Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
  • Басты бет
  • БАҚ жаңалықтары
  • ЛИДИЯ КӘДЕНОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ: ӨНЕРГЕ ІҢКӘР ЖАННЫҢ НИЕТІ ТҮЗУ БОЛАДЫ
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЛИДИЯ КӘДЕНОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ: ӨНЕРГЕ ІҢКӘР ЖАННЫҢ НИЕТІ ТҮЗУ БОЛАДЫ

Актриса! Лидия Кәденова театр сахнасына көтерілген сәтте ең алдымен осы сөз ойға оралады. Актриса­ Кәденованың жалт-жұлт еткен жанары әрбір көрерменін баурап алады. Оның сұлу жанары бірде Гүлбаршын болып мұңая қараса, келесі жолы екі иығын жұлып жеген жатақхана коменданты Биғайша болып арбай жөнеледі; Фармон бибі, Сыған кемпір, Қосүрейдің жанарына үңілсеңіз де мың-сан ұшқынды байқайсыз…
Лидия Тәжединқызы әңгімеміздің әлқиссасында-ақ ұстаздары мен өнердегі әріптестерін ерекше жылылықпен еске алды. Олардың жарқын бейнесін, кісілік келбетін, өнегесін айрықша құрметпен атап өтті. Сұхбаттың өне бойындағы желіні сақтау үшін әуелі арманға қол созған қаршадай қыздың алғашқы қадамдарын айтып ­бастап, әріптестер мен ұстаздарға содан кейінгі кезекте орын ұсындық. Иә, оған қоса театрдың, өнердің жайын талдап, сұлулыққа іңкәрліктің астарына үңіліп көрдік. Біздің замандағы өнер мен қазіргі өмірдің тереңіне бойлауға тырыстық…

– Лидия Тәжединқызы, әңгімемізді сонау 1970 жылдардан бастасақ. Сізді театрға, өнерге баураған не нәрсе? Ең алғаш үлкен сахнаға шыққан кезіңіз есіңізде ме? Кімді ойнап едіңіз, қандай сезім баурап еді?
– Үлкен сахна дейсіз бе? Өнерге ертерек, бала кезімнен талпындым ғой. Ақтөбеде, мектеп оқушысы кезімде би үйірмесіне қатысып, Алматыға келіп, өнер көрсеткенбіз. Осылайша, Алматының үлкен сахнасына алғаш рет актерлік өнеріммен емес, биіммен шықтым.
Әлі есімде. 1966 жыл еді. Оқушымыз. Қазір ой елегінен өткізсем, Офицерлер үйінің сахнасы ма екен деп топшылаймын. Бала көңілімде үлкен, еңселі сахна болып жатталып қалыпты. Бізді, үпір-шүпір балаларды жатақханаға орналастырғаны да есімде. Шат-шадыман болып терезеден сыртқа көз тастаймыз. Биік-биік тауларды көреміз. Не деген асқаралы биік деп таңғаламыз. Тағы да сыртқа үңілеміз. Айнала жасыл желекке малынып тұр. Не деген сұлулық деп сүйсінеміз. Арықтардан мөп-мөлдір су ағып жатады. Тазалығына таңдай қағамыз. Ол кездегі Алматы да, сахнаға алғаш шыққан қаршадай қыздың да сезімі сұп-сұлу, өте көркем еді. Міне, алғашқы сахнаның да, сол сәттегі тұнық сезімнің де жайы осындай, қызым.
1967 жылы Ақтөбедегі Мәдени-ағарту училищесіне түстім. 1970 жылы практикаға Түркістан қаласындағы Халық театрына жіберді. Актриса ретінде ең алғаш Түркістанның киелі сахнасында өнер көрсеттім. Ол уақыт Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің есігі көпшілікке айқара ашық. Сол қасиетті мекенде көп қыдырыстадық. Өнер әлеміне талпынғанда айтқан аппақ тілегіміз қасиет қонған сол жерде Жаратқанның құлағына шалынған болар. Өзім алғаш өнер көрсеткен сахнаның тамаша жайы мен кие қонған Түркістандай жердің тазалығын сезіндім. Тағдыр дегенді қойсаңшы! Өнерге алғаш қадам басқан жерім кейінгі ғұмырымда да бауырына тартып тұрды. Баламның әкесінің ата-бабалары сол Түркістан топырағынан болып шықты. Осы күнге дейін сахнадан түспесем, өнерге адалдығымды сақтай алсам – жолымды ашып берген киелі топырақтың қасиеті ғой деп сенем…
Міне, Түркістанда тәжірибеден өткен соң, Ақтөбедегі училищем маңдайымнан сипап, қолыма дипломымды ұстатты. Алматыға оқуға аттандым. Ол кезде жеке оқу орны жоқ, консерваторияның құрамындамыз. Сол жерге оқуға түстім. Дипломдық жұмысым Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласындағы» Жәмила образы.
