Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ҚОЗЫ МЕН БАЯН БОЛЫП ТАБЫСҚАН…

Газетіміздің бүгінгі қонақтары – мөп-мөлдір сылдырлап ағып жататын өзеннің қос жағасындай саф өнерде де, өмірде қатар бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан ерлі-зайыпты Сағат Жылкелдиев пен Жібек Лебаева.

Өнер жолы ауыр да қиын, тегі тазалықтан тұратынын ескерсек, осы бір жандарға қарап отырып көз де, көңіл де тоғайғаны бар. Театрдағы сахналас дәуір үлкен сүйіспеншілікке ұласып, ғұмырлықжұбайлық дәуренге айналған қос актер елу жылға таяу қазақ драматургиясының көшбасында тұрғанҚозы мен Баян, Сырым мен Қаракөз, Ақан сері мен Ақтоқты, Естай мен Хорлан болып ғұмыр кешіп келеді.

Әңгімеге екеуін де тарттық. Сағат аға бастады:

– Сыр өңірі жыршы-жырауларға кенде емес, өнердің құты дарыған өңір. Сонау Базар жырау, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омарынан бергі Манап көкемізге дейінгі өнерді дәріптеген елдің ұлымын ғой. Құлаққа сіңіп, көкіректен мықтап орын тепкен осынау қасиет, бабалар жолы бізге де жұғысты болғаны шығар, көз ашқаннан жыр-термелетіп келеміз. Жетпісінші жылдары М.Әуезов атындағы қазақ драма театры жанындағы екі жылдық студияны, одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөлімін қазақтың біртуар дара қызы Хадиша апай Бөкеева мен театр сыншысы Әшірбек Сығайдың шеберханасынан оқып, бітірдім.

Осы кезде әңгімеге Жібек Рахымбердіқызы араласты:

– Мен де өнерге, ән салып, домбырада күй тартып жүріп, қызыға түстім. Содан консерваторияға түстім. Өнерде Хадиша Бөкеева апайым құбылам болды десем, артық айтқандық емес. Одан кейінгі сахна мәдениетін, сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрыс мәдениетін Шолпан апам Жандарбековадан үйреніп, ақыл-кеңесін үнемі тыңдап жүрдім. Екінші курста оқып жүргенімде Шолпан апамыз «Айман-Шолпанды» алды, біз массовкадамыз. Залда отыр едім, маған көз тоқтатып қарап алды да: «Әй, Тақылдақ, бері келші»,– деді. Ашықпын, еркін сөйлеймін. Жастық қой, таңдайым тақылдап тұрған соң, мені осылай атайтын-ды. «Сен Әзербайжан ағаңа бар, Баян іздеп жатыр, мені Шолпан апайым жіберді» деп айт, – деді.

Ептеп ән салып, күй тартып, сахнаға да ет үйреніп қалғаным бар, сол күні-ақ баса-көктеп кабинетіне кіріп бардым. Әзербайжан аға көзілдірігінің астынан маған қарап алды да: «Бикен Римова апайың ары қарай не істеу керек екенін айтады, сол кісіге бар»,– деді. Салып ұрып апайға барсам, дайындық жүріп жатыр екен. Жанында қасқайып бір жігіт отыр. Оған мән де бергенім жоқ, Әзербайжан ағаның айтқанын асығыс айтып жатырмын. «Болдың ба» дегендей қарап алды да, апай: «Драманың басын, ортасын, соңғы тексін ал да, мына баламен дайындал» болды сөзі. Сосын әлгі жігітке қарап: «Сағатжан, ана қыздан тексті мына қызға алып бер, екеуің бірге дайындалыңдар»,– деді. Маған бұйрықтай естілді. Сөйлеу мәнері өзгеше, даусы жарықшақтанып сөйлейтін зор дауысты кісі еді ғой. Сондықтан болар, маған бұйрықтай естілді. Түсінгенім, Баянның рөлі басқа курстың бір қызына беріліп қойған екен. Сағат екеуміз барып жатақханадан тексті алдық. Үн жоқ. Сөйлесу деген де жоқ. Содан дайындық басталды. Сағат өте әдемі жігіт болды. Оның бойындағы өнерге, қасиетті сахнаға деген махаббатына қызықтым. Ән­ді қалай айтады. Домбыраны қалай шертеді. Оның даусындай дауыс жоқ! Өзімнің де өнерден құр алақан болмауым, осы бір сахнаға деген махаббатты оның маған деген махаббаты жеңіп кетті… Сөй­тіп Баян мен Қозы болып табыстық қой.

