шишаны көрсетіп) Это мой – ДП. Дополнительный паек дегенім ғой. (Екі алақанын бір-біріне шабыттана ысқылап). Ал, қане!..
М а р и я  П е т р о в н а (басын шайқап). Мені одан сайын ауырсын дегеніңіз бе…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Қымбаттым!.. Мария Петровна. Мен ғылым кандидатымын. Білмесем айтып нем бар, дүние жүзіндегі дәрінің атасы – осы! Нанбасаңыз, медиктерден сұрап көріңізші, не дер екен. Дәрі атаулының бәрі осыдан, спирттен жасалады.
М а р и я  П е т р о в н а (манағыдай емес, босаңсып). Қойыңызшы…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (өзеуреп). Қоятын түгі жоқ. Кәне, таныстық үшін…

Арақ құйылған кесенің біреуін қағып салады.

М а р и я  П е т р о в н а. Менің осыған онша зауқым соқпай тұрғаны. Жарайт, сіздің көңіліңіз үшін…

Мария Птеровна мұрнын тыржитыңқырап, екінші кесені төңкереді. Тимур Қалдыбаевич бәйек болып, оған салаттан шанышқымен бір түйреп, басытқы ұсынады.

У-х!.. (Шанышқыны алып жатып). Рахмет!..
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Ничего-ничего!.. Қазір бес минуттан кейін көзіңіз шырадай жанып шыға келмесе, маған келіңіз.
М а р и я  П е т р о в н а. Айтпақшы, Сіз өзіңізді таныстырмадыңыз да ғой.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (маңаздана қалып). Тимур Қа-л-ды-баевич-ч… Доцент Алматинского зооветеринарного института!.. Так что, сіз мені көшедегі шәлей-бәлейлердің бірі екен деп қалмаңыз.
М а р и я  П е т р о в н а. Қойыңызшы!.. Мен сіздің зиялы адам екеніңізді бір көргенде-ақ байқағам.

Тимур Қалдыбаевич орнынан теңселе түрегеледі де, бір қолымен Мария Петровнаның ту жауырынынан құшкқтап, оның бетінен жабыса екі-үш рет қайтара сүйеді.

Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Осындай адамдардан айналып кетпейсің бе, ішіндегіні айтқызбай ұғатын. (Алдындағы салатан шанышқымен көсіп-көсіп, бір-екі қарбыта асайды. Сонан- соң салат салынған тарелканы Мария Петровнаның алдына қарай ысырып, екі ұрты қомпаңдап) Ал… Алың-ы-ыз-з, қымбатты Мария… Ауыз тиіңізші енді тым болмаса… Жалпы, мен өзіңіз секілді блондинкаларды ұнатам. Мнің әйелім – полячка. Ол да блондинка. Айта кетуім керек, мен өзім… жалпы… жаратылысымнан интер-нац-иноалист-т жанмын. Жаратылысым сондай!.. Ұлтшылдар мен… әлгі кім еді… Иә-иә… империалистерді иттің етінен жек көрем-м!.Я коммуни-и-ст-т со стажем!.. Партияға жиырма бір жасымда өткем. (Сұқ сайсағын шошайтып) Жиырма бір-і-ір жаста!.. Так что, біздермен, коммунистермен ойнауға болмайды!.. Қажет болса. Біз әлгі жолымызға кесе-көлденең тұрып көрсін! Табамыз біз оларды құртым жіберудің айласын!.. (Костюмнің ішкі қалтасынан бір қызыл книжканы суырып алып) Нанбасаңыз, міне партбилет!.. Партбилетпен ойнап көрсін олар!.. Әлгі ұлтшылдар мен… кім еді… империалистерді, экстремистерді айтам. (Партбилетті қайтадан орнына салып жатып) Мен мұны жанымнан өлсем де тастамаймын. Түмінесіз бе, өлсем де… Бәрібір партбилет аман қалуы керек!.. Ал, кәне, Мария, алып жіберелік… Денсаулық үшін…
М а р и я  П е т р о в н а. Жиілеп кеткен жоқ па…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Ничего-ничего!..
М а р и я  П е т р о в н а (қылымсып). Жарайды, болмадыңыз ғой… Кесені босатады.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Міне-міне!.. Мен мұндайды түсінем. Мария Петровна, мен бүгін банкеттен шыққам. Менің досым Алик кандидаттық диссертация қорғады. Эх, Алик, Ал-и-и-к-к-к!..

