Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Адам – Заттың» айтары көп

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жақында ғана премьерасы өткен «Адам – зат» спектаклі осындай сан алуан ойларға жетелейді. Жазушы-драматург Мария Ладоның Ресейдің 80-нен астам театрында қойылып, сыншылар тарапынан жоғары бағаланған шығармасы бүгінгі қазақ қоғамының да көкейтесті мәселелерін қозғағандығымен өзекті. Қойылымдағы оқиға желісі мейлінше қарапайым және күнделікті тұрмыста жиі кездесетін жайт: көрші тұратын қыз-жігіт: Дана (Гүлбаһрам Байбосынова) мен Аңсар (Мерей Әжібеков) бір-бірін ұнатады. Көңіл жарастырған қос ғашықтың сәбилі болатын кезі де таяу. Бірақ екеуінің тұрмыс құруына Дананың ата-анасы (Сәкен Рақышев, Райхан Қалиолдина) қарсы. Өйткені Аңсардың көк тиыны жоқ кедей, ол аздай, ауызы арақтан босамайтын алқаш әкесімен (Ұлан Болатбек) Дананың ата-анасы құда болғысы жоқ. «Қалаға барып, оқу оқиды» деп үміттеніп жүрген қызының өздері адам санатына қоспайтын әлдекімнен «қарнын қампайтып алғанына» намысы келген олар, нәрестеден құтылу қамына кіріседі.

Ең қызығы, осы жағдайлардың барлығына үй жануарлары, яғни жылқы, сиыр, қошақан, тауық, ит еріксіз куә болады. Онда да жай куә болып қана қоймайды, қожайынның отбасы мен оның маскүнем көршісінің іс-әрекетін, қарым-қатынасын, жалпы, айналадағы құбылыстарды өз таным-түсініктері тұрғысынан зерделеуге, саралауға тырысады: Адамдар неге бір-бірімен келісе алмайды? Неге біреулері сіңірі шыққан кедей, ал біреулері шылқыған бай? Ақша деген не? Оның қоғамдағы қызметі қандай, құдіреті неде? Бұдан бөлек, олар тіпті қала, митинг, демократия ұғымдарын да түсінгісі келеді, бірақ ойларын әлденеге тұрақтата алмайды, ақыры: «Адамдардың тірлігінде, өмірінде түсініксіз нәрсе көп, олар көп әңгіме айтады, көп нәрсеге ұмтылады, бірақ өздеріне не керек екенін көбінесе өздері де түсінбейді, өздері де білмейді» деген ұйғарымға тоқтайды. Ұтымды уәж екенін еріксіз мойындайсың.

Жануарлар өмір жайында толғанады, өлім туралы ойларға беріледі. Адамдардың неге соншалықты қатыгезденіп кеткендігіне мазасызданады. Мәселе «Дүниеге бір адам келуі үшін әлдебір тіршілік иесі өмірмен қоштасуы керек. Сөйтіп, ол оның қорғаушы періштесіне айналады» дегенге тірелгенде, олар тіпті Дананың жарық дүние есігін ашу-ашпауы екіталай болып тұрған нәрестесі үшін жан қиюға дайын болады. «Мен адамның адал досымын, осы мақсат жолында мен құрбан болуға тиіспін» деп құлшынған итті: «Сен әлі жассың. Мен жасарымды жасадым. Жан беру – менің жолым» деп жылқы тоқтатады. Ал ол қалай жан тапсырады, құрбандыққа оны кім шалады дегенде: «Өлтіру, ату, асу – адамдардың миссиясы. Бұл міндетті солар мүлтіксіз орындайды» деп, тауық мылтықты маскүнем көршінің алдына тастайды. Әйелі қайтыс болғалы бері, бір жағы қайғыдан, бір жағы жоқшылықтан жаны күйзеліп, ішімдікке салынса да, бірақ ол байғұс аяушылық, қайырым, мейірім іспетті адамдық қасиетті жоғала қоймаған. Аборт туралы әңгімені естіген бетте оның: «жазықсыз сәбиді өлтіруге болмайды» деп шыр-пыр болатыны содан. Бұл жолы да адамдықтан аттай алмайды: «Сендер адамды ақымақ көресіңдер, айуаннан бетер деп ойлайсыңдар. Бірақ «денемді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан терең құзға секірген…» кім?!» – деп, қажет кезінде адам өзін құрбандыққа шала алатынын аңғартып, аулаққа кетеді. Сол бойы, өзі атылып тынады… Өзгелер түгіл, өз ұлының көзқарасынша, адамның қоры болып көрінген жанның өзі ұрпақ үшін осындай үлкен қадамға барады.

