Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Арнайы сұхбат Жұлдызбек Жұманбайдың алғашқы режиссерлік  қадамы.

– Сұхбатымды өзіңіздің өмірбаяныңыздан бастайық, жалпы бүкіл синтездік өнердің басын біріктірген театрға қалай келдіңіз?
– Ж.Жұманбай: Мен 1982 жылы қаңтардың бірінде Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Абай ауданы,  Кеңгірбай би ауылында дүниеге келдім. 1989-1999 жылдар аралығында  мектепті оқып жүргенде өнерге жақын түрлі үйірмелерге қатыстым. Ал 1999 жылы Мұқан Төлебаев атындағы саз колледжінің «актер бөліміне» түсіп, 2002 жылы аяқтадым. Содан кейін актерлік мамандық бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, бұл оқу орнын 2002 жылы тәмамдадым. 3-ші курста оқып жүргенімде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа орналастым. Сол кезден қазіргі уақытқа дейін театрда қызмет етіп келемін.
DSC_9243– Жаңа өзіңіз айтып кеткен өнерге жақын үйірмелер мен жол нұсқаған ұстаздарыңызға толығырық тоқталып өтсеңіз?
– Ж.Жұманбай: Ауылда мектепте оқып жүргенімде өте сирек кездесетін, көбіне симфониялық оркесторларда ғана қолданылатын музыкалық үрмелі аспап – фагот курсына 3 жыл қатыстым. Алайда балалықпен оны толық аяқтамай, жетінші сыныпта оны тастап кеттім. Содан соң сурет өнеріне қызығушылығым артып, 7-11 сыныптар аралығында көркемөнер мектебінде Жәукенов Жарқын деген мұғалімнен бес жыл дәріс алдым. Оны тәмәмдаған соң, сертификат берілді.
        Кейіннен колледжге алғаш рет келгенімде қазіргі Ақтау театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Гульсина Мерғалиева, ол кезде өнер академиясының 5 курс студенті Абай атындағы музыкалық драма театрына практикалық спектаклін қоюға келген болатын. Ол кісі біздің оқу орнымызда қосымша сабақ өткізген уақытта менен: «Ән айта аласың ба? Қара сөз оқи аласың ба? Әлде билей аласың ба?», – деп сұраған болатын. Ал мен «жоқ» деп жауап бердім. Сол кезде: «Сонда сен не істей аласың?», – деді. Мен тек актер болғым келетінін айттым. Ол маған сын көзімен қарап: «Жарайды, онда сенің басқа қабілеттеріңді тексеріп көрейік», – деген еді. Одан соң жаңадан жиналған біздің курсқа бір топ жылқының этюдін шығаруды тапсырды. Режиссер Г.Мерғалиеваның талап қойғыштығына таңдандым. Мен сондағы өзіме бала кезден таныс жылқы-биенің ішіндегі жалғыз айғыр бейнесін орындаған едім. Айғыр бейнесін шығару процесінде ол рольді қазбалап, «Айғырың нешеде? Ол қай жақтан? Асау ма?», – деген сияқты сұрақтар қою арқылы мені ойландырды. Осы сұрақтарға жауап беріп, жасаған бейнем ол кісінің көңілінен шықты. Содан бастап актерлік өнерге деген қызығушылығым үдей түсті. Кейінен қара сөз оқуды, билеуді, актерлік мамандықтың техникасын, барлығын да ақырындап үйрендік. Адам көп еңбектенсе кез келген дүниені игеріп шығады.
