Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЖОМАРТ ЗЕЙНӘБІЛ: ӘЗІРБАЙЖАН МӘМБЕТОВ ЯССАУИ РӨЛІН ҰСЫНҒАНДА БАС ТАРТТЫМ…

– Жомарт, образға кіру, рөлді жоғары деңгейде сомдап шығу оңай болмаса керек. Сенің тәжірибеңде «Осы рөлді сомдай алам ба» деп күмәнданған, қобалжыған, тіпті бас тартқан кезің болды ма?

– Иә, ондай кездер болды. Мәселен, Қорқыт пен Махамбет рөлдерін бөлгенде, бойымды «қалай болар екен, шығара аламын ба» деген қорқыныш билегені бар. Бірі батыр, ханға  ашық қарсылық танытатын қайсар, ал енді бірі философиялық бейне! Дегенмен, сөзімнің басында айтқан, аңыз-дастандардың, батырлар жырының пайдасы болар, екеуін де халық, қалың көрермен жылы қабылдады. Көркем-әдеби емес, қазақтың қарапайым қара өлеңімен жазылған шығармалар жаныма жақын болғандықтан, әсіресе, Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклі өте күрделі болса да, жатық шықты. Қарабайыр қара өлең болса да, сол заманның философиялық ой-талғамын, адам баласы өмірбойы басын тауға да, тасқа да соғып, ажалдан құтыла алмасын түсініп, мына тірліктің жалғандығын түсінер сәті, тәкаппар дүние бәрібір өз дегенін жасайтынын,  ол өмір деген ағыстың әйтеуір бір тоқтайтынын түсінсе де, жанталаса мойынсұнғысы келмей, ажалдан қашқан аңыз-Қорқыттың бейнесін сомдау оңай болмады. Тағдырға бағыну керек! Жазмыштан озмыш жоқ! Ал қазақ өнерінің абызы, қайталанбас режиссер Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов  Қожа Ахмет Яссауидің рөлін бергенде, жүрегім дауаламай, бас тарттым. Жастау болдым-ау деймін, әйтпесе талантты режиссер ұсынған рөлден бас тартпауға болар еді…

– Қазір ше?

– «Генерал болуды армандамайтын солдат, солдат емес» деген қағида бар. Сол секілді Абай, Абылай, Әбілқайыр хандар былай тұрсын, Гамлеттерді аңсамайтын актер жоқтың қасы. Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтына, қазіргі  Өнер академиясына тоқсаныншы жылы түсіп, театр және кино  актеры мамандығы бойынша  бүгінде өз көрерменін қалыптастырған белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбайдың шеберлік класын бітіріп, 1994 жылы осы жастар театрының табалдырығын аттадым. Осы ширек ғасырдан астам уақыт алпыстан аса образдарды жасаппын. Д.Саламат «Ғайыптағы мәң­гі­лік махаббат сазында» – Досым, Ғ.Мүсіре­повтің «Қыз Жібек» – Қособа жігіт,   Д.Иса­бековтің «Ескерткіш операциясында» – Есіркепов, «Тұрымтайдай ұл едіде» – Шарыш (С.Жүнісов), «Шындық детекторында» –Ботан Сарманов (Б.Мұқай), «Атау-Кереде» – Таған (О.Бөкей), «Антта» – Әбілқайыр (Т.Ахтанов), «Жусан иісінде» – Нұғман (С.Мұратбеков), Т.Теменовтің «Мулен ружға шақыруында» – Сембин, М. Байджиевтің «Тұншыққан сезімінде» – Ескендір, шетел классиктерінен Э. Де Филиппо « Цилиндр» – Аугустино Мускарельо,  Дж.Патриктің «Кемпірден қалай құтыламызында» – Рудольфо, В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» – Тимофеев рөлдері актерлік шеберлігімнің шыңдалған тұстары. Әлде де ұсынылып жатса, өмір алда, бар өнерімізді көрермен көзайымына ұсынуға дайынбыз.

– Сахнадан алыстап қала жаздадым дегеннен шығады, сол қасиетті сахнада өнердің талай марқасқаларынан үлгі-өнеге алғаның ақиқат. Дегенмен, ел арасында өзіңді жақсы білетіндер қазақтың қалақтай қасиетті шалы, актер Қасым аға Жәкібаевпен етене араласқаның жайлы әңгіме бар?..