Асүйдегі бұлардың жанына Ақмарал келеді.

А қ м а р а л (Мария Петровнаға). Таптым. Мінекейіңіз…
М а р и я  П е т р о в н а. Анальгин бе? Түу, жақсы болды ғой. Рахмет.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаның дәріні алуына қарсылық білдіріп).Мария, керегі жоқ дейім… Айттым ғой, түкке қажеті жоқ деп (саусағымен шишаның ішін көрсетіп) Сіз маған сеніңізші: дәрінің атасы – мынау!.. Остальное все чепуха!.. Ей Богу, ничего не могу понять – при чем тут анальгин?! Ерунда какая-то…
М а р и я  П е т р о в н а (дәріні халатының қалтасына салып жатып). Дегенмен бір керегі болар.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (жуасыған үнмен). Мейлі, өзіңіз біліңіз. Менікі жай. Өзіңіз…

Шишаны қолына алып, екі кесеге арақтан қайта құя бастайды.

Ал, кәне, Мария Петровна… Алып жіберейік.
М а р и я  П е т р о в н а (иегімен қонақ бөлме жақты нұсқап). Айтпақшы, біз мына ортақ дәмге жастарды шақырмадық қой.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (қолын көңілсіздеу бір сілтеп). Әй, қойш-ш, соларды! Өздері шіп-шикі бірдеңелер… Эх, Мария Петровна, Мария!.. Алтын адамсың ғой сен, алтын-н… Ал, кәне, кеттік!..

Екеуі тағы да алып жібереді.

Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Қолын Мария Петровнаның иығына салып, өзінің орындығын оған қарай жақындата түсіп). Мария, ән салып жіберейікші, а… Білесің бе, мен студент кезімде институттың сводный хорына қатысқам…
М а р и я  П е т р о в н а. Онда тыңдап көрелік үніңізді.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Жоқ, сіздің де қосылуыңыз керек. Мен вокалист емеспін. Мен тек хормен ғана айтам.
М а р и я  П е т р о в н а (күліп). Жарайт-жарайт, ондай болса…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Кәне, онда… Кеттік!..

Екеуі әндете жөнеледі.

«Широка страна моя родная,
Много в ней лесов, полей и рек.
Я другой такой страны не знаю
Где так вольно дышит человек…»
М а р и я  П е т р о в н а.  Шынында да даусыңыз ғажап. Сондай бір… Қалай айтсам екен… Иә-иә, сондай бір жанға жайлы, астарлы сырға толы дауыс…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Міне-міне!.. Осындай түсінігі мол адамдардан айналмайсың ба!..

Орнынан ұшып тұрып, тағыда Мария Петровнаға жабыса қалады. Бұл жолы оның тамағынан сүйеді.