DSC_0372Колледжге қабылдаған ұстазым атақты режиссер Ә.Мәмбетовтың шәкірті Әкбар Айтыбаев бізді алдымен адамдыққа, содан соң актерлік қабілеттердің ашылуына ықылас бөлген бірегей ұстаздарымның бірі. Ол кісі жалпы өнер деген түсініктің не екендігін санамызға сіңірді. Өйткені мен оған дейін «Тамаша» мен «Бауыржан шоудың» актері болғым келген. Колледжге түскен соң ғана И.М.Смоктуновский, Вс.Мейерхольд, Е.Б.Вахтангов, М.Чехов, одан бері келе Ю.В.Никулин, Г.М.Вицин, Е.А.Моргунов т.б. атақты драмалық актерлерді танып-білдім. Сондықтан да драма актері болуды жөн көрдім.  Колледжді бітірердегі орындаған ролім Г.Гориннің «Ұмытыңдар, Герострат!» деген спектаклінен үзіндіде Герострат бейнесі еді. Ал Алматыдағы өнер академиясына баруыма себеп болған группалас досым Әсет Иманғалиев. Әсетпен бірге бағымды сынап, «түссем түстім, түспесем әскерге кетем», – деген шешімде болатынмын. Жаратқанға шүкір, бағым жанып, «драмалық актер» мамандығы бойынша Жанас Ысқақовтың курсына қабылдандым. Бірақ мерзімнен тыс Ж.Ысқақов қазаға ұшырап, ерте марқұм болып кетті.Үшінші курста біздің курсты Құдайберген Сұлтанбаев өзінің қанатының астына алды. Академия қабырғасында Майра Омарбаева, Дариға Тұранқұлова деген ұстаздарым актерлік өнердің қыр-сырын түсінуіме аянбай еңбек еткен жандар.
DSC_0038– Талай өнер майталмандарының ізі қалған 70 жылдық тарихы бар Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына кімнің ықпалымен келдіңіз? Осы уақытқа дейінгі ойнаған рольдеріңіз қандай?
– Ж.Жұманбай: Үшінші курс оқып жүргенімде Сергей БодровТалғат Теменов, Айвен Пассер атты режиссерлердің «Көшпенділер» фильмі түсіріліп жатқан кезең болатын. Мен Әсет Иманғалиевтің айтуымен бұл киноның кастингіне бардым. Ойламаған жерде Куно Беккер ойнайтын Абылай ханның даусын дыбыстау бақыты маған бұйырды. Сол кезде Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Т.Теменовтың маған ерекше назары түсіп, өнер ордасына қызметке шақырды. Мұнда студент шағымның қызықты сәттерін өткізіп қана қоймай, ең бірінші рет еккен еңбегімнің жемісін татқандықтан бұл театр жаныма өте жақын. Алғашқы ролім «Қайдасың, Бақыт?» ертегісінде құлыншақ ролі әлі есімде. Осы спектакльді қойған қырғыз режиссері Нұрлан Әбдіқадыров маған «Сен күндердің бір күнінде актер емес, режиссер боласың. Себебі сенің рольге деген көзқарасың бөлек», – деп айтқан болатын. Сол айтқан болжау сөздер, қазіргі күні шындыққа жанасты. Орындап жүрген рольдеріме тоқталсам: «Желтоқсан желі» драмасында Қайсар, «Екі жүрек» драмасында Дулат, Қозы «Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында Қозы, «Целиндр» трагикомедиясында Родольфо, «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Әнуар, «Жұбайлар-ай,жұбайлар!» лирикалық комедиясындағы Қасым, «Жұмақтағы жасын» элегиясында Жігіт, «Мың бір күн» мюзиклінде Ұзынтұра, «Тұншыққан сезім» драмасында Әзиз, «Күшік күйеу» комедиясында Кубик, «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясында Сердәлі, «Қызыл орамалды шынарым» драмасында Ілияс, «Ырылдақ күшік» ертегісінде Тормоз, «Тазша бала» ертегісінде Күзетші, «Ғажайып қобдиша» сазды ертегісінде Мысық, «Батыл көжектер» ертегісінде Арыстан және т.б.
– Жастайыңыздан актерлік өнерді меңгеріп жүріп, кенеттен режиссерлік өнерге баруға не себеп болды?
