Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Қара шекпен» – «Ең үздік спектакль» атанды

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 20-30 сәуір аралығында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты Түркітілдес театрлардың 9-шы халықаралық фестиваліне қатысып,  «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алды.

Театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов бұл фестиваль туралы: «Түркітілдес театрлардың 9-шы халықаралық фестивалі өте жоғары дәрежеде өткізілді. Себебі, оны ұйымдастырушылар әр елден келген қонақтарға барлық жағдайларын жасауда бүге-шүгесіне дейін мән берген екен. Фестивальмен қатар мұсылмандардың мейрамы – Мәулітпен тұспа-тұс келуі есте қаларлық, ерекше құбылыс болды. Фестивальге он түрлі театрлар қатысып, өнер көрсетті. Олардың ішінде біздің ұжымымыз өздерінің бар күшін салып, ең үздік спектакль жүлдесін жеңіп алды. Театрымызды жеңісімен құттықтаймын, биік белестерді бағындыра берсін», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Фестивальге Түркияның бес театрынан бөлек, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттер: Македония, Молдава, Әзірбайжан, Кипр, Грузия, Ирак, Иран, Болгария және т.б. он түрлі өнер ордалары сайысқа түсіп, бақ сынасты. Осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отырған бұл фестивальге театр ұжымы Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымын Коньяның орталығында орналасқан – Түрік ұлттық «Devlet» театрының сахнасында қойды. Қазақ көрермендерінің қошеметіне бөленіп жүрген спектакльдің қоюшы-режиссеры – Асхат Маемиров, қоюшы-суретшісі – Индира Ихсан, музыкамен көркемдеген – Динара Әбікеева, Болатбек Нұрқасымов, балетмейстер – Ринат Билібаев.

26 сәуір күні Түркияда көрермендер назарына ұсынылған «Қара шекпен» спектаклінде өз өнерлерін көрсеткен ұжымның актерлық құрамы: Данияр Базарқұлов, Жанар Мақашева, Ерлан Кәрібаев, Әсет Есжан, Еділ Рамазанов, Гүлбаһрам Байбосынова, Сәния Ерзат, Дархан Сүлейменов, Ербол Садырбаев, Ербол Ыдырысов, Гаухар Сағынғалиева, Толқын Нұрбекова, Қуаныш Тұрдалин, Гүлдана Ергешова, Мөлдір Қонысқызы, Динара Шымырбаева, Елдар Отарбаев болды. Жалпы, «Қара шекпен» спектаклі – жануарлардың бейнелері арқылы адамның шынайы бет пердесін ашып көрсетуге бағытталған. Жер бетін мекендейтін он сегіз мың ғаламның ішіндегі жаратылыстардың ең құдіреттісі де, ең ақылдысы да, ең әдемісі де – Адам… Ал, Біз, дәл осындай «дәрежеге» расымен, лайықпыз ба?! Кез келгеніміздің бойымызда бар өзімшіл қасиеттер басым түсіп, жан азығынан мақұрым қалғандай адамдық қасиетіміз жойылып, кейде хайуанға айналып бара жатқанымызды өзіміз де байқамай жатамыз… Осындай сан түрлі сұрақтарға жауап іздейтін қойылымды Түрік елінің жұртшылығы жылы  қабылдады.

      Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз қызметі. 

Ақпарат көзі: http://qazaq-alemi.kz/news?id=2776

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында премьера

admin

The Jaguar XK on Display at The 81st Motor Show

admin

“Мәдениет гардеробтан басталады”. Гардеробшы Айнұр қазақстандықтардың мәдениеті туралы

admin