Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Адам құндылығының айдыны

Адам­ның ақылы бойлап бара алмайтын мәңгілік мәселе, міне, осы – тұрмысы төмен отбасында туып, қалт-құлт күн кешкен ата-анадан тараған өрімдей екі жас үй­сіздігінен, күйсіздігінен, жұмыс­сыздығынан балалы болу­дан қашады.

«Аққулар ұйықтағанда» атты жаңа спектакль атауы ойымызды бірден Мұқағали Мақатаевтың белгілі поэмасына қарай жетелеп кетті. Бірақ атауы солай болғанымен, пьесаның авторы, белгілі жазушы Нұрғали Ораз. Жылдағы дәстүр бойынша ақынның туған күні театрландырылған қойылым көріп үйреніп қалған қалалықтарға жазушы ақын поэмасының желісімен пьеса жазып шыққан болды ғой деп жорамалдап жатырмыз санаға сіңген өлең жолдарын жадыда жаңғыртуға тырысып. Жоқ, бұл мүлде жаңа пьеса. «Мүмкін, Мұқағали туралы болар?» дедік ең ақырында кешкілік тамашалаған спектакльден ақынның сұлбасын іздеп отырып. Жоқ. Мұнда да Мұқағали жоқ, бірақ ақынның рухы мынау әлеуметтік драманың өн бойы­на тұтас лейтмотив болып тартылған.

«Мұқағалидың бірнеше сах­налық бейнесі бар емес пе, тағы да кейіпкер етіп алудың қажеті бар ма еді?» деген сауал бұл арада артық. Себебі Мұқағалидың өзін жеке-дара алып қарағанда, ақын тағдырындағы драматизм драматургтердің де, режис­серлердің де көңілін аудармай қоймайды. Қара өлеңінде қай­ғысын жасырмай жайып сал­ғанымен, өзі жылдардың қат­парында жасырынған сайын бір ұрпақты ғана емес, әлі бір­неше ұрпақты толғандыратын жұм­бақ тұлғаға айналып бара жатыр. Бәлкім, содан кейін болар, азаматтық болмысы, ақын­дық тұлғасы драмаға сұранып тұрады. Егер адам өмірінде бір рет, тіпті ілкі сәт махаббат пен жеккөрушілік, адалдық пен сатқындық туралы ойланған болса, онда ол адамды Ғ.Мүсірепов атын­дағы Балалар мен жасөс­пірімдер театры ұсынған «Аққу­лар ұйықтағанда» спектаклі бей-жай қалдырмайды.

Ақын туралы өзге спектакльдерден басты айырмашылығы – драматург пен режиссер ақынды тірі кейіпкер жасап, сахнада ары-бері жүргізбейді. Ары-бері жүретіндер – екі кеш­тің арасында пәтерден қуылып, қайда барып паналарын білме­ген пақырлар мен тіршілік тау­қы­метін тартып, ала дорба арқа­ла­ғандар. Мұқағалидың өзі емес, рухының көшедегі үй сататын жарнама тақтайшасының ішінен шығуының өзі көп нәр­сені аңғартады. Тірі болса, осы бас­панасыздарды бір-бір үй­мен жарылқай салар ма еді? Мұқа­ғалидың елесін араластыру арқылы өң мен түстің арасы секілді уақыт кеңістігінде өтетін пьесада қыз барлық оқи­ғаны өрістетуші темірқазық. Шы­мылдық ашылғанда, тал-терегі қалың әдемі саябақ көрінді. Саябақ ішінде қол ұстасып бір-біріне ынтызар қыз бен жігіт келе жатыр. Екеуінен асқан бақытты жан жоқ. Анау арқалығы ұзын орындықта шоқиып ой үстінде отырған кейуана, мына бір бұрышта газет оқып, демалып отырған егде кісі, бақтың шаңын шығарып сыпырып жүрген мылқау жігіт, бәрі-бәрі саябақтың күнделікті тынысын сездіріп тұр. Еркелей басып келе жатқан қыз кенет ғашығына аяғының ауыр екенін жеткізеді. Осы әсерлі көрініс «аборт!» деген суық сөз естілгенде, сатыр-сұтыр найзағаймен бірге тас-талқан бола­ды. Қалайша? Көлік жуып күнін зорға көріп жүрген жігіт баланы қайтпек?

«Аққулар ұйықтағанда» спек­таклінде кейінгі ұрпақ қолымен жасалып, талай жастарды жарға жығып, дендеп бара жатқан қоғам дерті жасанды түсік жасату, баспанасыздық, қартайған ата-ананы жалғыз қалдыру, ұрлық секілді әлеуметтік қасіреттің мазмұны ашылады. Жас режиссер Ержан Қауланов осы аталған ауыртпалықтарды шектеулі кейіп­керлермен қыз бен жігіттің басындағы қиындыққа негіздеген. Қыз – аждаһадай жалмап бара жатқан некесіз қатынастың мың-сан құрбанының бірі, жігіт – кедейліктен, жауапкершіліктен қашқан босбелбеу жігіттердің жиынтық бейнесі. Ойнап жүріп, от басқан қыздың рөлінде тіс­қаққан, сақа сұлулардың бірі ойнағанда әсері мұндай болмас па еді, алайда осы образға театрға жаңа келген, тым жас актриса Нұржамал Әбілқиясқызы өте сәтті таңдалған. Жиырмаға жасы жетпеген бойжеткен аққу секілді адал, пәк, аңқау, үркек. Аузынан ана сүті кеппеген бала енді өзі ойда-жоқта балалы болмақ. «Аяғым ауыр» десе де, аузы аңқиып, «аборттың» не екенін өзі түсініп те тұрған жоқ. Ал сая­бақ ішінде серуендеп жүріп жастарға жолығатын Ақын – аға буын өкілі. Кемпірі қайтыс болған, басында даңғарадай үйі бар, жалғыз бала шетелде тұ­рады, немересі жат елдің тілімен өсіп келеді. Қойылым бойында екі ұрпақ өкілі, аға буын мен жас толқын арасындағы көз­қарас қайшылығы мен адами, ар-ождан құндылықтарымен байла­ныстырылған әлеуметтік-фило­софиялық мән жатыр. Адам­ның ақылы бойлап бара алмайтын мәңгілік мәселе, міне, осы – тұрмысы төмен отбасында туып, қалт-құлт күн кешкен ата-анадан тараған өрімдей екі жас үй­сіздігінен, күйсіздігінен, жұмыс­сыздығынан балалы болу­дан қашады. Ал үйі де, баспанасы да бар аға буынның төрт құбыласы түгел шетелдегі баласы жағдайы бола тұра, балалы болуға асықпайды. Осы ой арқылы режиссер сонау көне заманнан бері жалғасып келе жатқан әлеуметтік әділетсіздіктің әлі күнге дейін күшейіп келе жатпаса, бәсеңдемегенін алға тартады.