IMG_5218– Ж.Жұманбай: Бала кезден музыканың, сурет өнерінің не екенін үйреніп, жалпы өнер туралы көптеген ақпарат алып өскендіктен менің жаныма режиссура мамандығы да жақын екендігін сезіндім. Себебі ұстаздарым мектеп кезінен бастап дұрыс музыка қандай болатынын, пейзаж, натюрморт, мүсін өнерінің ерекшеліктерін және түрлі-түсті түстердің дұрыс үйлесімін үйреткен. Сондықтан, шыны керек, мен мектеп қабырғасынан бастап режиссураны оқыған екенмін. Содан соң қызық та күрделі мамандық актер шеберлігі де режиссураға жақындаудың келесі баспалдығы іспетті. Актерлік мамандықты оқып жүргенде үзінділер қоятынбыз. Оларды сахналауда кішігірім декорация мен мизансценалар құру арқылы өзімнің ойларымды жүзеге асырып, эксперимент жасағанмын. Көбіне режиссер Қуандық Қасымовтың қасында жүріп, режиссура ілімі жайында көп нәрсені көңіліме тоқыдым. Ол кісі маған режиссердің ең басты міндеті – актермен жұмыс жасауы екенін санама құйған еді. Жалпы, режиссердің идеясын жеткізетін актерлар болғандықтан, олардың жүрегінен орын тауып, нәтижелі жұмысты талап ету жағын маған Қуандық аға үйретті. Ал Ғ.Мүсірепов театрына жұмыс істеп жүргенімде режиссер Жанат Хаджиев қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  спектакліне мен асистент болдым. Сол кезде де, өнегелі режиссерден алған ілімім мені режиссураны оқып, ол туралы білімімді арттыруыма септігін тигізді. Негізінен бұл мамандықты меңгеруге тікелей жол салған А.Иманбаеваның «Ай» театры. Себебі ол театр енді ашылған сәтте жаңа бағыт керек болды. Сол кезде маған ұсыныс түскен болатын. Мен оны толықтай қабыл алдым. Мәскеудегі ГИТИС оқу орнына жолдама осы театрдың атынан берілді. Турасын айтсам, А.Иманбаеваның ықпалымен, мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасының есебінен оқуға екі жылға барып, білім алып қайттым. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген сияқты, менің өнердегі жолымның көзін ашқанына алғысым шексіз.
– Кез келген өнер адамының қолы жете бермейтін Мәскеудің ГИТИС-індегі оқыған, білгеніңізбен бөліссеңіз?  
 Ж.Жұманбай: Маған ГИТИС-те режиссура мен актер шеберлігі кафедрасының педагогы, М.О.Кнебельдің шәкірті атақты режиссер Бармак Алексанр Алексанрович және Ресей Федерациясының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Геннадий Григорьевич Дадамяннан және де т.б. есімі әлемге танымал режиссерлерден дәріс алдым. Ал диссертациялық жұмысым қазақ елінің бір туар азаматы, режиссер-педагог, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың режиссурадағы бағыт-бағдары туралы жазып, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» пьесасынан Найман ана көрінісін ГИТИС-тің актерлік мамандық бойынша оқып жүрген 2-3-ші курс студенттерімен сахнаға шығардым. Он бір минуттық қойылымға үш ай бойы дайындалдым. Бағыма орай, менің бұл қойылымым жоғары бағаға лайық болды. Ұстаздарымның бірі: «Сен өзіңді режиссер ретінде дәлелдедің. Енді осы қалпыңнан тайма. Себебі әр ұлт өз өнерімен, салт-дәтүрімен, менталитетімен ерекше болып тұруы маңызды», – деген еді. Сол сияқты, ұстаздарыма Шекспирдің пьесасынан үзінді көрсеткен едім, сол сәтте олар: «Мынауың қазақша, Шекспирға өзіңнің қазақша көзқарасыңмен қарағансың. Міне осындай қойылымдар бізге қызық», –  деген болатын. Ал, біздің театрларда азиат роль орындап, еуропалық адам болғысы келеді, бірақ онысынан ештеңе шықпайды. Өйткені калорит басқа. Дұрысы соған бейімдеп, өзіміздің менталитетімізге лайықтап жасау арқылы еліміздегі мәселелерді көтеру.
