Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Атырауда қойылған «Алтын адам»

Ұлттық құндылық дегенде алдымен ұлттың тарихын, руханиятын зерделеуге, оны келешекке шашаусыз жеткізуге басымдық берілетінін айтуымыз керек. Атақты Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет жыраулардың табанының табы, Исатай мен Махамбеттің өшпес рухы, Құрманғазы мен Динаның құлаққа сіңген күйі, Әбу, Жұмекен, Хамит, Нұралы, Фаризаның мәңгі жыры қалған қасиетті Атырау жері бүгіндері сол рухты өшірмей руханиятқа басымдық беруде. Оған облыста үздіксіз өтіп, халықтың ықыласына бөленіп жатқан мәдени-тағылымдық шаралар дәлел. Соңғы жылдары Атырауда театр фестивалі шеруін өткізу дәстүрге айналып, бүгінде атыраулықтар театр фестивалінде жаңа драматургияны көруге ынтазарлық танытуда.

Атырауда өткен Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылығына арналған «Мәңгілік елдің Алтын ада­мы» республикалық театрлар фес­ти­ва­ліне келген халықтың ықыласын көріп, осын­дай ой түйдік.
Салтанатты ашылу шарасына ком­позитор, Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова, Қа­зақ­станның халық артисі Есмұхан Обаев және басқа да өнер тарландары арнайы кел­ген фестиваль төрт күн бойы аты­раулықтар мен Атырау қаласы қонақ­тарына ұмытылмас күндерді сыйлады.

