Атырауда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш», тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, белгілі ақын-драматург Иран-Ғайыптың мерейтойына орай республикалық театрлар фестивалі басталды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған игі істердің қатарында осы мәдени-тағылымдық шара да бар. «Мәңгілік елдің Алтын адамы» фестивалін Атырау облыстық Қазақ драма театры «Сүйінбай» эпостық драмасымен бас-тады. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілген өнер мерекесіне Семейден Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Алматыдан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Талдықорғаннан Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театры, Оралдан Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театры келді.
Байқауды КСРО Мемлекеттік, Литва Ұлттық сыйлығының иегері, профессор Ионас Вайткус төрағалық ететін қазылар алқасы бағалайды.
– Мәдени шараларды жиі өткізудің өзіндік қажеттіліктері бар. Мұның бәрін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды орындауға, еліміздің рухани жаңғыруына, жаһандану үрдісіндегі бәсекелестікке сай болуға бағытталған негізгі шаралардың қатарында атауға болады, – деді фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Өнер тойына Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын Иран-Ғайып Әбітайұлына табыс етіп, «Атырау – өнердің Меккесіне айналды» деп лебізін білдірді.
Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев: «Соңғы бір-екі жылдың ішінде осы өңірге жеті өнер ұжымы гастрольдік сапармен келіп, фестиваль өткізді. Оның біріншісі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған еді. Иран-Ғайып – атағы алысқа кеткен драматург. Оның атындағы фестиваль – қазақ театрларының бүгінгі деңгейін көрсететін, актерлердің, драматургтердің шеберлігін, жеткен жетістігін шыңдайтын өнер бәйгесі. Театр фестивальдерін тұрақты өткізу – тарихта болмаған нәрсе. Жыл сайын бұл жерде фестиваль өткізу деген… Бұдан былай осы жұрт фестивальсіз күн көре алмайтын болады», – деді ол.
Фестиваль 24 мамырға дейін жалғасады. Әзірге Иран-Ғайып Әбітайұлының «Сүйінбай» эпостық драмасы көш бастап тұр. Режиссер Мұрат Ахмановтың жетекшілігімен Махамбет атындағы Қазақ драма театры актерлері сахналаған драма бірінші қойылымда-ақ көрермен жүрегіне жетіп, қошеметке бөленді.
Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/05/24/14352.html