Мәскеуде оқып жүргенімде мүмкіндікті пайдаланып, екі жүзден артық спектакль көрдім. Себебі сабақтан соң міндетті түрде спектакльге баратынмын. Байқағаным, шет ел театрларымен салыстырмалы түрде қарасақ, біздің қазақ театрларында барлығы да бар. Алайда, сахналық өнеріміздің биік дәрежелерден көріну үшін бізге  ерен еңбек қажет. Өзге елде жүргенде түсінгенім, қазір жаңадан өнер жоқ. Біз тек қана қайталап жатырмыз. Қалай десеңізде барлығы баяғыда жасалып кеткен әрекеттерді қайталау. Біз соны осы заманға сай етіп жасап жатырмыз. Осы жерде М.Әуезовтың: «Біз өзге ұлттардың сырт келбетін бәрін алуымыз керек, бірақ қаны, жаны өзіміздікі болу керек», – деген қанатты сөздері мені ойландырады. Біз шет елдерді тек қана еліміздің ерекше калоритін көрсететін мықты шығармашылық ұжымның қойылымдарымен таң қалдыра аламыз.
– Ұстанатын қағидаңыз қандай?
– Ж.Жұманбай: Менің ұстанатын қағидам қазақ қаһарманы – қазақ болуы керек. Біз жеке ұлттық болмысымызбен, колоритімізбен ерекшеленеміз. Ал егер олар болмаса, қазақ рухы жоғалады. Мысалы, негрге Қозы Көрпештің киімін кигізіп қойсақ, болмысы бөлек болғандықтан күлкілі. Сол сияқты қазақ театрлардағы кейбір дүниелер еріксіз күлкі тудырады. Әрине, бұл менің жеке көзқарасым.
– Театрдағы алғашқы режиссерлік қойылымыңыз балаларға арналған «Томпақпен келген жаңа жыл» спектаклі туралы не айтасыз?
– Ж.Жұманбай: Жалпы бұл спектакль театр директоры Сәбит Әбдіхалықовтың идеясымен жүзеге асты. Ол маған «Балапан арнасында болатын «Томпақ» деген балаларға арналған сериалды көр, соны сахнаға лайықтылап, өзгеше шығаруымыз керек», – деді. Осыған дейін ондай сериалды көрмеппін. Қойылымды қоймас бұрын пьесамен көп жұмыс жасадым. Себебі ол сценарийден туындаған пьеса еді. Негізінен Томпақ деген сөздің өзі қазақша ғой. Кішкентай баланың бәріне айтылатын «томпағым», «жаным», «құлыным» деген ең жақсы сөздер. Ол «Балапан»  телеарнасынан жүріп жатқандықтан балалардың барлығына таныс бейне. Шет елдік Спанч Боб, Бэтмен, Черепаха Ниндзя емес, бұл қазақ бүлдіршіндері қызығып қарайтын сериалы. Әр баланың таңғажайып қиял-арманынан туындаған Томпағы. Жалпы, менің ойым, осы өзіміздің дүниені шығару, соның деңгейін жоғары шетелдің мультфильмімен пара-пар етіп, шетелдің кейіпкеріндей, өзіміздің кейіпкерді қаһарман ету.