М а р и я  П е т р о в н а. Қойыңызшы, сіз тіпті тереңдетіп бара жатырсыз ғой.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (екі қолын көтеріп). Қойдым-қойдым!.. Я пас, дорогая.
М а р и я  П е т р о в н а (алдындағы көкөніс салатына шынышқысын сала беріп).Айтпақшы, сіз кандидаттығыңызды қандай тақырыптан қорғап едіңіз. Егер құпия болмаса…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (қайтадан көңілденіп). Түк құпиясы жоқ. О-о, біле білсеңіз, бұл бір қызықты тақырып!.. Менің тақырыбым қазақтың ақ бас сиырларын костромалық әріптестеріммен будандастыру хақында болатын.
М а р и я  П е т р о в н а. Аха-ха!.. Ха-ха!.. Қойыңызшы!.. Шыныңыз ба бұл?..
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Мария Петровна, сіз мені өйтіп ренжітпеңіз…
М а р и я  П е т р о в н а. Кешіріңіз. Сізді ренжітіп маған не болыпты.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Онда – әңгіме басқа. Кезінде менің диссертациямды ғылыми совет единогласно қолдаған. Понимаете, единогласно!… Бұл ғылыми өмірде өте сирек кететін жағдай. Әрине, кертартпа ұлтшылдар да болмай қалған жоқ. «Бәрібір мұндай буданнан пайда болған мал Қазақстанның континенталды климаттық жағдайына үйренбейді, әр тұқымның өзінің табиғи бейімделген географиялық қонысы, ландшафы болады, бұл – жаратылыстың ғасырлар бойы қалыптасқан заңына жасалған қиянат» деп те соқты бір білгіштер. Бірақ ғылыми советтің мүшелері олардың ауыздарын аштырмай тастады. Мен единогласно қорғап шықтым.
М а р и я  П е т р о в н а. Браво-браво!… Айтпақшы, ұлтшылдық демекші, бүткіл Алматы қазақ жастары Брежнев алаңына жиналып алып, ұлтшылдық, экстремистік ұрандар көтеріп, көтеріліс ашқалы жатыр деп шулап жүр ғой кешеден бері, одан не хабарыңыз бар?
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (өрекпіп). тамағы тойған соң құтырады өңшең сілімтіктер!… Совет үкіметінің, Компартияның арқасында осындай жетістіктерге жеткендерімен жұмыстары жоқ. Кеше кім еді олар, ал, бүгін кім – жан-жақтарына қараулары керек қой. Арттарында арандатушылары бар!… Мен білем!… Маған билік берсе, баяғы Сталиннің кезіндегідей шеттерінен түрмеде шірітер едім, шеттерінен!… Білсін үкімет пен партияның саясатына қарсы шығудың қандай болатынын!…
М а р и я  П е т р о в н а. Қойыңызшы, бұныңыз тым қаталдық қой.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Қоятын ештеңесі жоқІ Қазақта «Айуанға намаз үйреткен – таяқ» деген мақал бар. Бұ секілді жабайыларды солайша тәрбиелемесең, басқасын түсінбейді. Так что…

Кенет терезенің алдынан тағы да біреулерді қуып келе жатқан жазалаушы отряд солдаттарының аяқ дүсірі естіледі. Көшеден: «Апа!… Апажан!… бауыларым-ау, құтқартсаңдаршы, мыналардан! Құртты ғой Бә-рі міз-з-ді!», деп құлындағы даусы шығып щырқыраған қыз баланың үні түн тыныштығын тіліп өтеді. Овчаркалардың абалап үргені, біреулердің жанталаса ысқырған ащы ысқырықтары, солдат етіктерінің дүсірі бірте-бірте ұзай береді.

Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Ә, бәлем, жандарың қысылды ма?!
М а р и я  П е т р о в н а (оны онша қоштай қоймай). Қойыңызшы, сіз де… (Орнынан ауырлау тұрып, сыртқы есікке қарай беттейді). Жарайт, сау болыңыз. Мен кеттім.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Мария Петровнаның ту сыртынан аңтарылып). Мария Птровна…  Мария… Тым болмаса бірер минут аялдай тұрыңызшы. Мен әлі әңгімемді аяқтағам жоқ… Артында онан да гөрі қызықтары бар.
М а р и я  П е т р о в н а (бұрылмастан). Кейінге де бірдеңелер қалсын да. Жақсы енді… Ендігіміз артықтау болар.
Кетеді.

Тимур Қалдыбаевич тәлтіректей басып, оның соңынан біраз ере түсіп, алакөлеңке коридордың қақ ортасына жете бере мәңгіріп тұрып қалады.

Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (әлсіздеу, жалыншты дауыспен). Мар-ри-ия-я Пет-ров-на-а!

Дәл осы кезде қонақ бөлмеден Қайсар шыға келіп, доценттің алқымынан ала кетеді. Оның түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен.

