Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасының көрерменге айтары көп

Береке мен бірлік, тату-тәтті тірлік – отбасының тірегі әрі басты байлығы. Бірлік пен ынтымақтастық – шаңырақтың шырайы. Жүректе жылу, мейірім мен жанашырлық жоғалса, адамзат арасындағы береке-бірлік пен татулыққа сызат түсетіні анық. Ынтымағы ыдыраса, бір ананың құшағында құлпырып өскен, бір тамырдан таралған ағайындардың да арасы ажырайды. Бірлігі бүлінген, тірегі тілінген отбасының берекесі кетіп, басынан бағы ұшады. Ауызбіршілігі болмаған отбасы мүшелерінің бір-біріне деген мейірімі азайып, сезімдері суып, жүректері қатыгездіктен қатая бастайды. Өзінің қамын ойлаған адамдар кейде ұшқан ұясын ұмытып, береке-бірлігінен айрылып, бір сәтте бөтен біреулерге айналып кетуі мүмкін. Жақында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасы көрерменге ананың басындағы тауқыметі мен адамдардың ата-ана алдындағы перзенттік парызы туралы баяндап берді.

Бір отбасындағы оқиға арқылы қоғамның дертіне үңілдірген бұл драма бұдан жиырма жыл бұрын жазылса да, бүгін де өзінің өзектілігін әлі жоғалтпағаны анық. Еліміздің бірқатар театрларында сахналанған қойылым көрерменді ой теңізіне батырып, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен адамгершілік қасиеттер туралы ойландырады. Мейірім шуағына шомылып өскен бір ананың перзенттері жырақтағы жандарға айналып кетпей, әрдайым бір-біріне рухани тірек болып, бес саусақтай бірігіп өмір сүру керектігін көрсетеді.

– Бір түп алма ағашы туралы бұл аңыз бір ұяда өскен адамдар кейін өмірде неліктен бір-бірінен алшақтап, бір-бірінен бөлек кетеді деген өзекті мәселені арқау етеді. Бұл көптеген отбасыларда кездесетін оқиға. Кейде аяулы анасын ұмытып, бауырларына көмектеспей кеткен адамдар шынайы өмірде де кездеседі. Отбасы құнды­лығы туралы бұл қойылым көрер­меннің көңілін селт еткізеді деген ойдамыз, – деді қоюшы-режиссер Мұрат Ахманов.

Ал, қойылымдағы басты кейіп­керлер­дің бірін сомдаған Гүлжамал Қазақбаева мейірімімен мәпелеп өсірген перзенттері жүрегіне қайғы қадаған ананың рөлін ойнау оңай болмағанын атап өтті.

– Қазір дүние жүзінде жан түр­шігерлік әртүрлі жағдайлар орын алуда. Адамзат тағдыры туралы баяндайтын бұл қойылым ешқашан ескірмейтін тақырыпқа арналған. Өмір туралы терең ой салатын бұл қойылымнан көрермен өзін мазалаған көптеген сауалдарға жауап алатыны сөзсіз. Мен бұдан бұрын қазақ сах­насында бірқатар аяулы аналардың бейнесін сомдадым. Алайда, бұл рөлге жан бітіру маған оңай болған жоқ. Қырық жыл сахнада жүрсем те, көрерменнің алдында алғаш рет өнер көрсетіп тұрғандай, іштей толқып тұрамын. Қойылымдағы ананың жандүниесін ашу үшін талай ұйқысыз түндерді өткіздім. Ананың басына түскен тауқыметті көрерменнің көңіліне қалай жеткіземін деп біраз ойландым, осы бейненің кілтін қалай табамын деп іштей қатты қиналдым. Қазіргі таңдағы кейбір отбасының дауасыз дертіне айналған қайғы-қасіреті туралы сыр шертетін қойылым көрермен жүрегіне жол табады деп үміттенемін, – деді Гүлжамал Қазақ­баева.      Драманың авторы Әлімбек Оразбеков шығарманы жазуда адам­ның жандүниесін рухани тазартып, отбасын­дағы оқиға арқылы көрер­менді қоғамның айнасына үңілдіргісі келгендігін айтып өтті.

