Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Бір түп алма ағашы» – өмірдің өзі

Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған «Бір түп алма ағашы» атты драманың негізі осында.

 Яғни отбасылық құндылықтардың құлдырауы. «Күтімсіз гүл де солады, ағаш та қурайды. Мейірім нәрін молынан сіңірген мәуелі ағаш жемісін көбірек салады. Күретамырдан тараған қуат күшін әр бұта өзіне қажетті мөлшерде ғана қабылдай алмаса, жапырақ сарғаяды, бұта да сынады, алып ағаш та құлайды. Адам да солай… Береке-бірлік, татулық болмаған отбасында жүректің жылуы қайдан болсын?!» Мұрат Ахмановтың қойылымы осы ойды меңзесе керек.

Әлімбек Оразбековтың пьесасы тағ­дыр­­мен күресу үшін таусылмас күш, тал­мас қажыр-қайрат керектігін көрерменге ұқтырғысы келеді. Бұл спектакль театр сахнасында алғаш қойылып отырған жоқ. Бұған дейін де облыстық театрларда бір­неше рет сахналанған. Тіпті өзбек театры тәржімалап көрсетті. Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры да сахнаға шығарған. «Қазір­гі адамдар бір-бірімен мүлде сөйлесуді қойған!». Облыстық театрдың спектакльді берудегі негізгі мотиві – осы. Одан бөлек, Жезқазған театрында қойылды. Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық дра­ма театры да бұл спектакльді сахнаға алып шықты.
Адамдар ержетеді. Отбасын құрады. Шаңырақ көтеріп, бөлек шығады. Бір-бірінен алыстай бастайды. Неге? Бауырлар бөлек кеткен соң, бір-бірін бөтенсіп, жа­тыр­қауы тиіс пе? Олар неге жатбауыр? Олар отбасынан неге алшақтап кетті? Бір кездегі мейірімге толы жүректер қайда? Бір-бірі үшін жанын беруге даяр еді ғой. Ол сезім неге ұмытылды? Мейірім, кеші­рім сияқты ұғымдар есейген соң, жоғала бастауының себебі неде? Пьеса авторының айтар ойы осындай.
Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы туған ауыл, өзі өскен шаңыраққа деген әрбір адамның парызын қайта оралтып, көп ойларға же­телейді. Ауылда мүгедек баласымен қалған ана мен қалада тұратын балалардың кере­ғар тірліктері жаныңды күйзелтіп, көңілің­ді мұңға бөлейді. Психологиялық драма­ның мәні әрбір көрерменге туған ел мен туған жермен қатар, туған шаңырақ пен ата-ананың алдындағы перзенттік парыз­дың бар екенін паш етеді.
Қарасаңыз, ауылдағы ана мен мүгедек баланың психологиясы бір бөлек те, тұр­мыстағы қыздар мен күйеубаланың, қала­дан келген ұлдың психологиясы бір бөлек. Сан түрлі мінез-құлық иелерінің тұрмыс­тық қажеттіліктен аса алмауы кө­рерменге көп ой салады. Кінә арту, өкпе-ренішін жеткізу секілді арзан құндылықтар алдың­ғы орынға шығып кеткен. Ал Ана мен ауылдағы бауырдың ойында не бар, олар нені аңсайды, бауырларынан не күтеді деген ұғымдар жоқтың қасы. Бұл спектакль – өмірдің нақ өзі! Өмірдің алуан-алуан қиындықтарына қарамастан, әрбір саналы адам қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауы тиіс деген игіліктен туған дүние.
