Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры отандық өнер ордалары арасында алғаш болып латын әліпбиі туралы “Әріптер әлеміне саяхат” атты ертегіні кішкентай көрермендер назарына ұсынды деп хабарлайды NUR.KZ.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер әрі режиссер Сағызбай Қарабалин қойған аталмыш ертегінің тұсауы 13, 14 сәуір күндері кесілген.
“Әр ертегінің жағымды және жағымсыз кейіпкері болады. Мұнда Жақсыбек пен Бұзықбек бар. Жаңа Латын әліпбиі патшалығының көсемі ретінде Абызды да қостық. Абызды Қыдыр ата мен Аяз атадан ерекшелеу үшін тың, көркем бейне ойлап таптық. Ал рөлдердегі кирилл мен латын әріптері – жансыз бейне. Олар сөйлегенде ғана қозғалады, қалған уақытта тапжылмайды, бірақ бәрін түсінеді. Осылайша, балаларға латын әліпбиінің қоғамдағы рөлін шынайы жеткізуге тырыстық”, – деді режиссер Сағызбай Қарабалин.
Ал, “Әріптер әлеміне саяхат” – театрдағы тырнақалды туындысы екенін айтқан қойылым авторы Әлібек Байбол алғашқы пьесасын көрермен қауым жылы қабылдағанына қуанышты.
“Осы пьеса арқылы балаларға латын қарпінің негізін, достық пен бауырмалдықтың маңызын ұғындыруға тырыстық. Сонымен қатар, қазіргі таңда сұранысқа ие балаларға арналған танымдық, тәрбиелік мәні жоғары және білім көкжиегін кеңейтетін туындылар қатарын толықтыруға күш салдық.
Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ұжымымен бірлесіп жұмыс істеу мені – шын қуантты. Алда тағы да тың туындылар ұсынуға мол шабыт сыйлады”, – деді Әлібек Байбол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілін халықаралық дәрежеге шығару» саясатын, сондай-ақ, ұлт болашағы – бастауыш сынып балаларының жаңа әліпбимен танысу маңыздылығын ұстана отырып сахналанған бұл ертегі бүлдіршіндердің ғана емес, ересектердің де көңілінен шыққан секілді.
Кішкентай балаларын ертіп әкелген ата-аналар да, оқушыларды бастап келген мектеп ұстаздары да театр ұжымына дән риза екендерін жеткізді.
Ақпарат көзі: https://kaz.nur.kz/1727427-ripter-lemine-saahat-msirepov-teatry-algas-bolyp-latyn-lipbiin-sahnaga-sygardy.html