Гардероб – мекеменің айнасы. Гардеробта қызмет көрсететін адамға қарап келушілер сол жердің тәртібі мен мәдениеті туралы көзқарас қалыптастарады. Ал гардеробшы болып қызмет ету үшін қанша күш-қуат қажет? Сіздің киіміңізді күзететіндердің табысы қанша? Қазақстандықтардың гардеробтағы қызметкерлермен қарым-қатынасы қандай? Бұл туралы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының қызметкері Айнұр Базарбаева айтып берді.
Театр – киімілгіштен, мәдениет – гардеробтан басталады
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студентімін. Филолог мамандығында оқимын. Әдебиетке, мәдениетке жақын болғандықтан, театрға жиі келетінмін. Мәдениетті сүйетін адам үшін мәдени орданың гардеробында қызмет ету де бақыт. Театрдың 72-маусымы ашылғаннан бері осында жұмыс істеп жүрмін.
Гардероб – қонақтарды ең бірінші болып қарсы алатын орын. Мекеме туралы көзқарас та гардеробшының қарым-қатынасы мен мәдениетіне байланысты қалыптасады. «Театр – киімілгіштен басталады» десек, адамдардың мәдениеті гардеробтан басталады.
Гардеробшы болу жас талғамайды
Жұмысқа алғаш келгенімде театр гардеробында ұзақ жылдар бойы қызмет екен Марал тәте маған көп нәрсе үйретті. Адамдарды қалай күтіп алу керек, қалай сөйлесу керек, киімдерді қалай реттеп ілу керек дегеннің бәрін сол кісіден үйрендім.
Көпшіліктің ойында гардеробта тек зейнет жасындағы адамдар жұмыс істеуі керек деген пікір қалыптасып қалған. Бұл қызмет жас та, білім де талғамайды. Менімен қатар жұмыс істейтіндердің қатарында өзім сияқты жас қыздар да, орта жастағылар да, зейнет жасындағылар да бар.
Театр қойылымдары кешкі 18:30-да басталады. Ал гардеробшылар жұмысқа сағат 17:00-де келеді. Алғашқы келушіден бастап театрдағы соңғы адам шыққанша қызмет көрсетеміз. Жұмыс уақыты сабағыма еш кедергі келтірмейді. Сабақтан шыға сала жұмысқа келемін. Жұмыс уақыты әрі кетсе түнгі ондарға дейін созылады. Өзім жатақханада тұрамын. Театрға жақын орналасқан. Жатақханаға кешігіп көрмеппін.
Гардероб – анықтама орталығы іспеттес
Гардероб тек адамдардың киімдерін ғана сақтаумен айналыспайды. Біз анықтама бюросының да қызметін атқарамыз. Гардеробшы қай қойылым қай күні болатынын, қанша уақытқа созылатынын, жақын маңда қандай тамақтанатын орын бар екенін, автобустар қандай бағытта жүретінін, әжетхана мен кассаның қайда екенін – бәрін-бәрін білуі керек.
Сырт киімін гардеробқа өткізген адамдар бағалы заттарын, телефонын, ақшасын қалтасында ұмытып кетуі мүмкін. Осы тұста гардеробшының адамгершілігі мол болуы керек. Көктем мен күзде, кейде күн жылы болған күндері келушілер сырт киімін гардеробтан алуды ұмытып кететін жағдайлар да жиі кездеседі. Мұндай кезде біз барлық заттарды театр әкімшілігіне өткіземіз. Мен қызметке келгелі біздің гардеробта ешқандай нәрсе жоғалып көрген жоқ.
Гардеробшы киімдермен емес, адамдармен жұмыс істейді
Қоғамдық орын болғандықтан келушілер әртүрлі болады. Сондықтан, гардеробшы сөйлеген сөзіне, істеген ісіне сақ болуы керек. Мұнда қызмет ету зеректікті, есте сақтау қабілетін, шыдамдылықты талап етеді. Гардеробшы киімдермен емес, адамдармен жұмыс істейді.
Киімілгіште қызмет ететін адамға қойылатын басты талаптардың бірі – тазалық. Гардеробшының қолы да, ойы да таза болуы керек. Бізде бір ғана міндет бар. Ол – келушілерге қызмет көрсету. Кейде театрға келушілер аз болғанда, мұңайып қаламын. Маған адамдармен қарым-қатынас жасаған ұнайды.
