Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

АКТЕР. РЕЖИССЕР. ҰСТАЗ. Ерлан Кәрібаевтың шығармашылығы туралы

Құрманбай Ұлжан
Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
театртану, III курс

Бүгінгі қазақ сахнасындағы өзінің ізденімпаздығымен, талантымен, кәсібилігімен, жаңашылдығымен көзге түсетін жандардың бірі – Ерлан Кәрібаев. Ол – актер ғана емес, ол сахна өнеріне өзгеріс әкелуге ниеттенген режиссер де, жастарды кәсіби маман болуға баулып жүргент ұстаз да. Оның жасаған әрекеттерінен оның нағыз театр жанашыры екенін аңғарасың.  Ол сондай-ақ кино саласында да биіктен көрінген нағыз талант.

Ерлан Кәрібаев 1999-2003 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын музыкалық драма театр актері мамандығы бойынша бітіріп, театр сахнасындағы алғашқы қадамын Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрынан бастайды. Н.Жантөрин сахнасының төрінде Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» – Төлеген, Т.Әліпбаевтің «Томирисінде» – Спаргапис, Б.Беделханның «Махамбетінде» – Гекке, С.Сматаев пен Т.Теменовтің «Жолайрығында» – Қайыржан, У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасында» – Ромео, Ә.Кекілбаевтің «Махаббат мұнарасында» – жас шебер болып ойнаған. 2012 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына ауысады.

Театр өнерінің саңлағы киелі сахнада 15 жылға жуық қызмет істеп келе жатыр. Осы уақыт аралығында актердің Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көрермен жүрегіне жол таба білген Г.Хугаевтің «Қара шекпенінде» – Қуқар, Д.Исабековтің «Құстар фестивалінде» – Әтеш, М.Горькийдің «Шыңырауында» – Барон, М.Хасеновтің «Жұбайлар-ай, жұбайларында!» – Қасым, Ж.Солтиеванің «Сағым қуғандарында» – Дәурен сынды рольдері бар. Балаларға арналған спектакльдерде: М.Ахмановтың «Наурыз думанында» – Ұлу, «Ертегілер әлемінде» – Бэтман,С.Балғабаевтың «Ең алғашқы Жаңа жылында» – Бурик, Ю.Энтин мен В.Ливановтардың «Бремен музыканттарында» – Трубадур, Р.Киплингтің «Мауглиінде» – Маугли, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесінде» – Сырдақ болып ойнайды.

Өзіне берілген рольді үлкен жауапкершілікпен алып шығатын актерден әрбір кейіпкерін сомдауда көп ізденіс жасайтынын анық байқаймыз. Оған мысал, режиссер Сафуан Рысбайұлы қойған «Құстар фестиваліндегі» – Әтеш ролі. Спектакль астарлы мағынаға толы. Құстар бәйгесі арқылы адамзат өмірінің айнасын көрсеткен. Құс патшасы Бүркіт ән байқауын өткізеді. Жарысқа шын мықтылар емес, қалталылар мен жағымпаздар қатысады. Бұл жемқорлар арасында Әтеш те бар. «Би жоқта құл жүреді жораға, Ит жоқта шошқа үреді қорада,» – дегендей Әтеш өзін әнші санап, сол өтірігіне өзі сеніп, мұрнын шүйіреді. Ол «Құстар фестивалі» жарысында жеңімпаз болатынына нық сенімді сөйлейді. Сауысқанға параны апарғандағы мақсаты да сол болған. Сондықтан мекиендерін де өз мақсатына пайдаланады. Жұмыртқаларын да қорек етер әтештерді, өз пайдасы үшін барлығын, тіпті, жақындарын да құрбан етер жауыз адамдарға ұқсатасың. Осы мінездерді жеткізуде актердің өзіндік ізденістері байқалады.