Ал Ғ.Мүсірепов атындағы театр сахнасындағы алғашқы рөлім И.Саввин мен Ж.Тәшеновтың «Қаладан келген қылжақпасындағы» Жамал деген қыздың бейнесі болатын.
Шүкір, осы сахнада 45 жылдан аса уақыт ойнап келемін. Әр жылдары әртүрлі рөл, образ, кейіпкер бұйырды. М.Әуезовтің «Алуа» пьесасында – Нина, Р.Сейтметов пен Е.Обаевтың «Өзімді іздеп жүрмінінде» – Сұлу, Қ.Қайсенов пен О.Бөкейдің «Жау тылындағы баласында» – Тамара Ивановна, Джон Патриктің «Кемпірден қалай құтылсақ екен?» пьесасында – Памела, И.Вовнянконың «Стриптизердің өлімі» пьесасында Дәулетқалиева рөлдерін сомдадым. М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-айында» – Зәуреш, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» – Ләззат, С.Жүнісовтің «Қос анарында»­ – Тамара Дерягина, О.Бөкейдің «Мен сізден қорқамынында» – Вайра,­ С.Елубайдың «Аспаннан түскен адамында»­ – Ақ сайтан, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Офелия, «Дуалы түнгі думанында» – Ипполита, А.Чеховтың «Шағаласында» – Маша, Ян Соловичтің «Түлен түрткен тіленшісінде» –Цилька,­ Ә.Таразидың «Жақсы кісісінде» – Қатира, С.Балғабаевтың «Қыз жиырма­ға толғандасында» – Гаухар, Қ.Мұхамед­жановтың «Өзімді іздеп жүрмінінде» – Айсұлу, Э.Хушвақтовтың «Сүйе білсеңінде» – Құрбан ана, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Биғайша,  С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Фармон бибі, Т.Теменовтің «Карменсита­сында» – Сыған кемпір, Г.Хугаевтың «Қара шекпенінде» – Қосүрей… Бәрін санамалап шығу мүмкін емес, міндет те емес шығар. Бұл рөлдердің қай-қайсысы да мен үшін ерекше ыстық. Қай образда да жаным, жүрегім бар деп ойлаймын. Одан бөлек, осы рөлдер арқылы биіктерге шықтым, осы рөлдер арқылы «ең үздік» деп аталатын марапаттар бұйырды, ең бастысы, осы рөлдер арқылы патша көңілді көрерменнің жүрегіне жол таптым…
Театр – адам табиғатының құбылма­лылығын, күрделілігін, мың қатпарын көрсетіп беретін мекен ғой. Міне, сол мекендегі әр рөлімнің ешқайсысын да бөле-жарғым келмейді. Иә, актриса ретінде мені көпке таныстырған немесе керісінше әлдебір кейіпкерді менің де көпке танытқан образдарым бар, бола да беретін шығар. Оның жайын мен емес, театр сыншылары айтқаны дұрыс қой.
– Құдай ұзақ ғұмыр беріп, 80-90-100 жасқа келген мерейтойларыңызда сахнаға шығу бақыты бұйырса, қандай рөлді таңдар едіңіз?