САҒАТ: – Біз қазақы тәлім-тәрбиені көріп, бойға әбден сіңірген ұрпақпыз. Жақсыны да, жаманды да айыра алатын, бағамдай білетініміз де сондықтан. Өзі­мізді ұстай білетін ұстамдылық, сабырлылық әркез сезімімізді жеңіп тұратын. Жібектің сұлулығы, бойындағы әдемі бір нәзіктігіне тілерсегіне түсіп тұратын қос бұрымы одан сайын көріктендіріп, кербез жүрісі бір көргеннен-ақ жүрегіме шоқ тастады. Бәрі де Жібектің өзі айтқандай, «Қозы Көрпеш–Баян сұлудан» басталды.

Осылай қол ұстасып Талдықорған қа­ласындағы облыстық драма, қазіргі Б.Ри­мова атындағы театрда жиырма жылдан астам уақыт қызмет істедік. Содан тоқ­саныншы жылдардағы «дүрбелең» өнер­ге де септігін тигізбей қоймады. Оның үстіне балалардың алды оқу бітіріп, жоғары оқуға түсетін кез келді де, 1997 жылы Алматыға қоныс аудардық. Егемендік алып, тәуелсіздіктің туы желбірей бастаған шақта еліміздің экономикасы да әлсірей бастап, енді ғана ел еңсесін көтере бастаған шақ еді ол. Басқа тірлік қолдан қайдан келсін, жағалап жүріп Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрына орналасуға мүмкіндік туды ғой.

ЖІБЕК: – Диплом жұмысым да Баян болды. Алғашынды екінші топпен шығатын едім, біріншіге ауыстырып жіберіпті. Ешкім білмейді, аяғым ауыр. Бірақ сахнаның аты сахна, жұмыс жұмыс қой. Аяқта біз өкше туфли, сахнада жүріп-тұру мәдениеті тағы бар. Тәртіп тағы бар. Хадиша апай тағдыры қиындау актриса ғой, сондықтан болар, кейде қатайып қалатын мінезі де болушы еді. Бір дайындық кезінде байқап қалса керек, қанша дегенмен әйел заты емес пе, «Баланы туған соң маған бересің бе» дегені. Шын-өтірік екеніне сене алмай, бетіне қарап қалыппын. Рас сұрап тұрған секілді. Қазақтың маңдайына біткен сұлу да кербез актрисасының бетін қайтарғым келмей, іштей баланы бауырына берсем бе екен дегенге тоқталдым. Бергім-ақ келді. Ол ойымды Сағатқа айтып едім, шошып кетті.

САҒАТ: – Шынымды айтсам, көңілдің бір түкпірінен келісім берердей бір ой бас көтергені рас. Ойға бата жүріп, ауылға телефон шалдым. Әке-шешем шоршып кетті. Таза қазақы тәлім-тәрбие көрген, қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын аса қадірлейтін, ырым-үрдісті ұстанатын отбасында өмірге келгенім бар, мен де қисынсыз әңгіме айтқаныма қысылып, бір жағынан ұнжырғам түсіп үйге келдім.

ЖІБЕК: – Апайдың ықыласы ауғаны сонша, бізге үйінің бір кілтін беріп қойды. Мен болсам Байғали ағатайдан ұяламын. Бірақ үйдің дәмін сағынасың, үйдің аурасын аңсайтын болуым керек, аңсарым ауып тұрады. Бара қалсам, тоңазытқышқа мен жейтін ас, астың алдында, астан кейін жейтін жеміс-жидегімді әдемілеп жуып, әдемі бір ыдысқа салып, тіпті сыртына уақытын көрсетіп жазып кететін-ді. Ас-суымды ішіп, салқын үйде дем алып, рахаттанып қайтатынмын. Әйтеуір, ерекше күтімде жүрдім. Анам мен енемнен кейінгі рухани ана болған, әруағыңнан айналайын Хадиша апамның осындай жақсылықтарын, ыстық ықыласын қалай ұмытарсың?! Үнемі еске алып, құран бағыштап отырамыз. Кейін тұңғышымыз Қанат өмір­­ге келгенде, балаша мәз болып, перзентханадан бүкіл асай-мүсейімен сәбиді өзі шығарып алды, көл-көсір дастарқан жасады. Әріптестер де арқа-жарқа болып қалысты.