Қойылымдағы Дәметкен ана рөлін ойнаған Гүлжамал Қазақбаева мен Роза Әшірбекованың шеберлігіне сөз жоқ. Үлкен ұлдың бейнесін көрсеткен Сәкен Рақышев пен Әсет Иманғалиевтің Ерға­лиы нағыз тасбауыр ағаның бейнесін көр­сеткендей. Әлия мен Ләйлә рөліндегі Хазима Нұғманова мен Лиза Серікова да өз рөлдерін сәтті алып шыққан. Әсіресе, Зарқымбектің бейнесіндегі Рахман Ома­ров көпшілікті тағы бір тәнті етті. Мүгедек баланың, яғни Мақсаттың рөлі Дархан Сүлейменовке тиесілі болған екен. Дар­хан-Мақсаттың образының шынайылығы соншалық, кейіпкермен бірге мұңданып, бірге қиналдық.
Театрдың көркемдік жетекшісі, спек­такльдің қоюшы-режиссері Мұрат Ахма­новқа «Бір түп алма ағашы» спектаклінің бұған дейін де бірнеше облыстық театрда қойылғанын айтты, «оны қайталап қою­дың маңызы бар ма?» деген сауал тастадық.
– Отбасы тақырыбы – мәңгілік тақ­ы­рыптардың бірі. Жастар мен балалар театрының сахнасында жастарға үлгі боларлық, мәні бар шығармаларды қою қажеттіліктен туындап отыр. Осындай маңы­зы зор дүниелерден жастар сабақ алуы қажет. Ата-анасын ұмытпасын, бауырмал болсын, отбасы мейірімінен ажырамасын деген ойды айтқымыз келді.
– Дегенмен бұған дейін қойылып жүрген спектакльді жаңалық деп қабылдай аламыз ба?
– Спектакль бірнеше облыстық театр­да қойылғаны рас. Ал бұған дейін Алма­тының сахнасында болмаған екен. Негізі­нен, студенттер мен жастардың көп шоғыр­ланған ортасы осы жер. Сондықтан мұндай спектакль Алматы жұртшылығы үшін қажет-ақ.
– Облыстық театрда қойылған қойы­лым­ды тамашалап көрдіңіз бе?
– Бұл тақырыпты өзім де бір рет об­лыс­тық театрда сахналағам. Бірақ бұл спектакльдің артықшылығы, мұнда біраз өзгешеліктер бар. Чеховтың шығармала­ры­нан кейбір құндылықтарды пайдалан­дым. Музыкамен көркемдеу жағынан академиялық деңгейге көтергім келді.
– Бұрынғы спектакльдеріңізде пласти­каны көбірек қолданатын едіңіз. Бұл жолы ондай ерекшелікті байқай алмадық. Неге?
– Оның да өзіндік себебі бар. Драма­тургия мықты болса, пластиканы аса қа­жет­сінбейді. Байқасаңыз, мұнда көпшілік сахнаны көп қажетсінбейді. Бір отба­сы­ның басында болған оқиғамен шектелетін болғандықтан, оған би, артық қимыл керек емес.
Түйін:
Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театры «Бір түп алма ағашын» қойғанда, былай деп жазған екен: «Отбасы мың кірпіштен қаланған үй секілді. Әгәра­ки, бір кірпіш орнынан босап құлап түссе, басқа кірпіштердің тығыз байланысы бұзылып, нәтижесінде, үйдің қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортаға түсуі бек мүмкін. Өзімшілдік бар жерде бірлік жоқ. Бірлік жоқ мекенде бүлік көп. Ал бүліктің түбі – Өлім. Бүгінгі қоғамдағы боямасыз шын­дық – ағайындар арасындағы алауыздық. Бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыспауы – зор қасірет!» Бұған алып-қосарымыз бар ма? Отбасының бірлігін сақтаған ұлт мемлекеттің де бірлігін бекем ете алады.

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/19342-_b_r_t_p_alma_a_ashy_m_rd_z_

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Актер болу оңай ма? Кейіпкер: Жанар Мақашева

admin

Сегодня ТЮЗ имени Г.Мусрепова отмечает 70-летие

admin

Режиссер жалуется на отсутствие новых пьес о Декабрьских событиях

admin