– Тоқсанға келгенімде де, Құдай сахнаға шығуымды жазса, ол ақ жаулықты әженің рөлі болары анық. Кімді ойнасам да, сөзімнен жаңылмай, аяғымнан тік тұрып, ешкімге ауыртпалығымды салмай, «рақмет елім, халқым» дей алсам, Тәңірге мың мәрте шүкір айтар едім. Құдай әуел баста маңдайымызға осы сахнаны жазған екен, осы сахнада әлі де жақсы рөлдер бұйырып тұрған шығар деп үміттенеміз. Алайда жастар келіп, «Сізден үлгі алайық, осы рөліңізді қалай ойнап шықтыңыз, оны да бізге үйретіңіз» деп жатса, оған да қарсылық жоқ. Білгенімізді, көргенімізді үйрету – қадірлі ұстаздарымыздан, аға буын әріптестерімізден, замандастарымыздан жұққан жақсы бір мінез екенін айта кеткім келеді.


– Кім-кім де жастық ғұмырын, балауса кезін, сол уақыттағы жанына жақын адамдарын, әріптестерін, ұстаздарын сағына еске алады ғой. Сіздің жаныңызды кімдер тербейді?
– Біздің жастық шағымыз кіл мықтылардың ұстаздық еткен уақытына тұспа-тұс келді. Қазақстанның халық артистері Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Қаныбаева және Галина Юрьевна­ ­Рудковская сынды шеберлерден тәлім алдық. Рабиға Мұқайқызы – біздің тәлімгеріміз болды. Оған қоса Асқар Тоқпановтан жарты жылдай дәріс тыңдадық.
Ең алғашқы режиссерім Виктор­ Станиславович Пұсырманов деген­ кісі еді. Жастар театрына сол кісі шақырды. Мүмкіндігімді ашқан, осы рөлге лайықсың деп қабілетімді көре білген Р.Сейтметов, В.Мажурин, М.Байсеркенов, А.Кенжеков, М.Қасенов, Ж.Хаджиев, Е.Обаев сынды режис­серлерге алғысым шексіз. Кейінгіде М.Ахманов, А.Маемиров, Ж.Жұманбай сынды жігіттер де «осы рөлді дәл сіз ғана сомдай аласыз» деп қанаттандырып, ­шабыттандырып қояды.
Қазақстанның халық артисі Байділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Салима Саттарова, Мәкіл Құланбаев, Тамара Қосыбаева, Бибіза Құланбаева, Роза Әшірбекова сынды нар тұлғалармен бір қойылымдарда ойнадым, көрерменнің қошеметіне бөлендім. Сол кісілердің өнегесін алдым. Өнердегі аға буынның жанкештілігі, театрға құлай берілген мінезі бізге де көшті ғой деп ойлаймын. Нұрқанат Жақыпбаев, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінабиева, Гүлжамал Қазақбаева, Қадірбек Демесінов, Жақсыбек Құрманбеков – бәріміз осы сахнада бір буын болып қалыптастық, өстік, жетілдік.
Марқұм Құдайберген, Тоқсын, Уәйіс бәріміз қатар оқыдық. Театрға Досхан Жолжақсыновтармен бірге келдім. Бұл сахнада Байділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова сияқты әйгілі сахна шеберлерімен серіктес болып ойнадық. Қасым Жәкібаев, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар­ Бақтыгереев, Мәриям ­Жақсым­бетова,­ т.б. артистердің батасын алдық… Бұлар да менің өнер жолындағы әріптестерім ғана емес, сырласыма айналған ұстаздарым еді десем, артық айтқаным емес.
– Нұрқанат Жақыпбаев, Досхан Жолжақсыновтармен қатар осы театрдың табалдырығын аттадым деп қалдыңыз ғой. Талантты актриса болдыңыз, танымалдығыңыз да ешкімнен кем емес. Алайда бір ғана өнер ордасының сахнасында ойнауыңыз – тағдырдың сыйы ма, әлде өз жүрек қалауыңыз ба?
– Иә, «Әуезовке» де, өзге де театрларға да шақырды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейді ғой қазақ. Осы мекенім жаныма жақын. Сондықтан ешқайда барғым келмеді. Бұл жерде тағдыр талай жақсы жандармен жолықтырды. Жақсы адамдармен дәмдес-тұздас болдым.
Айттым ғой, біраз театр өзіне шақырды. Бармадым, бас тарттым. Әкемтеатрға барсам, Баян, Қарагөз, Еңліктің рөлін сомдар ма едім? Қазір менің қоржынымда ондай рөлдер жоқ. Есесіне тамаша образдарды кейіптедім.
