Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Сәния Ерзатқызының cахналық бейне жасаудағы актерлік ізденістері

Қыры мен сыры мол актерлік өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген актриса – Сәния Ерзатқызы 1982 жылы 7 қазанда Қытай Халық Республикасы Алтай қаласының Буршын ауданы қара Ертістің жағасында дүниеге келген. Кішкентайынан өнер-білімге жаны құштар Сәния бес жасынан бастап балаларға арналға концерттік бағдарламаларды жүргізіп, би билеп, гитарамен өлең айтқан. Қытайдағы қазақ орта мектебін бітіріп, ата-бабасының кіндік қаны тамған Қазақстанға, Алматы қаласына келеді. 2001 жылы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық институтындағы «Томирис» деп аталатын дайындық курсына қатысқан. Бастапқыда  басқа елден келгендіктен көп қиындықтарға кездесті. Бірақ алғырлығы мен еңбексүйгіштігінің нәтижесінде кедергілерді жеңе білді. Өзінің ұстаздарының нұсқауымен С.Ерзатқызы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Н.Жақыпбайдың шеберханасынан дәріс алады. Елімізге танымал режиссердің академия қабырғасында сахналаған Н.В.Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы Дуанбасының қызы Марияны ойнайды.

_DSC02442006 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, сол кездегі театр директоры Т.Теменовтың шақыруымен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына актриса қызметіне орналасқан. Театрдағы алғашқы қадамы С.Асылбекұлының «Желтоқсан желі» драмасындағы басты кейіпкер – Ақмарал. Бұдан кейін де жас актриса көптеген рольдерді бейнелейді. Мәселен: Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері –Ақтоқтысындағы» – Ақтоқты, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Баян, «Қыз Жібектегі» – Дүрия, В.Ежовтың «Бұлбұлдар түнінде» – Нина, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» ең кіші келін – Нигора, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Алма, С.Сматаевтың «Көгілдір таксиінде» – Мариямның жастық шағын, Е.Амашев «Мың бірінші түнінде» – Шаһризат, Н.Ораздың «Адасқан жұлдызында» – Келіншек, Г.Хугаев «Қара шекпенде» – Қосүрейді және тағыда басқа қаһармандарды театр сахнасында зор жауапкершілікпен сомдауда. Бұл – рольдері актрисаға сахна өнерінің қыр-сырынан қанықтырып, актерлік шеберлікті қалыптастыруда шынайы көркемдікті танытқан бейнелері. Сонымен қатар өзінің шығармашылығын кино өнерімен байланыстырып, фильмдер мен сериалдарда бірнеше бейнелерді  орындаған. Мәселен, қалың бұқараның көңілінен шыққан «Күлаш» сериалында Шара Жиенқұлова, «Қара шаңырақ» телехикаясында Нұргүл, «Арал» фильмінде Хадиша және т.б. рольдері театрдың ғана емес, киноның да актрисасы ретінде кеңінен танылуына жол ашуда.

_DSC0193Қазіргі таңда қойылып жүрген классикалық спектакльдің бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Ол Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Ж.Хаджиевтың режиссурасымен сахналанды. Спектакльдегі басты кейіпкер Баян ролін сомдаған С.Ерзатқызы қимыл-әрекетімен, үстіндегі жарасымды қазақы киімдерімен, кескін-келбетімен бойжеткеннің әсемдігін, нәзіктігі мен өмірсүйгіштігін көрсете алды. Оның іс-әрекетінен артық оғаш қимылды, жасанды қылықтарды көрмейміз. Мұнда Қодардың «Баян атып түсірілмеген алтын жамбы» деген сөзі ешкімнің уысына түсе қоймайтын сұлу қызға келтірген мінездеме. Әрине бұл теңеуді екі мағынада қарастыруға болады: біріншісі бойжеткен барлық ер жігіттің қолы жетпес арманы десек, екінші мәні қыздың байлығы, яғни алтын жамбыны біреу атып түсірсе байлыққа бірден кенелетінін айтуға болады.

