2026 жылдың 24-27 наурыз күндері аралығында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында «АЛТЫН САҚА – 2026» VIII театрішілік жаңа қойылымдар фествиалі өтті. Аталған мәдени шара театрдың 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Театрдың авторлық жобасына айналған «Алтын сақа» фестивалі театр өнерінің шығармашылық тынысын кеңейтіп, жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейін саралауға бағытталған ерекше маңызға ие фестиваль. Алғаш рет 2016 жылы бастау алған бұл театрішілік өнер додасы жыл сайын өз ауқымын кеңейтіп, 2017, 2018, 2019 жылдары табысты түрде жалғасын тапты. Бұл байқауда алғашында балаларға арналған қойылымдар өзара бақ сынады. Театрдың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бірінші рет балаларға арналған қойылымдардың фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Наурыз думан», «Ер көжек», «Алтын мүйізді киік», «Томпақпен келген жаңа жыл», «Маугли», «Батыл көжектер», «Алдар көсе» сияқты кішкентай көрерменге арналған қойылымдар сахналанды. Уақыт өте келе түрлі даму сатысына түсіп, маңыздылығы артып, кең көлемдегі фестивальге ұласты. Мысалы, 2017 жылғы ұйымдастырылған фестивальде кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңейді.
Әлемді жайлаған пандемия салдарынан уақытша үзіліске ұшыраған фестиваль 2023 жылы жаңаша форматта қайта жанданып, 2024, 2025 жылдары театр сахнасында дарынымен талайды таңғалдырған талантты артистердің шығармашылық бәсекесіне айналды.
Биыл 8-ші мәрте ұйымдастырылып отырған ауқымды фестивальде 2025 жылдың наурыз айынан бастап 2026 жылдың наурыз айына дейінгі аралықта театр репертуарын толықтырған жаңа 7 қойылым өзара бақ сынады. Фестиваль шымылдығы кішкентай көрермендерге арналған «Күл бикеш» (авт.: Е. Шварц, инсц.: А. Қонысбаева, реж.: А. Зайцев) спектаклімен ашылды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ең алдымен балалар мен жасөспірімдер аудиториясына бағытталған шығармашылық орда. Сондықтан фестивальдің дәл осы сахнада және балалар қойылымымен басталуы театрдың өз миссиясымен толық үндеседі. Спектакль алдында ұйымдастырылған мерекелік шара да осы идеяны толықтыра түсті. Театр алаңы Наурыз мейрамы мерекесінің рухына бөленіп, балалар үшін нағыз думанды орта қалыптасты. Аниматорлар мен он екі жыл басын бейнелеген кейіпкерлер кішкентай көрермендерді құттықтап, олардың мерекелік көңіл-күйін көтерді. Қазақ мемлекеттік циркі артистерінің өнер көрсетуі шараның көркемдік ауқымын кеңейтіп, балаларға ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар, фестиваль күндері «Қорғансыз» (авт.: Мұхтар Әуезов, инсц.: Сағадат Ордашева, реж.: Дина Жұмабаева), «Перзентхана» (авт.: Нұрайна Сәтпаева, реж.: Галина Пьянова), «Гамлет. Соңғы күндер» (авт.: Уильям Шекспир, реж.: Дина Жұмабаева), «Шие бағы» (авт.: Антон Чехов, реж.: Рача Махатаев), «Ревизор» (авт.: Николай Гоголь, реж.: Фархад Молдағали), «Бәрі жақсы…» (авт.: Олег Богаев, реж.: Заңғар Ахметқазы) қойылымдары сахналанды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған фан-кездесулер – көрермен мен актер арасындағы шығармашылық байланысты тереңдетуге бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды. Театр фойесінде төрт күн бойы өткен бұл кездесулерде көрермендер өздерінің сүйікті артистерімен еркін форматта жүздесіп, сұрақ қойып, пікір алмасып, естелік суреттерге түсу мүмкіндігіне ие болды.
Атап айтқанда, Лидия Кәден, Бақытгүл Серікбаева, Гүлбаһрам Байбосынова, Динара Нұрболат, Ернар Амандық, Мақсат Рахмет, Шұғыла Ешенова, Нұргүл Мыңғатова, Салтанат Төребай сынды танымал артистермен өткен жүздесулер көрермен үшін ерекше әсерлі болды. Мұндай ашық диалог алаңы театр өнерін тек сахнадан ғана қабылдамай, оның ішкі шығармашылық үдерісін, актер тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Көрермендер өз ойларын еркін жеткізіп, актердің шығармашылық жолы, рольге дайындалу процессі туралы тікелей сұрап, жауап алды.