Айдарын мақтан тұтатын әтешті қолын басына айдар қылып қойып, басын көкке соза бейнелеген. Сахнаға кірген сәттен-ақ өз бейнесіне еніп, нағыз әтештерше жүріп, дауысын келтіре сөйлейді. Кейіпкерін жақсылап зерттегенін қойылым кезінде бір аяғымен басқанда, екінші аяғын міндетті түрде қиғашынан көтеруінен көре аламыз. Әрқашан кербездене жүріп, әтеш тілін жақсы жеткізе біледі. Кейіпкердегі менмендік, әйелқұмарлық секілді мінездерін жақсы бейнелей алған. Сахнадағы әр қадамын нық басады. Оның қулана күлуінен әтешке жаңа мінез қосқанын және оны өмірмен, адам мінезімен байланыстырғанын көреміз. Актердің сахна төрінде әрбір сәтте өз бейнесінен шықпай әрекет үстінде жүретінін байқаймыз. Оған мысал Бұлбұл ән айтқанда көрермен назарының барлығы керемет дауыс иесінде болады. Сахна шетінде тұрғанына қарамастан, Тоты роліндегі Гүлбахрам Байбосыноваға барып тиісуі әтештің әйел құмарлығын дәлелдейді. Оның әр әйел затын еркелетіп, басын айналдырып алар сабаз екенін де көрсеткен.

Таңертең ұйқымыздан оятар әтештің, қарқылдаған қарғаның, көкектің жарысы қазіргі таңда қазақ сахнасында қаптап жүрген әншісымақтарымыздың әндері арқылы көрсетіліп, көрермендерді бір күлкіге батырады.

Театр – жанды өнер болғандықтан, қойылымда кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Е.Кәрібаев актерлік шеберлігінің жоғары екенін, осындай оқиғалардың бірінде көрсетті. Қойылым барысында Көң қарғамен төбелескен актердің айдары түсіп қалса да, өз ойынын ары қарай жалғастыра берді. Сүйікті айдарының түсіп қалуына қынжылып, кегін мекиендеріне айқайлаумен алады. Осылайша жағдайдан шығып, суырып-салмалық жасауына мүмкіндік жасаған бір жағынан серіктестері десек, екінші жағынан тәжірибесінің де жоғарылығынан деуімізге болады.

Актер, режиссер, ұстаз – Е.Кәрібаев рольдерін өзінше жақсы көріп, бағалайды. А.Маемиров сахналаған «Қара шекпен» спектаклінде Қуқар ролін сомдайды. Ерлан Кәрібаев бұл роліне байланысты: «Қуқар – жаныма медеу болатын рольдерімнің бірі,» – деп ерекше атап айтқан да. Расымен де, кейіпкер Қуқар ерекше бейне. Қойылымда адам баласына қанша қарсы болса да, басты кейіпкер иесіне адал Тұзарға барынша көмектесуге тырысады. Оның бірден-бір себебі тұрақтылық пен адалдықты бағалауы. Қарғалар ешқашан туған жерін тастамайды. Қай жерде туылса, сол мекенін ауыстырмайды. Көп жылдар бойы бір орында тұрақтайды.

