Павлодар қаласына гастрольдік сапармен келген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Естай Беркімбайұлының туысқаны Динара Әбікеева өнер көрсетеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында өткен баспасөз жиынында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды мәлім етті.
– Ертіс-Баян киелі өңір, – деді Азамат Сатыбалды. – Келген сайын қобалжитынымыз, бойымызды қорқыныш сезімі билейтіні рас. Дегенмен, көрерменнің ықыласын көргеннен кейін ол сезімдер сейіледі. Биыл сапарамызды осы Павлодардан бастап отырмыз. Келген әртістеріміздің бірі Динара Әбікеева осы өңірдің тумасы. Өздеріңіздің қыздарыңыз. Кешегі, әні қазақты әлемге танытқан Естай атамыздың ұрпағы. Еркелетіп, алдымызға салып алып келіп отырмыз. Динара 24 сағат театрымызға қызмет жасайтын әртістеріміздің бірі.
Театр әртісі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Динара Әбікеева Естай Беркімбайұлымен қалай туысатынын айтты.
Театр директоры Азамат Сатыбалды Павлодар жұртшылығының назарына ұсыну үшін шоқтығы биік спектакльдерді таңдап алғанын атап өтті.
– Мен осы өңірде туғанымды мақтан тұтамын, – деді Динара Әбікеева. – Ертіс ауданы Новоивановка ауылында дүниеге келгенмін. Әкемнің атасы Нұрмағамбет Есмағамбеттің (Естайдың) туған ағасы. Сондықтан шөбересі болып келемін. Атам да, әкем де қарапайым болған. Ата жолы бұйырып, осылай өнер саласына түстім. Көрермен жылы қабылдауда. Туған өңірімді сағынамын. Ғ.Мүсірепов театрында 18 жыл жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында алғаш рет Павлодарға гастрольдік сапармен келіп тұрмын. Бүгін «Енелер мен келіндер» спектаклінде басты рөлде ойнаймын. Барша павлодарлықтарды қойылымды тамашалауға шақырамын!
Сонымен қатар, Динара Әбікеева сапар барысында «Жусан исі» спектаклінде де өнер көрсетті.
Театр директоры Азамат Сатыбалды Павлодар жұртшылығының назарына ұсыну үшін шоқтығы биік спектакльдерді таңдап алғанын атап өтті.
– Театрда репертуарлық саясат деген болады, – дейді Азамат Сатыбалды. – Шет жаққа шыққаннан кейін репертуарың сапалы болуы керек. Жан-жақты болуы тиіс. Павлодарға әкелген «Әріптер әлеміне саяхат» атты спектакліміз театрымыздың мақтанышы. Былтыр латын әліпбиі туралы жарлық шығарғанда Елбасының саясатын бірден қолдап, латын әліпбиіндегі әріптер туралы спектакль қойдық. «Ұмытыңдар оны» (Герострат тірі екен…) трагикомедиясы биылғы жылдың жаңалығы болған спектакль. Ал, «Қызыл орамалды шынарым» екі бөлімді драмасы Ғ.Мүсірепов театрының төлқұжаты іспеттес спектакльдердің бірі. Қазір Алматы қаласында статистика бойынша бірінші орында тұрған қойылым.
Еске салайық, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 17-20 сәуір аралығында Павлодар қаласында үздік қойылымдарын қоймақ.
Оразбек Саяхат Фото: Қарасай Нұркенов
Ақпарат көзі: http://www.pavlodarnews.kz/index.php?id=22419