Сонымен қатар, «Шие бағы» және «Перзентхана» қойылымдарынан кейін ұйымдастырылған постспектакльдік кездесулер де ерекше форматта өтті. Артистер сахнадан түсе сала көрермендермен жүздесіп, қойылым туралы әсерлерді бірге талқылады.
Жалпы алғанда, фестиваль шеңберіндегі фан-кездесулер мен постспектакльдік диалогтар көрермен мен актер арасындағы рухани жақындықты арттырып, өзара сенім мен түсіністікті нығайтты. Бұл – қазіргі театр үдерісінде аса маңызды болып саналатын интерактивті мәдениеттің көрінісі болып қала бермек.
Ал осы фестивальге қатысқан спектакльдерге баға беріп, үздіктерді анықтау үшін халықаралық деңгейдегі театр сарапшылары арнайы шақырылды. Әділқазылар алқасы әр қойылымды кәсіби тұрғыдан талдап, өз ойларымен, пікірлерімен бөлісті. «Алтын сақа – 2026» жаңа қойылымдар фестивалінің қазылар алқасынығ құрамында Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Театр сыншылары бірлестігінің» төрағасы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты Анар Еркебай, өнертану докторы, профессор, театр педагогы. Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтында актерлік шеберхананың көркемдік жетекшісі, ТМД елдерінің мәдениет пен өнер саласындағы білім беру жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі Темур Рашидов, театртанушы, сыншы, өнер қайраткері, Армения Театр қайраткерлері одағының хатшысы Тигран Мартиросян болды.
Әділқазылар алқасының әр спектакльден кейін жүргізген кәсіби талқылаулары фестивальдің ең маңызды әрі мазмұнды бөліктерінің бірі болды. Бұл талқылаулар жай ғана пікір алмасу емес, сахналық туындыны жан-жақты саралайтын, оның көркемдік деңгейін анықтайтын шығармашылық алаңға айналды. Театр сыншылары режиссерлік шешімдерге, актерлік шеберлікке, сценография мен драматургиялық құрылымға терең тоқталып, әр спектакльдің ұтымды тұстарын және кемшіліктерін нақты атап өтті. Мұндай сын – шығармашылық ұжым үшін аса құнды кері байланыс. Себебі сырт көзбен, тәжірибелі мамандар тарапынан айтылған пікірлер режиссер мен актерлерге өз жұмысына басқа қырынан қарауға, көркемдік ізденістерін қайта саралауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мұндай терең әрі жүйелі талқылаулар шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, театр өнерінің сапалық дамуына, көркемдік талаптардың жоғарылауына тікелей ықпал етеді. Бұл – театрдың үнемі ізденісте, қозғалыста болуының, яғни тірі өнер ретінде дамуының басты кепілі.
«Алтын сақа – 2026» жаңа қойылымдар фестиваліне М. Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Дамир Сиразиев атындағы сыйлығының лауреаты, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Салауат Юлаев атындағы Башқұртстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айрат Абушахманов және Илья Чавчавадзе атындағы Батуми мемлекеттік драма театры директорының орынбасары, актер Давид Церетели спектакльдерді тамашалап, театрдың шығармашылық құрамымен және репертуарымен танысты.
27 наурыз күні сағат 10:00-де театрдың 80 жылдық мерейтойы және Халықаралық театр күніне орай «Алтын сақа – 2026» театрішілік жаңа қойылымдар фестивалінің әділқазылар алқасы және Қазақстан Театр Сыншылары Бірлестігімен бірлесе ұйымдастырылған «80 жылдық тарих пен тағылымдағы сахналық дәстүр, актерлік мектеп және көркемдік мұра» атты дөңгелек үстел өтті. Аталмыш дөңгелек үстелде спикерлер биыл мерейтойлары болып жатқан, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының негізін қалап, шаңырағын көтерген, театрдың дамуына өлшеусіз үлес қосқан театр абыздары Қазақстанның халық артисі, театр және кино актері Байділда Қалтаев (17.02.1911 – 07.02.1979), Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театр және кино актері Мәкіл Құланбаев (22.03.1926 – 27.08.1993), Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театр және кино актері Алтынбек Кенжеков (13.06.1941 – 27.12.2001) туралы ой қозғап, еске алды. Сондай-ақ, театрдың бүгінгі жетістіктері мен даму бағыты талқыланды.
