https://youtu.be/-c30_gQLto8?t=9
Бүгін Тақиялы періште – Тайлақтың анасының туған күні.
Біртуар актриса, қазақ өнерінің жарық жұлдызы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толып отыр. Сахна саңлағының өмірден өткеніне 13 жылға жуықтаса да, ол сомдаған кейіпкерлер әлі қалың көрерменнің көз алдында.
Бұл – 1945 жылы түсірілген «Абай әндері» фильмі. Әмина Өмірзақованың кино әлеміндегі жұлдызын жаққан тұңғыш туынды. Басты рөлдің бірі – Ажардың бейнесін сомдайтын актрисаны сценарий авторы Мұхтар Әуезовтің өзі бекіткен.
«Мұхтар Әуезовтің «Абай әндері» шығармасына кино түсірілмек болды. Мұхаңның өзі сценарийіне қатысты. Басты рөл – Ажарға сұлулар іздеп, бәйге жариялады. Мен де суретімді өткізе салдым, бірақ үміттенбедім. Өйткені ол кезде сұлулар көп болатын. Мұхтар аға өзі келіп, сұлуларды таңдады. Мені алатын болып шешіпті. Ол кісіге бәрінен бұрын көзім ұнапты. Қуанғанымнан «Менің пұшық мұрным өтіп кетті», – деп айқайлап, күле беремін. Пұшық мұрынды қыр мұрын жасады, әп-әдемі Ажарға айналдым. Кинодағы тұңғыш рөлімді сәтті ойнап шықтым»
Алғашқы кино рөлінен соң аты асқақтай түссе де, Әмина Ерғожақызы сахнадан қол үзген жоқ. Сол жылдары бой көтерген Балалар мен жасөспірімдерге арналған театрға орналасып, өмірінің соңына дейін өнер көрсетті. Әуезовтің Мөржанынан бастап, Мүсіреповтің Баяны, Шиллердің Луизасы, Айтматовтың Алтынайы, Ахтановтың Гүлжамалы сияқты ондаған кейіпкерді сахнаға алып шығып, қазақ көрерменінің жүрегінен мықтап орын алды.
Гүлжамал Қазақбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Әмина – өнердің анасы. Бәріміз мақтанышпен еске аламыз. «Күшік күйеуде» мен қызын ойнап жүрсем, кейінгі кезде Әмина апам ойнаған рөлді мен ойнадым. Сол кісінің ізбасары болғаныма өзімді бақытты сезінемін.
«Абай әндерінен» соң Әмина Өмірзақова «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Жамбыл» сияқты бірқатар киноға түседі. Ал 1963 жылы режиссер Александр Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмінде басты рөлді сомдайды. Кейіннен картина қазақ кинематографиясындағы ең табысты туындының біріне айналады. Фильмге – Мемлекеттік сыйлық, ал қазақ анасына тән қасиеттің барлығын бір бойына сыйдыра білген актрисаға Бүкілодақтық кинофестивальде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы табысталады.
Роза Әшірбекова, Қазақстанның халық әртісі:
– Ол кісінің мимикасы ғажап болатын. Не ойлап тұрғаныңды көріп қалады. Бет әлпетінің өзі қандай керемет. Қандай жанрға салсаң да, шыңына жеткізіп ойнайтын.
Қазақстанның халық әртісі Роза Әшірбекованың бұл сөзін «Тақиялы періште» картинасы растай түседі. Алдымен драма жанрының шырқау шегіне жеткен актриса өзін комедияда да мойындата білді. Әсіресе, Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесіндегі» Тана рөлі.
Әлімғазы Райымбеков, ҚР мәдениет қайраткері:
– Екі алыптың арасында жүріп мен қалай жаман ойнауым керек? Тырыстым. Сценарийді жаттаймын, оқимын, сіңіремін. Әмина апам кейде айтып қояды: «Әй, мына сөзді былай айту керек еді ғой», – деп. Сол екінші дубльда Әмина апамның айтқанын орындап, тумаса да туған анамдай болды.
«Қазақ өнерінің анасы». Біз бүгін тілдескен театр және кино өнерінің майталмандары Әмина Өмірзақованы осылай атап, жарқын бейнесін сағына еске алды. Бұл оның фильмдегі рөлдеріне емес, өмірдегі аналық қамқорлығы мен мейірімділігіне байланысты дейді олар. Биыл Әмина Ерғожақызының 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілмек. Республикалық деңгейде жоспарланған шаралар бір жылға жалғасады.
Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Наурыз Базаров
Ақпарат көзі: https://24.kz/ru/zha-aly-tar/m-denie/item/301145-mina-mirza-ovany-tu-anyna-100-zhyl