Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Өмірдің өзінен алынған қойылым

Балнұр АХМЕТ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры драматург Баянғали Әлімжановтың «Супер жеңгетай Серкеш» комедиясын көрермен назарына ұсынды. Қазіргі замандағы адам баласын толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді арқау еткен спектакльдің қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Хаджиев, қоюшы-суретшісі – ҚР мәдениет қайраткері Серікқан Омаров. Ойлы күлкіге құрылған комедиялық қойылымның басты кейіпкерлерін Елдар Отарбаев, Гүлбаһрам Байбосынова, Сафуан Шаймерденов, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Қарабалин ойнады. Пьесаның авторы шығарманың астарына үңілген жан терең сыр аңғаратынын айтты.                                               

– Бұл қойылымда бүгінгі заман­дағы халқымыздың қазіргі қалпы мен мінезінің кейбір қырлары көр­сетілген. «Қаптан шыққан қара қыз» деп аталған бұл пьесамды осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда театры «Еңсұлу-Меңсұлу» деген атаумен сахналаған болатын. Шынын айтсам, бұл шығарма халқым бір рахаттанып күліп, демалсын деген ниеттен туған туынды. Біле білсек, күлкінің астарында терең ой мен өмірдің шындығы жатады. Күлдіре отырып, көрермен көңіліне ой ұялат­қымыз келетіні рас. Қойылымдағы әр образдың, әр оқиғаның астарында өрілген ой бар. Қаламның қуатымен өмірдің шындығын, адамның тағды­рын көр­сете отырып, оқырманды ой­ландыруға ұмтылдым. Бұл қойы­лым­ның 70 жылдық тарихы бар киелі өнер ордасында сахналан­ғанына шын жүректен қуаныш­тымын, – дейді Баянғали Әлім­жанов.

Адамды күлдіріп, жылататын, жы­латып, күлдіретін комедия қиын жанр екендігін атап өткен спекта­кльдің қоюшы-режиссері Жанат Хад­жиев өз сөзінде бұл комедия арқылы көрермен көп нәрсені көңіліне түйетінін тілге тиек етті. Өмірдің өзінен алынған қойылымның басты кейіп­кер­лерінің бейнесін сомдаған театр әртістері өз кейіп­керлерінің та­биғатын ашуға үлкен жауап­кер­шілікпен қарағандарын жеткізді.

– Бұл спектакльде мен Сер­кеш есімді басты кейіпкердің рөлін ойнаймын. Кейіпкердің жандүниесін көрерменге көрсету үшін адамның образын, іс-қи­мылын біраз зерттедім. Уақыт өте келе сахнада ойнаған сайын бұл бейне әлі ашыла түсетініне сенемін. Серкеш – спектакльдің сәнін кіргізетін кейіпкер. Сон­дықтан, қойылым қызықты бол­уы үшін, көрерменнің көңілінен шығу үшін бар өнерімді салуға тырыстым, – деді Елдар Отар­баев.

Қойылымда басты кейіпкер­лер көптеген күтпеген жағдай­ларды бастан өткізеді. Дүние­қоңыздық, мақтаншақтық, мен­меншілдік, қара басының қамын ойлау тәрізді көңілді кірлететін қасиеттерден арылу қажеттігі туралы сыр шертетін қойылым­ның астарынан адамгер­шіліктің асыл қасиеттерін сақтап қалған адам ғана өмір сынағынан сүрінбей өтетіндігі айқын аңға­рылады.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/11/22/%D3%A9%D0%BC%D1%96%D1%80%D0%B4%D1%96%D2%A3-%D3%A9%D0%B7%D1%96%D0%BD%D0%B5%D0%BD-%D0%B0%D0%BB%D1%8B%D0%BD%D2%93%D0%B0%D0%BD-%D2%9B%D0%BE%D0%B9%D1%8B%D0%BB%D1%8B%D0%BC/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Динара Абдуллинаның орындауында Фариза Оңғарсынованың “Ұнатып ем…” поэзиясы.

admin

Мүсірепов театры 70 жылдық мерейтойы аясында, қаламыздан алшақ орналасқан ауыл-аймақтардағы, елді-мекендердегі көрерменге өздерінің көшпелі қойылымдарын ұсынуды қолға алған. Осыған орай, бүгін 15.00-де Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының Мəдениет үйінде С.Сматаевтың “Көгілдір такси” мелодрамасы патша көңілді көрерменге жол тартты. Рухани қазына ортасы – театрға ат басын бұрып тұрыңыз!

admin

МАГИЯ ТВОРЧЕСТВА

admin