27 наурыз күні кешкі 19:30-да Халықаралық театр күні аясында «Театр түні» жобасы өтті. Ол жоба барысында көрермендерге театр ғимаратында экскурсия ұйымдастырылып, спектакльге дайындық және репетиция процесі таныстырылды. Көрермендер осы күнге дейін дайын спектакльді тамашалаған болса, Театр түнінде қойылым басталғанға дейінгі жұмыс процессін қызықтап, шығармашылық атмосфераны сезінуге мүмкіндік алды. Артынша фестивальдің жабылу салтанаты өтті.
Фестиваль қорытындысы бойынша бірқатар арнайы және негізгі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Осы жылы жас театр сыншыларын қолдау, олардың пікірін қалыптастыру мен шығармашылық ізденістеріне жол ашу мақсатында «Жас сыншылардың арнайы жүлдесі» аталымы енгізілген болатын. Жас театр мамандарының таңдауы нәтижесінде «Жас сыншылардың арнайы жүлдесі» «Гамлет. Соңғы күндер» спектакліндегі Розенкранц ролі үшін Рахат Жұмахановқа табысталды.
Қазылар алқасының арнайы жүлделері «Перзентхана» спектакліндегі Женя ролі үшін Гүлбаһрам Байбосыноваға және «Қорғансыз» қойылымындағы Әзімхан бейнесі үшін Елдар Отарбаевқа берілді. «Әлемдік классикадағы бейне» номинациясы бойынша «Шие бағы» спектакліндегі Петр Трофимов ролі үшін Нұржан Асылхан марапатталды. Ал «Ұлттық классикадағы бейне» аталымы бойынша «Қорғансыз» қойылымындағы Ғазиза ролі үшін Шұғыла Ешенова және Қарагөз бейнесі үшін Ұлжан Оразаева марапатталды.
«Алтын сақа» фестивалінің ерекшелігі – театрдың құрылуына атсалысқан, осында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, театрдың дамуына, танылуына орасан үлес қосқан театр абыздарын еске алу, оларға құрмет көрсету мақсатында сол кісілердің атындағы арнайы жүлделер табыстау. Осы жылы Байділда Қалтаев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков сынды ұлы тұлғалардың атындағы арнайы жүлделер табысталды. Алтынбек Кенжеков атындағы арнайы жүлде «Гамлет. Соңғы күндер» спектакліндегі Клавдий ролі үшін Еділ Рамазановқа, Мәкіл Құланбаев атындағы арнайы жүлде «Шие бағы» қойылымындағы Леонид Гаев бейнесі үшін Жомарт Зейнәбілге, ал Байділда Қалтаев атындағы арнайы жүлде «Ревизор» спектакліндегі Дуанбасы ролі үшін Ерлан Кәрібаевқа табысталды.
«Екінші пландағы әйел адам бейнесі» номинациясымен «Перзентхана» қойылымындағы Марта ролі үшін Динара Нұрболат және «Гамлет. Соңғы күндер» спектакліндегі Офелия ролі үшін Аида Жантілеуова марапатталса, «Екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясын «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымындағы Полоний ролі үшін Сафуан Рысбайұлы және Горацио ролі үшін Шағуан Үмбетқалиев иеленді. «Сахна шеберлігінің биік шыңы үшін» жүлдесі «Қорғансыз» спектакліндегі Кемпір бейнесі үшін Лидия Кәденге берілді.
«Үздік әйел адам бейнесі» номинациясында «Шие бағы» қойылымындағы Любовь Раневская ролі үшін Жанар Мақашева жеңімпаз атанса, «Үздік ер адам бейнесі» аталымына «Гамлет. Соңғы күндер» спектакліндегі Гамлет ролі үшін Алихан Карибаев лайық деп танылды.
Осылайша, «Алтын сақа – 2026» театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі театр ұжымының шығармашылық ізденісін айқындап, жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейін саралаған маңызды мәдени оқиға ретінде өз мәресіне жетті.