Қ а й с а р (Тимур Қалдыбаевичке тістеніп). Жауыз! Нағыз жау-у-ыз екен-сің-ң ғой!… Мен сені қазір өлтірем!… Сілімтік алаңға шыққан жастар емес, мына сенің өзің!… Өзі-ің-ң! Өзі-ің-ң!
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (шамасының келгенінше қарсыласып). Әй-й, жын-ды-мы-сың-ң?! Мен не қыл-дым-м.. сағ-а-ан-н?…
Қ а й с а р (одан сайын оны қылғындыра түсіп). Не қылғанды көрсетем қаз-з-ір-р!… Сатқын!… Бүткіл ғасырлар бойғы қазақ халқының аққан көз жасы сендей сатқындардың мойнында, білдің бе?! Бізді құртқан жоңғар да, қытай да, орыс та емес – мына сендерсіңдер!… Егер қазақ халқы шын мәнінде келер күнін ойлайтын болса, ең алдымен мына сендерден құтылулары керек. Сендер тұрғанда бізге келешек те, бақ та, бақыт та жоқ!… Сондықтан да мен сенің қазір қаныңды ішем-м!…

Қайсар Тимур Қалдыбаевичті қабырғаға сыға түседі.

Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (қырылдап). Жі-іб-бер-р!
А қ м а р а л (шыңғыра айқайлап, Қайсарға ұмтылады). Қа-ай-са-ар-р!… Тоқта-ат-т дей-ім-м!… Тоқташы!…
Қ а й с а р (ызаланып). Былай кет-т!
А қ м а р а л. Бұны өлтірсең екеуіміз де құримыз! Не-еғып-п түсінбейсің соны?!
Қ а й с а р. Мейлі!… Өзім өлтірем – өзім жауап берем! Сенің жұмысың болмасын!…
А қ м а р а л (еңіз-теңіз болып). Қайса-ар-р, жаным-м… өлтіре көрмеші!… Жалынам!… Тым болмаса мына менің ішімдегі жеті жарым айлық нәрестені куә қылмашы ондай сұмдыққа!… Қа-ай-сар-р!
Қ а й с а р. Әне!… Сендердің бәріңнің өсітіп сатқындарға жандарың ашып шыға келеді. Ал бұлар бізді ешқашан аяп көрген жоқ. Өйткені бұларда жүрек жоқ, тойымсыз өңеш пен қарын ғана бар!… Жаңа естіген жоқсың ба өз құлағыңмен Марияға не айтқанын!?… Бұлар бізді бүгін ғана сатумен шектелмейді, реті келсе, ертең де, арғы күні де, тіпті жүз жылдан кейін де сата береді. Бұлар тұрғанда, қарапайым халықтың басынан соры арылмағаны – арылмағаны!… Сендер осыны қашан түсінесіңдер!?
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (үні әзер шығып). Кеші-і-ірр!
А қ м а р а л. Құдай-ай, кешірім сұрап жатыр ғой сенен, жіберші енді…
Қ а й с а р (тістеніп). Осының айтқанына сеніп тұрсың ба?! Сен де бір-р… Бұларда ант деген болушы ма еді? Қазір есіктің алдына шығысымен бәрін ұмытады.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Іні-ш-шек-к… ұмыт-па-йы-м… Өллә-біл-л лә.
Қ а й с а р. Жоқ, сен ұмытасың-ң! Қане, айт жаныңның барында, – осы кезге дейін қанша қазақты саттың?! Білем мен: сату мен сатылу – сендердің ата кәсіптерің!… Сендер секілділер сатпаған қазақтың қандай қасиеті қалды?!… Уақыт пен заманның атын жамылып, тілін де, дінін де, ар-ожданын да – бәріе де сатып бітуге таядыңдар!… Және қит етсе, біз қайтейік, ол кезде заман солай еді ғой, білмей қалыппыз деп мүләйімсисіңдер! Енді, міне, бүгін де сол баяғы тойымсыз өңештерің мен жанға жайлы жұмсақ креслоларың үшін ел намысын қорғап алаңға шыққан ұл-қыздарыңды да сатып жібермексіңдер!… Бұл өздеріңнің болашақтарыңды сату екенін түсінемісіңдер өздерің?!
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (өлімсіреп). Түс-с…
А қ м а р а л. Қайсар-р, өлтір-дің-ң! өллә-біллә деп антын берді ғой жаңа!

Қайсар міз бақпайды.