Спектакльдегі көпті көрген, аңғал әрі білімді профессор Ғалымбек ағай ролін актерлер Б.Камаранов пен Ж.Зейнәбіл, ал галактикус әлеміндегі кейіпкерлер: Томпақ Г.Ергешова, Томирис  Т.Тілеубекова, Астерикс Д.Шымырбаева, Профессор Каламбос Е.Отарбаев, М.Сәбитов, Күзетшілер Е.Кәрібаев, Б.Тушаев орындайды. Қойылымдағы кішкентай балалар: Тасболат  Ұ.Болатбек, Берік А.Гумаров, Есет Е.Усманов, Е.Күншібаев сомдаса, ал профессор жасаған темір бала Болатбек – М.Әджібеков пен Е.Идрисов орындады. Негізінен, осы аталған кейіпкерге қазақша тәрбие бергім келеді. Болатбек атты робот баланың бойына қазақы қонақжайлылықты, ақ көңілділікті, балаға тән ұшқалақтықты сіңіруге тырыстым. Өйткені, ол робот болғанымен шет елдік емес, өз еліміздің кейіпкері. Оның сахнадағы әрекеттерінің көбі ұлтымыздың менталитетіне сай, тіпті «ұят болады» деген сөзінің өзі қазақы. Кез келген істі ұят болмасын деп жасау, қазақтың бойына бұрыннан қалыптасып, қанына сіңіп кеткен қасиет.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері ғарышқа ұшып жатырмыз. Қойылымдағы Ғалымбектің ойлап тапқан бөшкесіжарқын болашақтың ғажайып ұшқыны. Келешекте ғарышқа ұшатын әлі өзіміздің небір оқымысты, профессор Ньютондарымыз талай заманауи құрылғыларды ойлап табатынына сенімдімін. Қойылымда профессор тыңдайтын радиоға алтын қордағы қазақша музыкаларды қосып қойдым. Мұнда балалар 30-40 секунд болса да бұрынғы баянмен айтылған қазақтың үнін тыңдасыншы деген ойым. Неге десеңіз, қазіргі кезде жастар қазақтың әнін құлаққа ілмейді, олар көбіне шетелдік әуендерді тыңдағанды жөн көреді. Бұның бәрі жаһандану процесіне әкеліп соғады. Ал оған тек мәдениетпен ғана қарсы тұра алатынымыз айтпасақ та белгілі.
– Қойылымды сахналауда қандай қиыншылықтар кездесті?
– Ж.Жұманбай:  Кез келген жұмыс қиыншылықсыз болмайды. Туындаған қиындықтарды жеңе білу  үлкен өнер. Оны жұмыс процесінің бір бөлігі десек қателеспейміз. Жалпы,  «Томпақ» сериалындағы роль орындайтын кішкентай балалар 11-12 жаста. Ал қойылымда оларды жастары есейген жас актерлар орындайды. Сондықтан да актерларға бағыт-бағдар беруде қиындықтар болды. Оларға эмоцияларың, көңіл-күйлерің, бағаларың, қалыптарың, болмыстарың сол 11-12 жастағы балаларға тән болу керек деген талап қойдым. Себебі, бізде кішкентай баланың дауысын жасанды түрде жасап алу  таптаурындылыққа айналуда. Дұрысы, актер роль орындағанда өзіндік дауысы мен эмоциясын білдіру арқылы сырт келбетінен, іс-әрекетінен, ішкі жан дүниесінен және қимылынан кішкентай баланың бейнесі көрінуі керек. Ал сол жағынан, әрине, қиын болды. Оны біз актерлармен жұмыс жасаған кезде түсіндіруге тырыстық. Роль шығаруда актерлар барынша талпынды. Енді бұл кішігірім актерлік эксперимент сияқты болды. Өйткені қойылым балалардың шынайы әрекеттеріне құралған.
– Спектакльді қойып болғаннан кейінгі әсеріңізбен бөліссеңіз, атқарылған жұмыстың қанша пайызы орындалды деп ойлайсыз, өзіңіздің идеяңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?
