«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Ол дегеніміз – заман талабына сай өзгерістер мен реформалардың болатындығының айғағы.
Әлем бойынша мойындалған, жер шарының мемлекеттеріне кең таралған алты тіл бар. Жаһандану заманында ақпарат алмасудың және технологияның тілі – ағылшын тілі болып отыр. Ағылшын тілінің түп-төркіні көне грек, римдегі латын әліпбиінен бастау алған деген тұжырымдамалар айтылып жүр. Осындай жаһандану кезеңінде Қазақстан Республикасы бүкіл дүниежүзілік ақпарат, жаңа технологиялар, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін латын әліпбиін енгізу, үйрену, меңгеруді қолға алды. Латын алфавиті 1929-1940 жылдар аралығында елімізде қолданыста болған. Жалпы мемлекет қолданысындағы әліпбиді ауыстыру қиын әрі күрделі процесс екендігі бәріне аян. Әліпбиді үйрену, үйрету, сауатты жазу, аудармашылық жұмыстарды жүйелі жүргізу сияқты ауқымды жұмыстар атқарылары анық. Латын әліпбиі балабақша, орта мектептер, ЖОО-да нақты белгіленген бағдарламалар бойынша оқытылуы тиіс.
Осы тұрғыда, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілін халықаралық дәрежеге шығару» саясатын; сондай-ақ ұлт болашағы – бастауыш сынып оқушылары мен балабақшаның мектепке даярлау бөлімі балаларына жаңа әліпбимен танысу маңыздылығына мән бере келе, бірнеше драматург-жазушыларға пьеса жазу туралы ұсыныстар жасадық. Нәтижесінде, Әлібек Байбол деген жас драматургтың жұмысы қабылданып, театр репертуарындағы балаларға арналған «Бремен музыканттары», «Батыл көжектер» т.б. қойылымдардың режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қарабалинге «Әріптер әлеміне саяхат» танымдық ертегісінің сахналық нұсқасын жасауды тапсырдық. Бүгінгі таңда «Латын әліпбиіне көшу» тақырыбында алғаш қойылым сахналаған театр екенімізді үлкен мақтанышпен айта аламын. «Әріптер әлеміне саяхат» ертегісінің түпкі мақсат-мұраты – әріптердің мән-мазмұнына, тереңіне үңіле отырып, кішкентай көрермендерге достық деген киелі ұғымды ұғындыру әрі замана көшіне ілесе жүріп, оның талап-тілегіне сәйкес болу мақсатындағы латын қарпінің қажеттігін түсіндіру. Бұл ертегі-спектакль арқылы балаларымызға қажеттілік пен жүйелілік, танымдылық пен терең білім алудың мәнін, білім деңгейін қалтқысыз шыңдау, білімге деген құштарлық ояту сынды көптеген қасиеттерге баулуды нақты мақсатымыз санадық. Осы қойылым арқылы мектеп оқытушыларының жұмысына да оң үлесімізді қосамыз дей аламын.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы арқылы ертегіміз қазан айының 1, 2, 3 күндері Астана қаласының жас көрермендеріне ұсынылып, үлкен қошеметке ие болып, ата-аналар, мектеп басшылары атынан алғысқа бөленіп келді. Cондай-ақ 9-19 қазан аралығында Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларының, ал қараша айында Алматы облысының бірнеше аудандары мен Талдықорған қаласының жас көрермендеріне ұсынуды жоспарлап отырмыз.
«Әріптер әлеміне саяхат» танымдық ертегісін республикамыздың барлық өңірлерінің балалары тамашаласа деген ұсыныс та жоқ емес.
Сәбит ӘБДІҚАЛЫҚОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы
Қазақ мемлекеттік академиялық
балалар мен жасөспірімдер театрының директоры