Сағат аға, өнерде өзіндік өлмейтінөшпейтін із қалдырған Хадиша апамыздың сіздерге дейін де, сіздерден кейін де талай шәкірттері болды ғой. Назары, ықыласы неге сіздерге түсті екен?

– Иә, арагідік бізді де ойландырып, сол шақтарды еске түсіретін де осы бір сұрақ. Бәлкім, біздің бойымыздағы қарапайымдылық, қазақи ибалылық, үлкенді сыйлап тұратын қазақи тәрбиеміз болар…  Бәлкім, Жібектің бойындағы әйелзатына тән нәзіктік, сұлулық, жүріс-тұрысынан сезіліп-көрініп тұратын тектілікке қызыққан болар… Әйтпесе, өзің айтқандай қаншама шәкірт алдынан өтпеді дейсіз,  олар да өмірге перзент әкеліп жатты ғой. Дегенмен де, Жібек екеумізге деген ықыласы ерекше болды, еліміздің түкпір-түкпірінен актриса болғысы келетін талапкерлердің хаттарын да жинап маған беретін, жауап жаза салшы деп, бір күн көрмесе шақырып алушы еді. Жарықтық, анамыздай болғаны анық. Кетер-кеткенше мидай араласып тұрдық. Ол кісіден сахна мәідениетін, сөйлеу мәдениетін ғана емес, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, құрметін үйрендік. Жақсы көре білуді, іш тарта білуді үйрендік. Өмірдің мәні-маңызы тек жаның қалаған мамандықта ғана емес, тіршіліктің тәттілігі – өміріңді жалғайтын құйтақандай шарана екенін де ұғындық. Жаратылыстың соншалықты талантты, дарынды, қабілетті етіп жаратқанда, бір жапырақ шаранасын қимағанын, ол кезде жаспыз аса сезіне қоймасақ та, бүгінде жүрегіміз ауырады. Құрсағынан шықпасақ та, ол кісінің мейірімге толы құшағынан тараған ұрпақ өкілдері, әрине, баршылық. Жұма сайын бейіт басына бармасақ та, үнемі Жібек айтпақшы, құран бағыштап еске алып отырамыз.

Аға, бір құрдасыңыздың аузынан жастық шағыңыздағы бір серілік жайлы естіп қалып едім, өз аузыңыздан тағы да естігім келіп отыр?  

Осы кезде «Оны мен айтып берейін» деп Жібек ханым әңгімеге араласа кетті.

– Шығыста гастрольдік сапармен жүр­міз. Қатонқарағайда болған оқиға ғой ол. Сол күні мен қатты ауырып, шығыс өңірі салқындау ғой, суықтап қалдым да, сыртқа шыға алмай төсек тартып жатып қалдым. Сағат әлі жоқ. Күн батуға жақын. Кү­тіп жатып-жатып, жата бергенше таза ауаға шығайын деп далаға шықтым. Жаздың күні болса да, ептеп ызғырық жел бар. Біз тоқтаған қонақүйді айнала бере, көзім құшақтасып тұрған екі бейнені шалып қалды. Жа­қындаңқырап келсем, үстіндегі ұзын қара пальтосын жанындағы қыздың иығына жауып, қапсыра құшақтап тұрған мына кісі. Айқай салдым. Даусым қатты шыққан болуы керек, әлгі жас қыздың сирағы да ұзын екен, екі-ақ аттап жоқ болды. Қара пальтосын құшақтап ағаларың қалды…

Жібек ханым дәл сол оқиға көз алдынан сырғып өткендей ақтарыла күліп алды. Біз де қосыла күлдік.

Сіз сонда намыстаныпарландыңыз ба, жоқ қызғандыңыз ба?

– Мен өзі тумысымнан кекшіл, қызғаншақ емеспін. Бірақ өте намысшыл болып өскенім анық. Соған қарағанда қызғаныштан гөрі намыстанған болуым керек. Мен де біреудің мәпелеп өсіріп, ұядан ұшырған ерке қызымын. Қазақтың данагөй қызы – Ұлпанды сахналадым ғой, сон­да оның айтатын мынандай сөзі бар: « Менде іс те бар, тіс те бар, білек те бар, жү­рек те бар» дейді намыс қысқан бір сә­тінде. Сол секілді менің де бойымды ашу-ызадан гөрі, арымды таптағандай, басынғандай күй кештім.