Егер сен осыны өлтірсең, ең алдымен біз қысылғанда қанатының астына алған Баймырза ағаны құртамыз!… (Ақмарал бар күшімен жан ұшырып Қайсарды жұлқылай бастайды) Естимі-сі-ің?! Түсінесің бе өзің, Бай-мыр-зза ағамды құтасың!…
Қ а й с а р (өзіне-өзі келгендей болып). Баймырза ағамды?!
А қ м а р а л (Аппақ тістерін Қайсардың доценттің алқымындағы қарулы қолына салып). Иә-иә-иә-ә! Қайсар доценттің алқымын босатып жібереді. Ол жерге  жансыз кісіше сылқ етіп, сұлап түседі.
А қ м а р а л (еңіз-теңіз жылап қоя береді). Ақыры құр-т-тың-ң!.. Мынау уже-е… (Ықылық атып) Өліп қалды-ы…
Қ а й с а р (самарқау). Қорықпа. Мұндайлар ит жанды келеді. Қазір тірілет…
А қ м а р а л (қимылсыз жатқан доценттің бетіне үңіліп). Тіріл-лме-йт-т.
Қ а й с а р. Тірілет. Тірілет… Бетіне мұздай су бүрік…

Ақмарал жанұшырып асханаға жүгіріп барып, ол жақтан бір кесе мұздай су алып шығады да, жаутаңдап Қайсарға қарайды.

Қ а й с а р (кеседегі суды көрсетіп). Қорықпа , шашып жібер бетіне…

Ақмарал доценттің бетіне бір кесе мұздай суды ақтара салады. Бес-алты секундтай уақыт өткенде Тимур Қалдыбаевич әуелі көзін ашып, шамалы жатады да, сонан соң бір қолымен еденді таянып, орнынан сүйретіліп тұра бастайды.

А қ м а р а л (жыламсырап). Құдай-ай, тірілді-ау, әйтеуір-р…
Қ а й с а р (доцентке). Енді көзіңді жоғалт. (Сонан соң оған жақындай түсіп) Бірақ кетеріңнің алдында бір сауалға жауап бер, сілімтік кім – сен бе, әлде ана алаңға шққан жастар ма?…
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (ықылық атып). Ме-е-ен!…
А қ м а р а л (киімілгіштен Тимур Қалдыбаевичтің киімдерін алып беріп жатып, оған).Енді тездетіп жоғалыңыз. Мә, мыналарды қолтығыңызға қысып алыңыз, сыртқа шыққан соң-ақ киінерсіз…

Тимур Қалдыбаевич сыртқы киімдерін қолтығына қысқан күйі тәлтіректеп, сыртқы есікке қарай беттейді.

А қ м а р а л. Болыңыз, болыңыз енді…

Есіктің тұтқасына қолын соза бергенде, Қайсар оны есіктің көзінде соңғы рет тоқтатады.

Қ а й с а р (доцентпен бетпе-бет келіп). Сен ертең біреулерге бірдеңелерді көңірсітіп жүрме, білдің бе?! Ал көңірсітсең бар ғой, айтпады деме – ана қазақтың ақ бас сиырларын костромалықтармен будандастыратын лабораторияның ішіндегі колбалардың түбіне кіріп кетесің де, аяғыңнан сүйреп шығарып, өз қолыммен бауыздаймын!… Сен мұны жай қоқан-лоқы деп түсінбе!… Мен сенің тіліңмен айтқанда, «афганецпын», қазақша айтқанда, ауған соғысына қатысушымын. Ұқтың ба?!
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (басын изеп). Інішек, ұқтым-м…
А қ м а р а л (бір қолымен Қайсарды қапсыра құшақтап, екінші қолымен Тимур Қалдыбаевичке есік ашып жатып «ауғандық» жігітке). Ұқты-ұқты, қойшы енді. Айтып тұр ғой. (Сонан соң есіктен шығып бара жатқан доцентке) Қайсар шынын айтып тұр, ауған соғысына қатысқан… Бұның сондықтан қаны бұзық, байқаңыз…

Тимур Қалдыбаевич кетеді. Ол кетісімен Ақмарал қонақ бөлмеге жүгіріп кіреді де, есікті тарс жауып, бір қолымен ішін басып, диванның үстіне бүктетіліп құлай кетеді. Коридорда қалған Қайсарға оның ауырсына ыңыранған даусы жетеді.