Фестиваль шымылдығын Махам­бет атындағы Атырау облыстық қазақ дра­ма театры Иран-Ғайыптың «Сүйін­бай» спектакілінің премьерасымен ашты. Бұл драма­лық эпос – қазақ айтыс өнерінің атасы Сүйінбай Аронұлының өмір жолынан ғана емес, қазақ пен қырғыз халқының тарихынан сыр шертеді.
Қойылымда Сүйінбай Аронұлының 1847 жылы қырғыздың әйгілі ақыны Қатағанмен айтысуы айшықталады. Кенесары ханның өлімінен кейін қазақ-қырғыз арасы суып, қырғиқабақ болғаны тарихтан белгілі. Қырғыздың бай-манабы Орманхан шешесіне арнап ас беріп, екі елді татуластыру мақсатында оған қазақтарды шақыра­ды. Тезек төре, Бөлтірік би бастаған игі жақсылардың қатарында жас Сүйінбай да жолға шығады. Жиын соңында Сүйінбай мен Қатағанның атақты айтысы ұйымдастырылады. Ұзаққа созылған айтыста ұтымды сөз, қисын­ды дәйекпен екі елдің тарихы қозғала­ды. Осы додада Қатағанның осал тұсынан оңай түйреп, сөзден жаңыл­дырған Сүйінбай анық жеңіске жеңеді.
Бір жарым ғасырдан бері санадан-санаға жеткен атақты айтысты театр артистері сол күйінде өте әсерлі жет­кізді. Сүйінбай ақын бейнесін сахна­дан жаңа қырынан танығандай бол­дық. «Сүйінбай» қойылымының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов.
Басты рөлдерді сомдаған актерлер құрамы Сүйінбай драмалық эпосының халық жүрегіне жетуі үшін тер төккенін көрдік. Сүйінбайдың жас кезін Нұрбек Съезхан сомдаса, қартайған шағын Дастан Пышанов бейнеледі. Қатаған ақын – Асхат Мұсағалиев. Тезек төре – Бақытжан Өтеғалиев. Орманхан – Ержан Жұмат. Бөлтірік шешен – ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Қожабе­ков. Қара Бәйтік – Әміржан Нұрлан­ұлы. Сондай-ақ, драмада манасшы, Тезек төренің тоқалы – Дәнекер, Манастың жары – Қанекей және Қосай мен Төле бидің де елесі көрініс тапқан. Атыраулық актерлердің шың­да­­­луына өзіндік қолтаңба қалдырған «Сүйінбай» драмалық эпосы бірінші премьерасында-ақ қошеметке бөленді. Театр суретшісі Тимур Қоесовтың қолтаңбасынан бөлек, костюмдерін дайындаған суретші, академик Гүл­мар­­жан Махамбеттің Сүйінбай зама­нындағы ұлттық киімдердің калоритін сақтауы, ұлттық киімге деген сүйіспен­шілікті арттыра түскендей.
Осы драмалық эпостың музы­касын жазған композитор Бауыржан Ақтаевтың қолтаңбасы да премье­ра­ның жанын кіргізді. Талғамды көрер­мен ұлттық музыка құдіретін сезініп, «Сүйінбай» драмалық эпосын сахналауға тұтас ұжым белсене қатыс­қанын айқындап берді.
Фестивальде Бикен Римова атын­дағы Талдықорған драма театры ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруа» трагокомедиясын көрерменге ұсынды. Режиссер Базарбек Тоқым­баев­­тың сахналауымен қойылған спектакль – тоғышарлық тірлікті, сол мақсатпен сатылап жоғарылап тұғырға қонған адамдардың іс-әрекеттеріне құрылған драма. Сахналық қойылым­ды көріп отырып, қазіргі қоғамдағы алаяқтық, жемқорлық, мансапқорлық пен бақталастық секілді адамзаттық қасиеттен әлдеқашан безініп кеткен пенделердің әрекеттерін әшкерелеу екенін көрермен түйсіне алады. Актерлер Сағындық Жұмаділ, Аян Қожбанова, Еркебұлан Айдымбаев­тардың актерлік шеберліктері бұл қойылымда да жарқырап көрінді.
Атыраулықтар мен қала қонақ­тарының көңілінен шыққан, әсерлерін бөлісіп қызулықпен талқыланған спектакльдің бірі – «Естайдың Қор­ланы» болды. Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұсынған махаббатнаманың режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов. Көрермен көзімен айтсақ, «Тілсіз-ақ сезіну құдіреті берілген махаббаттың қайғысы мен азабы рухты үнмен үндескенде, адам мүлдем өзге күйге түсіп, біразға дейін өз-өзіне келе алмай сахнадан көргені санада ширығып тұрады екен». Біздің де талғамы ерек көрерменнің пікіріне алып-қосарымыз жоқ.
Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының «Адасқан бақ құсы» спектаклі – көркем шығарма. Қазақстанның Халық арти­сі, режиссер Ерсайын Төлеубай сахна­ла­ған спектакльде адам мен қоғам, әлеуметтік орта, билік пен бұқара арасындағы байланыс суреттелген. Түйсініп көрген көрерменге ой сала­тын шығарма театр репертуарында өміршең боларына сенеміз.
Республикалық театр фестивалінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыт­тың көрі» аңыз-дастанын көрерменге ұсынды. Литва Ұлттық сыйлығының лауреаты, профессор Ионас Вайткус­тың режиссерлығымен қойылған спек­такль Қорқыт бабамыздың аңыз өміріне арналған. Бұл нағыз қазақтың өмірі еді… Содан да шығар, осы спек­такльді көргендердің көңілі босады. Режиссер Йонас Вайткустың айтуын­ша, осы спектаклді қоюға ұсыныс түскенде, қазақ ұлты туралы тарихи-мәдени ізденіске түсіп, ақыр соңында Қазақ ұлтының тарихы мен ұлттық құндылықтары туралы адам сенгісіз жауһар дүниеге тап келген. Бұл дастан­ды театрдың кәсіби білікті, әбден шыңдалған актерлерінің сомдауы да қойылымдағы әр іс-әрекеттің жүрек­терге жетуіне ықпалын тигізді. Қорыта айтқанда, «Қорқыттың көрін» көрген жұрт біразға дейін бұл спектакль тура­лы көңілден өшірмей айта жүре­рі­не сенімді болдық.