Әкем де сері болған екен. Жігітшілік жеңіп, серуендеп кететін сәттерінде әжем жарықтық: «Әй, Күлтай, ат айналып қазығын табар, үндеме» деп басу айтып отыратынын анамнан талай естідім. «Ер-азамат сырттың адамы, түздің адамы. Ал үйдегі қазық мықты болуы керек» дейтін-ді. Құлағымда тұнып қалған осы бір ауыз сөз, мені де кешірімділікке үйретті. Кешірмегенде қайда барасың?! Несін жасырамыз, қатты ренжіп, көргім келмей, тіпті ажырасып кететіндей жағдайлар да болды ғой. Бірақ әйел қай кезде де, қай қызметте де әйел болып қалуы керек. Тұрмыс құрдың екен, жолдасыңа, ар жағында өмірге келген балаларыңның тағдырына бей-жай қарай алмайсың. Ғашықтықтың, сүюдің не еке­нін, оған қаншалықты адал болу керек екенін, тіпті сол махаббат жолында өз бастарын құрбандыққа шалуға дейін барған – Қозы мен Баянның, Ақан мен Ақтоқтының, Сырым мен Қаракөздің, Естай мен Хорланның бейнесін сахналап жүріп, өмірдегі – үйдегі тірлігіміздің басқаша болуы мүмкін емес еді. Сондықтан ол қылығы жүрегіме қаншалықты тікенек болып қадалса да, әйелдік махаббат, аналық махаббат пен сабырлылық жеңіп шықты. Әйтпесе, бұл кісі де талай мәрте киім-кешегін көтеріп, өкпелеп кетіп қалған кездері де болған. Бірақ ұзаққа созылмайтын. Екі көзі боталап, екі күннен кейін-ақ қайтып келіп, кешірім сұраған күндері де болды. Кешіресің, өйткені қимайсың! Қимастық деген – үлкен махаббаттың жемісі.

САҒАТ: – Қара домбырасын қолынан тастамайтын қазақтың қара баласы бір кездері осылай бозбалалық қылық та танытып қоятын. Жастыққа «мас» болып жүрген шақтар ғой.

Сағат аға, қазіргі қазақ өнеріне көңіліңіз тола ма? Өнерге атын шығару үшін келетіндер көбейді?..

– Жалпы, өнердің ішіндегі ең шоқтығы биік, ең тазалығы да, жүгінің ауырлауы да, ол – театр өнері. Өнер жолы – ауыр жол деген ұғым сондықтан айтылатын бо­лар. Өкінішке қарай, сол өнер жолы жеңіл­деп кетті. Оның ең басты себебі, яғни диагнозы – өнерді ақшаға айналдыру. Өнерді тауарға айналдыру. Өнер сатылмауы керек. Менің жеке пікірім, бәлкім базбіреулер келіспес, бүгінде өнер сатылды, медицина сатылды, сөз өнері-ақындық та сатылды. Керек десеңіз, біреулерге, әрине, біздің кезімізде жастардың арманына айналған қазақ ұлттық университетінде қолына қалам ұстап көрмегендер түсіп жатады. Сөздің, көркем сөздің иісі танауына бармайтындар оқып, бітіріп жатыр. Бұл да сатқындық! Саудаға айналу емей немене? «Өнер алды– қызыл тіл» дегенді айтқан қайран бабам Абай тіріліп келсе, сол саф алтындай қызыл тілдің қиқы-жиқы тірлі­гін көріп жүрегі жарылар еді…

Өнер ақшаға айналғаннан кейін оның қадір-қасиеті де қаша бастайтынын біліп, көріп жүрміз. Ақшамен оқуға түскен қабілетсіздер ары қарай да ақшаны ойлап тұратыны заңдылық. Ал ондайлар театр өнерінің маңайында жүрсе ше?! Міне, қазақтың қасіреті де осы болмақ. Өйткені, «Өнер халықтікі» дегенді бекер айтты ғой деймісіз?.. Торғайдай ғана даусы бар, «ң» мен «р»-ға тілі келмейтіндер, әсіресе эстрада жанрында көбейіп тұр. Әрине, өнерде жүргендердің бәрін осындай дарынсыз деуге де ауыз бармайды. Өнер тегінде барлар, қанында барлар, ата-бабалар үрдісін жалғастырушылар жоқ емес, баршылық.

