Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Қара шекпен» қандай ой салды?

70 жылдық тарихы бар киелі өнер шаңырағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 5 күндік гастрольдік сапары қас қағым сәтте өте шыққандай әсер қалдырды. Ақтөбе көрермендері үшін репертуарларынан іріктеп әкелген 6 спектакль де халықтың ойынан шықты. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» (Ғ.Мүсірепов) трагедиясы, «Келіндер көтерілісі» (С.Ахмад) комедиясы, «Қызыл орамалды шынарым» (Ш.Айтматов) драмасы, «Қара шекпен» (Г.Хугаев) әфсанасы, әрқайсысының  орны бір төбе. Ауыз тұшынатындай дүниелердің ақтөбеліктердің таңдайында дәмі қалды.

Биыл сәуір айында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс — бір дауыс» атты Түркітілдес театрлардың ХІ халықаралық фести­валінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алған «Қара шекпен» спектаклін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров қойған.

«Қара шекпен» спектаклі аяқталғанда көрермендер дүркірете қол соғып, актерлерге деген ықыласын ұзақ білдірді.

Осетин драматургі Георгий Хугаевтың пьесасында қозғалған философиялық ойды, астар-тұспалды актерлік ансамбль өте әдемі жеткізе білді.  Бір отар қойды бағатын қойшыдан басқа кейіпкерлер жануар не аң түрінде көрінеді. Қазақ жеті қазынаның бірі деп санайтын иттің тұқымына жататын Тұзар дейтін төбеттің өзінің қожайынына деген адалдығы таңғалдырады.

Қойшының отарын аң-құстан қызғыштай қоритын Тұзарды тұзаққа іліндіру үшін ормандағы Көкжал қасқыр  айналасына Сылаң түлкіні, Қуақар қарғаны, қасқырдың қаншығы Көкшуланды, Қосүрей атты қоянды шақырып алып, күніне қойдың басын мүжіп, қарын мәселесін шешу үшін шопанның төбетін қолға түсіру жоспарын жасайды.

dsc_1979 dsc_1983Оқиға аңдардың арасында өтіп жатқанымен, адам өмірінен еш айырмашылығы жоқ. Әлдінің әлсізге зорлығы, адалдық пен арамдық, аярлық, достық пен сатқындық, іштарлық сияқты қасиеттердің бәрі күнделікті өмірде әртүрлі жағдайларда адамдардың бойынан көрініс тауып жатады. Актерлер кейіпкерлері арқылы осыны айшықтап көрсете білді. Қожайынның Кико деген есегінің күйі кісі аяғандай, қырық есекке жүк болатын қапшықтарды бір соның арқасына арта береді, оның көз жасын көріп жатқан ешкім жоқ. Төбет қана оған аяушылық танытады. Сахнадан көрермендер залына, одан сахнаға қарай ұшқан құстай зулап жүрген Тұзардың (актер Мақсат Сәбитов)  Көкжалдардың арбауына түсіп, Көкшуланға ғашық болып қалатын тұсы бар. Аңдардың түпкі мақсатын түсінген ол Көкшуланға деген махаббатын тәрк етіп, қожайынына деген адалдығын сақтап қалмақ болады. Жайлаудан қыстауға көшкен қойшының есегінің  арқасынан түсіп қалған қойшының қара шекпенін көзінің қарашығындай күзетеді. Өз тобына қосып алғысы келетін Көкжалға: «Қожайыным қара шекпенінің қалып қойғанын білсе, осында міндетті түрде қайтып оралады. Өйткені ол менің оны күзетіп отыратынымды біледі», — деп десте бермей, қақаған қыста аштан-аш қара шекпенге оранып, қожайынын күтеді. «Қарның аш қой» деп қоянның етін әкелген Көкшуланды қуып жібереді. Бірақ қожайынына сонша берілген Тұзардың еңбегі еш болады, ақырында шопанның қолынан мерт болады.

Бұл спектакльден түйген ойымыз — өмірде бір адамға өзіңді құрбандыққа шалып, көзсіз сенудің арты жақсылыққа апара ма? Төбеттің басындағы жағдай арқылы адамдардың өмірде біреулерді құдайдай көретіні, табынатыны дұрыс еместігін меңзеп, құлдық психологиядан арылу  қажеттігін ескертіп тұрғандай. Абай атамыздың:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап, — деген философиялық өлең жолдары ойға оралады. Қазіргі қоғамда сенің адалдығыңнан гөрі жағымпаздығың, қожайыныңның айтқанын екі етпейтін тілалғыштығың өтімді. Оған керек болмай қалған күні лақтырып тастайды, сендей адамның болғанын да демде естен шығарады.

Осы спектакльде Қосүрей рөлінде қазақ өнерінің мақтаныштарының бірі, өзіміздің жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Лидия Кәденова көрінеді. Ормандағы Аңдардың басқосуына келген Қосүрей:

— Неге шақырғандарыңды біліп отырмын, мені жесеңдер жей қойыңдар, тек менің балаларыма тимеңдерші! — деп шырқырағанда, кісінің ішін ит жыртқандай әсерде қалдырады. Ал әңгіменің сыңайы өзгерген кезде, яғни Көкжал оны Тұзарды қолға түсіру үшін көмекке шақырғанын білгенде, әншейінде  қорқақ қоянның аяқ астынан батырлығы ұстап, жан-жағындағыларға айбат шеге сөйлейтіні, тіпті «Менің крышам — Көкжал» деп бөсіңкіреп кететіні көрермендердің шек-сілесін қатырды. Кейін Қосүрей көжектерін үйінен таба алмай, олардың орнында қалған киімдері арқылы біреулердің жемтігін айналғанын сезіп, орманда қаңғалақтап жүргенде өзі де аштық пен суықтан қалжыраған Тұзарға кезігеді. Оған мұңын шағады: «Енді маған өмір сүріп не керек! Балапандарымнан айырылып қалдым. Мені жейтін аңдар кездессе екен» деп Қосүрей зар жылағанда көрермендер де бейжай қала алмайды. Лидия сынды талантты актрисаның сол спектакльге қатысуының өзі әріптестері үшін әрі демеу, әрі мерей екеніне сөз жоқ.

Тұзарды сомдаған Мақсат Сәбитовтың сахнадағы судағы балықтай еркін қимыл-қозғалысы, ым-ишарасы, сөзді көрерменіне жеткізе білуі, актерлік шеберлігі тәнті етті. Спектакльдің басындағы ортекедей орғып жүрген төбеттің ең соңында әбден қалжырап, бойын тік ұстай алмайтын халге жеткенге дейінгі халі өте нанымды шықты. Шопан рөліндегі Бейбіт Камаранов, Көкжал — Еділ Рамазанов, Сылаңды ойнаған Гүлбаһрам Байбосынова, Көкшулан — Жанар Мақашова, Қозы — Мерей Әжібеков, Қуқар қарға — Еділ Әжібеков,  Қортық — Есжан Хамидуллин, жалпы осы спектакльге қатысқан актерлердің шетінен талантты, өз кәсібін сүйетін жастар екеніне сүйсіндік, қызықтық әрі қазақ театр өнерінің өсу үстінде екеніне тағы бір көз жеткіздік.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=45621

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

admin

Мүсірепов театры жаңа маусымды ашады

admin

Театрымыздың екі бірдей артистері – Еділ Рамазанов пен Əсет Есжан “ЖАҢА КҮН” бағдарламасында. #Хабар20жыл #театр #өнер

admin