«Мәңгілік елдің Алтын адамы»
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып­тың шығармашылығына арналған республикалық театрлар фестивалінің шымылдығын Батыс Қазақстан об­лыс­­тық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты драмалық-дастан­мен жапты.
Белгілі режиссер Мұрат Ахманов­тың қолтаңбасы осы спектакльде де ерек көрінді.
Иран-Ғайыптың бұл драманы жазуына Атырау облысы Жылыой ау­да­­нындағы Аралтөбеден Алтын адам­­ның табылуы себепші болған екен.
«Алтын адамдағы» негізгі ой да тарихи жәдігер Алтын адаммен байла­нысты. Драматург шығармасында Сыр бойында болған ақылды әйел туралы ой қозғайды. Оқиға Шөмен ағайын­дыларының арасындағы кикілжіңге байланысты бір ананың екі баласы туралы өрбиді. Біреуінің шеше­сі дүние­ден өтіп кеткесін қазақтың анасы жетім баланы өз перзентімен тел емі­зіп, өсіреді. Есейгенде, олар шекісіп қа­лып, ананың туған баласын екіншісі өл­тіреді. Соңы дауға айналып, сол кездегі билер шеше алмай, ананың өзі тоқтау айтып, бір байламға келген екен.
Иранбек Әбітайұлы бұл драма тура­лы «Елбасының күні кеше жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орайластырып, фести­вальдің де атауын солай атадым» деді. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан халқына арналған Жолдауымен өзектес бұл драмалық дас­тан мәңгілік еліміздің бүгінгі бере­ке-бірлігін насихаттайды.
Қазақтың тарихында болған тұлға­ларды, қазақ халқы бастан өткерген және өткеріп жүрген қоғамды өз шығар­­масына арқау еткен драматург Иран-Ғайып Әбітайұлының 70 жасына арналған республикалық театрлар фестивалінің салтанатты жабылу рәсі­міне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қаты­сып, құттықтау сөз сөйледі.
– Атырау өңірінде соңғы жылдары мағыналы өнер шаралары өтуде. Өнер саңлақтарының кештері біздің облы­сы­­мызда дәстүрлі өтуіне қолдау біл­ді­ре­міз. Иран-Ғайыптың тұтас шығармашылығының бір бөлігі – дра­ма­­тургиясын еліміздің театрлары жоға­ры деңгейде сахналады. Сахна­ның құдіреті арқылы әр қойылымнан тебірендік. Бабаларымыздың аумалы-төкпелі замандарда елдік пен ерлікті ту етіп, абыроймен шыққанын көрдік. Небір қиын кезеңде де ұтымды шешім тауып, екіжақты бірлікті, қазір де қоғамның дамуына кедергі болып отырған кейбір жағдайларды да білдік. Ең бастысы, артистер қауымы қай кезеңді де көз алдымызға сол күйінде алып келді. Рухани күндерді сыйлаған барлық шығармашылық ұжымға ризашылығымды білдіремін. Мұның өзін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсет­кен межелерге жетудің бір көрінісі деп ойлай­­мын. Себебі, адамың тән азы­ғы­нан, жан азығы өзгеше. Бүгінгідей жаһандану заманында рухани дүние әрбір қазақ баласына қажет. Өскелең ұрпақтың мәдениеті жоғары болып өсуіне – мұндай шаралардың өтуі ма­ңыз­ды, – деген аймақ басшысы Нұр­лан Асқарұлы.

