Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Қара шекпен» спектакліндегі қоғамдық шындық

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында “Қара шекпен” атты жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Пьесаның авторы – Георгий Хугаев, қоюшы-режиссері – Асхат Маемиров. Мұнда төрт түлікті өсірумен айналысатын Шопаннан басқа кейіпкерлердің барлығы жан-жануарлар. Тұзар есімді төбеттің айналасында өтетін оқиға кейіпкерлері – қасқыр, қоян, түлкі, есек, қарға, қой және басқалар.

Айжан Ахмет Өнетану магистрі, театртанушы

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында “Қара шекпен” атты жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Пьесаның авторы – Георгий Хугаев, қоюшы-режиссері – Асхат Маемиров. Мұнда төрт түлікті өсірумен айналысатын Шопаннан басқа кейіпкерлердің барлығы жан-жануарлар. Тұзар есімді төбеттің айналасында өтетін оқиға кейіпкерлері – қасқыр, қоян, түлкі, есек, қарға, қой және басқалар. Тұзар есімді иттің өз иесіне адалдығын көр­сететін қойылым адами қасиеттерге құрыл­ған. Жанкештілікпен еңбек еткен ит об­разы арқылы махаббат пен достық, адал­дық­ пен сатқындық сынды қарама-қарсы қасиеттер спектакльдің түпкі идеясы болып табылады… Бұл қойылымның ертегіден бір-ақ айырмашылығы – соңында. Бұл ертегінің нүктесі адалдықты қадірлей алмаған Шопан­ның қолынан қаза тапқан Тұзардың қаза­сы­мен қойылды. Г.Хугаев пьеса соңын осылай аяқтау арқылы бүгінгі күннің ащы шындығын көрсетуге ұмтылған. Қожайынның қолы қал­ты­ра­мастан итті ата салуы біздің құлдық сана­мыздың, соқыр адалдығымыздың берген сыйы. Қойылым бізді жан-жағымыздағы адамдарға деген жылы ілтипатымыздың жоқ екенін көзге шыққан сүйелдей көрсету ар­қылы өмір шындығын меңзеп, жақсылыққа жол бастауды көздеген. Қазіргі кезде сенің күш-қуатың тасып тұрғанда керексің, кейін ешбір қиналмастан лақтырып тастауға дайын қожайындардың заманындағы Тұзарлардың құрбандығының керек емес екенінің бір дәлелі. Сондықтан да қойылымның шымылдығы жабылған сәтте “Адам баласы адалдықтың тамырына неге балта шапты?” – деген сұрақ туындайды…

А.Маемиров қойылым арқылы көрермен­дер­ге қазіргі таңдағы адамдардың бетпер­де­сін ашып көрсеткісі келген. Режиссердің көздегені – қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселе­лерді суреттеу ғана емес, көрермен­дер­дің спектакльден кейін ой түйіп қайтуы. Осы әфсана-ертегіні сахналау барысында қойылым режиссері А.Маемиров өз идеясымен ұштасып жатқан пікірлес адамдарды жанына жинай білген. Суретші И.Ихсан, балетмейстер Р.Билибаев, музыкамен көрке­м­деуші Д.Әбікеева, Б.Нұрқасымов сынды өз ісінің мамандарының бір арнаға тоғысқан еңбектерінің арқасында заман талабына сай қойылым дүниеге келген деп ойлаймыз. Пьесадағы адам бейнесінде – тек Шопан­ның өзі. Қойылымды көріп отырып, адам мен жануардың айырмасын ақ пен қарадай көрсетіп тұратын шекара сызығының бірте-бірте жойылатынын байқайсың. Спектакль­дегі ит, қасқыр, түлкі, қоян, қой, қарға – бәрі де бет­перде киген адамдар секілді. Сол бетпер­дені шешкенде әр адам өз бейнесін танитындай күй кешеді. Қойылымдағы әр кейіпкердің өзіндік тағдыры бар. Мәселен, Көкжал. Кезінде оның ұя толы бөлтіріктері болған. Солардың бәрі қаза тапқан соң, өмірінің мәні жоғалған. Қоян өмірін көжектерінсіз елестете алмайды. Балалары үшін барлық іске дайын. Ал ит – иесі үшін өмірлік махаббатынан да бас тарт­қан бейбақ.

Басты рөл – Тұзарды сомдаған екі актер – Данияр Базарқұлов пен Мақсат Сәби­тов өз­деріне жүктелген міндетті шеберлікпен орындап шықты. Сахнадағы Тұзар қос орын­дау­шының ойынында бір-біріне мүлдем ұқ­самайды. Бұған себеп – қойылым режиссері А.Маемировтың актерлерге барынша еркін­дік беріп іздену процесінде туған әр актердің жеке дара жұмысы болуында.