– Ж.Жұманбай: 50 пайызы жүзеге асты деп есептеймін. Себебі сыншылар, көрермендер өз бағасын беріп жатар. Ешқашан 100 пайыздық нәрсе болмайды, жоқ дегенде ойластырған идеяның 60 пайызы шықса, оның өзі үлкен мәртебе.  Ертегі болған соң қиялдан туындаған дүниелерді іске асырғың келеді. Менің  ойымның 50 пайыз болатыны – театрдың ғимаратында цирктік трюктер жасау, техникалық жағынан іске аспай қалды. Жалпы қазіргі ертегілерді балалардың жүрегінен орын алатындай, қызықтырып жасайтын болсақ, түрлі эффектілерді қолдануымыз керек. Өйткені қазіргі балалар небір мультфильмдерді көріп өсіп келе жатқанда театрдағы бетіне грим жасаған актерларымыз ешқандай эффектілерсіз, құр сөзбен мысық пен тышқан рольдерін  орындаса, ол балаға қызықты болмайды. Қазіргі балалардың ойлау қабілеті тіптен бөлек. Бұрынғы кезде театрдың негізі сөз болса, қазір сөзбен қоса, неше түрлі әрекеттер мен түрлі-түсті жарық эффектілерін қолдану. Мұнда мәселе шоу жасауда емес, жалпы ертегіні қою үшін сахнаны техникалық тұрғыда жабдықтап, жаңарту керек. Ал біздің сахнада тек айналмалы шеңбер ғана бар. Негізі қазір техниканың заманы болғандықтан, театрға техникаларды орнатып, құру тұрғысынан көп көңіл бөлу керек сияқты. Алға қарай өркендеп, дамуымыз қажет. Театр шартты өнер болғандықтан онда мүмкін емес нәрсе жоқ, барлығы да мүмкін, тек тың идеялар мен жаңа технологияларды ойлап табу керек. Сонда өзгешеліктер еніп, алға қарай ілгерілейміз.
– Қойылымдағы галактикус күзетшілерінің өзге тілде сөйлеуі спектакльдің көркемдігін бұзып, сапасын түсіріп жіберген жоқ па?
– Ж.Жұманбай: Басында ой болды барлық кейіпкерлер қазақша өз тілімізде сөйлей берсе деген. Алайда галактикус деген өзге ғаламшар болғандықтан  өздері білмейтін планетаға келе салып бір-бірімен тіл табысып кету шындыққа жанаспайды. Кішкене бір-бірінің тілдерін білмей жүрген соң, араларындағы темір бала робот сол тілді тез меңгеріп алып, аударып отырады. Бұл бір жағынан кішкентай көрерменді ойландырады. Негізі қойылымда күзетшілер ғана өзге тілде сөйлейді. Кейіпкерлер маска киіп алғаннан кейін балаларға киім киген қуыршақ сияқты көрінеді. Кішкентай балаларға қызық болсын деп «пикоко, пикомоко» деген сияқты етіп, галактикус тілін сәби тілдері сияқты тәтті әрі түсініксіз етіп сөйлеттім. Енді олар спектакль бойы солай сөйлемейді, тек алғаш рет сол планетаға келгенде ғана сөйтіп сөйлетуді жөн көрдім. Сондықтан да, ол шешімін тапқан дүние болғандықтан, спектакль көркемдігін түсіріп жіберді деп айта алмаймын.
– Спектакльдегі профессор жасаған «уақыт машинасы» бөшкесінің көкке көтерілуі көрермен балалардың қызығушылығын оятты. Оны жоғарыға ұшыру кімнің шешімі?
–  Ж.Жұманбай: Әрине, «уақыт машинасы» бөшкесінің көкке көтерілуі ерекше сәт. Оны көп ойластырып, бөшкенің аспанға ұшқанын жөн көрдім. Спектакльде машинаның асты тұрады, үсті ғана ұшады. Оның шкаласы балалардың «Томпаққа» деген сағынышымен өлшенеді. Яғни, бүлдіршіндердің сағынышы ұлғайған сайын шкаланың сандар көрсеткіші жоғары көтеріледі. Ол елуге жеткен кезде машина оталады да, бөшкені ұшырып жібереді. Бұл ракетаның катапультасы сияқты нәрсе. Ертегі балалардың қиялынан туындаған. Мысалы, Алладиннің  кілемшесі сияқты, бұл да сондай ертегіге жанасады.
