Жанар Мақашева
27 жаста
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік
Академиялық балалар мен жасөспірімдер театырның актрисасы
Театрда 8 жыл
10 спектакльде ойнаған
Ең сүйікті рөлі: Карменсита
Үлкен сахна, ду қол шапалақ, құшақ-құшақ гүлдер… Актер өмірі шын мәнісінде осындай ма? «Екпін» журналы осыны тексеріп көрмек. Өнерге апаратын жолдың қиындықтары, театр сахнасының қыр-сыры жайында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Жанар Мақашева әңгімелейді.
Неден бастау қажет
Актер мамандығы бойынша жоғарғы білім алу үшін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Актерлік өнер» мамандығын аяқтау қажет. Оқу бағдарламасы қиын. Кейбір кездері таң атқаннан түн батқанша академияда жүруің мүмкін. Себебі актерлік өнер мамандығы бойынша оқытылатын негізгі пәндер көп, оған қосымша дене шынықтыру сынды пәндерді қосқанда басқа ЖОО-на қарағанда сабақ сағаты көбейіп кетеді. Сонымен қатар, студенттердің түнгі 10-12-лерге дейін қалып, дайындалатыны бар. Өйткені актерлік шеберліктен берілетін тапсырманы үйде жеке орындау мүмкін емес. Ол үшін оған бағыт көрсетіп тұратын ұстаз, топ болып жұмыс істейтін жұмыстарға студенттер керек. Оның барлығы студенттің өзі үшін, яғни үй жұмысын орындауы есебінде.
Мен Қарағанды облысының Балқаш қаласында туып-өстім. Негізі актриса боламын деп армандаған емеспін. Шынымды айтсам, әртістікке оқытады деп ойламаппын. Ол туа біткен қасиет деп ойлайтынмын. Ал Алматыға өнер академиясына «Хореография» мамандығына түсемін деп келген болатынмын. Мұнда келгенде қабылдау комиссиясында отырған кісі: «Базалық білім болмағандықтан, училище бітірмегендіктен, сізді ала алмаймыз. Алайда бізде «Театр өнері» факультеті бар. Соған түссеңіз болады, онда да би бар. Егер сонда бір курс оқысаңыз, екінші курстан бастап қабылдаймыз» деді. Содан 2001-ші жылы осы «Театр өнері» факультетіне оқуға түстім. Онда оқуға түскеннен кейін хореографияға ауысу қажет пе, жоқ па деп ойланып қалдым. Уақыт өте келе хореографияға ауыспай, осы «Театр өнері» факультетінде қаламын деп бел будым. Бұған қазір өте қуаныштымын. Мүмкін бұл тағдырдың жазғаны болар.
Алғашқы рөл
Актерлік мамандықта ең бастысы — сұраныс. Себебі сұраныс актер болашағының жарқын болуына бастама десе де болады. Мен Тілектес Мейрамовтың курсын бітіргенмін. Екінші курстан бастап осы театрға ендім. Ең алғашқы рөлім екінші курста оқып жүрген кезімде Игорь Вовнянконың «Обвиняется в убийстве» деген қойылымда ойнағанмын. Одан кейін Нұрқанат Жақыпбаевтың «Қос жүрек» деген қойылымында басты рөлде ойнадым. Басында қобалжып, өте қиын болған. Алайда бұл қойылымдарда ойнау маған өте үлкен сабақ болды. Бүгінде Талғат Теменовтың «Мулен Ружға шақыру», Жаннат Хаджиевтің «Күшік күйеу», «Цилиндр» сынды спектакльдерінде ойнаймын. Ал биылдан бастап «Карменсита» қойылымындағы басты рөл берілді.
Мен үшін ең қиын рөл «Мулен Ружға шақыру» спектакліндегі Айшаның рөлі. Осы рөлді сомдау маған қиынға түскен болатын. Ал жаныма ең жақыны – қазіргі ойнап жүрген Карменсита.
Басты рөл
Қойылымда басты рөлге таңдалу үшін асқан шеберлік және үлкен еңбек қажет. Басты рөлде ойнайтын актерлерді режиссер таңдайды. Бір қойылымда басты рөлде ойнау үшін бір емес, он актриса таңдалады. Солардың рөлге енуі, актерлік шеберлігіне қарай сұрыпталып, ең соңында режиссер ең лайықты деп шешкен актрисаны таңдайды. Алайда басты рөлде ойнайтын актриса екінші пландағы рөлдерде ойнамайды деген сөз емес. Мысалы, «Карменситаның» басты рөлінде ойнасам да, өзге қойылымдарда массовкада жүремін. Біз жасөспірімдер мен балалар театры болғандықтан, таңертең ит пен мысықты ойнасақ, кешке Карменсита мен Қыз Жібекті ойнап жүреміз.
Шындығында
Шындығына келетін болсақ, өнер академиясының «Актерлік өнер» мамандығын бітіргендердің барлығы танымал актер болып кетпейді. Олар өз мамандықтары бойынша театрда жұмыс істеп, егер Астана, Алматы қалаларында болса, киноға түседі. Ең кемінде, жарнамалық роликтерге түсіп, жүргізуші, аниматор болуы мүмкін. Кейбіреулері педагогикалық еңбекпен айналысамын деп магистратура және доктарантура Ph.D-ді бітіріп жатады.
