Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Саха театры – Алматыда

Биыл Якутия кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, қоғам қайраткері Платон Ойунский атындағы Саха академия­лық театрына – 110 жыл.

 «Золотая маска» ұлттық сыйлығының үш дүркін иегері, КСРО және Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тарихи өнер ордасы осы мерейтой қарсаңында бір айға гастрольдік сапарға шыққан болатын. Киелі өнер ордасының керуені Қырғызстан, Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан мен Ресейдің бірқатар ірі қалаларын аралауда.

Мақсат – түркітілдес елдердің театр өнерімен танысу, мәдени тәжірибе алмасу және сол елдермен серіктестікті дамыту. «Саха театрының әпсанасы» атты Еуразия­лық гастрольдік сапар барысында жеті спек­такль сахналанады. Оның екеуі – премьера.
Қазанның 16-18 жұлдызында Біш­кек­тегі қырғыз жазушысы, драматург Тоқто­болат Әбдімомынов атындағы ұлттық академиялық театрында үш бірдей қойы­лымын сахналаған Саха театрының келесі аялдамасы – Алматы қаласы болды. Екі күн бойы Ғабит Мүсірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шынайы өнердің шырайын келтіріп, екі бірдей ұлы спек­такльді сахналаған сахалықтардың өнері тамсандырды. Алғашқы күні 1986 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып, көп­теген театр фестивальдерінің лауреаты атанған «Желанный голубой берег мой» қойылымы қойылды. Қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесінің желісі бойынша сахналанған спектакльді Саха театры өзіндік менталитетіне салып, ерек­шелей алды. Бұған дейін бірқатар түркі­тілдес елдердің, тіпті өзіміздің Акаде­мия­лық балалар мен жасөспірімдер театрын­да қойылып келген ата-баба дәстүрін, ұр­пақтар сабақтастығын сақтауға үндейтін қойылымның бұл жолғы сипаты басқаша еді. Спектакльде Саха театрының көр­кем­дік жетекшісі, Якутия режиссерлік мек­тебінің негізін салушы, КСРО және Ресей Мемлекеттік сыйлығының иегері Андрей Борисовтың қолтаңбасы бар.
21 қазан күні театрға жиылған қауым У.Шекспирдің «Тит Андроник» траге­дия­лық драмасы желісінде «ТИИТ» спектаклін тамашалады. Қоюшы режиссері – Сергей Потапов. «ТИИТ» – Ресейдегі бүкіл тра­гедиялық шығармалардың тарихындағы тұңғыш қойылым. Бұл спектакль хақында театр сыншылары «Мұнда режиссердің Шекспирдің драматургиясына деген тың көзқарасы қалыптасқан. Ол «Тит Андро­никта» аты аңызға айналған кейінгі дра­матургиялық шығармалардың кейіп­кер­лерін – Ромео мен Джульетта, Гамлет, Король Лирді көре алды. Тіпті Таран­ти­ноның қатыгез сюжеттерімен ұқсастық таба білді» деген пікір айтуда.
Құдайдың разылығы үшін адамдарды құрбандыққа шалған бағзы замандарда тайпалардың жақсылық жасаймыз деген ниеті жер бетінің қарғысқа ұшырауына себепкер болады. Сөйтіп, өз араларында қантөгіс басталады. Идеясы – бүгінгі есі­нен адасып, түрлі зорлық-зомбылыққа барып жатқан әлемге ескерту жасау. Яғни, адамның еркінен тыс құрбандыққа баруы, қайғы-қасіретті бастан кешіруі, еңіреген жетім мен жесірдің көз жасы мен қартайған мүгедек кемпір-шалдың қарғысы түбінде жер бетін оңдырмайтыны адам баласын ойландыруы қажет. Театр труппасының таланты мен дауыс диапазонының кеңдігі көрерменді бірден баурап алды. Бұл қойы­лымда Рим империясының қолбасшысы, мемлекеттің негізін қалаушы Тит Андро­никтің рөліндегі Иннокентий Лукоцев пен готтардың ханшайымы Тамораны сом­да­ған Ильяна Павлованың актерлік шебер­лігі сол заматтағы кезеңге қиялымызда сапар шегуге мәжбүр етті.
О баста мыңжылдық тарихы бар мә­дени ошағына Саха театры ұлттық нақыш­тағы қойылымымен келер деп күткенбіз. Балалар мен жасөспірімдер театрына жоспарлаған екі күндік репертуарын көр­геннен кейін көкейде «Ұлттық қойылы­мын неге қоймады?» деген сұрақ туатыны заңды. «ТИИТ» спектаклінің сахналық безендірілуін, оның айналмалы декора­циясын есепке алсақ, Саха театрының же­текшілері Жастар театрында бұл қойы­лымды қою мүмкіндігі болмайтынын ой­ласа керек. Бұл турасында Саха театры­ның директоры Анатолий Николаев «Ұлт­тық қойылым жалпы репертуарда бар. Ол спектакльдерді Астана қаласында сахна­лаймыз» деп атап өтті.
Кеш соңында екі театр жетекшілері бір-біріне алғыс білдірді. Театр ұжымы «Саха театрының әпсанасы» атты Еу­разиялық гастрольдік сапарының «Уруй! Айхал!» деп (аудармасында «Алға! Бір­геміз!» деген мағына береді) ұрандатып қоштасты.
Бұдан әрі қарай елордамыздағы Жас­-тар театрына жол тартты. Аталған өнер ордасында Алексей Кулаковскийдің «Сон шамана» мен Гарсиа Лорканың «Дом Бер­нарды Альбы» атты спектакльдерін қояды. Бішкекте басталып, елордаға табан тіреген сахалықтардың өнер додасы Қазан, Уфа және Мәскеу қалаларында жалғасады. Онда репертуарға сәйкес Н.Лугиновтің «Хуннские повести. Граница» және Б.Брехт­тің «Мамаша Кураж и ее дети» атты қойылымдарының тұсаукесері өтеді.