  • – «Томпақ» спектакліндегі «жаңадан жиналған» ұжымдық шығармашылық құрамға тоқталып өтсеңіз? 
  • Ж.Жұманбай: Бұл қойылымда: қоюшы-суретші Нұржан Саменов, хореограф Карина Джиренбаева, киім үлгісін Назым Калиева, композитор Болатбек Нұрқасымов шығармашылық жаңа құрамды құрады. Бұл спектакль тек менің ғана емес, олардың барлығының да осы театрдағы алғашқы қадамы. Әрқайсысы өз жұмысын жақсы білетін білікті мамандар болғандықтан, олармен бірге жұмыс жасау мен үшін үлкен қуаныш. Себебі, ұжымдық шығармашылық құрам – спектакльдегі маска киген қуыршаққа жан бітіруде, биді пластикалық тұрғыда шешуде, декорацияны көркем етіп жасауда, музыканы әсерлі етіп қоюда т.б. бастысы, ортақ іске себін тигізіп, менің идеямды жүзеге асыруда көп еңбектенді.
– Болашақта қай жанрда көбірек еңбектенгіңіз  келеді ?
– Ж.Жұманбай: Мен көбіне психологиялық бағытта жұмыс жасағанды ұнатамын. Әрине, бұл дегеніңіз осы бағытты ұстап қалу емес. Сәті түссе, айтар ойы терең дүниелерді жарыққа шығарудан бас тартпаймын. Жалпы, О.Бөкейханның, С.Мұратбектің шығармалары мен 21 ғасырдың пьесаларын сахналау жоспарымда бар. Қазір аталған авторлардың шығармаларымен ақырындап жұмыс жасап жатырмыз.
– Енді тек актерлік өнерден қол үзіп, режиссер ретінде спектакльдер қоясыз ба? Әлде екі өнерді де бірге алып жүруді жөн санайсыз ба?
– Ж.Жұманбай: Әрине, екеуін де бірге алып жүруге тырысамын. Менің ойымша, режиссер болу үшін алдымен актер болу керек сияқты. Себебі, актерлік өнердің қыр-сырын меңгеріп, ролді қалай орындау керектігін сезінесің, кез келген детальдарды аңғарасың, жалпы актерге не керек екенін бәрін байқап тұрасың. Өйткені сен өзің актерсің,  қойылым атмосферасын жақсы білесің. Енді, әрине, бұл менің жеке көзқарасым. Байқасаңыз, шет елдің режиссерларының көбі алдымен актер, кейінен режиссураға ауысқан. Бірақ олар сахнада роль ойнады, биледі де, спектакілін де қояды. Ал олардан біздің ешқандай жеріміз кем емес. Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, сондай болу үшін өз өзімізбен көбірек жұмыс жасап, еңбектене беру керекпіз.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Ж.Жұманбай: Сын дегеніміз ауруға ем болатын ащы дәрі сияқты. Тамағыңнан өткен кезде бір түрлі қырылдататын, бірақ асқазанға түскен соң ауырған жеріңе шипа болатын. Сын айтылмаса актер де, режиссер де өспей, бір орынында тұрып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да, сынның қоғамда да, театрда да маңызы жоғары деп есептеймін.
– Сұхбатыңызға рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін.

Сұхбаттасқан  Назерке ҚҰМАРҒАЛИЕВА
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының «Театртану» мамандығы
бойынша 2 курс магистранты

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚЫННЫҢ БАР БОЛМЫСЫ – ӨЛЕҢІНДЕ

admin

«Бүгін жексенбі». Ғ.Мүсірепов атындағы театрға 70 жыл толды (ВИДЕО)

admin

Театр Ақтөбеге барады

admin