Қазақстандықтардың мәдениетіне қынжыламын
Өкінішке орай біздің елде гардеробшыларға робот немесе төменгі сатыдағы адам ретінде қарайтындар да бар. Келушілердің кейбірі сәлемімізді түзу қабылдаса, кейбіреулері бізді көзге ілмеуге тырысады. Дөрекілік танытатын адамдар да кездеседі. Мен бұған ренжімеймін. Тек қазақстандықтардың мәдениеті осындай деңгейде екеніне қынжыламын.
Кез келген жағдайда бізді «қазақпыз ғой» деген сөз құтқарады. «Қазақпыз ғой» деп кешігіп келетіндер көп. Қойылым басталатын уақытқа дейін киімілгіш толмайды. Дәл қойылым басталған соң келушілердің қарасы көбейеді. Театр деген той емес қой. Қойылым дәл уақытында басталады. Кешігіп келгендер «қойылым басталып кетті ғой, сырт киіммен кіре салайыншы», «залдың іші суық екен, сырт киіммен отырмасам, тоңамын» дейтіндер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда біз барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз.
Гардеробшылар ілгегі жоқ киімдерді ұнатпайды. Қанша ескерту жасасақ та, келесіде сол қалпында ілгексіз келетіндер де бар. Бұл біз үшін емес, өздері үшін керек екенін түсіне бермейді. Гардеробта киімдері құлап жатса, кір болып қалса, бізді кінәлайды. Жауапкершілік әр адамнын өзінен басталса, Қазақстан мәдениетті мемлекет атанатынына сенімдімін.
Нөмір белгісін жоғалтқандарға айыппұл салмаймыз
Бізді қуантатын жағдайлар да аз емес. Мәдениет ордасына арнайы киініп келетіндер, тіпті, қыс кезінде ертерек келіп арнайы аяқ киімі мен көйлегін ауыстыратын тұлғалар ортамызда әлі де болса бар.
Театр – көпшілікке арналған орын. Бұл жерге бай да, орта таптың өкілдері де, жас та, кәрі де, бала да келеді. Олар театрға не үшін келеді? Мәдениетпен, рухани байлықпен сусындау үшін. Біздің театр балалар мен жасөспірімдерге арналғандықтан, мектеп оқушылары жиі бас сұғады. Театрдың тәрбиесін көрген ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Балалар топ болып келгенде оларға жеке-жеке нөмір бермейміз, киімдерін санап алып, жауапкершілікті ертіп келген тәрбиешісіне жүктейміз.
Киімілгіштің нөмірі берілген белгішені жоғалтып алған адамдар айыппұл салады екен деп қорқып жатады. Оған бола қайғырудың қажеті жоқ. Біз айыппұл салумен айналыспаймыз. Келуші театрдан шықпаған болса, нөмір белгісі ғимараттың ішінде жоғалды деген сөз. Оны біздің қызметкерлерін тауып береді. Сондықтан, келушілерге айтарым гардеробшыдан қорқып, жауапкершіліктен жалтарудың қажеті жоқ. Бәріміз де адамбыз, бәрін түсінеміз.
Гардеробшы болу – денсаулыққа пайдалы
Қазіргі жастар жалқау болып барамыз ғой. Ал гардеробшы болу физикалық белсенділікті талап етеді. Бізде үш бөлім бар. Өз бөлімімде күніне жүзге жуық адамға қызмет көрсетемін. Премьера күндері адам одан да көп болады. Тіпті, киімдері сыймай қалатын сәттер де кездеседі. Гардеробшы болудың денсаулыққа пайдасы көп. Адамдарға қызмет көрсету – жаттығу жасап, жаяу жүргенмен бірдей. Менен күн сайын қанша шақырым жол жүретінімді сұрайтындар да кездеседі. Оны есептеп көрмеппін (күліп). Алайда, жүз адамның киімін он метр жерге ары-бері тасу оңай шаруа емес. Алатын айлығымыз – 30 мың теңге. Студент үшін бұл үлкен көмек.
Әдетте қойылым екі сағатқа созылады. Бұл кезде біздің қолымыз бос болады, әркім өзінің сүйікті ісімен айналыса алады. Бос уақытта үй тапсырмасын орындап, кітап оқып, шәй ішеміз. Біздің ұжым өте қарапайым, көңілді адамдардан тұрады. Өкініштісі, гардеробтағы қызмет тек маусымдық жұмыс.
Ақпарат көзі: https://baribar.kz/50629/madeniet-garderobtan-bastalady-garderobshy-aynur-qazaqstandyqtardynh-madenieti-turaly/