Анатолий НИКОЛЕВ, Якутияның халық артисі, Саха театрының директоры:
– Жеке өз басымның да, театр ұжымы­ның да Алматыға алғаш келуі. Жыл сайын көктемде театр артистері үш топқа бөлініп, республиканың өңірлерін аралайды. Десек те, театрдың қанша жылдан бері ТМД елдеріне жасап отырған алғаш шығар­ма­шылық сапары. Мыңжылдық тарихы бар ірі мегаполисте екі миллионға жуық халық тұратынын естігенде аса үлкен дайын­дық­тың қажет екенін іштей сезінген едік. Үміт ақталған сыңайлы. Алып-алып таулардың бөктеріне жайғасқан көркем де кербез қаланың өзі де, театр өнерін ерекше ба­ғалайтын, талғамы жоғары көрермені де жылы қарсы алды. Екі күн бойы зал лық толды. Бұл қалаға «екі-үш күнге емес, бай репертуарымызды көрсету үшін он шақты күнге келген дұрыс болар ма еді» деген ойда қалдық. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрымен әрі қарай да серіктестікті жалғастыратын боламыз. Ыс­тық ықыластарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Біз қоштаспаймыз!

Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, театр директоры:
– Екі күн бойы әйгілі Саха театры өзін­дік шығармашылық ерекшелігімен өнер көрсетіп, нағыз эпикалық театр екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Келер жыл­дың ақпан-наурыз айларында Саха театры­ның қара шаңырағына шығармашылық іссапармен қонаққа бармақпыз. Қазіргі жоспар бойынша бес қойылым сахналау ойда бар. Нақты қандай спектакль екенін әзірге айту қиын. Қазақ театрының та­лантын паш ететін, шығармашылық дең­гейін көрсете алатын ұлттық руханияты­мыздан «Естайдың Қорланы», «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу», «Қара шекпен», сондай-ақ Шекспирдің «Ромео – Джульет­тасы» сынды бірқатар спектакльдердің арасынан іріктеп аламыз.

Иннокентий ЛУКОЦЕВ, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер:
– Қазақтардың бауырлас халық екені бірден сезіледі. Алматы тұрғындарымен түр әлпетіміз, менталитетіміздің кей тұс­тары, тіпті кейбір сөздеріміз ұқсас келеді екен. Бәлкім, осы себептен болар, аса жатырқамадық. Қала тұрғындары, театр ұжымы мен өнерсүйер қауым ыстық ықы­лас, жылы лебізімен қарсы алды. Өнерді ерекше бағалайтын ортада өркениет бар деседі. Алматы – өнердің қыз-қыз қайнап жатқан ортасы екен. Келгенімізге екі-үш күн ғана болса да, қимастық бар. Ұмы­тыл­мас сапар болды. Астана қаласы да жылы қабыл алар деп ойлаймыз. Көңілдеріңізге рақмет!

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/30202-saha_teatry_almatyda

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ. Мүсірепов театры «Райымбек! Райымбек!» спекталін қояды

admin

Премьера спектакля «Сең»

admin

“Ақ кеме” – Ғ.Мүсірепов театрында

admin