Шымылдық ашылған бойда режиссердің шешімімен Баян әдемі көйлек киініп, майысып, ұяңдық танытпайды. Керсінше үйінде ердің де, әйелдің де тірлігін жасап үйренген ол  Жантыққа да шаруашылық жұмыстарында көмегін тигізеді. Бұл көріністе қолға үйретілмеген асау жылқыны байлауда орындаушы елестету (воображение) процесіне жүгінген. Осы турасында орыстың атақты режиссері А.Д.Попов: «Сахналық бейнені шығару үшін ең бастысы актердің елестетуі мықты болуы тиіс.  Бұл актердің белсенді жұмыс жасауына қатты көмек береді. Оның елестету қабілеті неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым ғажап бейнелерді тудыра алады. Режиссердің ұсынған трактовкасымен, актердің өзіндік елестету қабілеттілігімен тұтасып көркем образға айналады» [1, 330 б.], – деп айтқан. Расымен де, театр шартты өнер болғандықтан сахнада елестете алу қабілеті  – актер шығармашылығында ерекше орынға ие. Актриса спектакльдің бұл бөлігінде сүрінген жоқ. Себебі, С.Ерзатқызы қойылымның атмосферасын тудыру барысында атты жүгенінен тартып ұстап, асау жануарды  бағындырғанын актрисаның қимыл-әрекетінен байқадық. Осыдан біз орындаушының шын жылқыны үйретіп, баптағанындай әсер алдық. Осыған қарап Сәниянің қиялы мен елестетуі жетік дамығанын аңғарамыз.

DSC_5968Келесі сахнасында қызға сөз айтып, өзара таласа келген жігіттердің арасына барып, олардың ешқайсысында көңілінің жоқтығын білдіреді. Алайда арудың көңілі жігіттерде емес, жайылып жүрген жылқыларды баптауда екені спектакль барысында көрініп тұр. Бойжеткен сараң байдың жалғыз қызы болғандықтан, оның бойына көбінесе қызға емес, жігітке тән алғырлық пен еркекшоралық қасиеттер басым. Жантықтың Баянға деген көзқарасы  бұрыннан өзгеше екенін қыз сөз астарынан байқаса да, аса мән бермеген. Оны туған ағасындай құрмет тұтып, сыйластықтан еш ауытқымағандығын актриса ойынынан шебер байқалады.

Декорациядағы іші жемге толы дорбалар режиссердің символдық шешімі  –  жылқылар. Қодар  оларды айдап кеткен соң,  Қарабай отар-отар малынан айрылып, жыларман күй кешеді. «Кегімді алар кім бар?» деп мұңайғанда топтан суырылып алға шыққан Баян «мен бар» деген сәтінде актриса бойынан өжеттікті аңғардық. Бұл біздің патриоттық сезімімізді ұштай түсті. Мұнда қазіргі қоғам адамдарында кездесе бермейтін қасиет – батылдықты С.Ерзатқызы Баянның бойына дарытып, жауынан  қорықпайтын, ел намысын аяқ асты етпейтіндігін көрсетті. Ол байдың қызы болғанымен, сол кезеңдегі теңсіздіктің тұтқыны. Өз басының еркіндігін аңсаған жас ару осы бұғауда отырып, махаббатына, арманына қол созады.

Баян мен Қозының байқауcызда жолыққан кезінен бастап, актриса нәзіктік пен ынтық сезімдердің оянғанын кейіпкердің қимыл-әрекетінен танытады, әрі сол сәттегі қуанышы иланымды. Себебі, махаббатын жолықтырған сұлудың осы сахнасы кейіпкердің өсу эволюциясын көрсетеді, яғни еркекшора Баян  қыздарға тән алғаш рет  көйлек киіп, есейе түседі.  Бұл жерде кейіпкердің киімімен қатар ішкі эмоциясы, махаббатқа толы көңіл-күйін, ғашықтық сезімнің жетегінде жүрген бақытты кездерін актриса сенімді бедерлеген. Сүйгені үшін ешнәрседен қаймықпайтын ару алдына кесе көлденең жолыққан бүкіл кедергіге қарсы шығуға тырысады. Еркіндікке талпынған Баянның жолында таудай бөгет болған өз әкесі – Қарабай тұр. Ал, оның ар жағынан қат-қабат кедергілерді туғызған Жантық бар. Заманның әділетсіз күшінің толқытуы мен сынақтарын басынан өткерген арудың психологиялық жағдайын актриса орындауында нанымды сыйпатталған. Қойлым соңында сүйіктісінен айрылған ару трагедиялық күй кешіп, елі мен жеріне қош айтысқан сәті кімді болмасын мұңайтады.