Қарап тұрсаңыз, елімізде театрлар көп. Неге соларға бармайды деген орынды сұрақ туындайды. Алайда, облыстық театрларда үймен, жатақханамен қамтамасыз ету жағы нашар. Еңбек ақысы қаладағы театрларға қарағанда екі есе төмен. Сонымен қатар, облыстық театрларда қаладағыдай радиоға дауыс жазып, телевизияда жұмыс істеп, қаржы табатын қосымша тірлік көзі жоқ. Актер үшін жалғыз жалақыға қарап отырып, жалғыз мекемеде жұмыс істеу өте қиын. Сондықтан жас актерлердің көбі Алматы, Астана қалаларында қалғылары келеді.
Негізі мен «Қазақфильмнің» киноларында түскенмін. Соның ішіндеБақтияр Сейітқазиевтың «Письма из далека» деген кинода басты рөлде ойнадым. Ең соңғы түскен кином жақында шығатын «Аңшы бала» деген фильм. Осы уақытқа дейін тележүргізуші болып көрген жоқпын. Бірақ Алматы, Астана қалаларының әкімшілігі өткізіп тұратын концерттер, үлкен бағдарламаларды жүргіземін.
Театрды ештеңеге де айырбастай алмаймын. Телевизиядан гөрі менің жаныма өзімнің театрым, өзімнің әріптестерім жақын. Алайда екі жолды да қатар алып жүруге болады деп есептеймін. Өйткені екеуі де өнер. Егер телевизияға жүргізуші ретінде шақырса, қуана-қуана баратын едім. Бірақ театрды тастамаймын.
Жалақы
Алматы театрындағы актердың орташа жалақысы 90 мың. Егер атағы болса, одан жоғары. Бұрындары білмеймін, бірақ бүгінгі күні актрисаның жалақысына өмір сүруге болады.
Көрермен
Актер көрерменді тек ұстап қана отырмай, оны өзіңе баурап алуы қажет. Көрермен сахнада болып жатқан іс-әрекеттерді түсініп, соған еніп, сенімен бірге күліп, сенімен бірге жылап отырса, сол сәтте актерге одан асқан бақыт жоқ. Өзім публиканы бөлмеймін. Өйткені адамдар қойылымды көру үшін келетіндіктен, қандай көрермен болсын, біз оның алдында ойнауымыз керек.
Мен үшін ең қиыны – өз әріптестеріңнің алдында ойнау. Себебі көрермен алдына шығудан бұрын, спектакльді әріптестерміз, директор, студенттер, сыншылар, басқа театр актерлері мен директорларының алдында жабық көрсетілім қойылады. Ол қойылымнан кейін бәріміз бірге отырып, оны талқылаймыз. Қандай жетістіктер, қандай кемшіліктер болды, актерлер ашыла білді ме, соның барлығын көрсетілім соңынан әріптестеріміз қатты сынға алады.
Жұмыспен қамтамасыз ету
Жылына өнер академиясын 50-ден астам дайын актер бітіріп шығады. Алайда олардың барлығы еліміздегі театрлардың штаты толық болғандықтан, жұмыспен қамтамасыз етілмейді. Былтыр Ғ.Мүсірепов театры – 7, М.Әуезов театры – 2-3 бітіруші түлекті алған. Ал өнер академиясын бітіріп шыққан ұйғыр топтарын Ұйғыр театры, корей тілінде бітіргендерді Корей театры, орыс тілінде бітіріп шыққандарды қаламыздағы орыс театрлары толық өздеріне алып, жұмыспен қамтамасыз етеді.
Жеке пікірім, біздің теарлар Мәскеудегідей болса деймін. Өйткені ондағы актер тек бір театрда ғана ойнамайды. Өзге театрлармен де қарым-қатынаста болады. Сонда көрермен қойылымға емес, актер үшін театрға баратын болар еді…
Сонымен қатар, біз тек өзіміздің әріптестерімізге үйреніп қалғанбыз, егер өзге театрлармен қарым-қатынаста болып, солармен бірге ойнайтын болсақ, солармен пікір алмассақ, шығармашылық бағытта да біраз тәжірибеміз көбейер еді деп ойлаймын.
Қиындықтар
Актерлік өнердің жолы үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбекті қажет ететін соқпалы-соқтықпалы жол. Жалпы өнерге барамын, актер мамандығына түскім келеді деген жастарға, өнер жолы өте қиын жол деп айтқым келеді. Оның қиындығы қайда дейсіз ғой? Нақты қай жағы қиын екендігін айта алмаймын. Оның барлық жағы қиын. Көптеген жастар актер боламын деп армандап түседі де, кейін армандарынан айнып кетіп жатады. Мысалы, мен бірінші курста оқуға түскенімде, қайда келгенімді түсінбей жүрдім. Академияның ішінде біреуі мысық, біреуі күшік болып жүрсе, екіншісі қуыршақты әлдилеп, билеп жүр. Қай ортаға түстім деп зәрем ұшты. Ең бірінші рөліміз – жануарлардың рөлі. Адамдарды қашан ойнаймыз, біз театрда, кинода иттерді ойнамаймыз ғой деп жыным келетін. Сөйтсек, жәндіктерден, жан-жануарлардан бастап, адамдарға біртіндеп көше бастайды екенбіз. Оның дұрыстығын тек екінші курста ғана ұқтық.
Егер бел буып әртіс боламын десеңіз, ештеңеге қарамай, күндіз-түні тынбай жұмыс істеу қажет. Сонда ғана үлкен жетістіктерге жете аласыз.
Материалды дайындаған:
Айнұр Ракишева
Ақпарат көзі: http://yvision.kz/post/271275