– Бұл туындыны жазуға мені өмірдің өзі мәжбүрледі. Себебі, бір анадан туып-өскен бауырлар жеке басының ғана қамын ойлап, өзінің шыққан тегін, ауылын – алтын бесігін ұмытып бара жатқан кейбір жағым­сыз жағдайлар жаныма қатты батты. Бүгінгі таңда айналадағы адамдардың бойында тек өзін ғана ойлайтын қасиет пайда болды. Жандүниесін қатыгездік, дүниеқоңыздық пен салқынқандылық жаулап алған адамдар аяулы ананың сүтімен, әзіз әкенің ыстық алақанымен діліне дарыған асыл қасиеттерден айрылып бара жатыр. Ақша табудың ғана жолын іздеген адамдар сәбилік тазалық пен адамгершілік қасиет­терден жұрдай болып барады. Адам­дар арасындағы сыйластық сезім қалтаның қалыңдығымен өлшенетін болды. Тіпті, дүние табудың жолында адамдар бір-бірін аттап-таптап кете беретін болды. Адам баласы өзінің туған анасын, шыққан тегін, түп-тамырын ешқашан ұмытпауы тиіс. Жас ұрпақтың батысқа бет  бұрып, туған тамырынан ажырауына бол­майды. Бұл драманың еліміздің мәдени ордасына айналған Алматыда сахналанғанына қуаныштымын. Көрермен қауым қойылымнан оймақтай бір ой түйсе, онда көңілдегі көздеген мақсатымызға жеткеніміз, – деді ол.

Алма ағашы – бір тамырдан таралған бір әулеттің символы. Алма бағы бейнеленген сахнаның аппақ декорациясы адамды көңілдің ақ айдынына жүздіреді, тек қана тазалықтан құралған алыстағы аппақ әлемнің құшағына ендіреді. Қойылымның қоюшы-суретшісі Серікқан Омаров  сахнадағы аппақ алма бағы арқылы көрерменге өмірдің тазалығын бейнелеп, жарық дүниеге адамзаттың күнәдан таза, періштедей пәк күйінде келетінін көрсетуді көздеген. Ыстық ұядан ұшқан­нан кейін бірталай жылдан соң ауылдағы анасының туған күнінде бауыр­лардың басқосуы комедия мен тра­гедия араласқан отбасылық кон­цертке айналады. Ананың сүйіс­пеншілігінен нәр алып өскен пер­зенттер бір дастархан басында дұшпандардай қырық пышақ боп қырқысып, көңілдегі кірін төгіп, бір-бірінің бетпердесін шешеді. Ананың ақ сүтін ақтаудың орнына, ауырт­палықтарын артқан перзенттерінің бір-біріне айтқан сөздері сүйектен өтіп, ана жүрегін алмастай тіледі. Қойылым кейіпкерлерінің өзара әңгімелерінен 90-жылдардағы ауыр кезеңнің көрінісі айқын аңғарылып тұрады. Өмірдегі қиындықтар қойы­лым кейіпкерлерінің бойындағы бауырмалдық, жанашырлық, адам­гершілік тәрізді асыл қасиеттерін сылып алып тастап, қатыгездік, өзімшілдік, суыққандылық тәрізді қасиеттерді жүрегіне ұялатады. Қойылым көрерменге кейіпкерлердің өмірі арқылы адам деген ардақты атқа лайық болу, адамгершіліктен аттамау, отбасы атты басты байлығын, өмірлік құндылығын бағалау, ата-ананы құр­меттеу, аяулы ананың ақ сүтін ақтау, тағдырдың қиындықтарымен бірге күресу туралы әңгімелейді. Қойы­лымның құндылығы, міне, осында.

Балнұр АХМЕТ

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/01/20/отбасы-ошақ-қасы-ғана-емес/

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Келіндер көтерілісі» сахнада 10 жыл

admin

13-қараша күні сағат 17.15-те “Кейіпкер келбеті” мейман бұрышы кезекті кездесуін өткізеді. Театрымыздың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры – Əсел Мəмбетова көрермен көкейіндегі сан сауалдарға жауап береді. Қызықты кештен құр қалмайық, қадірлі көрермен!

admin

Мұрат АХМАНОВ: «Ақтабан шұбырындымен» қазақтың тағдыры аяқталған жоқ

admin