– Бақыт, сіз биыл Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атандыңыз. Бұл сыйлық сіз үшін несімен ерекше?
– Актер үшін басты атақ – көрермен мен халық беретін баға. Бүгінгі заманда есіміңнің жанында атағың тұрса, жұрт соған қарап бағалайды екен. Мен соған ұмтылдым демеспін, бірақ бұл бір стимул болды. Дер кезінде еңбектің бағаланғаны дұрыс қой. Өзіміздің бойымыздағы дарынды тұншықтырмай, жалпы осы салаға бел шешіп кіріскеннен кейін еңбектенуіміз керек. Соның нәтижесі бізді алға ұмтылдырады, қайрайды. «Серпер» сыйлығы маған сондай серпіліс берді деп айта аламын. Өйткені өмір бойы театрда еңбек етіп, елеусіз жүрген қаншама әріптесіміз бар. Атақтар мен сыйлықтарға солардың әрқайсысы-ақ лайықты. Зор еңбекпен бір баспалдаққа көтерілсеңіз, төккен тердің қайтарымы болып тұратынына көзім жетті.
– Бұл сыйлыққа қандай баға берер едіңіз: жеке еңбегіңіздің үлесі көп пе, әлде театр ұжымының көмегі ерекше ме?
– Әрине, әнші, ақын, сазгер, суретші жеке еңбегіне сай атақ алуы мүмкін. Ал біздің салада бір адам жұрт аузына іліксе, сол жетістікке жеткізетін, демейтін ортамыз бар. Бұл – ең алдымен, ұжымның жетістігі. Жеке жүріп, ойнаған басты рөлдеріңе тоқмейілсіп, «қандай атаққа да лайықпын» деуге болмайды. Театрда жүріп қандай биікке шықсаң да, көрерменнің көз алдында. Ғ.Мүсірепов театрына келгеніме 9 жыл өте шығыпты. Содан бері азды-көпті рөлдер ойнадық. Сахнада әріптестерім мені өсірді, олардың өсе түсуіне өзім де үлес қоса түстім деп ойлаймын.
– Биыл жастар театры 70-маусымын ашты. Театрға қандай тың дүниелер керек?
– Еңбек демалысында жүрсек те, кинотүсірілімде жүрсек те көңілімізде, ойымызда үнемі театр тұрады. Театр үнемі ізденісте, жаңалықтары көп болу керек. Қазіргі дамыған заманда, технологияның жаңасы бірінен кейін бірі шығып жатқан уақытта үздіксіз ізденіс үстінде болуымыз керек. Қатып қалған қағидамен ғана емес, әлем классиктері мен өзіміздің отандық классиктердің шығармаларын жаңа көзқараспен қойып, дамытып отырғанымыз жөн дер едім. Біз балалар театры болғандықтан, кішкентайларға арналған тың дүниелер көбірек болса деймін. Қазір электронды ақпарат құралдарында театр артистеріне насихат аздау. БАҚ театрды көп насихаттаса деймін. Театрды түсінген адамның ой-өрісі, қарым-қабілеті өзгеше болады. 70 жылдық тарихымыздан сабақ алып, болашағымызды бағамдап, театрға тың дүниелер мен көрерменді молынан тартатын қойылымдар әкелу қажет.
Сұхбаттасқан
Гүлназ Әділғалиқызы