Жібек апай, сіздің жаратылысыңыз өнерге, сахнаға сұраныпақ тұр. Сұңғақ бой, ашаң жүз, бота көз, әдемісіз. Кейінгі кездері әнбейнебаяндардан жиі көрініп жүрсіз. Сұранысөтініш көп пе?

ЖІБЕК: – Өзімді керемет сұлумын деп есептемейді екенмін. Жаңағы сұрақты толықтыра кеткім келіп тұрғаны, шын мәнінде, бүгінгі әншілер актриса болып кетті ғой. Оған қарсылық жоқ, дегенмен әркім өз жолын-жөнін білуі керек шығар. Әншісің бе, әнші ретінде ел таныды, сол жолыңды ұстан. Өнерлі екенмін деп, әр саланың басын бір шалып, бірде актер, бірде әнші, тіпті асаба болып жүргендерді көргенде қарның ашады-ақ.

Мақтанғаным емес, биыл жазда жеті фильмге ұсыныс түсті. Мүмкіндігім болмады. Танымал бола түсуге ұмтылсам, уақыт табуға жанталасар едім. Ондай өлермендігім жоқ. Әнге келетін болсам, өзіміз жақсы көретін, сүйіп тыңдайтын Сәкен баламыз шақырды, ата-әже болып бейнебаянға түстік. Алланың берген бір ұл, екі қызынан немерелеріміз бар, жақын арада шөбере сүйеміз бе деген үмітіміз де жоқ емес, сондықтан қуана келістік. Оның үстіне әннің тарихы, мән-мазмұнына да жаратылысымыз келіп тұрса керек.

САҒАТ: – Мақпал мен Мейрам­бек­­­тің орын­­да­уын­дағы «Өмір» деген жаңа әнге де ұсы­ныс түсті, қабылдадық. Жақсы ән болса, тәрбиелік мәні бар, ырғағы мен мәтіні терең, ойлы әндер болса, неге түспеске?! Оның үстіне, сахна жан сұлулығын қажетсінеді ғой. Жібектің бойындағы сұлулықты, оның жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, жалпы қазақилығы бетке ұрып тұрады. Даусы да жағымды. Осы да қызықтыратын болар.

Ошақтың үш бұты сынды, сіздер өнердіңтеатр сахнасы, кино саласы және эстрада жанрында да әнбейнебаяндарда танымалсыздар. Осы үш саланың айырмашылығы, ерекшелігі бар ма?

– Айырмашылық жер мен көктей. Кейбір серияларда жасаған бейнеңіздің басы, ортасы, соңы болады. Оқиғаның ортасынан кірігесіз, тіпті кейде ортасынан жылт ете қалып, соңына қарай көрініс беріп жатады. Осыдан қиындық туады. Ал театр сахнасында олай емес, бір тұтас образды аяғына дейін жеткізесің. Ал әннің жан-дүниесіне бірігу керек.

ЖІБЕК: – «Жүрегімнің ішіндегі жүре­гім» әні – біздің жігіт, бойжеткен кезімізден басталып, егде тартқан ерлі-зайыптылардың әу бастағы маздаған махаббатын тыңдаушыға жеткізіп қана қоймай, ұлғайған сәттегі сүйіспеншіліктің мейі­рім-сыйластыққа ұласқан көрінісін көрсету. Сол ұлы сезімді бала, немерелерге ұғындыра білу ән табиғатын ажарландыра түсетіндей. Жақсы шықты, ел жақсы қабылдады деп ойлаймын. – Сіздерге қарап, әдемі қартаю деген әдемі сөздің есіме түсіп отырғаны?

ЖІБЕК: – Әдемі қартаюдың өзі әде­мі­лік! Оның ішінде өнер адамдарының жас көрінетін тағы бір себебі, олардың бойындағы рухани байлық, ол – тазалық, адалдықтан іздеу керек. Болмысыңда адам баласына жат пасықтық, көреалмаушылық, қызғаншақтық бықсып жатса, ол ең алдымен ішкі сарайыңды құртады. Сосын міндетті түрде сыртыңа, бетіңе шықпай қоймайды. Таза болсаң, жүрегіңде иман болса, санаң таза болса, ол, әрине, бет-ажарыңа ажар қосып, нұрлана түсесің.