Осы сахнада 45 жылдан аса тер төксем, ол тер өз замандастарымның келбетін жасап шығару жолындағы еңбектің тамшылап төгілген тері дер едім. Бұл сахнаға келген көрермен театрдан өз замандасының, өзінің бейнесін көрсін, өзінің жанына үңілсін деп ойладым. Театр көрерменді тәрбиелейтін орын деп жатады ғой. Жоқ, мен көрерменді тәрбиелейін демедім. Көрермен өзін-өзі танысыншы, өзінің жүрегінің лүпілін тыңдасыншы, ішкі дауысын естісінші деп тырыстым. Сахнада сомдаған замандастарымның бейнесі, сол театрға келген көрерменнің келбеті еді. Адам өзін тануы үшін әуелі өзінің жүрегіне үңілуі керек қой. Бір заманның кемесінде кетіп бара жатқан адамдар менің сомдаған рөлдерімнен өзін тауып алып, жүрегін ақтарып көрсе екен деген ой болды.
Сол ой жолында жан алысып, жан берісіп, талпындық. Меніңше, ол бейнелерді жаман сомдамаған секілдімін. Әйтеуір залдан немқұрайлы кеткен көрерменді көргенім жоқ.
Мен ғана емес, қанаттас серіктерім Нұрқанат Жақыпбаев, Досхан Жолжақ­сынов, Ғазиза Әбдінәбиева, Гүлжамал Қазақбаевалар ойнайтын спектакль­дер­  аншлагпен өтетін. ­Матан Мұраталиев,­ Күләй Мұраталиева, Мәриям Жақсымбекова, Мұхтар Бақтыгереев, Чапай Зұлқашев сынды әріптестеріммен осы театрдың жұлдызын жоғары көтеруге тырыстық. Мұның бәрі сол аға буыннан алған тәлім-тәрбиенің, өнегенің арқасы ғой деп білемін.
– Театр жеке әлем. Одан бөлек, ­те­левизиялық қойылымдар арқылы ­ха­лыққа жақын таныс болдыңыз. Сіздер сомдаған «Тамаша» кейіпкерлері әлі күнге көпшіліктің есінде. Қоғамның уытты мәселелерін сіздер қалай түйсіндіңіздер, жүректен қалай өткіздіңіздер?
– Тағдырдың жазуы шығар, «Тамашаның» тарландарының көбі қазір арамызда жоқ. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында марқұм Лұқпан Есеновтің ұйытқы ­болуымен ашылған «Тамаша» телехабарында  Берқайыр Аманшин, Оспанхан­ Әубәкіров, Шона Смаханұлылар жазған сценарийлер бойын­ша Мейірман Нұрекеев, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Тоқсын Құлыбековтермен қатарлас сахнаға шықтық. Ол кезеңнің оңы мен солын елеп-екшегім келмейді. Бір анық дүниені айтайын, біз сол уақыттың зары мен запыранын күліп отырып жеткіздік. Мысқылмен, ащы, уытты сөздермен ұғындырғымыз келді. Өкініштісі, сол рөлдерім арқылы мені тек комедиялық қойылымдардың әртісі деп қабылдағысы келетін режиссер де, көрермен де бар екен. Иә, менің лирикалық кейіпкерлерді де сомдай алатынымды түсінген де жандар болды, оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Өнердегі ұстазым деп есептейтін қадірлі жан – Әмина Өмірзақованы үлгі тұтамын. Ол кісінің театрдағы рөлдері ұшан-теңіз. Сонымен қатар кинодағы өшпес бейнелері де көпшіліктің жүрегінен орын алған. Міне, мені де киноға шақырғанда, бас тартпаған себебімнің бірі – осы. Кинода да замандастарымның бейнесін жасағым келді. Абай Қарпықов кішкентай рөл берсе де, киноларынан қалдырған емес. Байқау да жасамайды. Сәбит Құрманбековтің киносына түстім. Сатыбалды Нарымбетовтың киносында да рөл иелендім.
