Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Қобыланды», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Анна Каренина» көрерменін қуантпақ…

Баспасөз конференциясында көтерілген басты тақырыптардың бірі – Қазақстан театрларының қазіргі таңда атқарған жұмыстарының нәтижелері және театр өміріне қатысты жаңалықтарды көрерменге жеткізу еді.

Орталық коммуникациялар қызметінде Халықаралық театр күніне арналған баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов, «Жастар» театрының директоры Мақсат Күзенбаев, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев қатысты.

Сөз басында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау сөзін Киномотография және театр өнері басқармасының бас маманы Гүлнафис Мырзашева оқыды.

Бас маман Г.Мырзашеваның айтуынша, қазіргі күні театрлардың жағдайлары жақсарып келеді. Қазақстанның театрлары жыл сайын гастрольдік сапарлардың географиясын кеңейтуде. Мысалы, «Астана опера» опера және балет театры, «Астана балет» театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және басқа да театрлар шет елдің көптеген саханаларында өз шеберліктерін көрсетті және алдағы уақытта да бұл жолдан таймайды. Жеке меншік театрлар да бұл бәйгеден қалыс қалмай отыр. Бұл қуантатын жағдай.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалдының өз театрына қатысты сөз қозғаған кезде, биылғы жылдың үш бірдей премьерамен басталғанын атап өтті.

«Басталған жылдың ең айшықты оқиғаларының бірі –қазақтың анасы, абыз анамыз, Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақова 100-жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі…» – театр жаңалықтарымен бөлісті. Бұл 100-жылдық мерейтой театр сахнасымен шектелмей, Қазақстанның жер-жерлердегі театр сахналарында да аталуда. Театраралық «Алтын сақа» атты фестивальға жыл қортындысы бойынша ең жаңа туындылар бәйгеге түседі. Жарыстан оза шапқан спектальдерді марапаттау рәсімі Халықаралық театр күні қарсаңында болды. Биылғы фестиваль Әмина Өмірзақованың есімімен және шығармашылығымен байланысты болды, тарихи актрисаның атындағы ең үздік әйел бейнесі номинациясы да болды. Бұл номинация бойынша Роза Әшірбекова есімді актриса жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Азамат Сатыбалдының елмен бөлісер жақсы хабары да бар. Елімізде бұрын-соңды болмаған тың жобаны қолға алмақшы. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі бірлесіп наурыз айында «Аманат» атты концерт-спектакльді халықтың назарына ұсынбақшы. Бұл жобаның мақсаты, Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, бабаларымыздан жеткен аманатты жастарға жеткізу. Оркестр мен театр актерлері бірігіп, театр сахнасында өнер көрсетеді. Алматы қаласында премьерамен басталатын «Аманат» концерт-спектаклі жаз айында Нұр-Сұлтан қаласының көрермендерін де қуантпақ. Жастар жылында «Жастар» театрының жаңалығы осындай болмақ.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев  мырзаның баспасөз отырысында «Құрманғазы» оркестрінің шығармашылық жұмыстары жайында сөйлеген сөздері құлақ құрышын қандырды.

«Құрманғазы» оркестрінің қай жұмысы да Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларымен тығыз байланысты. «Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен өткен жыл Құрманғазы оркестрі үшін сәтті жыл болды. Оның ішінде, құрылғанына 85 жыл толатын оркестріміз Алматы қаласында жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Біздің ұжым үлкен сахнаның төрінде тұрып, халық алдында одан әрі өнерін көрсетуге дайын» – деп, жақсы жаңалығымен бөлісті. Жақсы жаңалықтар онымен аяқталмайды, Құрманғазы бабамыздың  200 жылдығына орай өткен жылы ірі шаралар халықаралық деңгейде аталды. Оркестрмен атқарылған жұмыстардың қатарына жатқызуға болатын шара, ол оркестр өз тарихында алғаш рет Испан корольдігіне шақырту алып, Мадрид қаласына гастрольдік сапарына барып келуі. Шет мемлекетке барып, халықты тамсандырумен қатар, оркестр жыл басталғалы түрлі жанрдағы іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде, «Оркестр түні» және «Әлемдік хит» атты жаңа жобалары, «Қырғыз-қазақ тартуы» атты бірлескен концерті, «Миллион-миллион раушан гүл» және «Күй шашу» концерттері, Жаппас Қаламбаевтың 110 жылдығына арналған «Қорқыт сарыны» атты концерті. Нұрғиса Дәуешевтің бөліскен тағы бір жаңалығы, биылғы жылы оркестр шет мемлекеттерге гастрольдік сапарлармен аттанады.

Жалпы, баспасөз конференциясында сөз бастаған театрлардың арасында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры Сәбит Әбдіхалықовтың Наурыз тойын жаңа форматта тойлануы туралы сөзі ерекше болды.

 

«Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлау қолға алынған шара. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры тұңғыш рет 3D форматтағы «12 ай» спектаклін жас көрерменге тарту етті. Бұрын жас көрермендер үшін тек жаңа жыл қарсаңында қойылымдар тарту етілетін болса, енді осы жылдан бастап, әр Наурыз мейрамы балалар үшін спектальдар қойылады. Балаларға арналған Наурыз жобасы біздің театрда да қолға алынды.» – деп, С.Әбдіхалықов өз сөзімен бөлісті.

Балалар тақырыбы қозғалғанда, Министрліктің өкілі бұл тақырыпқа да тоқталып өтті. Қазақ елінің қай театырын алсақ та, бұл тақырыптан ешқайсысы да сырт қалмас. Жылдан жылға жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша, жылына төрт рет балаларға тегін қойылым көрсету, балаларға сахна мәдениетін насихаттау қалыптасқан үрдіс. Халықтың мәдениетке деген сұранысын арттыру үшін біздің театрлар жұмыла жұмыс атқаруда.

Бүгінгі баспасөз конференциясында қазақ театрларының жылдық жұмыстарының қортындылары айтылып, осы жылға арналған жоспарлары ортаға түсті. Қазақстанның қай «қара шаңырағын» алсақ та, ел үшін олардың орны бөлек, жөні бөлек. Қымбатты театрсүйер қауым, 2019 жылдың преьералары «Қобыланды», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Анна Каренина», «Ұлым, саған айтам…», «Дядя Ваня» сіздерді күтеді.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Ақпарат көзі: http://ruh.kz/kz/news/kobilandi_gasirdan_da_uzak_kun_anna_karenina_korermenin_kuantpak

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«БОЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҚ» спектаклінің ПРЕМЬЕРАСЫ

admin

Young Woman Chef Serving Fresh Salad at Kitchen

admin

РЕЖИССЕРЛЕР МЕН СЦЕНОГРАФТАР ФЕСТИВАЛЬ-ФОРУМЫНЫҢ «ҮЗДІК РЕЖИССЕРІ» АНЫҚТАЛДЫ

admin