САҒАТ: – Ол да бар, осы қасиетті шаңырақтың табалдырығын жетпісінші жылы тұңғыш аттадым. Кешегі қазақ өнерінің саңлақтары – Шахан аға Мусин, Камал Қармысов, Елубай Өмірзақов, Серағаң – Серке Қожамқұловтардың көзін көрдік. Одан бері Ыдырыс аға Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаевтар, тіпті кешегі Уайыс Сұлтанғазин, Тоқсын, Құдайберген ағаларымыздың өзі мына өмірден тым ерте, елуге жетер-жетпес шағында кетті. Өзіңіз айтпақшы, солар сахнадағы сомдаған кейіпкерлері секілді өте үлкен көрінетін. Өйткені, өздерін солай ұстай білді. Өнерді салмақты сезінген соң, өздері де сабырлы-салмақты, байсалды-байыпты қалыпқа енді. Міне, нағыз өнер үшін өмірге келгендер, өнерді, нағыз өнерді жасағандар…

Жібек ханым, сіздің бір сұхбатыңызда Ақан мен Ақтоқты, Қозы мен Баян, Данияр мен Жәмиланы сахналап жүріп, өмірде, үйдегі тірлі­гі­міз қалай басқаша болуы мүмкін» де­геніңізді көзім шалып қалды. Қа­зіргі жастар арасында неге ажырасулар көп?  

ЖІБЕК: – Он сегіз жасымызда қосылдық. Менің – Ақаным, Қозым болды, жалпы қазақ драматургиясында шоқтығы биік шығармаларындағы ұл-қыздарын сах­наладық. Махаббат аңыздарының ішін­дегі шоқтығы биік, әлеуметтік тағдыр­­лы драма – «Қозы Көрпеш–Баян сұлудан» басталған өнердегі кейіпкерле­рі­міз «Естай-Хорланмен» жалғасуда. Осындағы сезімнің мөлдірлігі, сүйіспеншіліктің тазалығы, ма­хаббат деген құдіреттің рас­тығы… ғашықтықтың биік шыңы – өмірімізде де жалғасын таппаған болса, бәлкім, дәл бүгінгідей үбірлі-шүбірлі болмас едік. Қазақтың махаббат дастандарындағы кейіпкерлерді сахналай жүріп, бір-бірімізді сүюге, сыйлауға, түсіністікпен ғұмыр кешуге үйрене түстік. Отауымыз беки түсті.

Иә, өкінішке қарай, бүгін танысып, ертеңіне бас қосып, үшінші күні ажырасушыларды көргенде, ол тойға кеткен қаржы, екі жақтың ата-анасы емес, сол жастарға жаным ашиды.

Ал қазіргі жастар ажыраспау үшін актриса ретінде емес, ана, әже, ене ретінде не дер едіңіз?

Кешірімді болу керек! Адам өзін адам ретінде сезіне, ұстай білуі керек. Ең алдымен өзінөзі жақсы көру керек. Өзін сыйлаған адам ғана басқаға дөрекілік таныта алмайды. Оның да жаны ауыратынын, жүрегі сыздайтынын сезіне білгенде ғана, ке­ші­рім­ді бола алады.   Біз амалсыз қоштасып, сыртқа беттедік. Қоңыр күздің жақындап қалғанынан хабар бергендей, Алматы кешінің баяу салқын самалы жанымызды тоңазытып кеткендей. Дегенмен, Қазақстанның  еңбек сіңірген әртістері, өнерде де, өмірде қол ұстасып келе жатқан әдемі жұпСағат Жылкелдиев пен Жібек Лебаевамен болған әңгіме жылылық сыйлағандай күйдеміз. Әсіресе, Сағат ағамыздың кішкентай ғана немересі атасының домбырасымен ғана ұйықтайтынын, ол болмаса таңды ұйқысыз атыруға бар екенін мақтана айтқаны, жүрегімізді одан сайын жылымыққа бөлегендей, сергіп қалдық. Бүгінде қалта телефонымен ас ішіп, сонымен ғана жұбанатын балбөбектерге, қазақтың қара домбырасының үні жатбауыр болып бара жатқан мына заманда мынандай сөз есту, бізді де ойландырып тастағандай.

Сұхбаттасқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Ақпарат көзі: https://turkystan.kz/article/84157-ozy-men-bayan-bolyp-tabys-an

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мүсірепов театры Таразда өтетін “Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады” фестиваліне жолдама алды

admin

“Мың тыныс және бір дауыс” атты Халықаралық театрлар фестиваліне жол тартты

admin

Video Format : Vimeo Post

admin