Жапон режиссері Тадаси Судзукише айтсақ, «Қойылымның жетістігі — көрерменінің көп болуында». Бұл тұрғыда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының мыңдаған көрерменінің жүрегін жаулаған қойылымдары аз емес. 70-інші жаңа маусымын ашқан өнер ордасының репертуары жыл сайын жаңарып, шығармашылық ұжымы да жас актерлермен толығып жатқанына көпшілік куә. Театр тарихын екшесек, оның тұсауы ең алғаш 1946 жылы 4 шілдеде А.Толстойдың «Алтын кілт» пьесасымен кесілсе, 46 жылдан соң бұл мәдениет ошағына халық жазушысы, сыншы-драматург Ғ.Мүсіреповтің есімі берілді.
Театрдың алғашқы қарлығаштары – А.Мәмбетова, Ж.Бектасова, Қ.Жәкібаев, Д.Шәріпов, К.Өмірзақов, Х.Камардинова, К.Закарина, Т.Қосыбаевалар болса, олардың ізін Серке Қожамқұлов, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Тамара Қосубаева, Әмина Өмірзақова, Райымбек Сейтметов сынды қазақ өнерінің майталмандары жалғады. Өнер ордасының өсіп-өркендеуіне режиссерлер Н.И.Сац, С.Шәріпов, Т.Сидоров, Мен Дон Ук, С.Естемесова, Г.Хайруллина, В.Пұсырманов, Е.Обаев, М.Байсеркенов, Қ.Жетпісбаев, Р.Сейтметов, Н.Жақыпбай, Ж.Хаджиевтар өлшеусіз үлес қосты.
Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге қысқаша тоқталсақ, 1994 жылы Ә.Таразидің «Індет» траги-комедиясының сахналануы қазақ театрындағы тақырыптық жаңалық ретінде бағаланды. Е.Обаевтың бұл қойылымы 1997 жылғы Республикалық театр фестивалінде Гран-при – алса, бір жылдан соң Түркі халықтарының театр фестивалінде дипломға ие болды. Және ондағы басты рөл – Әзбергенді шынайы сомдаған Досхан Жолжақсынов «Ең үздік ер адам бейнесі», ал, Б.Сейітмамытұлы «Ең үздік қосалқы ер адам бейнесі» лауреаттары атанды. Д.Жолжақсынов осы спектакльдегі еңбегімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
«Тарлан» сыйлығының иегері, режиссер Жанат Хаджиев қойған «Исатай-Махамбет» тарихи драмасы 2003 жылы республикалық театрлар фестивалінде бас жүлде алса, С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді…» спектаклі республикалық байқауда Гран-при иеленді. 2006 жылы Уфада өткен ІV Түркітілдес елдері театрларының Халықаралық «Туғанлык» фестивалінде «Алма бағы» қойылымында шал бейнесін сомдаған Тұрсын Құралиев «Аталар дәстүріне құрмет» арнайы сыйлығымен марапатталды.
2007 жылғы Халықаралық театр фестивалінде Т.Теменов сахналаған С.Сматаевтың «Көгілдір такси» мелодрамасы үздік бағаланып, Мәриямды ойнаған актриса Күнсұлу Шаяхметова «Ең үздік әйел бейнесін» сомдаған актриса атанды. Бұдан кейінгі жылдары да Түркияда өткен «Ұлы Жібек жолы» атты Түркітілдес елдердің халықаралық театрлар, сондай-ақ, Түрікменстандағы Халықаралық театр фестивалдерінде өнер көрсетіп, қазақ өнерін паш етті. Қырғызстанда өткізілген «Арт-Ордо» Халықаралық театр фестивалінде М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз…» (инсц. және реж. Т.Теменов) трагедиясы жоғары бағаланды.