Режиссерлер еңбегі ескерілді
Театрлар фестивалінің қазылар алқасы­­ның төрағасы, КСРО Мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты, режис­сер Ионас Вайткус та сахна төріне кө­те­­ріліп өнер додасының ойдағыдай өт­кеніне тоқталды. «Атырау жұрты қат­ты ұнады. Олардың «сөйлейсің бе, жоқ па?» демей, сахнаға бірден шақы­­рып сөз беретіндеріне таңғалдым. Біз­дің елде керісінше, барлық нәрсе ке­лі­сілг­ен. Белгілі бір шеңберде жұмыс жасайды. Атыраудан байқағаным, жергілікті билікте еркіндік бар. Адам­дардың ойында да, шығармашы­лық­та да еркіндік басым. Фестиваль өз дәрежесінде өтті» деді И.Вайткус.
Сонымен, литвалық режиссер төрағалық еткен өнер сыншылары қатысушылардың бәріне бөліп-жармай құнды сертификат пен Алтын адам бейнеленген статуэтка табыстады. Сондай-ақ шара барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев артистерді фести­ва­льге дайындаған режиссер­лер­дің әрқайсысына сыйақы берілетінін айтты. Бұған дейінгі фестивальдерде режиссерлер еңбегі ескерусіз қалаты­нын ескерсек, бұл фестиваль – ел есін­д­е, артистер жадында да режиссер­лер марапатталған алғашқы өнер фести­валі болып қалары сөзсіз.
Же­келей аталымдар бойынша ерек­ше өнер көрсеткен сахна саңлақта­ры­ның қатарында Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры­ның артисі Асхат Мұсағалиев «Сүйін­бай» эпостық драмасында Қатағанның образын сәтті сом­да­ғаны үшін 100 мың теңгелік серти­фи­­катқа ие болды. Осындай «10 мың теңгелік серти­фи­катқа ие болған­дардың қатарында «Қорқыттың көрі» аңыз-дастанындағы Қорқыттың рөлін сомдағаны үшін М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артисі Дулыға Ақмолда, «Мәңгілік елдің Алтын адамы» қойылымындағы Қазына рөлі үшін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының артисі Нұрлы­гүл Жұбатова, Қорлан рөлін сомдаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кет­­тік академиялық балалар мен жас­өспі­­рімдер театрының артисі Жібек Лебаева, «Адасқан бақ құсы» спектак­лін­дегі кері кеткен патша – Әміршінің образын сомағаны үшін Шығыс Қа­зақ­­стан облысының Абай атындағы мем­­лекеттік қазақ музыкалық драма театры­­ның артисі Бауыржан Төлеков, «Негізгі шаруадағы» Тұрғын болып шыққан Жұмаділ Сағындық бар.
Өнер ұжымдар марапатталған сәтте сахнада сөз алған ақын-драматург Иран-Ғайып: «Өтірік айта алмайтын бір кемшілігім бар. Атырау көрермен­де­рінің алдына, киелі сахнаға шыққан сайын әкем Әбітай елестейді. «Неге дейсіздер ғой, тірі кезінде мен ол кісіні оңдырмадым. Әкем оқуын оқытты, шоқ­уын шоқытты, бірақ оның көңі­лінен шықпадым. Өлең жазып кеттім. «Ақын-ақымақ» деген кезде өлең жа­зып бастадым. Бірақ қазіргідей Аты­рау­да жүргенімді көретін болса, әкем қуа­ныштан қайтадан өліп кете ме деп қорқамын. Шығармашылығымды дәріптеп, мерейімді тасытып 70 жас­ым­ды атап өтіп, зор ұйымшылдық­пен фес­тиваль өткізгені үшін Атырау об­лы­сы әкімдігіне ризашылығымды біл­діремін» деп шын пейілімен басын иіп, Атырау жұртына ілтипатын білдір­ді.
Атырауда дүбірлі өткен Иран-Ғайыптың республикалық фестиваліне министрлік өкілі, алыс-жақыннан өнер қайраткерлері, еліміздің көрнекті тұлғалары келіп қатысуы – өнер мере­ке­­сінің мәні мен салтанатын арт­тыр­ды. Қазылар алқасының мүшелері Қырғыз Республикасының еңбек сі­ңір­­ген артисі Бұсұрман Одуракаев, белгілі өнертанушы Нұрбике Ахмедия­рова, «Айқын» газетінің Директор-Бас редакторы, жазушы-журналист Нұртөре Жүсіп, Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, жазушы-журналист Жұмабай Шаш­тай­­ұлы, Өнертану магистрі, театр­та­ну­шы Салтанат Әбуғазиева театр фес­ти­ва­­лінің ерек өткенін, тума таланттарды ескеріп, шығармашылық кештерін дәстүрлі өткізіп жүрген атыраулықтарға ризашылықтарын айтып жеткізді.
«Мәңгілік елдің Алтын адамы» рес­пуб­ликалық театрлар фестивалінің салтанаты «Атырауым – алып мекенім» атты ақын Иран-Ғайыптың шығарма­шы­­лық кешіне ұласты.
Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Платиналы тарлан» сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып – шығармаларын елінің жетістігіне, хал­­қының мұңы мен қуанышына арна­­ған қаламгер. Атырауда төрт күн бойғы өнер додасында жұртшылық со­ған куә болды. Бұл күндері ақынның жарыққа шыққан кітаптарының оқыр­ма­ны көп.
Кешті жүргізген актер, көркемсөз шебері Ербол Есендосов та ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып кештің көрігін қыздырды.
Иранбек Әбітайұлы өнер сүйер қауымды бұл кеште рухты жырларымен сусындатты. Өмірін өлеңдерімен бай­ла­­ныстырып елге, жерге, Атырауға арна­ған өлеңдерін оқып берді. Ақын-драматургтың шығармашылық кешін­де ұлы Жайыншах Иранбекұлы да айтулы шараның қонағы ретінде қатысып саксафонда ойнайтын өнерін жұртшылыққа паш етті. Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қоса­нова халық әндерінен шашу шашып, халықтың рухын көтерген мәдени-тағылымдық шара өз мәресіне жетті.

Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/05/31/15203.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

КӨҢІЛІ КІРШІКСІЗ – САХНАГЕР

admin

Талантты актер – театр шырағы

admin

9 желтоқсанда өткен желтоқсаншылармен кездесу күні есте қаларлықтай дүниелермен толықты. Бәріміз ерекше көңіл-күйді жыр ете айта шығатын, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында “Желтоқсан-86” тәуелсіз күрескерлермен кездесу өтті. Қиын-қыстау заманның кейіпкерлері 1986 жыл 16 желтоқсанды терең күрсініспен еске алды және әрбір оқушының сауалына жауап қатып, пікірін тыңдап ой қорыта білді. Аталмыш шарадағы батыр апа-ағаларымыздың ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет араласқан қаралы да қасіретті күні тыңдап отырған бізді де бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ, ерліктің ащы тұстары айтыла түсіп, жыл сайын күрескерлер ақталып, осы бір қазақтың қабырғасын қайыстырып, жүрегін сыздатқан “Желтоқсан оқиғасы” бүгінде қолға алынып, өзіндік мәртебеге ие болғандығы көңіл қуантатынын жасырмаймыз. Сан ғасыр арман еткен Тәуелсіздіктің туы қаһармандардың арқасында келіп жетіп, желбірей түсуде. Өкінішті сәттердің, соның ішінде, сан мыңдаған батырларымыздан қол үзіп қалғанымызбен, олардың қазақ деп ұрандатқан ащы айқайы әрдайым санамызда, жадымызда мәңгілік жаңғырып тұр. Кездесу, Тәуелсіздік үшін жанын пида еткен аға-әпкелеріміздің әңгімелерімен қыза түсті. Өзіндік ойымен қарсы алдымызда, Республикалық “Желтоқсан-86” Тәуелсіздік қырандары Халық қаһармандары қозғалысы төрайымы – Жүніс Гүлбаһрам Есмұратқызы, Тәуелсіздік күрескері – Сейтімбет Үсіпхан Әбдікерімұлы және Гүлнәр Сейтімбеттей аға-апаларымыз бөлісті! Сөз соңында, тәуелсіздік жолында қаза тапқан батыр қызымыз Ләззат Асанованың анасы да көзіне жас ала отырып, әңгімесін, тілек, алғысын жеткізе білді. Жас балғындарымызда есті әңгімеге елітіп, тіпті өлең шумақтарын жарыса оқып, патриот ұрпақтың өсіп келе жатқандығын дәлелдей түсті. Сонымен қатар, тәуелсіз күрескерлерге баршамыз өре түргеліп, Желтоқсанның жаңғырығына, ызғарлы желіне төтеп бергендігіне жарыса алғысымызды жаудырдық. Кеш соңы театр ұйымдастырған “Желтоқсан желі” атты қойылыммен жалғасын тапты.#Тәуелсіздіккүрескерлері #желтоқсанжелі#алғысымызшексіз

admin