Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНДА С.ҚАРАБАЛИННІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Мәдениет басқармасы және Алматы қаласының әкімдігі қолдауымен 29-шы қазан 03-ші қараша күндері аралығында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, театр және кино актері Сағызбай Қарабалиннің 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық апталық өтті.

Табиғи талант, ғибратты ғұмыр иесі Ғ.Мүсірепов театрында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол Э. Де Филиппоның «Цилиндрында» Аттилио, Ф.Шиллердің «Махаббат пен ғадауатында» – Миллер, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетінде» – Орган қарт, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Науан хазірет, У.Шекспирдің «Король Лирінде» – Лир, В.Дельмардың «Баянсыз бағында» – Купер Барклей, І.Жансүгіровтың «Құлагерінде» – Күреңбай, Г.Горинның «Ұмытыңдар онысында» – Тиссаферн сынды бейнелерді сомдаса, режиссер ретінде Е.Елубаевтың «Асарын», Р.Ыбыраеваның «Ғажайып қобдишасын», С.Қасымбектің «Батыл көжектерін», Иран-Ғайыптың «Аждаһаның әлегін», Е.Аманшаевтың «Балконын», С.Балғабаевтың «Ең алғашқы жаңа жылын», Ю.Энтин мен В.Ливановтың «Бремен музыканттарын» Ғ.Мүсірепов театрының сахнасында кішкентай көрерменге арнап қойды. Сонымен қатар, қазіргі таңда Сағызбай Қарабалин тек балалар мен жасөспірімдер сахнасында ғана емес, өзге де театр төрінде өз өнерін паш етуде. Мәселен, бүгінде көпшілікке танымал Шам театрының репертуарындағы үздік қойылымдардың бірі әрі бірегейі «№37» спектаклінде, Алатау дәстүрлі өнер театрының репертуарындағы «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымында басты рөлде бой көрсетеді.

Өнерді өмірінің мәніне айналдырған актердің шығармашылық апталығы аясында артистің жоғары біліктілігін танытатын бірқатар қойылымдары әр түрлі театр төрінде сахналанды. Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатын апталыққа еліміздің Мәдениет басқармасы мен Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. Атап айтсақ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 29-шы қазан күні «Король Лир», 1-ші қараша күні «Құлагер» және 3-ші қараша күні «Баянсыз бақ» спектакльдері сахналанып, Жас сахна театрында 30-шы қазан күні «№37» спектаклі және 31-ші қазан күні «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Аталмыш апталықта өнер иесі сомдайтын спектакльдерден ғана емес, тарихта қалар ерекше сәттерден тұрды. Қараша айының 2-ші жұлдызында театр саңлағының шығармашылығы туралы жазылған «Бекзат болмыс иесі. Масадан корольге дейін…» (автор: Б.Әлкеева) зерттеу кітабының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап авторы қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы болашақ өнер иелеріне тәлім беріп жүрген оқытушы, театртанушы Бейбіт Әлкеева. Жаңа кітаптың ресми тұсаукесерінде еліміздің мәдени саласының дамуына зор үлесін қосып жүрген театр майталмандары мен өнер иелері бой көрсетіп, пікір білдірді. Бекзат болмыс иесінің апталығы кәсіби шеберлікпен ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткені көңіл қуантады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрымыздың актрисасы, Қазақстан Жастар Одағы “Серпер” сыйлығының лауреаты – Жанар Мақашева, Əзиз Бейшеналиевтің “ИГРА НА ВЫЛЕТ” фильмінде Аида рөлін сомдауда. Фильмнің тұсаукесері 24-қараша 7 арнадан көрсетілмек.

admin

“Құнанбай” фильмі. Қамқа рөлінде театрымыздың актрисасы – Толқын Нұрбекова.

admin

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ КОРЕЙ ӨНЕРІ БІР САХНАДА

admin