2014 жылы Әзірбайжан Республикасының Шеки қаласында «Естайдың Қорланы» (авт. Иран-Ғайып, реж. М.Ахманов), екі жылдан соң Түркияның Конья қаласында «Мың тыныс – бір дауыс» атты Халықаралық театр фестиваліне «Қара шекпен» (авт. Г.Хугаев, ауд. Қ.Төлеуішов, реж. А.Маемиров) спектаклімен қатысып, ел абыройын асқақтатып қайтты. Сонымен қатар, театрдың соңғы жаңалықтарының бірі, екі театр актерының жеке жұмысы – «Ол» моноспектаклі. Бұл Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасының желісі бойынша сахналанды. Қойылым сахнада емес, театр фойесінде өтуімен ерекшеленді. Моноспектакль «Дидар» ІІ Халықаралық театр өнерінің эксперименттік фестиваль-лабораториясында «Ең үздік қойылым» аталымына ие болды.
2015 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры әлемнің 83 мемлекеті қатысатын «АССИТЕЖ» Дүниежүзілік балалар мен жасөспірімдер театрлары қауымдастығының қатарына 84-ші болып қабылданған қазақстандық өнер ошақтары ұйымының орталығы болып бекітілді. Қазіргі таңда театрда уақыт тынысымен үндескен түрлі жанрдағы 30 қойылым болса, соларды халыққа жеткізіп жүрген театр актерларының қатарында Қазақстанның халық артисі Роза Әшірбекова, ҚР-ның еңбек сіңірген артистері: Лидия Кәден, Кәдірбек Демесін, Гүлжамал Қазақбаева, Сағызбай Қарабалин, Сағат Жылгелдиев, Жібек Лебаева, Тұрсын Құралиев; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Балтабай Сейітмамытұлы, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Әсел Мәмбетова, Райхан Қалиолдина, Шолпан Сіргебаева, Қадырғазы Қуандықов, Күлжәмилә Белжанова т.б. және де дарынды жастардан: Рахман Омаров, Айгүл Иманбаева, Әсет Иманғалиев, Бақыт Тушаев, Бейбіт Камаранов, Елдар Отарбаев, Жанар Мақашева, Сәния Ерзатқызы, Аида Жантілеуова, Гүлбаһрам Байбосынова, Динара Абдуллиналар бар.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сыншы:
«Журналистермен біріге жұмыс жасасақ, үлкен іс тындырар едік»
– Қазір уақыт талабына сай саясатта болсын, өнерде болсын буын алмасу процесі жүріп жатыр. Театр сынында да жастар бар. Бірақ, оларға мобильділік жетпей жатқан сияқты. Өйткені, ағаларымыздан қалған ағыстан ба екен, сынға келгенде асықпай, баппен, бәрін жинақтап жазамыз деп жатады. Сондықтан, оларға ұшқырлық керек деп ойлаймын. Екіншіден, театр сынының өзі екіге бөлінеді, бірі – театртану болса, келесісі – театр сыны. Театр сынында театр журналистикасы деген бар. Оған мына отырған сіздер, журналистер, жатасыздар. Сол себепті журналистермен бірлесе жұмыс жасасақ, үлкен іс тындырар едік деп ойлаймын.
Асанәлі Әшімов,Қазақстанның халық әртісі:
«Где вы, господин Ка?» фильмін түсіру жоспарымда бар»
– Біздің қазіргі жұмысымыз – жастарға жол көрсетіп, олардың шығармашылық өсуіне, актерлік қабілеттерінің шыңдалуына бағыт-бағдар сілтеу. Десе де, соңғы кезде Мольер шығармаларын көздеп, іштей дайындықпен жүрмін. Сонымен қатар, «Кто вы, господин Ка?» фильмінің жалғасы ретінде «Где вы, господин Ка?» фильмін түсіру жоспарымда бар. Бұған қоса айтарым, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 90 жылдық мерейтойы аясында театрда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі еліміздің облыс орталықтарына гастрольдік сапармен барып, 90 жылда жеткен жетістіктерімізді саралап, халыққа есеп беру болды. Аға, орта, жас буын өкілдерінен тұратын театрдың шығармашылық құрамы күн өткен сайын талантты жастармен толығуда. Бүгінде театрымыз академиялық театр болса, ертеңгі күн «Ұлттық театр» деген атқа қызмет етуге тиіспіз.
Ақпарат көзі: http://zanmedia.kz/2016/10/19/arda-nerd-altyn-asiana-70-years/