А қ м а р а л (қонақ бөлмеден). Ой, Алла-ай!… Жаным-ай!…

Қайсар оның ауырсынған үніне сәл-пәл құлақ салып тұрады да, есікті ашып, бөлмеге кіреді. Сәл-пәл әлденеге таңырқаған пішінмен диванның үстінде сегіздік секілді бүктетіліп жатқан Ақмаралдың жанына келеді.

Қ а й с а р. Саған не болған?
А қ м а р а л (алқынып). Өй, жаным-ай-й! (Қайсарға қолымен ымдап, ішін көрсетіп) Іші-м…
Қ а й с а р (таңданып). Ішім?..
А қ м а р а л (ауысына ыңырсып). Иә-ә.
Қ а й с а р. Онда қазір дәрі іздейін…
А қ м а р а л (басын шайқап). Керегі жоқ…
Қ а й с а р. Неге?!
А қ м а р а л (зорлана жымиып). Қалай түсінбейсің?…Мана айтқан жоқ па едім – екіқабатпын деп…
Қ а й с а р. Оу, оған ерте емес пе? Жеті жарым ай болды дегенің қайда?
А қ м а р а л (ыңқылдап). Сірә, мана мені солдаттар ұрғанда бұл да шошыды-ау деймін. Бұ жолы айым – күнім жетпей, шала босанатын шығармын. Бұл – менің екіншім ғой. Үлкеніміз ауылда… Кемпір-шалдың қолында. Түу, Қайсар, жаңа кісіні жаман шошыттың ғой… Мен анау өліп қалған шығар деп, зәрем ұшты.
Қ а й с а р (кінәлі үнмен). Ақмарал, мен сенің екіқабат екеніңді ұмытып кетіппін, кешір…
А қ м а р а л (анаға тән мейірлі үнмен). Қайсар, бері келші… маған таман… Еңкей…

Қайсар Ақмаралға қарай еңкейеді. Ақмарал жігіттің бетінен бір сүйеді де, оған қарап зорлана жымияды.

Қайсар, сен нағыз ер жігітсің!… Шіркін менің күйеуім де сендей болса ғой. Ал енді сен… ана… асүй жаққа бар…
Қ а й с а р. Сен жалғыз өзің… Қиналасың ғой…
А қ м а р а л (ауырсына ыңқылдап). Бір жөні болар. Әйтеуір бірінші рет босануым емес қой.
Қ а й с а р (бөлмеден қипақтап шыға қоймай). Сонда да…
А қ м а р а л. Бар дедім ғой енді… Мен қазір… былай… аяқ астынан нетіп қалсам, қайтесің… Ұялмайсың ба?! Бар-р…
Қ а й с а р. Жарайт, ондай болса…

Қайсар бөлменің есігін жауып, коридорға шығады да, олай-бұлай бөлмені мақсатсыз кезіп кетеді. Пауза. Арада бірер минуттай уақыт өтеді. Шыдамы таусылған Қайсар қонақ бөлмесінің есігінің сыртынан тың тыңдайды. Іштен Ақмаралдың ауырсына ыңырсыған үні естіледі.

Қ а й с а р (есіктің сыртынан дауыстап). Ақмара-ал, а Ақмарал!…Роддомнан дәрігер шақырсам қайтеді? Телефонмен…
А қ м а р а л (бөлмеден). Керегі жоқ…
Қ а й с а р. Неге?
А қ м а р а л. Манағы жендеттер ұстап алып… мені түрмеге қамалсын дегенің бе?
Қ а й с а р. Не үшін?…
А қ м а р а л. Демонстрацияға қатысқаным үшін.
Қ а й с а р. Оны олар қайдан біледі? Дәрігерлерді айтам…
А қ м а р а л. Мен кеше естігем… Қазір барлық ауруханаларда КГБ мен прокуратураның өкілдері жүрген көрінеді дейді тексеріп. Сен білмейсің ғой. Менің бүткіл денем – көк ала торғайдай…

Қайсар тағы да алакөлеңке коридорды мақсатсыз кезіп, олай-бұлай сенделіп жүріп кетеді. Ауық-ауық бөлмеден Ақмаралдың ауырсына ыңырсыған үні келеді. Арада тағы екі-үш минуттайуақыт өткенде сыртқы есіктің қоңырауы шылдырайды. Қайсар қуанғаннан жалма-жан жүгіріп барып, есікті ашады. Ішке Баймырза мен Талшын енеді.