Спектакль актердің адамзат жайлы кітап оқып отырғанынан басталады. Бұдан көпті көрген кейіпкер екенін көреміз. Қарға ролін сомдауда актер өзінің табиғи дауысын құбылтып, ерекше, қарт адамның үніндей дауысты пайдаланған. Оның дауысы қаптаған жан-жануарлардың арасынан ерекшеленіп тұрады. Қойылымның басынан, соңына дейін қарлыққан дауыспен сөйлейді. Әрбір сахнада өз кейіпкерінің ақылды әрі барлық оқиғаны бақылаушы екенін көрсете алған. Тұзардың шекпенді күзетіп қалар сәтінде Қуқар оған келіп тұрады. Оған көмектескісі келіп, ақылын айтып, жемтік те алып келмекші болған. Солай бола тұра, өз биіктігін, қарғаға тән өзімшілдікті ұмыт қалдырмайды. Қарға бейнесіндегі ерекше сабырлылық пен сұстылықты да бере алған. Оған себеп, өз кейіпкерін әрқашан зерттеп, нанымды жеткізуге талпынуында. Бұл кейіпкер режиссердің көмегінсіз, өзі жасаған бейнелерінің бірі болатын. Актердің өз ізденісі, еркіндігі, шабытының нәтижесі – Қуқар. Бұдан жасайтын қорытындымыз: актер кейіпкердің жан-дүниесін зерттеу нәтижесінде нанымды бейнеге қол жеткізе алады. Кейіпкер бейнесін жасаудағы ізденісі актерге үлкен табыс сыйлады. Г.Хугаевтың әлемге әйгілі бұл әфсанасы көптеген театрларда қойылған. Қуқар бейнесін әр актер әрқилы жеткізеді. Мысалыға екінші құрамдағы актер Б.Тұшаевты алайық, ол дәл Е.Кәрібаевтай қарға бейнесіндегі сұстылықты, суықтықты бере алмайды. Әр актердің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл да актер актер Е.Кәрібаевтың өз ерекшелігін көрсеткен үлкен қойылымның бірі болды.

Ол сахнада ойнаған кейіпкерлер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Оның сомдаған бейнелері көрерменді шын сендіріп, ойландырады. Әр ойынындағы дауыс ерекшелігі, жүріп-тұруы өзгеше. Ол өз бейнесінің ішкі қалтарыстарын ашып көрсете алады.

Е.Кәрібаевтың өте жоғары деңгейдегі рольдерінің бірі әрі бірегейі – М.Горькийдің өмірден өз орнын таба алмай, жалған дүниеден баз кешіп, «шыңырау түбіне түсіп», өмір иіріміне түсе алмаған жандардың жайын суреттейтін «Шыңырау» («На дне») пьесасының желісімен қойылған спектакльдегі Барон ролі десек қателеспейміз. Қойылым режиссері Данияр Базарқұлов дәл осы рольге Е.Кәрібаевты сәтті таңдай алған. Себебі оның «Бароны» өзінің жеңілісін мойындағысы келмейтін, шындыққа тура қарай алмайтын жанның, сонысына қарамастан асқан кеудемсоқтықпен, өзгелерге мұрнын шүйіре қарайтын жанның ролін дәл көрсете алды.

Көрермен спектакльді көріп отырып, барлық кейіпкердің бір күйде, бір жағдайда екенін, олардың барлығы да қараңғы өмір құрсауында қалғанын түйсінеді. Барлығы тең, біреу-біреуден озып тұрған жоқ. Көзге бірден түсетін басты кейіпкер де жоқ. Спектакльдегі басты кейіпкер – «кішкентай адамдар». Әйтсе де, Е.Кәрібаев сомдаған Барон бейнесі оны мойындағысы келмейді. Сол Баронның өз өмірін қабылдай алмай, өткен шақтың елесімен жүргенін дәл жеткізе алған. Кейіпкердің мінез ерекшеліктерін шынайы сомдай білген. Актердің бәсең, қарлығыңқы дауысы, әр сөйлегенде жөтелуі секілді болмашы әрекеттердің өзін нанымды жеткізе алады. Кейіпкерінің ақсүйек болғанын өзге де әрекеттермен жеткізіп отырады. Мәселен, өліктің қолын газет ұстап тартуы, Костылевтың ауруына жиіркене қарауы оның лас ортада жүргеніне қарамастан, тым кірпияз екенін, одан қала берді санасының таяздығынан да хабар береді. Барон мен Настя арасындағы қарым-қатынасын көрсетудегі актерлердің шеберлігі арқылы әлдінің әлсізге тізе батыруы, әйел теңсіздігі сынды көптеген қоғамдық проблемаларды жазбай танимыз. Сондай-ақ, Е.Кәрібаевтың Баронынан ешкімді ұшпаққа шығарғысы келмейтін – кертартпа, өзгелердің жетістігіне қызғана қарайтын – іштар жандардың бейнесін аңғарамыз. Айналасындағы жандарды мазақ етіп, келемеждеп, өзін асқақ сезінетін өзімшілдің бейнесін де актер Ерлан Кәрібаев осы Байрон бейнесіне сыйдыра алған.

