Ақын Мұқағали Мақатаев поэмасының желісі бойынша «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастаны – сахналанған сәттен бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарындағы маңызы терең, тарихи құнды қойылымдардың біріне айналды.
Батыр бабамыздың ерен ерлігін суреттейтін қойылым қазақ әдебиетінің алтын қорындағы туындылардың бірі болып саналады. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналанған бұл қойылымның қазіргі таңда жастар арасында көрермені көп. Тарихи туынды «Ақтабан шұбырынды», «ашаршылық» тәрізді қазақ жұртының жүрегіне жазылмас жара салған қайғылы оқиғаларды арқау еткен. Қойылымдағы қабағына қаһар қатқан, демінен зәһәр шашқан зар замандардағы қазақ халқының басынан өткен қайғы-қасірет көрерменнің жандүниесін қатыгездіктен түршіктіреді. Жас ұрпақты тарих құшағына ендіретін қойылым, әсіресе, жауқазын жастарды туған елінің, туған жерінің тарихымен, батыр бабалар өмірімен жақын таныстырып, туған тамырына жақындатады, жүрегінде еліне деген сүйіспеншілік сезімі мен рухын асқақтатады. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тамырынан ажырап бара жатқан балапан буынның туған жеріне деген құрметін арттырады, ұлттық құнарымен сусындатады.
Қаһарлы заманның қаһарманына айналған таудай тұлғаның ерлігін насихаттауға арналған тарихи қойылымдағы Райымбек рөлінде «Батыр Бауыржан Момышұлы» орденінің иегері Асылхан Төлепов ойнады. Талабы таудай жас актер көрермендерге «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Сұңқар», «Бауыржан Момышұлы», «Майдангерлер», «Қадірбектің арманы», «Рэкетир» атты көркем фильмдерден жақсы таныс. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас актер өзінің талантымен өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тапқан. Өнерімен өрге жүзген жас актер кино және театр өнерінде өз көрермендерін әлі талай қуантпақ, әлі талай таңқалдырмақ. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған ол өз көрермендерін актерлік шеберлігімен қатар, спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктерімен де тәнті етіп келеді. Бүгінгі таңда жас актер таэквондодан қара белбеу иегері, Қазақстан чемпионы, Таэквондодан бүкіләлемдік ашық фестивальдің қола жүлдегері. Айта кетерлігі, Асылхан Төлепов Алматы қаласы мәслихатының ең жас депутаты.
«Танымалдылықтың «тәтті дәмін» сезіп жүрмін… Қалжың ғой. Бұрынғы қалпымнан өзгеріп кеткен түгім жоқ. Қоғамдық көліктермен жүремін. Жақында бір журналға сұхбат бердім, сонда қызық болды. «Көлігің қандай?» деген анкеталық сұрақтары бар екен. Басқалары «тойота», «джип» деп жазғанда, мен «автобус» деп үлкен етіп жазып қойдым… Ата-анам «ұлық болсаң, кішік бол» деп құлағымызға құйып өсірді. Сол нақылдан аттап кетемін деп ойламаймын» депті көрермендердің қошеметіне бөленіп жүрген жас актер бір сұхбатында.
Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/04/15/бас-рөлде-мәслихат-депутаты/