Т а л ш ы н. Амансыңдар ма, қарақтарым?… Уһ, біз де жеттік әйтеуір.

Сыртқы киімдерін шеше бастайды.

Қ а й с а р. Өздеріңіздер де амансызар ма… Маратты таптыңыздар ма?
Б а й ы р з а. Таптық қой. Жаман немені әйтеуір алдап-сулап әзер көндірдік.
Т а л ш ы н. Тұқымына тартпасын ба, қырсықтығы – тура мына шалдың тап өзі.
Б а й м ы р з а. Жә, болды, енді, балалардың көзінше…
Т а л ш ы н. Мына күн де бүгін құтырып кеткен екен. Көшеде аяз жаланып тұр. Уф-ф!… Үсіп қалдым ғой, жүдә…
Б а й м ы р з а. Оның рас. Алматыда, жалпы, қыс бүйтіп ерте түспейтін. Дегенмен желтоқсан деген де бір ызғарлы ай ғой. (Қайсарға) Айтпақшы, әлгі Ақмарал балам қайда?…
Қ а й с а р (күмілжіңкіреп, иегінің ұшымен зал бөлмесін құпиялай нұсқап). Анда… Кешіріңіздер, ол нетіп… қиналып жатыр.
Т а л ш ы н (ернін сылп еткізіп). Нетіп?!… Неткен деген неменесі еді, жаным-ау?
Қ а й с а р (ақыры шындықты айтуға бел буып). Ол толғатып жатыр…
Т а л ш ы н. Ойбай, бетім-м!.. Мына бала не дейд тағы?! Толғағы несі?..
Қ а й с а р (батылданып). Апа, мен шын айтып тұрмын.
Т а л ш ы н. Ойбай-ау, о бала екіқабат па еді? Мана осы сыптай еді ғой.
Б а й м ы р з а. Түһ, мына кемпірдің мылжыңын-ай. Енді осы Қайсаржан сенен алдап бірдеңе алғалы тұр деп пе едің. (Иегімен қонақ бөлмесін нұсқап) Одан да барып… былай… көмектессеңші.

Бөлмеден Ақмаралдың «Мама!..» деп, шыңғырып қалған үрейлі, оқыс үні естіледі де, артынша тым-тырыс тына қалады.

Т а л ш ы н (абыр-сабыр болып). Ойбай, бетім-ау, мынау шынымен-ақ толғатып жатыр ғой. Енді қайттім?!

Бөлмеге еніп кетеді.

Өйбөй, балам-ай… Кәне-кәне, кішкене шыда, жаным… Қазір-қазір… Бәкесі-ау, ана шәугімге жылы су құйып, есіктің алдына әкеп қойыңдар, өзім барып алам. Сонан соң ана легенді де сол жерге… Тездетіңдер!…
Б а й м ы р з а (коридордан). Қазір-қазір…

Баймырза мен Қайсар бірі пластмасса легенді іздеп, бірі шәугімге су құйып, абыр-сабыр болады да қалады бір сәтке. Осы кезде шар ете қалған сәби даусы естіледі.

Т а л ш ы н (бөлмеден). Е, Алла, бере гөр тілегімді!.. Әйтеуір аман босанды-ау бейшара!.. Өй, тырбаңдаған күшік!.. Әй, жаңағы шәугім мен легенді айтқан жерге әкеп қойдыңдар ма?..
Қ а й с а р (коридордан дауыстап). Әкелдік, апа, сол өзіңіздің айтқан жеріңізде тұр.
Т а л ш ы н (бөлмеден). Е-е, онда болды…

Бөлмеден тағы да шырылдай жылаған сәби үні келеді құлаққа.