Қазақ даматургиясының кейбір озық үлгілері сахнадан түспей әр кезеңде қайта қойылып отыруы жақсы дәстүр. Солардың бірі – қазақ театрларының репертуарынан тұрақты орын алған белгілі шығарма «Ақан сері – Ақтоқты», режиссері Ж.Хаджиев. Бұл қойылымда көркемдік нышан, режиссерлік ой-тұжырым бар екендігі  спектакльді көру   барысында   байқадық. «Трагедияға өзек болған негізгі оқиға халқымыздың асыл азаматы, серілігімен есімі елге мәшһүр болған әнші Ақан тағдырымен тығыз байланысты. Ақан бастаған топтың күрес туы – бас бостандығы, әділдік, қасиетті таза махаббат пен биік өнер» [2, 46 б.]. Расында да, бұл жағынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек» және «Қарагөз» трагедияларымен үндес әрі тағдырлас болып келеді. Азаттық, бас бостандығы жолындағы күрес – осы шығармалардың да өн бойынан өтетін ортақ әуен.

Қойылымда  Ақтоқты ролін С.Ерзатқызы жан жібітер жалынмен ойнай білді. Оның кейіпкері – адал, жүрегінде жастық жалыны лаулаған ерке қыз. Өмірлік тәжірибесі жоқ жас бойжеткен тағдыр тауқыметін басынан өткерді. Ол тарихтан белгілі, еліміздің бір туар азаматы, сегіз қырлы бір сырлы Ақанды жан-тәнімен сүйеді. Ақтоқтыны актриса лирикалық нәзіктікпен қоса, шешім қабылдай алатын өжеттікпен ойнағанын оның еріксіз неке қию заңына қарсы шыққандығынан байқаймыз. Өрімдей хас сұлу қоғамға қарсылық білдіріп, Ақанды аман алып қалу үшін өлімге бас  тігеді.  Халқының  болашағы үшін ақынды сақтап қалу оның көкейкесі мақсаты екендігі актриса ойынынан көрінді. Бұл туралы режиссер Г.Товстоногов: «Көкейкесті мақсат бүгінгі күн адамдарына аса қажет ең маңызды, ең асыл нәрселерді айтуға тиіс. Көкейкесті мақсат сахнадан көрермендер залына тартылған өткел ретінде кез келген классикалық көне пьесаны бүгінгіше сөйлетуге көндіріп, артист пен көрерменнің сезімі мен ой тасқынын байланыстырады»[3, 40 б.], –деп айтқан. Бұл актриса ролінің мәңгілік мұраты мен өмірлік асыл арманын бейнелейтін биік мақсаты. Кейіпкер мінезінің көркем сипаттары С.Ерзатқызының назды да әсем қимыл-қозғалыстарынан, көз жанарынан, ақ жарқын жүзінен, ернінің дірілінен,  ішкі  көңіл-күйді ұқтырған жанды мимикадан, сахналық сөздің сырын терең  ашатын  сөйлеу мәнерінен аңғарылады. Спектакль мәресінде Ақтоқтының өмірмен қош айтысу үшін Ақанға кезіккен сәтінде актриса ойыны трагедиялық ауыр атмосфера тудырды.