– Өнерді, театрды, сахна өнерін, жалпы актер-актрисалар өмірінен хабардар кісі, олардың ортақ «бөлмесі», қазақша айтқанда сахнаға дайындайтын бөлмелері, яғни грим бөлмесі болады. Менің бақытым да сол, Қасым ағаммен бір бөлме бұйырды. Өнерге жан-тәнімен, бар болмысымен берілген актер, менің ғана емес, біраз жастарға ұлы ұстаз, рухани әке бола білген парасатты адам. Көп сөйлемейтін, тұйық кісі еді. Ал рөлге берілгені сонша, сомдаған бейнесін керемет сахналай білген. Ал жаны сүйген спектакльден соң кейде бір жарқылдай ашылатыны бар-ды. Ол күні әңгіменің тиегі ашылып сала береді. Сырын да, шынын да, сынын да еститінбіз. Бойындағы таланты, қабілеті бір қарыс қана болмысына өнер деген қасиетті жиып-теріп сыйдырып алған Жәкібаевтан көп нәрсе үйрендім. Тумысымыздан қанымызда бар қасиет – үлкенді сыйлау, алдын кесіп өтпеу, ол кісіден бұрын ауыз толтырып сөйлемеу деген қазақи тәлім-тәрбиеміз тағы бар ғой. Сондықтан өте жақсы сыйлас-сырлас-аралас болғаным рас. Өзімнің туған әкемдей болды. Соншалықты қарапайымдылығына қарай қырсықтығы да бар-тын. Әңгіме айтқанда мұқият тыңдағанды, бұзып-жарып сұрақ қойып, араласқанды өте жек көретін. Соны байқаған мен, үнемі тыңдаудан жалықпаушы едім. Ал ол жалықтыратын әңгіме айтпайтын, бос сөйлемейтін. Ұнамаған кісіге тіл қатпайтын, бұрыла алмайтыны бар. Өзі сондай адал, қарапайым тірлік кешкендіктен, айналасына да солай қарады. Ешкім­нің аяғынан шалып, не болмаса сыртынан сөз айтқанын естіп, не көрмеппін. Қазақ киносының ардагері, қайраткері бола тұра, қаланың сырт жағындағы екі бөлмелі пәтерде тұрды. Дүние жию дегенді білмей өткен бір қазақ болса, сол. Екеу болса, тағы да біреуі сол дер едім. Қаншама жылдар араласа жүріп, артық сөзі жоқ Қасым аға, мен үшін жұмбақ болып қалды. Қайтыс болар сәтінде де жанында болып, молда шақырып, соңғы демі үзілгенше жанында болдым… Өз қолымызбен мәңгілік сапарға шығарып салдық… Әлі күнге дейін жоқтығы білініп, жүрегімнің төрінде ол кісінің орны ойсырап тұрады.

Өнер дегеніміз адалдықтың, тазалықтың баламасы дегенді жиі естісек те, құлағымызға сіңіп кетсе де жауыр болмаған, ақиқаты айқын тіркес. Өнер сен еліміздің қай аймағынан болсаң да, жаныңды, болмысыңды бір арнаға бұратын, рухани жақындығы басым қасиетті әлем. Өз басым отыз жеті жасымда әкем, көп ұзамай анам қайтыс болғанда қастарында бола алмадым. Сондықтан рухани әкем бола білген Қасым ақсақал қайтқанда, тіпті ажалмен бетпе-бет келгендей күй кештім. Көз жасымды тия алмадым. Сол сияқты өнердегі  аттары аңызға айналған Алтынбек аға Кенжеков, Жақсыбек аға Құрманбековті де өз  туған әкемдей қабылдадым, олар да мені өз баласындай көрді. Ал жалпы өнерде жүргеніме, жігіт жасы жиырма бес десек, осы жылдар ішінде талай марқасқалардың, сахнаның саңлақтары ішінде өзіме үлгі тұтар, өмірі мен өнерін бағалайтын, пір тұтатын ұстаз-актерлер жеткілікті.

 Сыр-сұхбатты жазып алған

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Ақпарат көзі: https://turkystan.kz/article/88888-zhomart-zejn-bil-zirbajzhan-m-mbetov-yassaui-r-lin-syn-anda-bas-tarttym

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫ ART SCENE СТУДИЯСЫНДА

admin

Данияр Базарқұлов: Тұзардың кейпін кешкендіктен, «Қара шекпен» маған қатты әсер етті

admin

Ғабит Мүсірепов атындағы Академиялық драма театры «Ұмытыңдар оны …» қойылымын ұсынады

admin