Алматыда Қазақстанның Халық артисі, театр және кино актері, марқұм Қасым Жәкібаевқа арналған ескерткіш-тақта орнатылды. Танымал актердің құрметіне орнатылған тақта Саин мен Райымбек батыр даңғылдарының қиылысындағы тұрғын үйге қойылды. Марқұмның өзі тұрған үйдің қабырғасына қағылған тақтаның ашылу рәсіміне еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қасым Жәкібаевтың актерлік шеберлігіне шек жоқ. Өйткені кей жұртқа театр қойылымдары арқылы етене таныс болса, енді бірінің есінде кинодағы рөлдері ерекше қалған. Тума дарын театр сахнасында жүріп 300-ден аса рөлді сомдаған. Соның ішінде, Полоний
(У.Шекспир «Гамлет»), Вурле (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Қайрақбай (С.Мұқанов «Мөлдір махаббат»), Бүкір (С.Бодықов «Отырар ертең қирайды»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақ «Ұлпан – Есеней»), Шыңғыс хан (Ш.Айтматов пен М.Шаханов «Миғұла терісі үстіндегі сот»), Қонқай (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты»), Әлібек (Ш.Айтматов «Арманым, Әселім») т.б. Марқұм актер еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі рөлдерді сомдап, қазақ театр тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген дарынды тұлға. Жәкібаевтың кино саласындағы қалдырған іздерін де атап өткен жөн болар. Мәселен, «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат станциясы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдеріндегі рөлдері кино өнері тарихында, көрерменнің жадында мәңгі есте қалары анық.
Бұдан бөлек, Жәкібаев білімімен, асқан даналығы мен көрегенділігімен белгілі. Ол оқымаған кітап аз, тіпті көптің қолына түсе бермейтін туындыларды іздеп тұрып оқиды деседі. Бұл пікірдің растығына өмірдегі әрі өнердегі жақындары куә. Өйткені алдына келген жан «осы кісі кемшілігімді көріп қалмаса игі» деп қымсынып тұрады екен. Көзі тірісінде ағалы-інілі болып бірге жүргендердің бірі – актер Қадырбек Демесін. Тақтаның ашылуына келген Қадырбек ағамыздан бір үзік сыр тартқан едік. «Қасым Жәкібаев деген есімнің өзі көп дүниені айтады. Қазақтың қайталанбайтын, орны бөлек, қайсар тұлғасы. Ең алдымен бұл кісінің адамгершілігін айту керек. Оның ешкімге ұқсамайтын, адамдық турасындағы ұстанымдары бар еді. Одан кейін Құдайдың берген таланты – актерлік жұмысы. Оны мен айтпай-ақ халық жақсы біледі. Студенттік кезімнен мені өзіне шәкірт етіп, жанына алып жүрді. Маған «Қазақта Қасым деген кім екенін білесің бе?» деп сұрайтын. Сондағысы оның қандай ұғым беретінін сұрағаны ғой. «Қасым – хас сұлу, келбетті деген сөз. Соны оқып алып, айнаға қараймын. Қарасам, жартылай қалмақ, жартылай якут бірдеңе екенмін» деп өз бет-пішінін сипаттап, күлдіріп отыратын. Қасым ағамыз терең ойлай білуімен ерекшеленетін. Ол тереңдік немен келеді – біліммен, оқумен ғана. Бұл кісінің басқалардан тағы бір айырмасы – орыс тіліндегі әдебиеттерді өте көп оқитын. Соның арқасында сөйлеген сөзі құнарлы да мәнді шығатын. Біз секілді жылтыраққа әуес емес, бәрін әріден, тереңнен қазатын. Тарихты да жақсы білетін. Бірақ басына түскен тағдыры қиын болыпты. Оны біз кейіннен ғана естідік. Бір таңғалатыным, соның ешбірін білдірмейтін. Қандай қайсарлық десеңізші? Білдей бір ұжымда жан баласына басындағы қиындықты айтпаған. Іші қан жылап жүрсе де, түк болмағандай жұмысын істеп жүре берген екен ғой. Өмірінің соңғы жағына қарай ғана жұрт шет жағасын ести бастады. Көпшілік не көңіл айтарын, не жұбатарын білмей дал болды. Түрмеде қайтыс болған баласы есіне түсіп кеткенде мені құшақтап жылаушы еді. Басында бұл қылығын онша түсінбейтінмін. Сөйтсем, көзіне елестейді екен. Үнемі ойында жүретін болып тұрғаны ғой. Шығармашылығындағы даралығы да мәлім. Мұндай актерлер бізде санаулы ғана. Нұрмұхан Жантөрин, Шәкен Айманов секілді тұлғалардың қатарында бұл кісі. Өзі: «Айманов пен Қуанышбаевтар тұрғанда, біз кімбіз?» деп отыратын. Бір қарағанда көп нәрсені ішіне сақтағанымен, томаға тұйық та адам емес еді. Өз талантына байланысты мінезді актер еді. Бір планда ойнайтындықтан «Аға, осы біз қандай актерміз?» деп сұрайтынмын. «Өй, біз просто так комикпіз ғой» деп күлетін. Көрдіңіз бе, қандай қарапайым? Кез келген рөлге жан-тәнімен беріліп, астарына үңіліп тұрып ойнайтын. Көргені мен білгенін іштей қорытады да, жаңа өнім шығарады. Осы қасиеті үшін оны зауытқа теңеуге болады. Сапалы актер деп Қасым ағаны айтар едім. Осы мектептің бүгінде үзіліп бара жатқанынан қорқамын, уайымдаймын. Ғасырда бір келетін тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те, артық етпейді» деп ағынан жарылды театр және кино актері Қадырбек Демесін.
Жадыра АҚҚАЙЫР
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/10/05/28856.html