Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«АЛТЫН САҚА» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Алтын сақа» атты жаңа қойылымдар фестивалінің ашылуы өтті. Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылып отырған шарада  бір жылда көрермен назарына ұсынылған жаңа спектакльдер бақ сынап, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын үздіктер анықталмақ. 

Шараны ашқан театр директоры Сәбит Әбдіқалықов мұндай фестиваль жастар арасында театрды дәріптеуге қажет екенін баса айтты. «2016 жылы фестиваль тек қана балаларға арналса, қазір ауқымы кеңейіп, барлық қойылымдарды қамтуда. Өткен жылы театрымыз өте белсенді жұмыс істеді. Фестивальдің негізгі мақсаты – соңғы бір жылдағы артистердің еңбегін бағалау, жаңа дүниелерді халыққа таныту, көрерменнің сыни пікірлерін ескеру. Негізгі көрермендеріміз – балалар болғандықтан, «Менің сүйікті кейіпкерім» атты Алматы қаласы және облысы мектептері бастауыш сынып оқушылары арасында сурет салудан байқау өткіздік. Байқаудың шарты бойынша сүйікті спектакльдің кейіпкерін салды» дей келе жеңімп­аз­дар фестивальдің жабылуын­да марапатталатынын атап өтті.
Театрдың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек театр мен көрермен арасындағы байланыс, балаларға қойылымдарды сәтті ұсынудың маңызына айрықша мән берді. «Ертегіні қою бөлек, спектакльді қою бір басқа. Болашақта қандай бағытта дамып келе жатқанымызды іздеп, жауап табу үшін осындай фестивальдер жасалады. Жас ерекшеліктеріне бөліп, балаларға арналған қойылымдар қоямыз. Сол дүниелер бүлдіршіндерге қаншалықты түсінікті әрі балаға ой сала білгенін анықтау – үлкен шаруа. Қазіргі таңда спектакльдердің өзін үлкендерге не балаларға бөлудің өзі сұрау үстінде тұрған жағдай. Себебі, бүлдіршіндеріміз интернет арқылы ересектер түсіне бермейтін спек­такль­дерді, фильмдер мен бағдарламаларды көреді. Сондықтан балаларға басқа интеллектуалды спектальдер қою керек шығар. Міне, өзімізге қойып отырған сұрақтарға жауапты осындай фестивальдер аясында табуға тырысамыз. Кішкен­тай көрермендер арасындағы сурет байқауын ұйымдас­тырдық балалардың спектакльден алған әсерін, сезімін білу мақсатында болды» деген ол бала көрерменге басқаша жеткізу тәсілі, жаңаша актерлік мектепті іздеу де фестиваль аясында қамтылатынын айтты. Қазақ­­станның халық артисі Роза Әшірбе­кова фестиваль актерлер мен режиссерлердің есеп беруі іспеттес дүние болғандықтан, осымен үшінші жыл дәстүрлі өткізіліп келе жатқанын тілге тиек етті.
Үздіктерді анықтайтын қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, про­фессор Дариға Тұранқұлова, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс кірді. 30 наурызға дейін жалғасатын фестиваль репер­туарында «Сең», «Аққулар ұйық­тағанда», «Жусан иісі», «Шыңы­рау», «Жаңа жылдық бәйшешек», «Ба­за­рың тарқамасын» қойылымдары бар.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/03/28/47285.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Желтоқсан оқиғасы жайлы спектакль

admin

Сұлу Көкше төрінен келе жатқан əріптестерді күтіп алу рəсімі. Құрметті, əріптестер! Келген қадамдарыңызға гүл бітсін!

admin

“АЙТЫЛМАҒАН МАХАББАТ” театрландырылған əн-думан кеші – Сіздер үшін!

admin