Д.Базарқұлов сахнада үнсіз тұрса да, сөй­лесе де кейіпкер психологиясының күр­делі иі­рімдерін дөп басып, сахнада нанымды ойын көрсете білді. Спектакль басталғанда құй­ры­ғын қайқитып алып қожайынның айт­қа­нын екі ет­пей орындап жүрген адал Тұзарды көреміз. Сахнада ары-бері жүгірген Д.Базар­құлов Тұзардың алғырлығы мен аң­қаулығын жеңіл іс-қимылдар арқылы жет­кізуге мән берген. Ал екінші бөлімде арып, тозған Д.Базарқұловтың Тұзарының бойында ойна­қылық­тың ізі де қалмаған. Мұнда орындаушы Тұзардың психологиялық тебіреніс­те­рін бедерлеуге күш салған. Тұзардың бойында үмітке қарағанда, күдік басымдау. Ендігі жерде өзінің кімге қызмет етіп, адал болғанын саралап отыр. Осы екінші бөлімде орындау­шыға әрекет ету өте қиын. Себебі, режиссер­дің қой­ған мизансценасы бойынша актер авансценада отырады, басқалары қасына келеді. Міне, соның салдарынан Д.Базар­құлов­тың Тұзары бір сарынды. Бұл спектакль­дің темпо-ритмін түсіріп жіберген. Әрине, мұнда төбет арып, ашыққан сонысына қара­мастан ол ашуланады ғой. Кейіпкердің ұсынылған тосын жағдайдағы ішкі психо-физикалық кү­ші­нің мүмкіндіктері актер ойынында ескерілмей қалған. Әлі де орындаушы іздене түсіп, осы олқылықтарды жояды деген ойдамыз.

М.Сәбитовтың Тұзарының адалдығы көз­сіз. Сондықтан да ол өз сүйгенінен де бас тар­тып, қожайынға жағуды өзіне басты мақ­сат еткен. М.Сәбитовтың Тұзары сахнада әрбір кейіпкермен сөйлескенде өзінің басты міндеті қожайынға қызмет ету керек екенін ұмытпайды. Бұл актердің Кикомен – Ұ.Болатбек өтетін сахнада анық көрінеді. Төбет есек­пен сөйлесіп тұрса да қойлардың бытырамауын, тұтқиылдан қасқыр шабуылына дайын екенін анық көрсетеді. Спектакльде сонымен қатар, Шопан – Б.Камаранов, Ә.Есжан, Көкжал – Е.Рамазанов, Ә.Иманғалиев, Көкшулан – Ж.Мақашева, А.Дайрабаева, Қосүрей – Л.Кәден, С.Ерзат, Д.Әбікеева, Кико – Д.Сүлейменов, Ұ.Болатбек, Қуқар – Е.Кәрібаев, Б.Тушаев, Сылаң – Г.Байбосынова, А.Қаймақбаева, Бе-бе – Е.Са­дырбаев, М.Әжібеков, Қортық – Е.Ха­мидуллин, Е.Ыдырысов және басқа да актерлер ойыны өзіндік ерекшелігімен көрермендерді баурай алды.

Ал, Қосүрей есімді қоян образын жасаған ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Лидия Кәден жылдар бойы жинаған тәжірибесімен жас буынға демеу бергені байқалып тұрды. Театрда кішкентай рөл болмайды, кіш­кен­тай актер болады деген тұрақты сөз тір­ке­сіне дәлел боларлық Е.Садырбаев пен Д.Сү­лейменовтің ойынын ерекше атап өтуге болады. Екі актер қосалқы рөл болса да кө­рер­мен жадында сақталып қалатын кесек образ сомдай алды.

А.Маемиров драматургиялық шығарма таңдауда қателеспеген. Спектакльдің сәтті шығуы драма теориясына сай жазылған пьесаға тікелей байланысты. Оқиғалар легі логикалық тізбекпен өрби отырып тартыс, айшықты мінездер пьеса бойында дұрыс бедерленгендіктен актерге ойнайтын татымды дүние табылған. Г.Хугаевтың бұл шы­ғар­масы тек қазақ ғана емес, орыс, татар, өзбек және т.б. сахналарына қойылып, өз бағасын алып үлгерген. Режиссер өзінің бұл спектак­льді қоюдағы түпкі ойын актерлер ойыны арқылы жеткізуге ден қойған. «Қара шекпен» жануарлар туралы емес, адами қасиеттер мен құндылықтарды алға тартқан заманауи қойылым.

Ақпарат көзі: http://www.oner.kz/theatre/view/451-kara-shecpen-spectaclindegi-kogamdyk-shyndyk

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

admin

Атырауда қойылған «Алтын адам»

admin

ТЮЗ имени Габита Мусрепова открыл 70-й сезон премьерным спектаклем «Райымбек! Райымбек!».

admin