Шынтуайтына келгенде, аққу да, ақын да – екінші пландағы мәселе. Бірінші планда – жасанды түсік мәселесі. Қыз бен жігіт дүниеге келуі тиіс бала жайын сөз еткенде, кенеттен күн күркіреп, аспанда найзағай ой­найды. Осы күркіреген да-у­ы­­с бір байламға келе алмай ша­расыздыққа салынған қыз­дың алдында белгісіздік, түнек тағ­дыр күтіп тұрғандығын біл­ді­ретін ұтымды шешім. Сах­надағы бай декорацияның ішін­де «сөйлейтін» найзағай кө­ңіл толқытпай қоймайтын деталь. Осындай құлазыған сәтте кенет Мұқағалидың елесі пайда болып, саңқылдаған дауыс­пен өлең оқиды. «Ол өмірге келгенде көктем еді…» Ерте үзіл­­ген Майгүлін жоқтаған әй­гілі шумақтарын оқып, «басына құйын үйіріліп соғып», ар-мұңы тапталған бейкүнә қызды қателік жасаудан сақтандырады. Қыз бойындағы ең қымбатын сақтаудың орнына, саналы түрде қиғысы келсе, ақын қапыда айырылған қымбатын қайта көре алмайтынына қайғырып, қан жұтып тұр. Мұқағалидың поэ­масында баласының шыбын жаны үшін аққуды атып алып келіп, өмірін сақтап қалғысы келетін ананың шырылы суреттелсе, Н.Ораздың «Аққулар ұйықтағанда» пьесасында, ке­рісінше, баласынан құтыла алмай жүрген ана мен әкенің мерез­дігі баяндалады. Отбасын құрғысы келсе де, олардың алдында психологиялық кедергі тұрғандығын осы мысалмен тарқатады. Мұқағали мұнда қойы­­­лымның комментаторы сияқты, сырттай бақылап, тірі­лер­дің тіршілігіне араласады. Мұқағали азғындық көрсе, аһ ұрып, аласұрып кетеді. Оның үшінші рет «төбеден» келіп төнетін тұсы адамды тебірентіп-ақ жібереді. Әмиянынан буда-буда теңгесі тасып, ақшасы шашылып жүрген ақсақалды абортқа қаражат таба алмай жүрген жігіт бос бөтелкемен басынан бір қойып, тонап кетпек болғанда, күркіреп ақын тағы келеді. Есін жинаған ақын ақсақал жігітке ақшасын ғана емес, бас­панасын ұсынып, үйлен­беген қалыңдығымен, өмірге келмеген баласымен бәрі бірге бас құрып, ортақ отбасы болып өмір сүруге шақырады.

Театр өнері үшін «жамандыққа – жақсылық…» Шекспир заманынан келе жатқан ескірмейтін, кез келген пьесаның салмағы мен маз­мұнын көтере түсетін көне құндылық. Заман озса да, мәң-г­і­лік тозбайтын шындық бұл. Мұндай қызықты интерпретация, орайлы сахналық шендестіру бір мәселені екі түрлі бағалайтын екі ұрпақтың арасындағы қайшылық түйіні болуға әбден сұранып тұр. Драма авторы Нұрғали Ораздың адалдықтың, тазалықтың символы болған аққуды алға тарта отырып, ізгілік пен мейірімді жырлаған Мұқағали рухын үлгі етіп, бүгінгі көрерменге мұқалса да, сынбайтын ізгі қасиеттерді қайыра дәріптеген мақсаты толық­­тай ақталды. Бойында аққу­дың тазалығы бар жас қыз бен жігіт­тердің жоғалуға айналған киелі құс секілді биік адами қа­сиет­терден, асыл құнды­лық­тардан ажырап қалмас па екен деген қауіпке қанатымен су сеп­кендей қызметі бар спектакль. Прозада нәзік лиризмімен ерек­шеленетін қаламгердің пьесасына да мөлдіреген табиғи тұнық реңк бергені жас көрерменге жағымды әсерін қалдыратыны сөзсіз.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/165205-adam-qundylyghynynh-aydyny

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Благотворительные детские елки проходят в Алматы

admin

Ерболат Тоғұзақов жəне Бақыт Тушаев Технодом сауда үйі жарнамалық ролигінің түсірілімінде. #ТЕХНОДОМ

admin

Runner Woman at Start Line on Red Athletic

admin