С.Ерзатқызы актерлік өнерін шыңдауда Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз» драмасындағы тағдыр тауқыметін тартқан Келіншек ролін сомдайды. Бұл спектакльде орындаушы өз кейіпкерінің бейнесін сәтті шығарды. Өмір мен тағдыр ауыртпалығын көп көріп өскен жанның ерекше сезімталдығы мен қарапайымдылығы, кеңпейілдігі мен  парасаттылығы  мол екендігін аңғардық. Мұнда көптеген актрисалардың қолынан келе бермейтін қасиет – ән шырқаумен қатар гитарада ойнау С.Ерзатқызының өзіне тән қойылымға қосқан тың жаңалығы. Сол арқылы нәзік дауысты роль орындаушы Келіншектің адасқан жұлдыз екендігін аңғартты. Бұл спектакльде актриса кейіпкердің өсу эволюциясын көрсете алған. Оқиғалар легі байланыса келе Актермен – Ә.Иманғалиевпен Босфор кафесінің ішінде жолықан сәтінде С.Ерзатқызы кейіпкерінің қуанышын шынайы көрсете алды. Ол Келіншектің ақ пейілін, таза жанын, адамгершілігін ашуға көбірек мән берген. Актриса  бұл рольді орындау арқылы кедейлік пен жоқшылықтың қиындығын көрген адамдардың ішкі жан дүниесіне барлау жасатты. Нәзік жаралған сезімтал  тұлғаның іші драмаға толы. Спектакльді көру барысында оның айқын ишара белгілерін, үн-дауыс мақамдарын орнымен қолданған, ұстамды да ойлы сана сезім бірлігі актерлік шеберліктің түрлі құпияларынан сыр шертеді. Кейіпкердің жан дүниесіндегі қайғылы сәттерді ақылдылықпен бере білген актриса парасатын айтуға тұрарлық. С.Ерзатқызы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ол «Режиссер бағыт-бағдар берсе болды, актер әрі қарай өзі іздену керек» деген өмірлік ережесін берік ұстанып, әрқашан өзі кескіндеген бейнелеріне әртүрлі шығармашылық жолдарымен келеді.

«Келіндер көтерілісі» комедиясында бүкіл оқиғаларды шиеленістіретін Фармон бибінің жетінші әрі жаңа түскен келіні – Нигораның ролін С.Ерзатқызы бедерлейді. Оның пластикасы, қимыл-әрекеті өзара үйлесімін тауып,  сахнаға көрік беріп тұрды. Бұл комедияда актриса кейіпкері еркелігі бойынан тарамаған тентек әрі ақылды бойжеткен. Ол қойылымда заман дауылына ілескен батылдық пен қайсарлықты нанымды ашқан. Қойылымда ене мен келін арасындағы ғана емес, жаңа мен ескінің арасындағы күрес те әдемі өрбіген. М.Ахмановтың режиссерлік интерпретациясының мақсаты – спектакль соңында бала үшін ананың орны қаншалықты маңызды екендігін көрсету болды. Бастысы, сахнадағы мәңгіліктің символына айналған ана бейнесі бұл комедияда қаһарлы әрі мейрімді екі сипатта болуымен ерекшелене алды. Алғашқы сахнасында салт-дәстүрді қатаң ұстанатын отбасына түскен бойжеткеннің енесімен жолыққан сәтінде актрисаның бет-жүзінің құбылуынан оның наразылдығын байқаймыз. Келіннің іс-қимылы әрбір сахнасында шиыршық атқан ширақ әрекетке құрылып жинақы шыққан. Көпшілік көріністеріне  қатысатын кездерінде де С.Ерзатқызы сахналық міндеттерін дұрыс түсінгендіктен тобырдың бірі емес, өтіп жатқан оқиғаға өзіндік көзқарасы мен мінезін көрсететін кейіпкер болып көрінуі – актрисаның мол ізденісінің нәтижесі. Ол шынайы ойынымен, тапқыр әрекетімен қойылымның ансамбльдік тұтастықта өрбуіне күш салды. Қойылымның қай сахнасын қарастырсақ та, барлығы тұтас режиссерлік ой тұжырымнан туындап, оның көркем идеялық нысанасыа бағындырылған. Роль орындаушының өзіне тән дауыс ырғағы – бүкіл келіндерге нұсқау беріп, «бұл үйден кетеміз» деген сахнасында Нигораның қимыл-әрекеті еріксіз күлкі тудырады. Жалпы ролді игеру сәті тамаша дәлдікпен, мизансценалық нақты да айшықты көріністермен әдемі берілген. Режиссер М.Байсеркенов: «Сахналық еркіндік – актердің сахна алаңындағы қалыпты көңіл күйінің қайнаған тас қайнары десек, сол көзден бұрқылдап аққан қос бұлақтай болып, ішкі және сыртқы еркіндік заңдылықтары арнаға ағызады», [4, 27 б.] –  демекші, актриса сахнада еркін қозғалады.

Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы биязы да, еркетотай Алма рөліндегі С.Ерзатқызының ойыны нанымды шыққан. Оқиғалар легін байланыстыратын қазақы тәрбиені бойына сіңірген сыпайы жігіт – Қабанбайдың нағыз  адамгершілігін  байқаған  соң, кейіпкерінің іштей қобалжуын, таңдануын актриса әсерлі көрсеткен. Ол  Алма бейнесін жасауда рөліне аса жауапкершілікпен қарап, кейіпкерінің жан дүниесін толығымен ашып беруге бар күшін  салды. Театрды киелі шаңырақ санайтын С.Ерзатқызы режиссер ұсынған рольдерді таңдамайды, үлкен кіші демей барлық ынта жігерін салып орындайды. Ол көбінесе К.С.Станиславскийдің «кішкентай роль жоқ, кішкентай актер бар» деген қағидасына жүгінеді. Сол сияқты «Қара шекпен» пьесасы бойынша режиссер А.Маемиров қойған спекталінде С.Ерзатқызы қосалқы кейіпкердің бірі – Қосүрейді сомдайды. Бұл – актрисаның елеулі рольдерінің бірі. Себебі, адам психологиясын аңдардың кейпінде беретін бұл қойылымда, бес баласы бар қоян алғашқысында комедиялық бейне болып көрінгенімен, екінші актіде көжектерінен айрылып трагедиялық күйге душар болады. Осындай күрделі бейнені шығаруда актрисаның ізденісінің молдығын байқаймыз.

Театр сахнасында аз жылдың ішінде С.Ерзатқызының драмалық, комедиялық және трагедиялық рольдерде өнер толғаған суреткер екені аңғарылады. Өзі ойнаған кейіпкерлерінің ішкі сезім дүниесін, қайшылыққа толы күрделі психологиясын, мінез ерекшелігін терең ашып көрсете білген. Жалпы актриса өнеріндегі өсу, ілгерілеу, даму баспалдақтары айқын сезіледі. С.Ерзатқызының сахнадағы басты мақсат-міндеті – жай ғана өнерін көрсетіп қана қою емес, келген көрерменге салиқалы ой салу. Олардың жанын қозғап, сезімдерін сергіту арқылы зал мен сахна арасына рухани қарым-қатынас орнату. Орындаушылық, шеберлік сатыларынан санамен, сабырмен, салмақпен өтіп келе жатқан өнер иесінің суреткерлік қасиеттерін танып білдік. Ол жасап жүрген үлкенді-кішілі сахналық бейнелері он бестен асады. Мұның бәрі бірдей үлкен көркем дүние болмағанымен біразы актрисаның көп ізденісінің нәтижесі, эстетикалық талғам деңгейін айқындаған сахналық құбылыстар екенінде талас жоқ. Қорыта келсек, К.С.Станиславский айтқандай «Актер – талантты,  әрі  еңбек  сүйгіш  болу  керек»  деген қағидаға сүйенетін С.Ерзатқызы  болашақта  биік  белестерден  көрінеді  деген  сенімдеміз.

 

Назерке ҚҰМАРҒАЛИЕВА

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер

 академиясының «Театртану» мамандығы

бойынша 2 курс магистранты

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазан айының репертуары

admin

Роза апамыздың орындауында Т.Айбергеновтің шығармаларынан үзінді

admin

ҚАРА ШЕКПЕН>> – II ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АСТАНА ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНДЕ!

admin