Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЕРКІН ӘБДІРЕШОВ: ТЕАТРДЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМДАРМЕН АШЫЛАДЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Еркін Әбдірешовпен сұхбат.
– Ғ.Мүсірепов театрының 70 жылдық тарихы бар. Осы тұрғыда театрымыз ауыз толтырып айтатарлықтай қандай жетістіктерге жетті?
– 1944 жылы сол кездегі Қаз ССР-нің Кабинет министрлігінің жарлығымен осы Алматыда балалар мен жасөспірімдерге арналған театр ашу жөнінде қаулы шыққан. Содан, 1945 жылы Е.Шварцтың «Қызыл телпек» пьесасымен орыс труппасы өзінің шымылдығын ашты. Ал, қазақ труппасы А.Толстойдың «Алтын кілт» қойылымымен 1946 жылы ашылды. Содан бері талай-талай спектакльдер қойылды.
Ең алғашқы балаларға арналған қазақ драматургиясында М.Ақынжановтың «Алтын сақа», «Ыбырай Алтынсарин», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсе», Л.Симонованың «Алтын дәннің құпиясы», Т.Алшынбаевтың «Керқұла атты Кендебай» спектакльдері қойылып жүрді. Дегенмен де балаларға арналған нағыз бетбұрыс 1985 жылы қазақ труппасы өз алдына бөлініп шаңырақ құрғаннан кейін басталу керек еді. Алайда, сол кездегі кеңес өкіметінің саясаты болар, Алматыдағы жалғыз №12 қазақ мектебі болғанымен де қазақ балаларына арналған қойылымдар аз болды, ал, негізгі бағыты үлкендерге арналды.
Сол кездері біздің оқу бітіріп жаңадан келген кезіміз еді. Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты», «Мәди», «Алуа», «Қыз жиырмаға толғанда», «Қаралы сұлу» спектакльдері сол кездің баспасөз беттерінде жазылып, көңілінен шығып жатты.
Әрине соңғы уақытта балаларға арналған қойылымдарға жиі көңіл бөлініп жүр.
– Биыл театрымыздың 70-ші маусымының ерекшелігі неде?
– Биылғы театр маусымының шымылдығын екі қойылыммен ашқалы отырмыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі бар: «Балалар — біздің болашағымыз», — дейді. Сондықтан, балаларға арналған қойылымдарға бет бұрамыз.
Ал, ерекшелігі – балаларға арналған спектакльдер. Жеке өз алдына театр маусымын ашып беріп, қуанту ниеттеміз. Театр репертуарында балаларға арналған қойылымдар саны 10 шақты, енді солардың санын көбейту керекпіз.
Биыл бірінші рет балаларға арналған қойылыммен ашқалы отырмыз. «Алтын мүйізді киік» — қазақ ертегісінің желісі арқылы бүгінгі күнге үйлестірілген қойылым(авт мен реж. Е.Әбдірешов). Сондай-ақ М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасына инсценировка жасалынды. Қойылым режиссері – М.Ахманов. Одан кейін Ғ.Мүсіреповтің Қоянды жәрмеңкесі туралы жазылған «Майра» шығармасы бар. Мұнда Қалибек Қуанышбаев, Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Уәлиқызы, Ғабит Мүсірепов сияқты тұлғалар естелікке алынып жазылды.
– Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» қойылымы кезекті театр маусымының премьерасы ретінде көрерменге ұсынылмақ. Осы жөнінде не айтасыз?
– Биыл Елбасының жарлығымен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» тойланып жатыр. Оны біздің театрлардың ішінде ең алғашқылардың бірі болып, Т.Ахтановтың «АНТ» спектаклін режиссер Ж.Хаджиевтің сахналауында жылдың басында көрерменге тарту етті. Енді, соның жалғасы ретінде, тойланып жатқан үрдісті одан ары қарай жалғастырып, М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанын театрдың көркемдік жетекшісі Мұрат Ахманов көрерменге ұсыну мақсатында жұмыс істеп жатыр. Мұнда Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама сынды қазақтың басына келген нәубет кезеңдер көрсетіледі.
– Театр жаңа буын әртістерімен толығып жатыр. Оларға қаншалықты сенім арта аласыздар?
– Біз де кезінде осы театрға жас болып келгенбіз, институт қабырғасында ұстаздарымыздың берген білімдерін шама-шарқынша оқып, осы театр деген мектепте тәрбиелендік. Театрдың өз мектебі болады. Дарын дегенді институт қабырғасында көзін ашатын болса, театрда одан ары шыңдайды.
Келіп жатқан жастар шеттерінен дарынды, ары қарай жұмыс істеу ұжымға, режиссерге байланысты деймін. Биыл бітірген жастармен жұмыс жасап жатырмын. Беталыстары жаман емес, жатпай-тұрмай жұмыс жасау үстіндеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Гүлназ Әділғалиқызы,
Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық
балалар мен жасөспірімдер театрының
баспасөз бөлімінің қызметкері.

Ақпарат көзі: http://ult.kz/?p=5510

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ӨНЕР ҰЖЫМДАРЫ АРАСЫНДА ЖАРЫС ӨТТІ

admin

Театрымыздың актеры, Қазақстан Жастар Одағы “Серпер” сыйлығының лауреаты – Əсет Иманғалиев “Жаңа күн” бағдарламасында қонақта.

admin

Жалғыздар мекені

admin