Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Ұлан Нүсіпәлі: Жадымызды байытқан соң ғана жаңа әрекеттерге барған дұрыс

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлан Нүсіпәлі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

“Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласы еліміздегі рухани кеңістікке тың серпіліс әкелгені мәлім. Осы дүниемен үндес, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісімен келелі сұхбат жүргізген екен.

Аталмыш әңгімеде министр Наурыз мейрамының бұқаралық сипатынан айырылып, жалаң сахналық әрекетке көшіп, кең дастархан мен сауық көрермендері тасасында маңызы өшіп бара жатқанына күйзеліс білдіреді.

Наурыздың мәнін арттырып, мазмұнын байытуда соны идеялар ұсынады: “Ия, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспай жүргені рас. Сол себепті мерекенің өзіне сәйкес айшықтарын түлете отырып, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізуіміз керек. Бұл мәселеде Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту деген асқақ ой жатыр”- дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, министр Наурыз мейрамы ең алдымен балалардың көңілінде өшпестей болып ұялауы маңызды екеніне тоқталады. Шынымен де еліміздің ертеңі – балдырғандарымыздың балалық бал шағында санасына түйген дүние өміршең болары хақ. Осы ретте мейрамның ең әуелі балалар үшін жан елітерлік мазмұны болу керек екені қуана құптарлық жайт.

Сонымен бірге мифологиялық бейне – Қыдыр [Қызыр] атаның бұл бұқаралық мейрамдағы орны әлі тұрақтамағанын тілге тиек етіп, жолын ұсынып, ойын білдіреді.

Бұл дүние санада сартап болып қатталған көрнекті Мемлекет қайраткері, ел есінде ізгі әрекеттерімен жатталып қалған жетпісінші жылдардағы мәдениет министрі Ілияс Омаровтың ұрпаққа жазған хатын еске түсіреді екен. Заманында Ілекеңнің: “Халық мұрасы дегенім – әсіресе, сол дәуір, замандар көшінде өзіңнің қайталанбас, тозбас, қасиетімен бізге дейін жасап келген ән, күй, музыка мұрасы, дастандар, жырлар түйдегі. Бұлар – менің көзіме де, көңіл сарайыма да халқымның аса мықты тұлғасы, сын-сипаты болып елестейді. Осыларды жаңғыртса, жаңартса осы өз дәуіріміздің қажет-мұқтажына, қызметіне бар бояу, кестесімен жеткізе жарату міндеті алдымызда тұра береді…”, – деген толғанысы мен бүгінгі руханият басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлының жоғарыдағы ой өрімі рухтас, бауырлас, ниеттес екені байқалады.

“…Дәуірімізді дәріптеп, асыл мұрамыздың бедерін айшықтауда орыны ерекше бұл мерекені қазақ халқы “жақсылықтың бастауы” деп ұғады. Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай”-деп айтқан сөзі бар”- дейді және Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ойланарлық байлам.

Бүгінде ұлттық түйсік, тарихи сананы сырып қойып ұлттық көркем дүние жасауға талпынатын “суреткерлер” үшін айтылғандай тіпті. “Сырты жылтырағанның бәрі алтын емес”, – демекші, құрғақ, бутафорлық сыртқы пішін ұлт жан-дүниесінің айнасы емес қой? Ұлттық дүниенің мазмұны ұлттық кодтан тін тартпаса, бос кеуек болары анық. Сол себепті де алдымен жадымызды байытып, сосын жаңа әрекеттерге барғанымыз дұрыс-ау…

Осы ретте тағы да Ілияс Омаровтың жазбасы жаңғырады: “…Шынында ойлаңыздаршы, біздің осы қазынамызды дүние көлемінде қай өнерпаз халықпен жарыса, болса да жарастыра, жарқырата көрсетсе, біздің бай тарихымыз, арғы-бергі өтіп кеткен жолымыз аян да анық болмас па еді? Сонда ғана барып, аса бай көне мұра мен жаңа өнердің құшақтаса қабысып, ұласа өркендегенін көрер едік…”-дейді.

Бабаларымыздың да, кейінгі алыптарымыздың да арманы айқын еді: рухымыздың өшпеуі, рухани қазынамыздың қалпын бұзбай жаңғырып, заманға сай жаңарып отыруы – тілектері еді. Осы ретте Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл ойларын бабалар жанын, жадын болашаққа мәнімен асырудағы елеулі еңбегінің бір көрінісі деп танығанымыз игі”

Ақпарат көзі: https://kaz.nur.kz/1720327-lan-nsipli-zadymyzdy-bajytkan-so-gana-zaa-reketterge-bargan-drys.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

admin

“Еркекше”: 50 жасқа толған танымал актер мерейтойын қалай өткізеді

admin

Мәкіл Құланбаев 500-ден аса рөлдерге дубляж жасаған (ВИДЕО)

admin