Актердің жоғарыда айтылған үш ролі де өз қалауынан, өз жүрегінен шыққан кейіпкерлер. Бұл өнер еркіндіктен туған. Режиссерлердің актерге еркіндік беруі нағыз өнердің өмірге келуіне көмек болады. Актер қанша бейне сомдаса да, халық оны белгілі бір рольдері арқылы есте сақтап қалады. Ол бейне актердің жеке куәлігі іспетті. Жоғарыда аталған рольдер де Е.Кәрібаевтың төлқұжатындай болған кейіпкерлер.

Қазірде актердің жалпы шығармашылық ізденісі «EGO» театр зертханасымен тығыз байланысты. Ол – театр сүйер қауымға жоғары деңгейдегі қойылымдарды көрсетуге тырысып жүрген осы зертхананың негізін қалаушылардың бірі. Мұндай зертханалық театрлар актерлердің өзін-өзі дамытуына, көбірек ізденуіне, еркіндігіне әсер етеді. Екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зертханада арманы мен мақсаты бір театрдың нағыз жанашырлары еңбек етіп келеді. Зертхана осы күнге дейін екі қойылымды көрермен назарына ұсынды. Бірі Е.Кәрібаевтың «Ол» моноспектаклі болса, екіншісі Д.Базарқұловтың «Шыңырау» спектаклі. Яғни, осы зертхана арқылы Е.Кәрібаев өзінің режиссерлік қырымен танылып, қазақ сахна өнерінің дамуы жолында аянып қалмайтындығын көрсете білді.

ХХІ ғасыр барша адамнан белсенділікті, жан-жақтылықты, терең білім мен кең дүниетанымды талап етеді. Ал кәсібі өнермен тығыз байланысты жандарға оның талабы тіпті жоғары – жанкештілік. Театр сахнасы жалаңдықты, жұтаңдықты, арзан популизмді қабылдамайды. Ол биік өнерді талап етеді. Сахна өнері заман ағымынан да қалмай (тіпті, классикалық дүниелердің өзін уақыт сұранысына сай икемдеудің оңтайлы жағы көп), халықты тобыр қалыпқа түсуден арашалап, жан-дүниесін байытып, эстетикалық ләззат сыйлауға тиісті. Актер, режиссер, ұстаз Е.Кәрібаевтың өнердің осындай биік түріне аянбай қызмет етіп жүргеніне көрермен куә. Жасандылықты жарытпайтын, сахнадағы жанның кәсібилігін талап ететін патша көңілді бүгінгі көрермен оған жүректерінен үлкен орын берді. Өнер адамы үшін бұл үлкен мәртебе.

Театр өнерінің дамуы үшін, маңдай терін төгіп жүрген Е.Кәрібаев кино өнеріне де өз қолтаңбасын қойып үлгерді. Сахна үшін жаралған актердің ұстаздық жолы, кино саласындағы жетістіктері, театр өнеріндегі өзін-өзі жетілдіруге көмек берер ең үлкен бағыттардың бірі. Осындай құрышта шыңдалып жүрген жан келешекте қазақ театрын биіктерге шығарады деп сенеміз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жастар театрының 70-маусымы «Райымбек, Райымбек!» премьерасымен ашылады

admin

Қазақстанда театр фестивальдерін өткізудің кейбір мәселелері

admin

Мұрат АХМАНОВ: «Ақтабан шұбырындымен» қазақтың тағдыры аяқталған жоқ

admin