Қ а й с а р (күліп Баймырзаға). Аға, мына балаңыз шатақ болады-ау деймін. Өзінің даусы зор, ә?!
Б а й м ы р з а. Аллатағаланың бергеніне тәуба дейік, қарағым. Тіпті сол шатақ болса, шатақ болғаны да дұрыс шығар. Осы қазақтың иіс алмас момын болғандағы шыққан биігі қайсы?!..
Қ а й с а р. Осы пікіріңізге мен де қосылам, аға. Әбден қорқа-қорқа қоян болып болдық қой. Біз де тым болмаса адам болып, бір серпілейікші!..
Б а й м ы р з а.  Шынымды айтайын саған, Қайсаржан, – әлгі кемпір жоқ қой қасымызда, – нансаң, кешеден бері менің кеудем недәуір өсіп қалды. Бар екен ғой – сендердей ержүрек ұл-қыздарым! Тек мұнымды жаратқан асылық көрмесін… (Сонан соң Қайсарға сыбырлап) Қайсаржан, енді бір майдан есік алдына таза ауаға шығып келсек қайтеді, а?! (Иегінің ұшымен бөлме жақты ымдап) Кішкене ана жақтағы абыр-сабыр басылғанша…
Қ а й с а р. Жақсы, аға…

Екеуі шығар есікті жаймен ғана сыртынан жауып, көшеге шыға бергенде, подъезден, тап алдарынан Тимур Қалдыбаевич жолығады. Қасында – қызыл жағалы форма киген миллиционер мен жазалаушы отрядтың екі солдаты.

Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч (Қасындағыларға бұйрықты үнмен). Осы! Ұстаңдар!…

Миллиционер мен екі солдат дереу Қайсарға жабыла кетіп, оның қолдарын артына қайырып, басын төмен қарай тұқыртпақ болады.

Б а й м ы р з а. Қап! Апыр-ау, өлтіресіңдер ме, біреудің қарғадай баласын! Байқасаңдаршы!..
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Әй, шал, аузыңды жап! Әйтпесе саған да амал табылады.
Қ а й с а р (Баймырзаға бұрылып). Аға, қайтесіз осыларға сөзіңізді шығын қылып.
Қайғыртпайды қолға кісен салғаны,
Қайғыртпайды абақтыға жапқаны,
Бәрінен де батады екен жаныңа
Өз аулыңның иті келіп қапқаны.
Т и м у р  Қ а л д ы б а е в и ч. Өшір үніңді, сілімтік!.. Абақтының қалай болатынын көресің әлі. Әкетіңдер!..

Қайсарды алып кетеді. Тимур қалдыбаевич те солардың ізіне ереді. Баймырза олардан көз алмаған күйі бір орнында қақшиып қатып қалады.

Т а л ш ы н (бөлмеден дауыстап). Әй, шал-ау, сүйінші!… Мына жылбысқы неме, ұл-ай, ұл!… Не ғып үндемей қалдың? Қартайдың, тоқал алмасам болмас деп, маған қожыраңдағанда жақсы едің, өзіңнің де құлағың нашар еститін болған ба, жазған…

Тағы қысқы көшенің зыңылдап қатып қалған сүр қарын дүбірлетіп, жүгіріп өткен жазалаушы отряд солдаттарының етіктерінің дүсірі, түнгі әуені тіліп өткен ащы ысқырықтар, абыр-сабыр, үзік-үзік алқынған дауыстар, овчаркалардың жанталаса абалай үрген үндері естіледі. Бірте-бірте бұл ызы-қуыт, үрейлі дауыстарды Баймырзаның пәтерінде осыдан санаулы минуттар бұрын ғана дүниеге келген іңгәлаған сәби үні баса береді. Ол осы бір қат-қабат тарихи, саяси оқиғаларға толы қысылтаяң кезге еш мән берместен, өзінің өмірге келгенін мына айдай әлемге жасқанбай жариялап жатыр…
Іләйім, оның алдынан ақ күн туғай!…

Шымылдық

Ақпарат көзі: http://www.oner.kz/theatre/view/1353-seric-asylbeculy-zheltoksan-tuni

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құттықтаймыз!

admin

«Алтын сақа» балалар спектакльдерінің фестивалі басталды

admin

Азамат Сатыбалды: Өнер адамы еркін болуы керек

admin