Көңілге бір қонбайтын жайт, ұлы осы әкесін: «Анам екеуің неге дүние жинамадыңдар?! Неге біздің ештеңеміз жоқ?! Неге сен ішіп кеттің?! Атың өшсін, әке! Әке болмай кет!» деп, жер-жебіріне жетіп жерлеуі. «Жігіт болып не қызбен қыдыра алмаймын. Еркек болып не бала тудыра алмаймын. Өйткені кинотеатрым – мына пішен қора. Ал үйіміздің сиқы – анау» деп жыларман болады. Ал өзінің жасы – жиырмада. Оң-солын танымаған бала емес, соқталдай азаматтың бар кінәні әкесіне аударып, бар жамандықты соған жабуы қай қисынға келеді? Өзі неге тіршілік жасамайды?! Ауыртпалықтан шығар жолды неге өзі іздемейді?! Өкінішке қарай, мұның бәрі сұрақ күйінде қалады. Не Аңсардың әкесі, не спектакльдегі басқа персонаждардың бірде бірі бұл тоғышар көзқарасқа тойтарыс беретін бір сөз айтпайды…

Персонаж демекші, спектакльде олардың әрқайсысының образы сәтті сомдалған. Жылқы (Лиза Серікова)  – өмірде көрген-білгені көп, ойшыл, жанкешті жануар; бірақ адамдардың жалаңаш жүрмесе де, не үшін үсті-үстіне киім ала беретініне оның «миы жетпейді»; төбет (Асылхан Төлепов) – ақкөңіл, бірақ ақымақтау хайуан; кезекті бұзауына буаз сиырдың (Сәния Ерзат) өз әуресі өзіне жетіп жатыр; ал тауық… (Әли Марат) қорадағы өзге қоңсыларының көзімен қарағанда, өте ақылды, бәрін көргіш, бәрін білгіш, ол және радио тыңдайды. Осылардың арасындағы ең аңғалы, ең бейкүнәсі – қошақан (Динара Нұрболат): оның жүрегі махаббатқа, сезімге толы, өйткені қожайынға өлердей ғашық; оны көргені, онымен ойша тілдескені үшін бақытты. Өзі бір орнында байыз тауып отырмайды да. «Қанатым болса ғой» деп қиялдайтын ол, өмірінде бір рет болса да ұшуды армандайды. Түптің түбінде ұшады да: бірақ өлген соң ғана. Өзі ессіз ғашық болған қожайыны оны еш қиналмастан сойып тастайды. Періштеге айналған кішкентай қошақанның «қарлығаш сияқты, маған да қанат бітсе ғой, мен де ұшсам ғой» деген арманы тек осылай ғана орындалады. Осы арада, армандар орындалуы үшін де үлкен құрбандық керек-ау деген ой еріксіз туады.

Қожайын қабағынан қар жауған, тұйық адам: әйелін де, қызын да уысынан шығармай, өз айтқанымен жүргізгісі келеді, шаруасына мығым, өз әлемінде өзі – бай, өзі – құдай. Осындай суық, мейірімсіз адамның көршісі атылып өлгеннен кейін әп сәтте өзгере қалуы сәл нанымсыз.

Бір деммен, ширыққан күйі келе жатқан спектакль періштеге айналған қошақанның бұрынғы қоңсыларымен тілдесетін тұсында сәл созылып, қожырайды. Қошақан өлгеннен кейін ештеңе қорқынышты емес екенін, ең бастысы, өзі Құдайды көргенін, оның мұны басынан сипағанын айтады. Жұмақта хайуанаттардың көп екенін, есесіне, адамдардың аз екенін сөз етеді. Әрине, бұрын-соңды адам құлағы естімеген небір сұмдықтарға қолы барып жатқан пенделерге жұмақ қалай бұйырсын деп ойлайсың амалсыз.

Осының бәрін көрерменге нанымды жеткізу үшін жан-тәнімен ойнап, тіпті сахнада шынайы өмір сүріп жатқан актерлер қауымының шеберлігіне шексіз тәнті боласың. Қоюшы-режиссердің(Данияр Базарқұлов) жаңашылдығына сүйсінесің, қоюшы-суретшісінің (Тамара Охинян)ізденісіне риза боласың. Көрерменді терең ойға жетелейтін осындай талғамды, таңдаулы қойылымдардың көбейе түскенін тілейсің.

Фотоны автор ұсынды.

Ақпарат көзі: https://zhasalash.kz/article/2499-adam-%E2%80%93-zattynh-aytary-kop

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тұңғыш рет “Алтын сақа” фестивалі өткізіліп жатыр

admin

Мұз үстіндегі махаббат

admin

Мүсірепов театрында «Ұлпан» қойылымы сахналанбақ

admin