Өкініштісі, киноға шақырғанда біраз режиссерлерден «түріңіз қазақы бейнеге онша келіңкіремейді екен» деген сөзді көбірек естідім. Айнаға үңілемін – арғы жақта нағыз қазақтың келіншегі күлімсіреп тұрады. Олардың неліктен мұндай шешімге келгенін түсінбеймін…
Мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмын? 1970 жылдардың ортасында көрерменге жол тартқан «Тамаша» – тұтас бір буын тамашалаған бағдарлама еді. Сол бағдарламадағы бір бейнемен ғана қатып қалмасақ екен деймін. Біз – кәсіби актерлер замана келбетін сомдауға жан-тәнімізбен ұмтыламыз. Бүгінгі күннің бейнесін мейлі кинода, мейлі театрда, мейлі түрлі бағдарламалар мен сериалдарда көрсеткенде сол бейнелер арқылы көрермен өзіне бірдемені сіңірсінші, өзін, айналасын түсінсінші деп талпынатынымызды айтқым келеді…
– Қалай десек те, бүгінгі театр өнері – сыны мен сыры сақталған, берері мен байқағаны, түйгені, жинағаны көп сала. Сіздіңше, театр қандай мекен?
– Театр тынысы бөлек дүние. Бүгінгі заманның мәдени кеңістігіне ертеректегі буынның әсері болды. Біз де өзімізден кейінгі буын үшін мәдени кеңістік қалыптастырып кеткіміз келеді.
Бүгінгі театр – адамның жанын ­тазартатын, іңкәрлікке құмар қылатын мекен деп ойлаймын. Құрбыларымды, таныстарымды театрға шақырғанда да осы сөзімді қайталаймын: «Театр – сезім қылын шертетін жер. Мұнда сендер көңілдегі кірбіңді, тіршіліктің еңсені езер ауыртпалығын тастап кетесіңдер» деймін. Театрдан шыққан соң да, үйіңе барып, шайыңды ішіп отырып, қойылымдағы әсеріңмен бөлісесің. Сонда байқаған сезімдерді жарыса айтасың. Бұл өнер ордасы адамды – адам ететін мекен. Өнерге іңкәр жандардан жамандық шықпайды. Сұлулыққа, көркемдікке құмар жанның бойында тек жақсы мінездер бекиді. Ендеше, осындай ғажап мекенге көрерменді көп жинайық.
– Ал ол көрерменді қайдан табамыз?
– Оны бала күнінен қалыптас­ты­рамыз. Біз – балалар және жасөс­пірімдер театры есебінде кішкене баланың да театрдағы қас-қабағын, қимылын байқап, сезіп қоямыз. Түрлі қойылымдарға келген баланың шын көңілден шаттанғанын, ұялғанын, көкірегіне жақсылық дәнін сеуіп әкеткенін байқай аламыз.­ Бүгінгі бала – ертең ел тұтқасын ұстайтын азамат.­ Міне, осындай азаматты біз бүгін ізгі, адал етіп тәрбиелей алсақ қана ертеңімізге алаңдамауға болады.
– Осы ретте бір сұрақ ойға келеді. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы суициді көп елміз деген қасіретті статис­тикасы бар мемлекет қатарындамыз. Жастардың, балалардың қатаңданып, қатыгезденіп бара жатқанының сыры неде деп ойлайсыз?
– Иә, бұл баршаны ойлантатын сауал. Бірақ мен маман емеспін. Бұл сауалыңның салмағын нақты өлшей алмаспын. Өз ойымды білдірейін. Жалпы­ қазақтың табиғатында бар – біздің балаларымыз өте ұяң. Әйтпесе көзінде оты ойнап, жүрегінде қаны атойлап тұратын балалар да көп. Міне, осындай­ балалардың бойындағы талантын аша білсек қой. Театрға құмар бала ма – ­тамырын тап басайық. Басқа саланы қалай ма – оны да анықтап білейік.
Қазіргі балалардың ертеңіне алаңдайтын кездерім болады. Көпшілік орындардағы балаларға зер сала қараңызшы, әрбір үшіншісінің қолында ұялы телефон. Соған шұқшиып отырғаны. Баланың бала болып ойнағаны, айналасын зерттегені, білгені жақсы емес пе? Ондай сәттерде баламен бала болып сөйлескің келеді. Кейде Алматының көшесінде кетіп бара жатып балаларын жетелеп, түрлі үйірмелерге апара жатқан жастарды көремін. Ұрпағына алаңдайтын, ұрпағын жақсы етіп тәрбиелеуге ұмтылатын жастар бар екен, шүкір деп мерейім артып қалады.
