АЙМАҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ АЙШЫҚТЫ ШАРАСЫ
Биыл С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театрының құрылып, шаңырақ көтергендеріне 45 жыл толады. Театр осы жылдар ішінде ұдайы өсу үстінде болып, өзінің жарқын шежіресін жасай білді. Театр тарихында қазақ өнерінің айтулы тұлғасына айналған талантты режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиевтың алар орны зор. Осыдан алты-жеті ай бұрын өмірден өткен театр тарланын еске алып, есімін жаңғырту мақсатында әріптестері алдағы аптада Ж. Хаджиев атындағы алғашқы аймақтық театрлар фестивалін өткізгелі отыр. Осы мерейлі шара қарсаңында Серке театрының директоры Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВПЕН жолығып, аймақтық фестивальге әзірлік жайын әңгіме өзегіне айналдырған едік.
— Сонау 1981 жылы ұлттық кәсіби театр және кино өнерінің негізін салушы қазақтың дарабоз әртісі Серке Қожамқұловтың есімін иеленген біздің театрымыз биыл өзінің 45 жылдық белесіне шыққалы отыр. Бұл мерейтойды қасиетті өнер қарашаңырағының іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, республикаға танымал талантты режиссер Жанат Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестивалін өткізу арқылы атап өтуді ұйғардық. Театрдағы еңбек жолын актерлықтан бастаған Жанат Әубәкір-ұлының өнер ордасы шежіресінің жарқын беттеріне жазылған тамаша рөлдерді сомдағанын әріптестері әлі күнге дейін сүйсіне әңгімелейді. Ал, Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлық факультетін бітірген соң Жанат ағамыз 1982 жылы туған театрына қайта оралып, ең бір шабыт шыңына ұмтылған шағын бастан өткерді. Бас режиссер әрі көркемдік жетекші ретінде Серке театрында небір күрделі қойылымдарды тың, тосын шешімдермен сахналап, көрерменді тәнті ету жолында шығармашылық ізденіспен еңбек етті. М.Әуезовтің «Қараш-Қараш», «Қарагөз», «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым», Ә.Таразидің «Қыз махаббаты», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Кәрімнің «Тастама отты, Прометей!», «Ай тұтылған түн» сияқты көптеген спектакльдері ерекше түйін жасау тұрғысындағы тосын жаңалықтарымен өнертанушылардың өзін селт еткізген еді. Осындай тынымсыз ізде-
ніс нәтижесінде Хаджиев қойған спектакльдер республикалық театрлар фестивальдерінде бірнеше рет Бас жүлде — Гран приге ие болғанын білесіздер, — деп бастады әңгімесін театр директоры Е. Жұмакенов.
— Иә, тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезеңнің өзінде мысты қалада үш жыл қатарынан республикалық театрлар фестивалі өтіп, «Жезқазған — театр Меккесі» атанғаны есімізде. Сол өнер мерекесінің ойдағыдай өтіп, бәсі жоғары болуы жолында облыс мәдениеті мен өнеріне шынайы жанашыр жандардың жүргенін, соның белортасында Жанат Хаджиев сынды театр тарланының игі іске ұйытқы болғанын да ұмыта қойған жоқпыз. Ал, бұл жолғы фестивальдің сыр-сипаты қандай болмақ?
— Бұл жолғы фестиваль тікелей С. Қожамқұлов театрының бастамасы бойынша өткізілмек. Біздің ұсынысымызды әр аймақтағы әріптестеріміз қоштап, атсалысқалы отыр-ғанына қуаныштымыз. Фестивальге жер-жерден 7 театр келіп қатысады. Осы ізгі шара арқылы театр атты киелі өнердің үлгісі мен үрдісін жаңғыртып, биікке асқақтата көтерген айтулы режиссер, дарынды тұлға Жанат Хаджиевті еске алу, есімін ұлықтай отырып оның қайталанбас ерен еңбегін насихаттау, кейінгі жас таланттарға үлгі ету — басты мақсатымыз. Фестивальге келген өнер ұжымдары негізінен кезінде режиссер Жанат Хаджиев дайындап, қолтаңбасын қалдырған қойылымдарды әкеледі. Сонымен қатар, осы фестиваль арқы-лы кейінгі кезде сәл селкеу тарта бастаған театрлардың бір-бірімен шығармашылық байланысын жандандырып, өзара тәжірибе алмасу, өнер ұжымдарының ізденістерін ұштап жаңа биіктерге қанаттандыру жағын да ойластырудамыз. Алдағы уақытта бұл фестивальды дәстүрге айналдыруды да көздеп отырмыз.
— Еркебұлан Қайроллаұлы, сонымен өнер мерекесіне кімдер келетінін де оқырман қауымға құлағдар ете кеткеніміз жөн болар. Көрерменге қандай қойылымдар ұсынылмақ?
— Жанат ағамыздың кейінгі уақытта Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жемісті жұмыс жасағанын өнер сүйер қауым жақсы біледі. Сол кезеңдерде ол республикалық «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының «Режиссер» номинациясы бойынша лауреаты атанды. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры болып, шәкірт тәрбиелеуде де артында айтарлықтай із қалдырды. Аталмыш академиялық жастар мен балалар театры Т. Ахтановтың «АНТ» спектаклін қояды. Бұл қойылымды кезінде Ж. Хаджиев дайындаған болатын. Сондай-ақ, Ж. Аймауытов атындағы Павлодар қазақ музыкалық-драма театры да Ж. Хаджиевтің режиссерлығымен сахнаға шыққан Е. Төлеубайдың «Оян қазақ… Ойлан қазақ!» спектаклін көрсетпекші. Сонымен қатар, Қарағанды облысындағы
С. Сейфуллин, К. Станиславский атындағы және облыстық музыкалық-комедия театрлары, Қ. Қуанышбаев атындағы Астана қазақ музыкалық-драма театры, Арқалық ба-
лалар және жасөспірімдер театры да аймақтық фестивальға қатысуға ниет білдіріп отыр. Қойылым жарнамалары БАҚ арқылы жария болып жатқандықтан оның барлығын қайталамай-ақ қояйын.
Фестивальға бірталай өнер қайраткерлері құрметті қонақ ретінде қатысады. Олардың ішінде Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғанат Жақыпбай, өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті Меруерт Жақсылықова, С. Қожамқұловтың қызы Мәриям Серәліқызы, Мәскеуде бірге оқыған щепкиндік бір топ түлектер бар. Сондай-ақ, облыс мәдениетінің өркендеуіне айрықша үлес қосқан Рымбала Омарбекова, облыстық мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Алмагүл Өсерова, ұзақ жыл театрдың басшысы болған Майра Серкебаева және басқа да құрметті қонақтар келеді деп күтілуде. Салтанатты ашылу рәсімі 8 қарашада басталатын фестиваль бес күнге созылып, 12 қарашада мәресіне жетеді. Жабылу салтанатында фестивль лауреаттары марапатталады. Үйге шағын қонақ шақырсақ та шабыла дайындалмаймыз ба? Алғашқы рет өткізілейін деп отырған аймақтық өнер фестиваліне бүкіл ұжымымызбен іштей де, сырттай да жан-жақты дайындалып, қала әкімдігі мен мәдениет бөлімінің қолдауымен жоғары деңгейде өткізуге сенімді болып отырмыз.
Ақпарат көзі: https://jezkazgan.gov.kz/kz/news/8391.html