Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Мұқағали Мақатаевтың туған күнін қай жерде қарсылауға болады

Сурет ашық дереккөзден алынды
Қарасаздың қарлығашы атанған Мұқағали Мақатаевтың туған күні поэзиясүйер қауым үшін ұлы мереке.
“Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім”
Мұқағали Мақатаевтың көп өлеңі халық санасында жаңғырып тұр. Мұқағали поэзиясының тазалығы соншалық, оны жас та, жасамыс та бірден жаттап алады. Ертең, 9 ақпан, поэзиясүйер қауым үшін үлкен мереке. Мұқағали Мақатаевтың жарық дүниеге келген күнін жер-жерде атап өтеді. Today.kz Мұқағали Мақатаевтың туған күні кең көлемде аталып өтетін мәдени орындардың тізімін жасады.
– Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры Елорда тұрғындары мен қонақтарын 15 жылдан бері сахналанып келе жатқан “Мұқағали” поэтикалық драмасын тамашалауға шақырады. Авторы -Серік Тұрғынбекұлы. Басты рөлде – Мұқағалидың бейнесін 15 жылдан бері сомдап келе жатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев. Драма кешкі сағат 19:00-де басталады.
– Алматыда ақынның туған күнін тойлау жыл сайынғы дәстүр бойынша Алматыдағы Мақатаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан ақын ескерткішінің жанында басталады. Ескерткіш жанында 11:00-де Мұқағали оқулары өтеді.
“Қазақ Мемлекеттік қыздар педогогикалық университеті, Қазақ Ұлттық университеті және тағы басқа жоғары оқу орны студенттері ақын өлеңдерін оқиды. Мектеп оқушылары да қатысады. Жыл сайын ол жерге ақын-жазушылар мен халық көп жиналады”, – дейді ақынның келіні әрі Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті Бақытгүл Айдарова.
– Ертең Алматыдағы Республика сарайында Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың ұйымдастыруымен “Соғады жүрек” атты ән-жыр кеші өтеді. Кеште Мақпал Жүнісова, Алтынай Жорабаева, Қарақат Әбілдина, Гүлнұр Оразымбетова, Тамара Асар, “Жігіттер” квартеті, Мәдина Сәдуақасова және тағы да басқа эстрада әншілері өнер көрсетеді. Басталуы кешкі 19:00-де.
– Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры ақынның туған күніне орай “Мұқағалимен сырласу” атты поэтикалы-компазициялық кеш өткізеді. “Тау – менің дәу бесігім…” деп тебіренген таудай ақынмен тағы бір сырласқыңыз келсе, шығармашылық ұжым театрға шақырады. Кештің авторы – “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан. Ал кешке еліміздегі ең жас режиссер Аридаш Оспанова режиссерлік еткен. Ендеше ертең кешкі 18:30-да әкемтеатр ұжымы сіздерді күтеді.
– Ал Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ертең премьера! Театр ұжымы ертең ақынның туған күніне орай “Аққулар ұйықтағанда” драмасының тұсауын кеседі. Басты рөлдерде Жомарт Зейнәбіл, Мерей Әжібеков, Нұржамал Әбілқияс және сахна сыртындағы Мұқағалиды Елдар Отарбаев дыбыстайды. Басталуы – кешкі 18:30-да.

Ақпарат көзі: http://today.kz/kz/news/mdeniet/2018-02-08/759596-maali-maataevtyi-tuan-knn-aj-zherde-arsyilaua-boladyi/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Өзекжарды” радио-бағдарламасының қонағы Бақыт Беделхан.

admin

БАЛАЛАР СПЕКТАКЛЬДЕРІНІҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

admin

Кездесуге қатысып, өздерінің қызықты сұрақтарымен кешіміздің көркін келтірген барша көрермендерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз!

admin