– Бүгінгіге аға буынның айтар кінәсі мен сыны көптеу секілді көрінеді. Сіз ше? Кейінгіге қайырылғанда нені байқайсыз?
– Кейінгіге қайырылғанда сүйсінемін. Шүкіршілік етемін. Бүгінгі жастар әдемі, сыпайы, инабатты. Жап-жас актерлер мен актрисаларға қараймын да, баяғыдағы өзімізді еске аламын. Біз үлкен буыннан әлденені үйреніп қалғымыз келіп қалай тырыссақ, олар да бүгінгі күні бізден үлгі-өнеге алып қалуға ұмтылып жүргенін байқаймын. Кейде сахнадан түсіп келе жатсаң, перденің сыртында тұрып алып, ойыныңды қызыға қарап тұрған жастарды көремін. «Сіздің осы рөліңізді үйреніп алғым келеді» дейді олар. «Үйрене ғой, кезі келгенде бұл рөл сендерге бұйырады» деймін мен де мейірлене.
Райхан Қалиолдина, Жомарт Зейнәбіл, Рахман Омаров, Сафуан ­Шаймерденов, Әсет Иманғалиев, Динара­ Әбікеева, Данияр Базарқұлов, Бақыт Тушаев, Бейбіт Қамаранов, Жанар­ Мақашева… айта берсем бұл тізім түгесілмейді.
Бір дүниені анық ескеруіміз керек еді. Өнерге бет бұру – қай кезде де оңай болған емес. Өнердің жолы бұралаң да шырғалаң. Алайда біздің заманда ең болмаса тіршіліктің қамыты жеңілдеу болатын. Қазіргі жастарға көз жүгіртемін де, қандай қиындықтарға да қарамастан өнерге деген адалдығын сақтап қалуға деген ұмтылысына сүйсінемін.
Біз рөлімізді ойнадық. Гастрөл­дерге шықтық. Баспана аламыз деп жанұшырған жоқпыз. Кезегі келгенде ақырындап үйімізді де алдық. Қазіргі жастарда жағдай басқа. Олар отбасын асырауы керек, бала-шағасын киіндіруі, ақылы үйірмелерге апаруы қажет. Несиесі тағы бар. Баяғыдай мамыражай заман емес, ешкімді аямайтын нарық деп қоямыз. Міне, сол үшін олар театрда жүріп киноға түседі, дубляж жасайды, қосымша тиын-тебен болсын деп, өзге де жұмыстарға барады. Кейде театрдан сұранып, кейде қойылымдарға кешігіп жатады.
Міне, сондай сәттерде жастарға «нан табу үшін қайда барсаңдар да, қара шаңырақтарыңды – театрды тастамаңдар» деп ақылымызды айтамыз. Театр – біздің қара шаңырақ. Ол біздің үлкен үйіміз, шаттансақ та осында келіп мерейіміз асады, қайғырсақ та осында келіп жүрек жарамызды жазамыз…
Міне, осылай кейінгіге қайы­рыламын да моншақтай мөлдіреген жастардан адалдықты, өнерге деген жанкештілікті көремін. Көремін де, өнер өлмейді, жалғасады екен деп, шүкіршілік айтамын. Жастар бізден әлденені үйренуге талпынып жүр дедім ғой. Менің де олардан үйренерім көп. Қандай да бір сәттерде олардың қадамдарына, қылықтарына, жауапкершілігіне, әрқилы мінездеріне қарап сүйсінемін, сол дағдыларды өзім де үйреніп, бойыма сіңіруге тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ

Ақпарат көзі: http://kazgazeta.kz/?p=88770

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда “Аманат” концерт-спектаклінің премьерасы өтеді

admin

«Бүгін жексенбі». Ғ.Мүсірепов атындағы театрға 70 жыл толды (ВИДЕО)

admin

Балалар мен жасөспірімдер театрына – 70 жыл

admin